Есілдегі «Құлыбаев аралы» атанған жердегі алып нысан туралы не білеміз?
Тельман ауылының бұл кіреберісіне «өтуге болмайды» деген белгі қойылған
Orda.kz редакциясы ел аузындағы «Құлыбаев аралы» атанған жер туралы толығырақ білуді жөн көріпті. Бір қарағанда, ол қауіпсіз және қорғалатын мемлекеттік нысан Мәскеу маңындағы Микоян саяжайы сияқты. Ал Google картада бұл жер «Т.Құлыбаев атындағы арал» деп аталады.
Спутниктен түсірілген суреттерден аралда тікұшақ айлағы, бірнеше зәулім үйлер, жеке тоған және сарай бар екенін көруге болады. Тельман ауылының бұл кіреберісі біржола жабылған, көше қиылысына «өтуге болмайды» деген белгі қойылған.
Аралдан шығатын жол да бар, бірақ арғы жағында көпір тұйық жолмен және өтуге тыйым салатын жол белгілерімен аяқталады. Одан алыс емес жерде жаяу жүргіншілер көпірі бар, бірақ ол да жабық.
Аталған аумақтың айналасында полиция кабиналары мен бейнебақылау камералары бар. Дегенмен аумаққа жаяу кіру қиын емес, бірақ жағалауды биік қоршаулармен қоршап тұрған жеке сарайлардан қақпаны айналып өтуге тура келеді.
Ресми түрде арал «Жасыл» деп аталады. Бір кездері «Гидростроитель» саяжай қауымдастығы болған. 2007 жылы бұл жер телімдері «мемлекет мұқтажы үшін» саяжай тұрғындарынан тәркілене бастаған. Одан кейін көптеген тұрғындар әкімдік ұсынған қаржыға наразы болды. Төлемдердің төмендігі учаскелердегі үйлердің тұрғын үй алаңы емес, саяжай болуымен байланыстырылды.
Саяжай иелерінің айтуынша, «Жасыл аралдағы» коттедждер Дариға Назарбаеваға, сол кездегі бас прокурор Рашид Түсіпбеков пен сол жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған Өмірзақ Шөкеевке арналып салынған. Алайда материал авторы бұл ақпаратты тәуелсіз көздерден тексеру мүмкін болмағанын түсіндіреді.
Кадастрлық үзінділерге қарағанда, аралдың барлығы дерлік жеке меншік болып табылады, сондықтан ашық ақпарат аз. Жеке аумақтың ауданы шамамен 140 мың шаршы метрді құрайды. Жер учаскелерінің нысаналы мақсаты – тұрғын үйді пайдалану. Аралдың 2,3 және 7,4 мың шаршы метрлік жеке бөліктері көгалдандырылған.
Ресми құжаттарда бұл аумаққа тек меншік иелері мен уәкілетті органдардың еркін кіруіне рұқсат етілгені көрсетілген.
Аралдың арғы жағында тағы екі қоршалмаған жер телімі бар. Біріншісі – 7,6 мың шаршы метр, жеке тұлғаға тиесілі. Бірақ бұл жердің мақсаты басқа – демалыс аймағын салу және пайдалану. Ал 2,3 мың шаршы метрлік екінші жер телімі «ҚР Президентінің Әкімшілігі» мемлекеттік мекемесіне тиесілі.
Ішкі істер министрлігі неге біреудің жеке меншігін күзетеді деген сауалға басқарма бастығы Марат Ахметжанов ресми сауал жолдауды сұрап, жауап бермеген. Ал Қазақстан заңнамасы бойынша құқық қорғау органдары бірінші президент пен оның отбасы мүшелерін қорғауға міндеттеледі. Республикалық референдум аяқталғанға дейін бірінші президент тұрақты не уақытша тұратын жерінде өмір бойына мемлекеттік қорғауға алынады.