Қуандық Бишімбаев ісін қарайтын алқабилер іріктелді
Қосалқы алқабилер де сот отырысына қатысуға міндетті
Астанада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісін қарайтын алқабилер іріктелді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Алқабилерді іріктеу елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтті. Алқабилер алқасына 12 адам таңдалды: 10 негізгі және 2 қосалқы алқаби бар.
Айта кетейік, алдын ала сот тыңдауы барысында Қуандық Бишімбаев істі алқабилердің қарауын сұрады. Астана сотының судьясы Айжан Құлбаева сотталушының бұл өтінішіне қарсылық танытқан жоқ, алқабидерді іріктеу жабық форматта өтеді.
Алқабилер соты он негізгі және екі қосалқы алқабиден тұрады. Сондай ақ бұл тізімге судья қосылады.
Елдің Жоғарғы соты «Азаматтарға арналған үкімет» ақпараттық жүйесі арқылы автоматты түрде тізім жасалғанын хабарлады. Сол тізімдегі үш жүз адам сотқа шақырылған. Оның ішінде 25 жастан асқан және 65 жасқа толмаған азаматтар бар.
Айта кетейік, заңға сәйкес сот отырысының орны мен уақыты туралы хабарлама алған азаматтар іріктеу рәсіміне себепсіз келмей қалса, жауапкершілік арқалайды. Алқаби, оның отбасы мүшелерi және олардың мүлiктерi мемлекеттiң қорғауында болады.
Қосалқы алқабилер де сот отырысына қатысуға міндетті, алайда іс барысында кеңесу бөлмесіне 10 негізгі алқаби мен 1 судья барады.
Айта кетейік, 2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін экс министр қамауға алынды.
Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің аса қатыгездікпен адам өлтіру және қинау бабы бабы бойынша айып тағылған. Ал оның туысы Бақытжан Байжановқа аса ауыр қылмысты жасырып қалу және аса ауыр қылмысты хабарламау бойынша айып тағылып отыр.
2024 жылдың 11-12 наурызында Астанада қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Соның барысында Бишімбаевтың адвокаттары қылмыстық істі прокуратураға қайта жіберуді, Бишімбаевтың әрекетін аса қатыгездікпен адам өлтіру бабынан абайсызда қазаға ұшырату бабына қайта саралауды сұрады. Тіпті Нүкенованың құрбыларын да жауапқа тартуды сұраған еді. Алайда сот сотталушы тараптың барлық өтінішін кері қайтарып, тек алқабилерге қатысты бөлігін қабылдады.
Мемлекеттік айыптаушы айыптау актісін де оқыды. Соған сәйкес Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев 2022 жылдың тамызында танысқан. Ал тойы сол жылдың желтоқсанында өткен. Алайда Бишімбаев пен Нүкенова заңды некеде тұрмаған. Қарым-қатынас барысында Бишімбаев Нүкеноваға туыстары, құрбыларымен кездесуге, жұмыс істеуге рұқсат бермеген және үнемі қызғанған. Соған байланысты үнемі физикалық күш қолданған.
Қайғылы оқиға болған күні Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев Астанада өткен концертке барған. Алайда концерт аяқталмастан, ол жерден шығып, Bau мейрамханасына барады. Сол жерде Нүкенова қарым-қатынасты тоқтатқысы келетінін айтқан. Арада жанжал шығып, Бишімбаев Нүкенованы ұрып соққан. Салдарынан әйел қайтыс болған.
Осы жағдайдан кейін елімізде тұрмыстық зорлық зомбылыққа қатысты жазаны күшейту бастамасы қайта көтерілді. Нәтижесінде мәжіліс депутаттары заң жобасын әзірледі. Енгізілген өзгерістерге сәйкес, әйеліне қол көтергендер 8 жылға сотталуы мүмкін. Жаңа редакцияда денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Сондай-ақ онда денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіргені үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар.