×

Былтыр машинистер теміржол бойындағы жануарларды қағып кетпеу үшін пойызды 1900 рет шұғыл тоқтатқан

Мамандар мал иелері мен теміржол ережесін сақтамайтындарға қатысты айыппұлды өсіруді сұрап отыр

 Айнұр Шошаева 24.05.2022 | 17:14
көрнекі фото: Halyq Uni

«Қазақстан темір жолы» компаниясы ата-аналарға жазғы демалыс кезінде балаларымен теміржол бойында жүргенде сақ болуды ескертті.

Компанияның мәліметінше, 2018 жылдан бері Қазақстанда 411 адам пойыздың астына түсіп, зардап шегіп, оның 213-і өлім жағдайымен аяқталған. Тек 2022 жылдың бес айында еліміздегі теміржолдарда 25 адамды пойыз қағып кеткен, оның 13-і қаза тапты, қалған 12 адам түрлі жарақат алды. Мамандардың айтуынша, тергеу нәтижесінде бес жағдайда зардап шеккен азаматтардың мас күйінде болғаны анықталған.

«Жаяу жүргіншілер асығыстық танытып, музыка тыңдап, қауіпті учаскелер туралы ескерту белгілеріне мән бермейді. Осының салдарынан келе жатқан локомотивтердің ескерту дыбыстарын да естімейді», - деді ҚТЖ қозғалыс қауіпсіздігі департаменті директорының орынбасары Ниязбек Жаңабаев.

Оның айутынша, компания теміржолда жүру ережесі жиі бұзылатын және жарақат алу жағдайы жиі тіркелетін учаскелерді анықтаған.

«ҚТЖ пойыздардың қарқынды қозғалысы бар 18 учаскені анықтады. Онда адамдардың жарақаттану жағдайы жиі тіркеледі. Осы орайда Шымкент, Алматы, Ақтөбе, Семей, Жамбыл, Қарағанды өңірлерінің станциялары мен аралықтарын атап өткен жөн», - деді ол.

Айта кетейік, соңғы төрт жылда теміржол бойында зардап шеккен адамдардың 56-сы мас күйінде, ал 32 адам суицид жасамақ болған. Сондай-ақ компания өкілдері жүк пойызы сағатына 80 шақырымға дейін, ал жолаушылар пойызы сағатына 140 км-ге жылдамдықпен жүретінін атап өтті.

«Мұндай жылдамдықта жылжымалы құрамды тоқтату оңай емес және тежегіш жолдың ұзындығы кемінде 800 метрді құрайды. Сондай-ақ теміржолдағы қауіп бойынша өткір проблема (50%) - жасөспірімдер мен балаларға тиесілі. Олар темір жол нысандарының аясында селфи жасау үшін тұрған вагондардың төбесіне өз еркімен көтеріліп, жүріп келе жатқан темір жол нысандарында суретке түседі. Жоғары электр кернеуі бар сымдар мен жабдықтарға жақындайды», - деді «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының қауіпсіздік жөніндегі атқарушы директоры Бақытбек Алдажаров.

Маманның айтуынша, былтыр 14 адамды электр тоғы ұрған: кәмелет жасқа толмаған 9 бала бар, оның алтауы қаза тапты.

Бұған қоса, адамдардың теміржолға рұқсатсыз кіруіне тосқауыл қою үшін стансалардың 290,89 шақырым аумағы қоршаумен қоршалған.

«2022 жылы Қарағанды станссын адамдардың теміржолға рұқсатсыз кіруінен тұрақты қоршаумен қоршау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл ретте жергілікті халық тарапынан қоршау құрылғыларына қатысты вандализм жағдайы жиі кездесетінін атап өту қажет. Теміржолға белгіленбеген орындарда кедергісіз шығу үшін қоршауды бүлдіретіндер бар. Әсіресе вандализм фактілері Шымкент және Алматы өңірлерінде жиі кездеседі», - деп толықтырды Бақытбек Алдажаров.

Компания бұзылған қоршаулардан келген шығынды шамамен 14 млн теңгеге бағалап отыр. Қазір компания теміржолдағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін азаматтарға жаза қолдануды қатаңдатуды ұсынып отыр. Атап айтқанда теміржолда селфи үшін экстремальды түсірілімдер ұйымдастыратын балалардың ата-анасына қойылатын талапты күшейтуді көздейді. Оның ішінде салынатын айыппұл мөлшерін көбейту бар. Тиісті ұсыныс қазір Әділет министрлігіне жолданған.

Биыл 22 адамға айыппұл салынды. Айыппұлдың қазіргі мөлшері 3 АЕК, ол 9 450 теңге шамасында. Біз айыппұлды 30 АЕК-ке көтеруді сұрап отырмыз. Сонда адамдар сезіне бастайды, нәтиже болады деп ойлаймын. Қазір мәселе Әділет министрлігінде қаралып жатыр, нақты шешім шыққан жоқ, - деді Алдажаров.

Бұған қоса, теміржол бойындағы жануарларға қатысты болатын апат туралы айтылды. Былтыр машинистер 1876 рет теміржол бойынша жануалардың жүруіне байланысты пойызды шұғыл тоқтатуға мәжбүр болған.

«Қазақстан теміржолында күніне бір-екі мал басып кету жағдайы тіркеледі. Әсіресе Қарағанды, Маңғыстау, Алматы, Шымкентте жиі болады. Кейде біреу, кейде 5 бас мал басып кететін кездер болады. Теміржол 22 мың шақырымнан астам, оның бәрін бір-екі жылда қоршап шығуға мүмкіндік жоқ. ... Малдың сырғасындағы ақпарат бойынша иесін тауып, оған айыппұл салынады. Кейде мал басудың салдары пойыздың рельстен шығуына әкеліп соғатын жағдайлар кездеседі. Былтыр Қостанайда екі вагон рельстен шығып кетті. Соның салдары қыста жолаушылар пойызының тұрып қалуына әкеліп соқты», - ҚТЖ қозғалыс қауіпсіздігі департаменті директорының орынбасары Ниязбек Жаңабаев.

Мал қаққан сайын пойыздың локомотиві зақымданады екен. Тежеу құралдары сынп, оны бір рет жөндеуге 1,5 млн теңгеден астам шығын кетеді. Мамандардың айтуынша, мал иелеріне салынатын айыппұл көлемі локомотивті жөндеуге жетпейді екен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама