Астанада 4 мыңға тарта үй жануарына 25 қызметкер күтім жасап отыр
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы заңға сәйкес, панасыз ит-мысықтар бюджет есебінен піштіру мен чиптеу бағдарламасынан өтеді. Олардың көзін жою арқылы санын реттеуге тыйым салынған. Бірақ оларды ары қарай бағып-қағу заңда қарастырылмаған. Бұл бағдарламадан өткен ит-мысықтардың күтімі не болмақ? Оларға қамқорлық жасау мәселесін қалай шешуге болады?
АЛМАТЫ: ПАНАСЫЗ ИТТЕР БАҒДАРЛАМАДАН ӨТІП, КӨШЕГЕ ҚАЙТАРЫЛАДЫ
Алматыдағы Спасская, 150 мекенжайы жануарларға қамқорлық көрсететін еріктілерге жақсы таныс. Қаладағы аулау қызметі көшеде жүрген панасыз ит-мысықтарды осы жерге ұстап әкеледі. 2021 жылы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылданғанға дейін уақытша ұстау пунктіне түскен жануарларды иесі не басқа біреу 60 күннің ішінде әкетпеген жағдайда, ит не мысыққа эвтаназия жасалды. Қазір жағдай түбегейлі өзгерді.
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау» заңы қабылданған екі жылдан бері Алматыда қаңғыбас ит-мысықтарды аулау – піштіру – вакцинациялау – жіберу (АПВЖ (ОСВВ) – ред.) бағдарламасы қолданылады. Бұл бағдарламаға сәйкес, көшеден ауланған жануар піштіріліп, тиісті вакцина салынған соң, қайтадан ауланған жеріне жіберіледі.
Алматыда 133 306 үй жануары тіркелген, ал иесіз жануарлардың есебі жүргізілмейді. Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметіне сүйенсек, 2023 жылы қалада иесіз иттерді аулауға және күтіп ұстауға жергілікті бюджеттен 178 млн 589 мың теңге бөлінген.
Алматыдағы қараусыз иттер мен мысықтарды уақытша ұстау пункті 202 орынға лайықталған, алайда қазір мұнда 513 ит бар. Бұл көрсеткіш күнделікті өзгеріп отырады, себебі күн сайын иесіз иттерге қатысты 50 қоңырау түседі. Ветеринарлық қызметтің күніне 20-30 итті аулау мүмкіндігі бар.
Алматы қалалық мал дәрігерлік қызметінің басшысы лауазымын уақытша атқарушы Мархабат Мадияров АПВЖ бағдарламасы қалай орындалып жатқанын баяндап берді.
Ретімен бастасақ, қоңырау түскеннен кейін итті ұстайды, арнайы пунктіге жеткізілген соң оған клиникалық зерттеу жүргізіледі. Етқоректілер обасының бар-жоғын анықтауға экспресс тест тапсырылады. Содан кейін саңырауқұлақ ауруларының бар-жоғы анықталады. Егер осы аурулар анықталса, үй жануары бірден жансыздандырылады. 2023 жылы мұндай 3 362 жағдай тіркелді.
Келесі процесс – үй жануарын піштіру. Ол арнайы пунктіге жануар әкелінгеннен кейін 5-күні жасалады. Піштірген соң аталық кем дегенде арнайы орында 3 күн болады. Ұрғашы 10 күн бақыланады, себебі оның тілігі толық жазылғанша жануар бақылауда болуға тиіс. Бұл кезең кей жағдайда созылады. Себебі отадан кейін асқынулар болуы да мүмкін.
2024 жылы иесіз иттерді аулауға 212 292 200 теңге бөлінді. Маман биыл қаладағы иттерді піштіруге басымдық берілетінін айтты.
Одан кейінгі кезең – құтыруға қарсы вакцина салу. Белсенділер бір вакцинаның аз екенін де айтып жүр. Жауапты маманның сөзінше, басқа вакцина бюджетте қарастырылмаған.
Адамға жұғатын ең қауіпті аурудың алдын алу үшін бір вакцина саламыз. Қалған вакцинаны итті өз қамқорлығына алған азаматтар салдыра алады. Былтыр бұл бағыттағы жұмысқа 245 461 000 теңге бөлінген. 2024 жылға 363 415 090 теңге бөлінді, - дейді Мадияров.
Келесі кезең – панасыз итті аулаған жерге қайта жіберу. Тәртіп бойынша иттің қай жерде жүргені, оның қай уақытта ұсталғаны туралы ақпарат тіркеледі. Жұмыс жүргізіліп болған соң дәл сол жерге жіберіледі. Оларға микрочип пен құлағына «жасыл» сырға салынады. Бұл жануар қоғамға қауіпті емес, АПВЖ бағдарламасынан өткенін көрсетеді.
2023 жылы қалада стерилизациядан өткен 1 630 ит пен 64 мысық ауланған жеріне жіберілді.
Алайда олардың көшеге қайтқаннан кейінгі күтіміне мемлекет жауапты емес, бұл заңда қарастырылмаған. Ары қарай қамқорлық жасаушылар тағайындалмаған соң, көшеге қайтарылған ит-мысықтар ауруға шалдығып, енді бірін көлік қағып кетуі мүмкін. Қаладағы еріктілердің парақшасында құлағына жасыл сырға салынған иттердің қабырға сүйегі көрініп, аш күйі көше кезіп жүргені, түрлі ауруға шалдығып не көлік қағып кеткені жайлы жазба көп.
ИТТЕРГЕ ҮЙШІК ҚОЮ ҚАЖЕТ
Алматылық Владимир Тепляковтің отбасы 2016 жылдан бері қаңғыбас иттерге қамқорлық көрсетіп келеді. Ол ұлы қайтыс болғаннан кейін үйсіз-күйсіз жүрген иттерге арнап панажай (приют - ред.) ашқан. Бұл – қайтыс болған ұлының арманы болатын.
Алматы облысы Жамбыл ауданы Тұрар саяжайында орналасқан «Dog Haus – Твардовский дом» панажайында қазір 120-дан аса ит пен 17 мысық бар. Мысықтар үй аумағында жүреді. Ерекше күтімді қажет ететін 30-ға жуық итті ер адам облыстағы басқа үйінің аумағында ұстайды.
Бастапқыда екі ұлы шұңқырға құлап кеткен ит пен ағаштан түсе алмай тұрған мысықтарға ерікті түрде көмектескен. Көлік қағып кеткен немесе адамдар қатыгездік танытқан иттерді ветеринарлық емханаға апарып, күтім жасаған.
Бір күні қарасақ, қараусыз қалған, күтімді қажет ететін 50-ге жуық ит жиналып қалыпты. Бұл – 2014-2016 жылдар. Первомайский тоғаны аумағында 14 соттық жерде 50 ит жүргенін көрген соң көршілер де шағым айта бастады. Иттің үретіні белгілі. Отбасымызбен ақылдасып, панажай үшін басқа бір жерді жалға алдық. Осылайша иттерді Қапшағай маңына көшірдік. Ол үйімізден 80 шақырым жерде орналасты. Ол жаққа күн сайын барып, тамағын апаруға жарты күн кететін. Артынша өзімізге жақын маңнан ыңғайлы орын іздедік. Қазірге дейін 4 орын ауыстырдық. Бұл – бесіншісі, - дейді Владимир Тепляков.
Ресми түрде панажай деп 2018 жылы тіркелген. Бұл жердегі иттің басым бөлігі Алматы қаласынан әкелінген. Көбін көлік қағып кеткен, түрлі жолмен қатыгездік танытқан.
Жұмысты өз қаражымызға жүргізіп отырмыз, әкімдік көмектеспейді, демеушілер де жоқ. Панажайда бар үйшіктің бәрі үй жануарларының жағдайына бей-жай қарамайтын азаматтардың қаражаты мен өз қаржымызға жасалды. Жұмысшылардың жалақысы үшін кейде азаматтардан көмек сұраймыз. Панажайдың бір айдағы шығыны – 500 мың теңге. Ал азаматтардан жиналатын қаржы – 250 мың теңге шамасында, - дейді ол.
Тепляков «Аулау – піштіру – вакцинациялау – жіберу бағдарламасы» дұрыс ойластырылмаған дейді. Итті жіберген соң оның қайда баратыны белгісіз. Оған баспана, үйшік жоқ. Оның ойынша, итке арналған үйшік қою қажет.
«Оларға ішерге ас-су қажет. Сонда ғана олар қалада еркін өмір сүре алады. Алайда ол итке басқа жақтан иттердің қосылуына жол бермеу керек. Қалада жүрген ит қаңғыбас болса да қоғамға үйренген. Көшеден қай жерден өтуге дейін білетіндері бар. Ол иттерді өлтіретін болса, оның орнына қала сыртында жүрген иттерді әкелсе, олар сол ортаға үйрене алмайды. Содан кейін олар жиналып, адамдарға үре бастайды», - дейді «Dog Haus – Твардовский дом» панажайы иесі Виталий Тепляков.
Оның сөзінше, қоғамға қайта жіберілген иттерге бақылау жүргізілмейді. Арнайы куратордың өзі іс жүзінде жоқ.
Егер аулау – піштіру – вакцинациялау – жіберу бағдарламасы дұрыс жұмыс істейтін болса, содан кейін ол үй жануарына бақылау мен күтім жасалатын болса, ас-суы берілсе, мәселені шешуге болады. Үйшіктер қойса, ит ол жерден кетпейді. Бұл ұсынысты қала әкімдігіне айттық, алайда бюджетте қаражат қарастырылмаған, - дейді Тепляков.
Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы АПВЖ бағдарламасы бойынша бұрынғы мекенжайға жіберілген ит-мысықтарға әкімдік тарапынан қолдау көрсетуге қосымша қаражат қарастылмағанын мәлімдеді.
ИТ-МЫСЫҚТАРҒА КУРАТОР ҚАЖЕТ
Заң бойынша АПВЖ бағдарламасынан кейін ит-мысықтарға куратор тағайындау міндеттелмеген. Алайда көшеге қайтарылған жануарларға куратор тағайындап, күтім жасайтын еріктілер бар. Мархабат Мадияров мұның еріктілердің өз бастамасы екенін алға тартты.
«2022 жылдың қыркүйегінде 4 топпен меморандумға отырдық. Олар: «Аяныш», «Сенім. Мейірім», «Амиго четыре лапы» және «Animal Security». Сол келісім 2023 жылдың қыркүйегінде аяқталды. Меморандумда екі тарапқа да ешқандай міндет жүктелмеген. Соңында төрт топтан біреуі ғана қалды – Animal Security», - дейді Мархабат Мадияров.
Алматыда орта орта мектептердің бірінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Мәдина Шөженова панасыз мысықтарға өз бастамасымен қамқорлық жасап жүрген тұрғындардың бірі.
Мәдина Шөженованың үйінде 4 мысығы бар. Сондай-ақ тұрғын үйдің ауласында жүрген 12 мысық пен 4 марғауға күтім жасайды. Ол мысықтар тұрғын үй ауласына қойылған үйшіктерде тұрады.
2023 жылы Алматы әкімдігі қалада қараусыз қалған мысықтарға үйшіктер орнату әлеуметтік жобасы жалғасып жатқанын хабарлады. Ресми ақпарат бойынша, қалада мұндай 20 үйшік бар. Алайда әкімдік үйшіктердің жай-күйі, олардың жұмысына жауап бермейді – оны жекенің қолына тапсырған.
«Жоба «Animal Security» қоғамдық қорының бастамасымен Алматы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы бірлесіп іске асырылып жатыр. Қаланың әр ауданында жануарларға мониторингті ерікті негізде зообақылау ұйымдарының ішінен кураторлар жүзеге асырады», - деп хабарлаған еді қала әкімдігі.
Алайда Мәдина Шөженова жобаға жауапты «Animal Security» қоғамдық қорына хабарласа алмағанын айтты.
«Медеу ауданында қала әкімдігінің қаражаты есебінен мысықтарға үйшік қойылатыны айтылды. Бірақ бір үйшікті фотоға түсіріп, бірнеше жерде тұр деп көрсете беретінін байқаймын. «Ерікті болсаңыз осы нөмірге хабарласыңыз» деп жазып қояды. Содан кейін Наталья Сульжикке («Animal Security» қоғамдық қоры жетекшісі – ред.) хабарласып, осы жерге үйшік қою туралы ұсынысымызды айтып, кураторы кім болатынын білгіміз келді. Себебі қыс-көктемде мысықтарды далаға тастайтындар көбейеді. Біз мысықтың тамағына немесе піштіруге ақша сұрап отырған жоқпыз. Оны өз ақшамызға істете аламыз. Тек биіктеу қылып үйшік қоюды сұрадық. Себебі мысықтар иттен қашқанда, қауіпсіз жерде болуын қаладық. Медеу ауданына жауапты кісі бізге бірде-бір рет жауап бермеді», - дейді Мәдина Шөженова.
Содан кейін Самал-19 мекенжайына үйшік қойылғанын көрген. Алайда ол мемлекеттің емес, жеке азаматтардың қаражатына қойылған. Әлеуметтік жобаны іске асыруға жауаптылар сол үйшіктің жанына тағы бір үйшік орнатқан. Мәдина Шөженова екі үйшіктің бір жерде тұрғанын айтып, біреуін өз тұрғын үйінің ауласына қоюды сұраған.
Ол үйшікті бір меценат сыйлаған екен. Бұл әкімдік бөлінген қаражатқа қойылған жоқ. Медеу ауданында мұндай үйшіктер жоқтың-қасы. Ал бөлінген қаражат қайда? Самал ықшам ауданына келіп-кеткен шетелдіктердің де көп екені белгілі. Содан кейін әкімдік қаражатына Наталья Сульжик жеке қаражатқа қойылған үйшіктің жанына тағы бір үйшік орнатты. Содан кейін Самал-19 үйдің алдында тұрған жекеменшік үйшікті бізге сыйлады. Сыртындағы суретін де ерікті қыз салып берді. Бұл жаздық үйшік, жылытылмаған. Қазір мысықтар ішінде тұра алмайды. Тек жаз кезінде тұрады, - дейді қала тұрғыны.
Айтуынша, бір үйшікті орнатуға шамамен 300 мың теңге қажет. Ал ай сайынғы күтіміне екі мұғалім 150 мың теңге жұмсайды. Таңертең мектепке жұмысқа бара жатқанда тамақтандырады. Орта есеппен 10 мысыққа 5-6 пакет арнайы тамағын береді, құрғақ тамақ салады, жарты литр сүт құяды. 150 мың теңгені екі мұғалім өз қалтанысан төлеп отыр. Айтуынша, сол үшін қосымша сабақ береді. Ал бір мысықты піштіру құны – 6-10 мың теңге.
«Қаладағы «отлов» бәрін заң жүзінде істеп жатыр. Ал куратордың өзі тек қаражат төленетін болса ғана істейді. Үйшік салу – мәселенің шешімі. Әкімдік мұны өзі бақылауға алып, орнатуы қажет. Адамдар коронавирус кезінде үй жануарларын алды, бірақ карантин аяқталған соң далаға тастады. Бізде жануарларға қамқорлық жасау керек екенін баланың санасына сіңірмейді. Көмектесе алмасаң да, зияныңды тигізбе. Бұл туралы бір де бір мемлекеттік бағдарламада айтылмаған. Экология сабағында да айтылмайды. Тіпті әлеуметтік жарнамасы жасалмайды», - дейді ол.
Тұрғынның айтуынша, үйсіз жүрген мысықтарды азайту үшін көктем-жаз айларында үй жануарын піштіруге көңіл бөлу қажет.
АСТАНАДА ИТ-МЫСЫҚҚА ЕРІКТІЛЕР КҮТІМ ЖАСАЙДЫ
Қаңғыбас ит-мысықтарға қатысты елордадағы жүйе Алматыдағыдан ерекше. Мұнда АПВЖ бағдарламасына тыйым салынған. Есесіне, бұл жерде ит-мысықты аулайды, содан кейін бірден «Стопотлов» қорының еріктілеріне беріледі.
Көшедегі итті ұстау процесі реттелген. Сарыарқа ауданы бойынша ветеринарлық қызметтің тасталған және қаңғыбас ит пен мысықтарды аулаумен айналысатын Қанат Капилов күн сайын 17-20 шақыртуға барады.
Қаңғыбас ит-мысық жүр деп хабарласатын адам көп, бірақ бәріне үлгере алмаймыз. Оған көп уақыт кетеді. Дәл қазір өрт сөндіру депосының маңында үш ит жүр деген хабар келді. Осы маңда жүргеніне бірнеше күн болыпты. Бір итті ұйықтаттым, ол жарты сағаттай айналып жүріп, ұйықтайды. Содан кейін оны сол жерден көлікке жеткіземін. Қалған екеуіне де дәл солай, алдымен ұйықтатын дәрі атамын. Ол үшін итке 1-2 метр жақын тұруым қажет, - дейді ол.
Дәрінің дозасы иттің салмағына қарай белгіленеді. Ит шамамен 30 келі болса, 3 дәрі жетеді. Үрлеген кезде ит бірден ұйқыға кетпейді. Ол да иттің иммунитетіне байланысты. Жалпы үш итті алып кетуге 2-3 сағат уақыт керек.
2023 жылдың қазанында Астанадағы қаңғыбас ит-мысықтарды уақытша ұстау изоляторы қаланың ветеринарлық қызметінен «Стопотлов» қорына сенімгерлік басқаруға берілген.
Қор жетекшісі Мария Гребенкинаның сөзінше, ауланған ит-мысықтың бәрі бірден қаладағы изоляторға жеткізіледі. Піштіру, вакцина салу жұмыстарының бәрі сол жерде жүргізіледі.
Әкімдік тендер жүргізеді, оған өтінім бердік, жауабын күтіп отырмыз. Тендер 108 млн теңгеге жүргізіліп жатыр. Ал біз панажайды ұстап тұруға айына кемі 20 млн теңге жұмсаймыз. Қазір панажайда 3 300-ден астам ит пен 631 мысық бар. Кейде азаматтар панажайдан үй жануарын алып кетеді, - дейді Гребенкина.
Қор жетекшісінің айтуынша, қаладағы қаңғыбас ит-мысықтардың санын азайту үшін жануарларға қатысты заңдар жұмыс істеуі керек.
«Заңды бұзуға тырысатындар бар. Заңда үй жануарының иесі ит-мысықты піштіруге міндетті деп айтылған. Астанада иттің күшіктей бергеніне, қараусыз күшіктің қаптағанына жауапкершілік қарастырылмаған. Аулаушылардың өзі сапаға емес, санға жұмыс істеп жатыр. Бірінші, жоспарды орындау бөлігін алып тастап, шағымды азайтуға жұмыс істеу керек. Екіншіден, ит күшіктеген кезде азамат 109 нөміріне хабарласса, оған айыппұл салу қажет. Бірақ оған айыппұл салмай, күшіктерді алып кетеді. Содан ит әрі қарай да күшіктей береді. Ол қаңғыбас иттердің санын көбейтіп отыр. Егер үйіндегі иттің күшіктеуіне жауапкершілік алуы үшін айыппұл салатын болса, қаладағы қаңғыбас үй жануарларының саны да азаяды», - дейді «Стопотлов» қорының жетекшісі.
Мария Гребенкинаның сөзінше, Астанада күн сайын 30-80 ит-мысық арнайы панажайға жеткізіледі. 4 мыңға тарта үй жануарына 25 қызметкер күтім жасап отыр.
«Сенімгерлік басқармаға алған соң ит-мысықтың жейтін тамағына көңіл бөлдік. Астана ветсервис басқарған кезде бір жылда иттер үшін 27 тонна азық алған. Біз үш ай ішінде 40 тонна азық алдық. Олар мысықтар үшін бір жылға арнап бір тонна азық алса, біз үш тоннасын алдық», - дейді «Стопотлов» қорының жетекшісі.
Мемлекет панасыз жануарлардың көзін жоймай, оларды піштіріп, вакцинациялап, чип салу бағдарламасына жауапты. Бұл бағдарлама әр өңірде әртүрлі жолмен іске асып жатыр. Алматыда бағдарламадан өткен жануарлар бұрынғы мекеніне жіберілсе, Астанада аулау қызметінен келген ит-мысықтарды піштіру мен күтімге еріктілер жауапты.
Алматыдағы АПВЖ бағдарламасы шетел тәжірибесіне негізделген. Түркияда ондай жануарларға үйшіктер орнатылады, ары қарайғы күтімге мемлекет жауап бермейді, тұрғындардың өздері ас-су беріп, күтім жасайды. Алматының әр ауданында жүрген мұндай ит-мысықтарға күтім жасап жүрген кураторлар бар. Бұл тәжірибе енді бүкіл қалада іске асуы үшін еріктілер құлағына «жасыл» сырға таққан иттер қоғамға еш қауіп төндірмейтіні, оларға тұрғындар қорықпай ас-су бере алатыны көбірек насихатталып, оларға үйшіктер тұрғызылуы керек деп есептейді.
Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді
Айгерім ТАУБАЙ