Halyq Uni логотип
×

Қаржы министрі азаматтардың табиғи байлықтан түсім алып отыруына қарсы

Қазақстандықтарға «мұнай рентасы» неге бұйырмайды?

 Ербол Тұрымбет 26.05.2022 | 17:45
Қаржы министрі азаматтардың табиғи байлықтан түсім алып отыруына қарсы
коллаж: Halyq Uni

Маусымның 5-інде өтетін референдумда ел Конституцияға енгізілген өзгерістерге дауыс беруі тиіс. Онда Қазақстан территориясындағы жер мен қазба байлықтың иесі мемлекет емес, халық екені жазылмақ. Осы орайда заңгер Марат Сәрсембаевтың пікірінше, Ата заңға осындай норманы бекітсек, кейін қарапайым заңдар арқылы Қазақстанның әрбір азаматы өзінің жеке есепшотына елдің мұнай мен газ және басқа да пайдалы қазба байлықтары өндірісі мен экспортынан белгілі бір көлемде түсім алып отыратындай жағдайға қол жеткізуге болады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Жалпы, мемлекеттің қазба байлықтан тапқан пайдасынан әрбір азаматтың есепшотына қаражат үлестіріп отыру дегенді білдіретін «табиғат байлығы рентасы» деген термин бар. Әлемде тап осындай жүйе жұмыс істейтін бір де бір ел болмаса да, осыған ұқсас жағдай санаулы ғана араб елінде: БАӘ мен Кувейтте және Катарда қолданылады.

Үшеуінде де жүйе ұқсас. Дүниеге келген әрбір сәбиге бірден есепшот ашылады да әп дегеннен-ақ шамамен 3 мың доллар салынады. Сөйтіп жыл сайынғы түсімі бар, одан бөлек ата-анасының да ақша салуына рұқсат. Бұларға қоса, жергілікті базалық мөлшерлеме бойынша пайыздық түсімдерін қоса алыңыз. Айналып келгенде 18-ге толған әрбір арабтың есепшотында кемі жарты миллион доллар қаражат жатады.

Ал ресейлік экономистердің есебінше, мемлекеттің мұнайдан тапқан бүкіл табысын әрбір азаматқа бөліп бере салса, жылына 1 277 доллардан келеді. Бүкіл табиғи байлық табысын бөлгеннің өзінде де 2 мың доллардан аспауы мүмкін. Ал егер бүкіл табысты емес, тек 25%-ын ғана ел азаматтарына үлестіретін болса, онда әр азаматқа жылына 500 доллардан келеді екен. Бірақ ол мүмкін емес, екіншіден, соншалық тәуекелге баратындай үлкен қаражат та емес.

Біздің елде мұндай тәжірибені қолдаушылар болғанымен, ресми билік түбегейлі қарсы. Сенатор Нариман Төреғалиевтің пікірінше, бұған дейін жер-су, өсімдіктер мен жердің қазба байлықтары Конституцияның бабында мемлекеттікі деп тұрды. Енді халықтікі деп жазылып жатыр. Оның ойынша, «халықтың меншігі» деп жазуының себебі, егер жер кодексіне тағы өзгеріс енгізетін болса, президентте жерді сатайық немесе көрші елдерге берейік деген ой туындап жатса, сол кезде оны халық қана шешеді.

Енді жердегі қазба байлықтардан түсетін түсімнің пайдасын көріп жатырмыз. Жәрдемақылар төленіп жатыр. Оның бәрі –  мемлекеттің қалтасынан, сол қазба байлықтан келіп жатқан қаражат. Ал әрбір адамның есепшотына бөліп отыру халықаралық тәжірибеде бар. Араб елдерін мысалға келтіруге болады. Болашақта соған да келуіміз мүмкін. Себебі қазір соған алғашқы қадамдар жасалып жатыр, – дейді ол.

Ал қаншадан бөліп отыруға болатыны түсетін табыстың көлеміне байланысты деген пікірде. Өйткені қазіргі геосаяси жағдайда экспортқа шығарылатын мұнайымыз қиындықта тұр. Егер мемлекетіміздің табысы жақсы болып, экспортқа еш кедергі болмай, геосаяси жағдай жақсы болса, болашақта соған келуіміз мүмкін екеніне сенеді.

Алайда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мұндай тәжірибені қолдамайтынын айтады. Себебі табиғи байлығымызды тиімді пайдалану үшін құрылған Ұлттық қорымыз бар.

«Оған сол мұнайдан, газдан түсетін түсімдер аударылады. Және сол ұлттық қорға түскен қаражат республикалық бюджет арқылы халықтың табысы, жалақы ретінде, басқа да жобалар ретінде бөлінеді. Сондықтан арнайы бір есепшот ашудың керегі жоқ деп есептеймін», – дейді министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама