Осыдан тура 2 жыл бұрын апатқа ұшыраған Bek Air ұшағының жолаушылары қазір қандай күйде?
2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Астанаға бет алған Bek Air әуе компаниясына тиесілі «Fokker 100» жолаушылар ұшағы көкке көтеріле алмай, қала іргесіндегі бос тұрған үйге соғылған еді. Ішінде 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апаттан сапары сәтсіз болған 13 адам көз жұмып, 50 шақтысы түрлі жарақат алды. Аман қалғандары арада 2 жыл өтсе де билет құнын қайтара алмай жүр. Ал жарақатынан емделіп жүргендер ай сайын қымбат дәрі-дәрмек алуға мәжбүр. Halyq Uni тілшісі сол апаттан аман қалған жолаушыларымен әңгімелесіп, қазіргі жағдайын біліп көрді.
«БАСКЕТБОЛ ЖАЙЫНА ҚАЛДЫ»
Ұшақ апатынан аман қалған жолаушылардың бірі – елордалық Бекзат Жолдыбаев. Ол апатқа дейін баскетболдан қаланың құрама командасы сапында ойнап, жастар арасындағы ел чемпионатына қатысып жүрген. Дегенмен аяғының тобығынан алған жарақаты әлі күнге сүйікті спортымен айналысуға мұрша бермейді. Екі жыл бұрынғы апат жас жігіттің денсаулығына ғана емес, психикасына да қатты әсер еткен. Сол жолы Алматыдан үйіне пойызбен қайтқан Бекзат одан кейін ұшақ атаулыға мінбепті. Оған қоса, сапары сәтсіз болған екі жыл бұрынғы әуе билетінің ақшасын әлі күнге дейін қайтара алмай жүр.
Билетім қайтарылмады, моральдық-материалдық шығынымды да өтеген жоқ. Онда менің ноутбугім, телефоным, басқа да заттарым жоғалып кетті. Сол аяғымның тобығы сынды. Сол оқиғадан бері бір де бір рет ұшаққа мінбедім. Екі рет ота жасаттым. Сақтандыру компаниясы шығынымды өтеді. Одан бөлек, жергілікті әкімдік көмек ретінде миллион теңге берді. Қазір аяғымды қалпына келтірумен айналысып жүрмін. Жаттығуыма кірісейін десем тобығым әлі дайын емес, - дейді Бекзат Жолдыбаев.
«АЙ САЙЫН 200 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ДӘРІ АЛАМЫЗ»
47 жасқа қараған Серік Аманов та ұшақ апаты зардабын тартып жүргендердің бірі. Оған әуелі Алматыда ота жасалған. Одан соң Нұр-Сұлтан қаласына санавиациямен жеткізіліп, осындағы нейрохирургия орталығында 3 ай бойы жатып емделіпті. Дәрігерлер берген диагнозда миы шайқалғандығы, жабық арқа-ми жарақатын алып, 8 қабырғасы мен 4 бірдей омыртқасы сынғандығы жазылған. Екі жылдан бері арқасындағы медициналық пластина бекіткішімен жүр.
Әуелгі жылы бізге көмек болды. Қайта-қайта оңалту орталығына барып жаттық. Биыл бізде ешқандай оңалту болған жоқ. Арқамдағы пластина сүйекке бекіп тұруы үшін сүйек мықты болуы керек. Сол үшін ай сайын 200 мың теңге тұратын дәрі алып жатырмыз. Жас ұлғайған сайын сүйек мүжіле бастайды, - дейді оның жары Айнұр Аманова.
Серік басында ІІ топ мүгедегі болған. Бірақ неге екені белгісіз, кейін ІІІ топқа ауыстырып тастаған. Айтуынша, Серікке көп жүруге, көп отыруға болмайды. Бірақ ай сайын дәріге 200 мың теңге табу оңай болмағандықтан, тіршілікке араласып, нәпақа тауып жүр.
Әуе компаниясы бізге көмек түгілі, хабарласқан да жоқ. Билет құнын да қайтарған жоқ. Бірақ сақтандыру компаниясынан мүгедектік үшін өтемақы алдық. Билет құнын қайтармайтын да сияқты. Бастысы ол емес, негізгі мәселе - күйеуімді ІІ топқа ауыстырса екен дейміз. Өйткені қазір ІІІ топта алатыны - 50 мың теңге. Екінші топқа ауыстырылса, ақшасы көбейіп, ол да бір көмек болар еді, - дейді Айнұр.
