Вакцина алмаған бала қызылша ауруынан көз жұмуы мүмкін
Сарапшылар вакцинадан бас тартатындар жайлы айтты
Қазақстанда қызылшаға байланысты эпидемиологиялық жағдай ушығып тұр. Ауруханада екі мыңнан аса бала ем қабылдап жатыр, 30 бала жансақтау бөліміне түскен. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, жыл соңына дейін бір мен алты жас аралығындағы жүз мыңнан аса балаға екпе салдыру қажет.
«Қызылша жұқтырғандар барлық өңірде тіркелді. Жоғары деңгей Шымкент қаласы (3 мың жағдай), Алматы қаласы, Жамбыл облысы (2 мың жағдай), Алматы, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Атырау облысында мың жағдайдан тіркелген. Оқу жылы басталғаннан кейін балалардың ұжым болып жиналуына байланысты көбейген. Қарашада қызылшаны 6 мың адам жұқтырған», - деді министр Ғиният Үкімет отырсында.
Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің өкілі Жасұлан Алпысбаевтың айтуынша, жыл басынан бері қызылша жұқтырған 18 мыңнан аса адамның 82%-ын 14 жасқа дейінгі балалар. Ол балалардың 58%-ының ата-анасы вакцинадан бас тартқан.
Вакцина салдырмағандардың 20%-ы денсаулығына байланысты салдырмаған. Кейбірінде вакцина салу уақытын кейінге шегерген. Қалғаны – вакцина салуға болатын жасқа жетпегендер, - дейді Жасұлан Алпысбаев.
Қызылшаның алғашқы белгілерінің бірі – дене қызуының көтерілуі. Мамандар екпе алмаған баланы мұндай жағдайда басқалардан оқшаулауды сұрап отыр.
«Қызылшаға қарсы екпе салдырмаған баланың дене қызуы көтерілсе, мамандарды үйге шақырту қажет. Қызылшаның алғашқы белгілерінің бірі – дене қызуының көтерілуі. Артынан құрғақ жөтел қосылады. Екінші күні ауыз қуысының шырышты қабаттарында ақ дақтар пайда болады. Мұндай жағдайда үйде ем қабылдауға кеңес береміз. Үшінші күні бөртпе қосылады. Құлақ, бет маңайында шыға бастайды. Яғни, кезең-кезеңімен қосылады. Асқыну болмаса, 5 күн ішінде қайтады. Оның емі – төсекте емделу. Көздің қабынуы, қызаруы, іріңдеуі секілді асқынулар бар. Қызылшаның асқынғаны жаман. Кей жағдайда адамның көзі көрмей қалады. Соның алдын алу үшін А дәрумені беріледі», - дейді Астана қаласы №9 емхананың педиатры Балгүл Ильясова.
Айтуынша, емізулі баланың аузына бөртпе шыққаннан кейін емуі қиындауы мүмкін. Сүтті бөтелкемен не қасықпен беруді ұсынады.
Қауіпті белгілері – баланың тамақ ішпеуі. Міндетті түрде инфузиялық терепия алуы қажет. Дене бөртпесі асқынатын жағдай да кездеседі. Кейде тері асты қанталауы да мүмкін, - дейді педиатр.
АТА-АНАЛАР ВАКЦИНАҒА НЕГЕ ҚАРСЫ?
Денсаулық сақтау министрлігі вакцина салдыруға қарсы ата-аналарға қатысты сараптама жүргізген. Соған сәйкес, ата-аналардың бір бөлігі жеке ұстанымы бойынша вакцина салдыруға қарсы. Бір тарап діни наным-сенімі бойынша салдырмайды. Енді бірі ненің дұрыс, ненің бұрыс екенінің аражігін ажырата алмай жүр.
«Қызылша жұқтырғандардың не себепті бұған дейін вакцинадан бас тартқанын іріктеп қарадық. 8 мыңға жуық баланың ата-анасы бас тартқан. Оның ішінде 59%-ы – ата-анасының жеке наным-сеніміне байланысты салдырмаған. Яғни, бір жерден ақпарат оқыған, отбасының үлкендерін тыңдаған, вакцина салу зиян деп ойлағандар. Тағы 22%-ы діни наным-сеніміне байланысты бас тартқан. Қазақстандағы дәстүрлі діни бірлестіктер керісінше қолдап отыр. Демек бұл дәстүрге жат, басқа наным-сенімді насихаттап жүрген ағымдардың үлесі. Өңірлер бойынша қарасақ, батыс өңірде белең алып отыр. Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облысында 2 жарым мыңға жуық бала осы қызылша жұқтырған», - дейді Жасұлан Алпысбаев.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ақпаратына сәйкес, ата-аналардың қалған 13%-ы вакцинаға сенбейді.
Астанадағы №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында 194 бала жатыр. Күн сайын 80-ге жуық бала қабылдау бөліміне жеткізіледі. Оның 30%-ы емдеуге жатқызылады.
4 бала жансақтау бөлімшесінде жатыр. 2 баланың жағдайы ауыр, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Жансақтау бөліміне қызылша ауруы асқынған жағдайда түседі. Балалар тыныс жеткіліксіздігі салдарынан түсіп жатыр. Қызылша – вакцина арқылы басқарылатын инфекция. Ата-аналар вакцинаны салдырса, ауруханада орын жетпеу мәселесі болмас еді. Қызылшаның ең жиі кездесетін асқынысы – өкпенің зақымдануы, яғни пневмония. Менингит, энцефалит ауруларына шалдығып, зәр шығару жүйесі бойынша асқыну болады. Ең қауіптісі – 2-3 жылдан кейін дамуы. Оның әсерінен ойнап жүрген бала барлық дағдысын ұмытады, оның соңы өлімге әкеледі, - дейді инфекционист дәрігер Динара Нахыпбекқызы.
Айта кетейік, қызылшамен ауырғаннан кейін де балаға вакцина салуға болады. Себебі вакцина қызамық пен паротит инфекциясына қарсы тұруға көмектеседі.