×

Әрқашан күн сөнбесін: Жасыл энергия Қазақстанды энергетикалық дағдарыстан шығара ма?

Қазір елдегі энергияның 6% жуығы жасыл энергиядан алынады

 Айнұр Шошаева 20.02.2024 | 10:42
коллаж: Halyq Uni

Халықаралық сарапшылар Қазақстанда электр энергиясын өндіретін нысандар 60 пайызға тозған дейді.  Осының кесірінен соңғы екі жылда ел энергетика дағдарысына тап болып, кей қаланың тұрғындары жылусыз қалды. Мамандар елді энергетика дағдарысынан күн, жел, су тәрізді жаңғыратын энергия көздері алып шыға алады деп есептейді. Қазірдің өзінде елімізде күн сәулесінен энергияны өз бетінше өндіріп, қажетін өтеп отырғандар бар.

ҚАЖЕТТІ ҚУАТТЫ КҮННЕН АЛЫП ОТЫР

Қостанай облысы Амангелді ауданынан 170 шақырым жерде орналасқан «Береке» шаруа қожалығы 2 жылдан бері электр энергиясын өзі өндіреді. Бұл – өңірдегі мал шаруашылығымен айналысатын ірі ферманың бірі. Осы қыстақта электр энергиясын жеткізетін баған мен желі жоқ. Совет дәуірінде әр қыстақта жарық болғанымен, 1990-жылдары дағдарыс кезінде халық бағандардың арматурасы мен электр энергиясын өткізетін сымдарын темір-терсекке тапсырып жіберген.

Біздің фермамызға дейін электр желілерін тарту өте қымбат. Шамамен бір шақырым желіні тарту 10-15 мың АҚШ доллары тұрады. Бір ғана біздің қожалық үшін оны тарту экономикалық тұрғыда тиімсіз. Сол себепті энергия көзін таңдау мәселесі туындады, - деді қожалық басшысы Жәнібек Кенжебаев.

Кенжебаев ферманы электр энергиясымен қамтамасыз етудің әртүрлі жолдарын қарастырып, ең тиімдісі − күн панельдері деген тоқтамға келген. Себебі электр энергиясын өндіретін дизельдік генераторға көп жанармай кетеді, солярканы алыстан тасымалдау қажет. Ал жел генераторы өндіретін 1 кВт күннен немесе дизельден алатын энергиядан қымбат болып шығады. Әрі оны күтіп-ұстаудың машақаты көп.

«Күн панельдерінің бағасы қолжетімді, күтіп-ұстау қиын емес. Бір орнатса істей береді. Еш жерін шұқып, майлап отыруды қажет етпейді. Осылайша 2 жыл бұрын сол жүйені орнаттық», - дейді ол.

Қазір Кенжебаевтың фермасында 48 күн панелі бар, олар сағат сайын 18-20 кВт қуат береді. Бүгінде соның арқасында қожалықтағы ірі қондырғылар үздіксіз жұмыс істеп тұр.

Кенжебаев күн панельдерінің барлық бөлшегін Қытайдан тапсырыспен алды. Себебі Қазақстанда мұндай энергожүйенің құны екі есеге дейін қымбат. Ал Қытайдан алған қондырғыны орнатуға 11,5 миллион теңге кеткен.

Жүйеге 400 Вт-тан 48 панель, әрқайсысы 3 кВт-тан 6 инвертер және 20 кВт-тық литий аккумуляторы кіреді. Ол қарапайым тілде айтсақ, электромобильдің аккумуляторлары. 220 Volt үйдегі тоңазытқыш, теледидар сияқты құралдарды қосуға мүмкіндік береді. Ал біздің жүйеміз 380 Volt, яғни көп қуат жейтін үлкен диірмен, сорғы, тоқпен жұмыс істейтін климаттық қондырғыларды қосуға мүмкіндік береді. Күн панельдерінің арқасында 2 жылдан бері өзімізді энергиямен қамтамасыз етіп отырмыз, - деп толықтырды сөзін.

Кенжебаев орнатқан энергожүйе екі жылдың ішінде бірде-бір рет істен шықпаған. Оның айтуынша, мұндай жүйе Қазақстанда өте аз. Себебі литий аккумуляторын ешкім пайдаланбайды. Бәрі Ресейден алып келген ескі локомотивтердің аккумуляторларын пайдаланып жатыр, ол ұзаққа шыдамайды.

Панельдер қуатты күн сәулесінен алады, алайда қыста күн сәулесі күнде бола бермейді. Фермер ондай кезде дизельдік генератордың көмегіне жүгінеді.

Дизельдік генераторлар 1-1,5 сағатта аккумуляторларды қуаттап береді. 1 мамырдан бастап қазанның соңына дейін генераторды мүлдем қоспаймыз. Жарты жыл бойы энергияны таза күннен аламыз. Қалған жарты жылдың шамамен 30 пайызы дизельдік генератордың көмегіне жүгінеміз, - деп жалғастырды ол.

Оның пікірінше, мемлекет энергетика секторына назар аударуға тиіс. Қазіргі электр энергиясы саласындағы тоқыраудан баламалы энергияның көмегімен шығуға болады деп есептейді.

«Қазір әлемдік экономиканың дамуы электр энергиясына байланысты. Алдағы 20-30 жылда электромобильдер көбейеді. Бұдан басқа блокчейн қарқынды дамып жатыр. Бұл көп қуат жейді. Сондықтан Қазақстанда энергияның баламалы көздерін қарқынды дамыту керек», - деді фермер.

Кенжебаев белсенді түрде әлеуметтік желіде блог жүргізіп, шаруашылықтағы технологиялар мен тәжірибелері туралы айтып отырады. Тиісті инфрақұрылым болса, артылған электр энергиясын мемлекетке сатуға дайын. 

Ел осы қолжетімді тәжірибені көріп, пайдаланса екен деймін. Осындай кішігірім генерациялар көбейсе, бұл елдегі тапшылықты азайтуға сеп болады. Қазір біздің ауданға қарасты орта есеппен 100 қожалық бар, олардың әрқайсысы энергияны өздері өндіріп отыр.  Мемлекет бізге желі тартып берсе, профицитті жалпы энергожүйесіне біретін, қарапайым тілмен айтсақ, мемлекетке сататын едік, - деді Жәнібек Кенжебаев.

ӘЛЕМДЕГІ НӨЛДІК ЭНЕРГИЯМЕН ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН АЛҒАШҚЫ МЕШІТ ҚАЗАҚСТАНДА АШЫЛҒАН

Елде қазірдің өзінде жасыл энергия есебінен жұмыс істеп, артылған энергияны қалаға беріп жатқан нысандар бар. Соның бірі − 2018 жылы Астанада ашылған Рыскелді қажы мешіті. Бұл – әлемде нөлдік энергиямен жұмыс істейтін алғашқы мешіт.

Нысан австриялық технологиямен Еуроодақ стандараттарына сәйкес жоспарланып, салынды. Ғимараттың ерекшелігі − 1,2 мың шаршы метр аумаққа күн панельдері орнатылған. Технологияны орнатқан компания бүгінгі күні оны онлайн бақылап отырады. Панельдер істен шығып жатса, мамандарды жіберіп жөндетеді. Қажетті электр энергиясын өндіріп, профицитті қалаға сатып отыр.

Қыс мезгілінде күннің көзі жиі шықпайтындықтан, бұл кезеңде панельдер электр энергиясын аз өндіреді.

Осыған орай бізде қаламен келісімшарт бар. Энергия өндірілмей, тапшылық болып жатса, электр энергиясын қаладан аламыз. Ал өндірілген энергия артылып жатса, қалаға береміз, - деді мешіт қызметкері.

Мешіт мамандарының айтуынша, аталған панельдер тек электр энергиясын өндіреді, ал жылу қалалық желілерден алынады.

«Нысанды жобалағанда таза энергия өндірумен қатар, жылу мен энергия үнемдеу жүйесі қарастырылды. Жарық көбінесе күн шықпаған кезде және намаз уақытында көп қолданылады. Басқа уақытта мейлінше үнемделеді. 5 жылдың ішінде күн панельдері істен шығып, жарықсыз қалған жағдай болған жоқ. Бұл – Қазақстанда жасыл энергияның көмегімен жұмыс істеп тұрған жалғыз мешіт. Әлемде мұндай жүйемен жұмыс істейтін 3 қана мешіт бар, олар Дубай, Қытай мен Қазақстанда орналасқан. Бұл тәжірибені елімізде кеңінен таратуға болады. Әсіресе оңтүстік өңірлерде енгізген тиімді», - деп қосты мешітте.

Нөлдік энергиямен жұмыс істейтін бұл мешіт 2022 жылы Energy Globe сыйлығына ие болды. Бұл әлемдегі ең маңызды тұрақты даму сыйлығы саналады.

ОТАНДЫҚ ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН БЕРЕТІН НЫСАНДАР 60 ПАЙЫЗҒА ТОЗДЫ

Елде электр энергиясының 50%-ға жуығын көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциялары өндіріп отыр. Ал олардың көбінің пайдалану мерзімі жарты ғасырдан асып кеткен. Қазақстанда электр энергиясын беретін нысандар 60 пайызға тозды. Былтыр ел үкіметі қазақстандық ЖЭО-ның тозу картасын көрсетті: кейбір энергия нысандарының тозу деңгейі 90%-дан асып кеткен. Мысалы, Арқалық ЖЭО – 95,4%, Орал ЖЭО – 95,3%,  Кентау ЖЭО – 92,7% тозған.

Былтыр және биылғы қыс елдің энергетика жүйесі үшін сынаққа айналды. 2022 жылы кей қалалар жылусыз қалды. Екібастұз қаласында жылу желісінде болған апатқа байланысты төтенше жағдай жарияланды.

2022-2023 жылдардағы апаттардан кейін Қазақстан билігі энергетика саласына көңіл бөле бастады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, биыл елдегі 37 жылу электр орталықтарында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Елде он жыл бұрын қабылданған «Жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасына сәйкес, 2050 жылға қарай энергияның жартысы су, күн, жел сияқты табиғи қуат көздерінен алынуы керек. Энергетика министрлігінің дерегінше, биыл елде электр энергиясының 53,3% көмірден, 24,8%, газдан, 11,8 % жаңартылатын энергия көздерінен, 10,2% гидроэнергетикадан өндіріледі. Болжам бойынша 2035 жылға қарай электр энергиясының құрымындағы көмір 34,3%, газ 25,8%, жаңартылатын энергия көздері 24,4%, гидроэнергетика 10,8%, ал АЭС 4,7% құрайтын болады.

2035 жылға дейін энергетикалық саланы дамытуға арналған тұжырымдамада жаңартылған энергия көздерін пайдалану да айтылған. Оған сәйкес, 35 жел және 12 электр станциясын салу жоспарланған. Құжата қарағанда, Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптандыру бойынша міндеттемелерді орындау үшін алдағы жылдары 7 ГВт жаңартылатын энергия көздері қуатын енгізуге тиіс.

«ЖЫЛУ ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҚТАРЫ ІСТЕН ШЫҚСА, 14 МЛН АДАМ ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛАДЫ»

Тозған инфрақұрылым – Қазақстанның энергетика жүйесінің басты проблемасы. Қаржыгер Расул Рысмамбетов тозған жылу электр орталықтары түгел істен шықса, 14 миллион адам жылу мен жарықсыз қалады дейді.  Орталық Азиядағы энергетика дағдарысы жайлы мақала жазған Солтүстік Кипрдегі Таяу Шығыс университетінің ассистент профессоры Әсел Тутумлу мен Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ұлттық қауіпсіздік колледжінің ғылыми қызметкері Фарход Аминджоновтың есебінше, аймақтың энергетика инфрақұрылымын жаңарту тым қымбатқа түседі. Азия даму банкі 2030 жылға дейін аймақты толығымен энергиямен қамту үшін жыл сайын 33 миллиард доллар құю керек деген тұжырымға келген.

Осы себепті сарапшылар энергетика дағдарысынан шығудың ең тиімді жолы − жаңартылатын энергия көздері деп есептейді. Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің пайымдауынша, жаңартылған энергия көздерін дамыту үшін Қазақстанның әлеуеті зор. Алайда электр энергиясын газ бен судан өндіру қиындық тудыруы мүмкін.

Үкіметтің есебі бойынша 2035 жылы электр энергиясын тұтыну көлемі 153 млрд кВтсағ құрайтын болады. Қазіргі генерациядан тек 88 млрд кВтсағ қалады. Демек бізге кемінде 70 млрд кВтсағ алмастыратын көздерді іздеу керек. Енді үкімет ЖЭК, атом мен көмір болғанын қалайды. Қажетті теңгерімнің 5 ГВт газ генерациясы есебінен болады деп отыр. Бұл қиындық тудыруы мүмкін. Себебі бізде газ көп емес. Сондай-ақ гидроэлектрстанцияларын дамытуда қиындықтар бар. Мәселен, қазірдің өзінде суға қатысты проблема көп, - деді қаржыгер.

Осы себепті, оның ойынша, жел энергиясының әлеуетін естен шығармау керек.

 1990-жылдардың соңында UNDP талдау негізінде баяндама әзірлеп, «Жоңғар қақпасы» жобасының қажеттілігі туралы айтқан болатын. Көп ұзамай желқондырғылары орнатыла бастады. Біздегі желдің әлеуеті күнге қарағанда 7 есе қуатты болып отыр. Сондай-ақ Шелек дәлізінің әлеуеті туралы айтылды, - деді Рысмамбетов.

ЕЛДЕГІ ЭНЕРГИЯНЫҢ 6% ЖУЫҒЫ ЖАСЫЛ ЭНЕРГИЯДАН АЛЫНАДЫ

Соңғы жылдары жаңартылған энергия көздері Қазақстанның энергетикалық кешенін дамыту векторларының бірі ретінде позицияланып келеді. 2023 жылдың статистикасы Қазақстанда электр энергиясы өндірісінің 6%-ға жуығы жасыл энергияға тиесілі екенін көрсетті. Бұл әлі өте аз, бірақ бұрынғы жылдармен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің белгіленген қуаты 2,9 мың МВт құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 20,1% артық. Салыстыру үшін: бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 2,4 мың МВт болды. 2018 жылмен салыстырғанда жасыл энергия нысандарының қуаттылығы  5,4 есе артқан.

Қазір республикада белгіленген қуаты 2 883,54 МВт болатын 146 ЖЭК объектісі (100 кВт-тан жоғары) жұмыс істейді. Оның ішінде қуаттылығы – 1 409,55 МВт 59 жел электр станциясы, қуаттылығы – 1 202,61 МВт 45 күн электр станциясы, қуаттылығы – 269,605 МВт 39 гидроэлектростанция мен қуаттылығы – 1,77 МВт болатын 3 биогаз электр станциясы бар. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ЖЭК объектілері өндірген электр энергиясының көлемі 6,675 млрд кВтсағ (ЖЭС – 3824,99 млн кВтсағ; КЭС – 1 853,95 млн кВтсағ; ГЭС – 993,87 млн кВтсағ; биоэс – 2,71 млн кВтсағ) немесе электр энергиясын өндірудің жалпы көлемінің 5,92% құрады.

ЖЭК НЕ СЕБЕПТІ АЭС-ТЕН ТИІМДІ?

Жаңартылатын энергия көздерінің ең басты артықшылығы – ол үшін шикізатты тасымалдаудың қажеті жоқ. Энергия күн панельдері, су мен жел электр станциялары орнатылған жерде болады. Дегенмен сарапшылар оған қажетті жабдықтарды өндіру мәселесі өзекті дейді. Себебі қондырғыларға келгенде бір елге тәуелді болудың салдары қауіпті.

 «Кезінде Қытай күн панельдерін шығарудан бүкіл әлемді жеңді. Қытай бұл нарықтағы көшбасшы екені сөзсіз. Энергия көздерін диверсификациялап отырған  Еуропа панельдермен бірге қажетті инфрақұрылымды өндіріп жатыр. Қытай күн панельдерін шығаруды қойса, еуропалық өндірушілер қажеттілікті жаба алады. Кез келген өнімнің пайдалану мерзімі болатынын немесе қар, бұршақ сияқты табиғи жағдайды ескерсек, күн панельдерін белгілі бір уақыттан соң жаңасына алмастыруға тура келеді. Мұндай жағдайда нарықтағы абсолютті көшбасшы болып отырған Қытай Ресейдің Еуропаға газ жіберуді тоқтатқаны сияқты тәсілге бара алады», - деді сарапшы.

Қазақстан 2035 жылға қарай энергия тапшылығының бір бөлігін атом электр станциясын іске қосу арқылы шешуді жоспарлап отыр. Басты аргументтердің бірі – Қазақстан әлемдегі уранның 44 пайызын өндіреді. Қазақстан әлемге уран тасымалдайтын ірі ойыншы болғанымен, елде уран отыны өндірілмейді. Сондықтан энергетика саласындағы сарапшылар АЭС Қазақстанға қол емес деп есептейді.

 Ядролық қаруды таратпау туралы келісімге сәйкес, уранды байыту шектелген, МАГАТЭ-мен қадағаланады. Әлемде тек 4 компания – Қытайдың CNNC, француздық Orano, ресейлік Росатом мен ағылшын, неміс және голландық басқарушыларға тиесілі Urenco  уранды байыта алады. Қазақстан уранды байыта алмайды және оның технологиясы жоқ. Сондықтан бізде уран отыны өндірілмейді. Тек атомдық отын үшін шикізат өндіріледі. Ол үшін біз өнімді нарыққа сатып, нарықтан қайта өнделген, яғни байытылған атом отынын сатып алуымыз керек. Қазақстанда ураннан отын таблеткаларын жасайды, бірақ ол үшін байытылған уранды шетелден сатып алады, - дейді энергетика сарапшысы Әсет Наурызбаев.

Наурызбаев атом энергиясымен салыстырғанда жасыл энергияның тиімділігін былайша түсіндірді:

«ЖЭК-тің тиімділігін қарапайым мысалмен түсіндіретін болсақ, қуаты 100 МВт ең бастысы бір-бірінен алшақ 50 бірдей станция 5000 МВт энергия береді деп алайық. Егер күн шықпай немесе жел тұрмай қалып, энергия өндірмесе не болады? Бір стандартты ауытқу 204 МВт. Ауытқу 1 емес, 2,3,4 рет қайталанса, жылына жарты сағат қана 800 МВт энергия жетпейтін болады. Қалған 99 пайызы жұмыс істеп тұрады. Жаңартылған энергия көздерінің сенімділігі осыған негізделеді. Егер атом энергетикасын алсақ, АҚШ-та АЭС-тің жұмыс істеуінің маңызы 92 пайызды құрайды, яғни 8 пайыз жұмыс істемейді, ол жоспарлы және апаттық тоқтатулар. Бұл 8 пайызға әр блок үшін 1200 МВт резерв болуы керек».

Оның пікірінше, еліміздің оңтүстік өңірінде ЖЭК-ті дамыту аумақтық диспропорцияларлы азайтады. Электр энергиясын өндіруде көмірдің үлесін азайту көміртектік бейтараптыққа әкеледі. Ең бастысы ЖЭК – нарықтағы ең арзан энергия.  Түнде күн генерациясы болмайды, дегенмен бұл уақытта тұтыну да азаяды.

Күн генерациясының түнгі сәтсіздігі (ночной провал - ред.) әдетте түнгі тұтынудың азаюына сәйкес келеді. Күн генерациясының үлесін түнгі сәтсіздікке пропорционалды түрде шектеу керек. Электр энергиясына деген сұраныс жоғары таңертеңгі және кешкі қолданысқа келсек, бұл электр жүйелеріне бұрыннан белгілі міндет. Ол әдетте тәуліктік реттеу су қоймалары немесе гидроаккумуляциялау станциялары (ГАЭС) бар ГЭС құру арқылы шешіледі. Оларға үлкен батарея қоймалары қосылды. Сонымен қатар, маневрлік газ станциялары тәуліктік реттеуге қатыса алады, - дейді энергетик.

Ол қыс мезгілінде инсоляцияның төмендеуі 75%-ға жетеді. Сондықтан энергия теңгеріміндегі күн энергия станцияларының үлесі шектелуге тиіс деген пікірде.

«Қыста жылу өндірісі айтарлықтай өседі, мысалы, Алматыда 6 есе артады. Сондықтан барлық ЖЭО-да (жылу және электр энергиясын когенерациялау) электр энергиясын өндіру арта түседі. Күн генерациясын ЖЭО генерациясына ауыстыруға болады. ЖЭО жылу және электр энергиясын когенерациясыз салынбауға тиіс. ЕО-да бұл мәселе бойынша арнайы директива қабылданды. Ал маневрлік генерация тұтынудың да, генерацияның да құбылмалылығын өтеуге міндетті. Газ станциялары электр энергиясын өндірумен бірге көмір станцияларын алмастырып, қалаларды жылумен қамтамасыз ете алады. Еуроодақ когенерациясыз газ станцияларын салуға тыйым салды. Бірақ Түркістанда қуаты 900 МВт ЖЭО тиісті когенерациясыз жоспарланған. Сондай-ақ қуаттылығы 400 МВт болатын жоспарланған Алматы ЖЭО-3-тің когенерациясы жоқ, сондықтан алдағы онжылдықта энергетиканы дамыту ЖЭК пен газ станцияларына сүйенуге тиіс», - деді ол.

Қазақстан үкіметі жасыл энергия секторын дамыту үшін ұзақмерзімді жоспарларды әзірлеуді ұсынады. Бүгінде еліміздегі бірнеше қала пайдалы қазбаларға қарап отыр. Алайда жыл өткен сайын олар сарқылып жатыр.

«Екібастұз қаласында көмірді тұтыну көлемі ешқашан бұрынғыдай болмайды. Бұған дейін Екібастұзда ЖЭК дамыту орталығын ашайық деп ұсынған едім. Жаңартылған энергияға қатысты жобалардың бәрі Екібастұзда болсын деген ұсыныс айттым. Мысалы, салаға қатысты жабдықтарды құрастырудан бастаса, 10 жыл ішінде қандай да бір орта қалыптасатын еді. Желқондырғыларының өзі де, логистикасы да өте қымбат. Екібастұзда соның жабдықтарын жинап, құрастыра бастауға болады. Екібастұз болашақта құрдымға кетіп, депрессивті қалаға айналмауы үшін қазірден бастап тиісті шараларды қабылдауымыз қажет. Менің ойымша, Екібастұзда ЖЭК институтын ашып, жұмысты қолға алу керек. Саланың қажеттілігі мен маңызын білетін мамандарды жұмылдырып, озық технологияларды тартса, елімізде бұл сала қарқынды дамып, энергетикадағы дағдарыстан шығуға болады», - деді сарапшы Әсет Наурызбаев.

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Кейінгі 6 жылда өнеркәсіптік, коммерциялық және үй шаруашылықтарына арналған қондырғыларды арттыру бойынша тұрақты тренд қалыптасқаны анық. Біздің кейіпкер фермер Жәнібек Кенжебаев пен Астанадағы мешіт тұрғындардың мемлекетке тәуелді болмай, электр энергиясын өз бетінше өндіре алатынын көрсетті. Тұтынушылар үшін шағын ЖЭК жобаларын пайдалану көптеген жағымды аспектілерге ие. Біріншіден, өндірілетін электр энергиясының құны энергия тасымалдаушылардың құнына байланысты болмайды. Екіншіден, энергия тұтынуды азайту, нәтижесінде – орта және ұзақ мерзімді перспективада ресурстарды үнемдейді. Үшіншіден, өмір сүру жайлылығы мен өрт қауіпсіздігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Халықаралық энергетикалық агенттігінің ақпаратына сәйкес, 2018 жылы әлемде шатырлы күн қондырғыларының жалпы белгіленген қуаты (қуаттылығы 10 кВт-қа дейін) 58 ГВт-қа жетті және 2024 жылға қарай бұл көрсеткіш 2,5 есе артады. Бүгінде Германияда КЭС жалпы қуаты 33 ГВт құрады, бұл ретте үй қондырғыларының белгіленген қуаты 6,5 ГВт құрады, ал шағын және орта бизнес өз мұқтаждықтары үшін белгілейтін коммерциялық және өнеркәсіптік қондырғылардың куаты – 26,5 ГВт (елдің күн станцияларының жалпы белгіленген қуатының 60%-дан астамы) құрады. Жапонияда 34 ГВт, оның ішінде 9 ГВт – үй қондырғылары, Италияда 16 ГВт, оның ішінде 4,2 ГВт – үй қондырғылары. 

Қазақстандықтар үшін жасыл энергия неліктен маңызды? Халық күн, жел немесе басқа да жаңартылған энергия көздерінен қажетті энергияны өндіре ала ма?

2016 жылы Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу жөніндегі Париж келісіміне қол қойды. Бұл арзан қазба отын түрлерінен жасыл энергияға ауысуды талап етеді. Аталған трансформацияның негізі – энергетикалық жүйені терең декарбонизациялау, ол елдегі парниктік газдар шығарындыларының төрттен үш бөлігін құрап отыр. БҰҰ пайымынша, ЖЭК құнының күрт төмендеуі «жасыл» энергия көлемінің тез өсуіне және жедел электрмен жабдықтауға әкелді. Сонымен қатар экологиялық таза энергияға салынған инвестициялар қазба отынына салынған инвестициялардан үш есе көп жұмыс орнын ашады. Алайда «жасыл» энергияға көшу дұрыс қаржыландыруды қажет етеді. Әрі мемлекеттік және жекеменшік секторлардың күш-жігерін біріктіру қажет. 

Бұл материал шешім журналистикасы жанрында Solutions Journalism Lab жобасы аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді.

Айнұр ШОШАЕВА

Серіктес жаңалықтары

Сараптама