«КОНЦЕРТТІК КИІМДЕРІМНЕН ТҮГЕЛ АЙЫРЫЛДЫМ»
Апатқа ұшыраған Bek Air әуе компаниясына тиесілі ұшақтың тағы бір жолаушысы - Гүлнар Көшенованың да миы шайқалған. Бірақ Құдай сақтап, одан басқа еш жарақат алмапты. Ол да билет құнының қайтарылмағанын, материалдық шығыны да өтелмегенін айтты.
Сақтандыру компаниясы төлеген жоқ. Өйткені, тегін дәрі берді. Оның үстіне, түбіртегін сақтаған жоқпын. Сосын, билеттің ақшасын қайтарған жоқ. Жұрт алып жатқанын естідім. Мен ұшақта жарақат алдым, сөйте тұра билеттің ақшасын өзім барып сұрауым керек екен. Оны жасамадым.
Прокуратураға, тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне хабарластым. eGov арқылы сұрау жібердім. Ешкім жауап бермеді. Билет құны – 15 мың теңге. Мәселе оның құнында емес, неге осының бәрін басымнан өткізіп, артынан өзім жүгіруім керек деген сұрақ туады, - дейді Гүлнар.
Гүлнар өнер адамы, әнші. Сол жолы Алматыға барып, жаңа жыл қарсаңында концертке қатысып қайтпақшы болған. Бірақ апат салдарынан толық арылу үшін Алматыда біраз уақыт психологтың көмегіне жүгінген. Одан бөлек, заттары түгел жарамсыз болып қалған.
Ұшақ жүксалғышында болған заттарымның бәрі жоқ. Мен үшін қымбат еді. Концерттен келе жатқанмын. Концерт көйлегім, туфлилерім сияқты сахналық киімдер болған. Олар моральдық шығын төлемейтінін айтты. Бірақ 2 жыл болды, сот әлі біткен жоқ, - дейді Гүлнар.
БИЛЕТ ҚҰНЫН ҚАЙТАРУ ЗАҢДА ҚАРАСТЫРЫЛМАҒАН
Сақтандыру компаниясы «Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» заңда билет құнын қайтару, моральдық шығын, тағы басқа қарастырылмағандығын айтады.
Біз оқиғадан соң бірден жолаушылармен хабарласып, тұрақты байланыста болдық және өтемақы рәсімдеу процесін бастап кеттік. Amanat сақтандыру компаниясы заң бойынша барлық міндеттемені орындап отыр. Өтемақы төлеу процесі толық аяқталды деуге болмайды, себебі зардап шеккен жолаушылар ем-дом және реабилитация кезеңінен өтіп жатуы немесе алдағы уақытта өтуі мүмкін, - дейді Amanat компаниясының қоғаммен байланыс маманы Димаш Зиядин.
Оның айтуынша, 2021 жылдың желтоқсанындағы дерек бойынша, Amanat компаниясы бұл оқиғадан зардап шеккендерге жалпы көлемі 149 млн 667 мың теңге өтемақы төлеген. Барлығы 62 төлем жүргізілген. Оның ішінде, жекелей алғанда, қаза болған 10 жолаушы бойынша жерлеу рәсімдеріне берілетін біржолғы төлемдер аударылды. Сонымен қатар қаза тапқан 7 жолаушы бойынша сақтандыру төлемдері берілді.
Заңнамада қарастырылған өтемақы лимиттері аясында 18 жолаушыға емделу үшін 38 төлем аударылды. II топ мүгедектігі тағайындалған бес жолаушыға сәйкес өтемақы рәсімделді. Әлі күнге дейін өтемақы алмағандар болса, нақты қандай өтемақы алмағанын анықтау керек. Белгілі бір өтемақы түрлері жоғарыда аталған сақтандыру аясына заң бойынша кірмейді, сәйкесінше Amanat компаниясы өтемақы рәсімдей алмайды, - дейді компания өкілі.
Ал зардап шеккен тарап «тасымалдаушының жолаушылар алдындағы жауапкершілігін сақтандыру қарастыратын санатқа (денсаулыққа келген зақым, мүгедектік, қаза) жатамын» десе, Amanat компаниясына хабарласып, толық консультация ала алады. Заңнамада көрсетілген құжаттар тапсырылған соң біз өтемақы төленеді.
Алматы түбінде құлаған Bek Air компаниясына тиесілі ұшақ апатына қатысты тергеу қорытындысы әлі шыққан жоқ. Пандемия шектеулеріне байланысты тергеу ұзаққа созылды. Халықаралық сарапшылар Қазақстанға жұмысқа уақытында келе алмады.