×

«Жаңа Қазақстан құра алмаймыз». СҚО-да жерінен айырылған халық әкімдіктен қолдау таппай отыр

Жыл басынан бері екі бірдей сот отырысы өткен, бірақ ешбірі халықтың пайдасына шешілмеген

 Самат Жақып 31.05.2022 | 16:37
Тұрғындардың мүддесін Бақытжан Базарбек бастаған адвокаттар қорғап жатыр

Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Балуан ауылының тұрғындары бірнеше жылдан бері заңсыз сатылған жерін қайтара алмай дал. Ауыл тұрғындарының шартты жер үлесінен айырылып, әділдік іздеп жүргеніне бірнеше жыл болды. 286 адамға тиесілі - ауыл шаруашылығы мақсатындағы 4322 гектар жер алаяқтардың кесірінен үшінші тұлғаға сатылып кеткен. Жыл басынан бері екі бірдей сот отырысы өтті. Алайда олардың ешқайсы халықтың пайдасына шешілген жоқ, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Балуан тұрғындары жерінің үшінші адамға сатылып кеткенін кейін біліп, сан соғып қалды. Нақтырақ айтсақ, 2009 жылы 4 мың гектардан астам жерді «Казипрохем Агро» серіктестігі жалға алады. Оның директоры Жанат Серғалиев деген азамат сол кезде «ауылды көркейтемін, елді-мекенде астық сақтау орнын саламын, пайды уақытылы төлеп тұрамын» деп құрғақ уәдесін үйіп- төгіп, ақыры халықты тақырға отырғызып кеткен. Яғни, Тәжірбие стансасынан қарызға 250 тонна тұқым алып, берешегін сол күйі өтемеген. Артынша жеті бірдей жер учаскесін қаржы институтына кепілге қойып, ол небәрі 25 миллион теңгеге сатылып кеткен. Осылайша оны иемденген үшінші тұлға 11 жылдан астам уақыт халыққа жылына 6 000 теңгеден пай беріп келген. Ал, 80 шақты үлескерге дивиденд мүлде төлемеген. Осылайша, заңды белшесінен басқандарға әлі күнге дейін шара қолданылмай отыр.

«Жерімізді қайтаруға білек сыбана кіріскенімізге екі жылдай уақыт болып қалды. Содан бері әділетсіздікке ұшырап келеміз. Жыл басында мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотта Балуан ауылының жері мәселесі қарала бастады. Алғашында шешім өзгеріссіз қалды. Артынша аппеляциялық сотқа арыздандық. Ондағылар бізді көп тыңдаған жоқ. Тіпті, судья сот шешімін оқуға шықпады да.  Оны өзіміз интернеттен қарап алдық. Бірақ біз мұнымен тоқтамаймыз», - дейді Диқан Кәрішалов есімді тұрғын.

«АУДАНДЫҚ ӘКІМДІКТЕГІЛЕР ТАҒЫ ДА ХАЛЫҚТЫ АЛДАП КЕТТІ»

Балуан ауылының тумасы Диқан Кәрішаловтың айтуынша, былтыр жер дауы басталған кезде Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұлов мәселені шешуге көмектесетінін айтып халықты сендірген. Алайда, биыл сот басталған кезде жергілікті әкімдіктің атынан қатысқандардың барлығы халыққа қарсы шыққан.

«Шал ақын аудандық әкімдігінің заңгері – Роман Осипов, Жер қатынастары бөлімінің жетекшісі – Жеңіс Жақыпов сот процессі басталған кезден бастап бізге қарсы болды. Алайда аудан әкімімен кездескенімізде олар керісінше қарапайым халыққа шартты жер үлестерін қайтарып беруге көмектеседі деген еді. Аппеляциялық сотта да осындай жағдай болды. Түсінгеніміз, олардың бізге қарсы болатындай жөні бар. Өйткені, 2011 жылы жеріміз сатылғанда Шал ақын аудандық әкімдігі талай рет жалған құжат жасаған. Біз олардың бәрін анықтадық. Егер бар шындық ашылатын болса, әкімдік атына кір келіп, елге масқара болады. Сондықтан әкім қаралар бізді тағы да алдап отыр. Билік басында отырған мұндай басшылармен біз «Жаңа Қазақстанды» құра алмаймыз. Дегенмен іс енді басталып жатыр. Халық соңына дейін барады», - дейді Диқан Кәрішалов.

АУДАНДЫҚ ӘКІМДІКТЕГІЛЕР ХАЛЫҚТЫ 20 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН ПАЙ АЛУҒА ҮГІТТЕП ЖАТЫР

Балуан халқы осы күнге дейін 6 000 теңгеден дивиденд алып келді. Жер дауы басталғаннан кейін ауыл жерін аукционнан сатып алған үшінші тұлға - Қажымұқан Бекіш деген кәсіпкер пайды өз еркімен 20 000 теңгеге дейін көтергісі келетінін мәлімдеген. Осыған байланысты Шал ақын аудандық әкімдіктегілер заңсыз сатылып кеткен жер үшін «пайыңды алып, соттасуды доғарыңдар» деп тұрғындарға хабарласып жатқан көрінеді.

«Сот жүріп жатыр. Осындай кезде Шал ақын аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Жеңіс Жақыпов тұрғындарға жеке-жеке хабарласып, «пайыңды көтереміз, тек соттан арыздарыңызды қайтарып алыңдар» дегенді айтып жатыр екен. Бұл аудан әкімі Рахат Смағұловтың тапсырмасы деп білемін. Неге мұндай әрекеттерге барып жатқаны түсінікті. Өйткені біз бастаған істі соңына дейін апарамыз. Жақын күндері экономикалық сот басталады. Біздің адвокаттар оған талап арыз берді», - дейді Диқан Кәрішалов.

«АУДАНДЫҚ ПРОКУРАТУРА ӨКІЛДЕРІ ҚЫЗМЕТІН АСЫРА ПАЙДАЛАНЫП ЖАТЫР»

Тұрғындардың айтуынша, бұл іске Шал ақын аудандық прокуратурасы да араласып, құзырлы орган өкілдері пай иелерін үшінші тұлғамен келісімшартқа тұруға үгіттеп жатыр екен.

«Аудан прокуроры Талғат Салпықовпен кездестім. Ол кісі маған: «Енді жылына 20 000 теңгеден пай аласыздар. Бұл ақша өздеріңізге пайда болады» деді. Оның үстіне, талап арыз беру мерзімінің өтіп кеткендігін алға тартты. Әңгіме барысында соттан арызымызды қайтарып алуды меңзеп отырғанын түсіндім. Мәселен, маған пайдың еш керегі жоқ. Халыққа өздеріне тиесілі 4322 гектар жер ғана қажет. Соны қайтарып берсін! Біз біреудің жерін сұрап жатқанымыз жоқ» - дейді Балуан аулының тумасы Бәйкен Балғужин.

Екі күн бойы Шал ақын ауданының прокуроры Талғат Салпықовқа телефон шалдық. Бірақ прокурормен сөйлесу мүмкін болмады. Қазір Балуан ауылының мүддесін елімізге танымал адвокат - Бақытжан Базарбек бастаған заңгерлер қорғап жатыр. Олар тиісті мекемелерге сұрау салып, қажетті материалдың бәріне қол жеткізген.

- Ең біріншіден, 286 адамның жерінен айырылып қалуына себепші болған - ол соттың ұйғарымы. 2010 жылы 7 жер учаскесі бөлінбейді деп нақты көрсетілген. Салдарынан 4322 гектар жер толығымен аукционға шығарылған. Біз облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының көмегімен барлық материалды жинадық. Қазір қолымызда толығымен кадастрлық іс бар, әкімшіліктен, архивтен толық құжаттарды сұратып алдық. Яғни, 286 пайшы «Казипрохем Агро» серіктестігіне қосылмай тұрып, ондағылар банктен несие алған. Ал кепілге тұрғындардың келісімінсіз қойылған. Ешкімнен рұқсат сұрамаған. Тіпті қайтыс болған адамдардың атынан жалған сенімхаттар дайындаған. Сол кезде АТФ банктің қызметкерлері де оған дұрыс баға бермеген. Нақтырақ айтсақ, «Казипрохем Агро» ЖШС берешегін тек бір учаскені ғана сату арқылы жабуға тиіс еді. Олар 4322 гектар жердің бәрін сатылымға шығарған.

Қазір сот басталған кезде аудандық прокурор халықты пай алуға үгіттеп жатыр дегенді естідім. Қалай? Өзім түсінбей дал болып отырмын. Себебі бұл жер он жылдан астам уақыт бұрын үшінші тұлғаға сатылып кеткен. Сонда келісімишартты қалай жасайды? Бұл - заңбұзушылық. Қазір Президент әкімшілігі де бұл мәселеден хабардар. Сондықтан халықты тыныштандыру мақсатында прокуратура осындай әрекетке барып отыр деп ойлаймын. Заңға қайшы. Олардың еш құқығы жоқ. Жер басқа кәсіпкерге сатылып кетсе, қандай себептермен пай алуға рұқсат берілмек? Бұл өкілеттілікті асыра пайдалану деп есептеймін. Прокурор – қадағалаушы орган. Бұл жерде ол мемлекеттік қызметшінің этикасын бұзып отыр. Жақын күндері экономикалық сот басталады. Алдын ала тыңдау өтті. Жерді халыққа қайтаруға мүмкіндік бар. Ол үшін біздің қолымызда материал жеткілікті. Ал осыған дейін болған екі сотта жергілікті әкімдік халықтың мүддесін қорғаған жоқ,- дейді белгілі заңгер Әсел Мержақып.

Балуан ауылының тұрғындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрайды. Өйткені, мұндай проблема басқа аудандарда да бар. Халықтың шартты жер үлесі тұрғындардың келісімінсіз банкке кепілге қойылып, артынан сатылып кеткен. Тек Шал ақын ауданының өзінде 130 мың гектардан астам жер өзгенің қолында өткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама