Еңбек министрі Светлана Жақыпова қазірге дейін тек 1 300-ден аса адамнан өтініш түскенін айтты
Елімізде бірінші қаңтардан бастап денсаулыққа зиян келетін мекемелерде қызмет еткендерге арнайы төлем тағайындалады. Қазір мұндай төлемді алуға 37 мың адам құқылы. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, бір ай ішінде небәрі 1 300-ден аса адамнан өтініш түскен. Себебі арнайы төлемді алу үшін азамат қазіргі жұмысынан шығып, басқа жұмысқа ауысуға міндетті.
37 мың адаммен жұмыс істедік. Қазірге дейін 1 281 азамат халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы өтініш берді. Жұмыс беруші тарапынан 71 өтініш түсті, ішінде 5 өтініш талапқа сай келмегендіктен кері қайтарылды. Қаңтар үшін төлем 8 ақпаннан бастап төленеді. Жалпы 1 300-ден аса адамға төлем түседі, - деді Светлана Жақыпова.
Арнайы төлемді алу үшін азамат 55 жастан асқан болуға тиіс. Ал денсаулығына зиян келетін жерлерде кемі 7 жыл қызмет етуі керек. Жауапты ведомстводан не себепті 7 жыл белгіленгенін де нақтылады.
Зейнетақы жарнасы 2015 жылдан бастап іске қосылды. 2014 жылы заң қабылданды. Қазірге дейін 9 жыл өтті. Осы аралықта жұмыс беруші жарнаны аудара алмай қалған болуы мүмкін екенін ескеріп, орташа есеппен 7 жыл таңдалды, - деді министр.
Биыл арнаулы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 208 мың теңгеден асатыны айтылды. Әрбір жұмысшы үшін төлем мөлшері зейнетақы қорындағы жинаққа байланысты бекітіледі. Бас мемлекеттік еңбек инспекторының сөзінше, жұмысшыға берілетін қаражат 60 мыңнан кем болмайды.
«Зиянды жағдайда жұмыс істейтін адамдардың тізімін есептедік. Қазір 3 380 мекеме бір төлем болса да жұмысшылары үшін кәсіптік зейнетақы қорына аударым жасаған. Жұмыс істеп жүрген жұмысшылар 4 көзден ақша алады, жұмыс істемей жүргендер 2 көзден төлем алып отырады. Олар: республикалық бюджет және өзінің жиынтық қоры. Ал төлем мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты бекітіледі. Ол қазір 33 мың теңге болса, жұмысшы кем дегенде 60 мың теңге алады», - деді Еңбек комитетінің төрағасы – Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов.
Ресми ақпарат бойынша 22 саладағы екі мыңнан аса мамандық иелері арнайы төлем алатындардың тізіміне кіреді. Министрлік жаңа мамандықтардың пайда болуына байланысты тізімге өзгеріс енгізілетінін айтты.
Арнайы төлемді алатындардың ішінде металлург, химик, электр энергетикасы мамандары, денсаулық сақтау саласы қызметкерлері де бар. Ол тізім өзгеруі мүмкін. Жұмыс орындары жаңғыртылып, жаңа технологиялар енгізіледі. Жаңа мамандықтар пайда болады. Сондықтан жұмыс беруші жаңа жұмыс орнына аттестация жүргізіп, нәтижесін жауапты арнайы топқа жібереді. Осылайша бұйрыққа өзгеріс енгізіледі, - дейді Еңбек министрі.
Айта кетейік, арнайы төлемді алғысы келетін азамат ешқайда бармай-ақ жұмыс берушімен еңбек шартын тоқтатса жеткілікті. Әрі қарай барлығы онлайн форматта жүзеге асады. Ал төлем алғысы келмейтіндер қызметін жалғасыра берсе болды.