Соңғы үш жылда 1-сынып балалары 1,1 млн-нан асқан
Биылғы оқу жылында Қазақстан мектептерінде оқушы орындарының тапшылығы 270 мыңнан асты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ұлттық статистика бюросының статистикасы бойынша, Алматы, Маңғыстау, Атырау, Түркістан және Павлодар облыстарында оқушы саны көп мектептер бар. Бүгінде бірқатар мектепте балалар үш ауысымда оқып жатыр. Ресми дерек, бұл өңірлер мен қалалар жалпы көрсеткіштен оқушы орындарының тапшылығының 60 пайызын (шамамен 160 мың) құрайтынын көрсеткен.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы мектептердің саны 1,4 мың бірлікке (9 мыңнан 7,6 мыңға дейін) азайған. Жабылған білім ошақтарының көбі болашағы жоқ ауылды жерлерде орналасқан, оның жабудың басты себебі білім алатын баланың болмауымен түсіндірілген болатын. Бүгінде білім алушылардың саны 3,7 миллионнан асты, оның ішінде 2,2 миллион оқушы қалалық жерде, қалған 1,5 миллионы ауылдық мектептерде білім алып жатыр.
Елдегі тапшылықтың шешу үшін былтыр Үкімет «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасын бекітті. Онда 2022 жылы оқушы орындарының тапшылығы 270 мың орынды, оның ішінде қалада – 174 мың орынды, ауылда – 96 мың орынды құрайтыны айтылды. Атап айтқанда, орын тапшылығы Түркістан, Алматы облыстары және Астана, Алматы, Шымкент қалаларында өзекті мәселеге айналған, себебі бұл бес өңірдегі жетіспеушілік жалпы көрсеткіштің 59 % (159 мың орынды) құрады.
ОҚУШЫЛАР САМАН МЕН ҚАМЫСТАН САЛЫНҒАН МЕКТЕПТЕ ОҚЫП ЖАТЫР
Аталған жобада қазақстандық балалар оқып жатқан 710 мектеп әбден тозғаны айтылған. Мәселен, жұмыс істеп тұрған 177 мектепті пайдалану мерзімі 70 жылдан асып кеткен. Сондай-ақ 239 мектеп саманнан, 69 мектеп ағаштан, 5 мектеп қамыстан салынса, тағы 40 мектеп бейімделген ғимараттарда орналасқан.
Сонымен қатар, 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Ұлттық білім беру дерекқорының мәліметіне сәйкес, еліміздегі 37 мектеп (немесе күндізгі жалпы білім беретін мемлекеттік мектептердің жалпы санынан 0,54 %) авариялық жағдайда деп танылған. Ал 142 мектепте (немесе күндізгі жалпы білім беретін мемлекеттік мектептердің жалпы санынан 2,06 %-ында) оқыту үш ауысымда жүргізілетіні белгілі болды.
Қазақстандағы мектеп құрылысының ағымдағы қарқыны қазіргі оқушы орындарының тапшылығын шеше алмай отыр. Сонымен қатар көші-қон процесі мен демографиялық өсімге ілесе алмай келеді. Мысалы, 2020 жылдан бастап 2022 жылдың бірінші жартыжылдығы аралығында елде 1 039 775 бала дүниеге келген.
Соңғы үш оқу жылында бірінші сынып оқушыларының саны 1 160 311 оқушыны құрады, халықтың көші-қоны 34% және мектеп ғимараттарының тозуы 15%-ды, 2026 жылға қарай оқушы орнының болжамды тапшылығы – 1,1 млн құрайды, - делінген жобада.
Бұдан бөлек, білім беруді дамытуда бірқатар проблема бар. Соның бірі мектеп құрылысына арналған бірыңғай стандарт жоқ, әрі құрылыс кезінде сапасыз құрылыс және әрлеу материалдары пайдаланылады. Бұған қоса пайдалануға берілетін мектептердің оқу жабдықтарымен, пән кабинеттерімен толық қамтамасыз етілмеуі де өзекті мәселеге айналды. Сондай-ақ жоспарланған құрылыс ұзақ уақытқа созылып кетуі тәжірибеге айналған. Бұл көп жағдайда құрылысты жобалау, мемлекеттік сатып алу конкурстарының ұзақ жүргізілуімен түсіндіріледі. Түптеп келгенде бұл жоба құнының өсуіне немесе бастапқы шартты бұзуға түрткі болады.
Нәтижесінде сыныптарда балалар санының шамадан тыс көп болуы (25-тен артық білім алушы), үш ауысымда оқыту, оқушы орнының тапшылығы сияқты проблемалар туындайды. Жалпы алғанда аталған проблемалар білім сапасына және балалардың әл-ауқатына кері әсерін тигізеді, - делінген ұлттық жобада.
Болжам бойынша 2026 жылы мектептегі оқушылар саны 4,3 млн адамды құрайтын болады. Қалыптасқан тапшылықты шешу үшін Үкімет «Жайлы мектеп» жобасын бекітті. Жоба аясында 740 мың оқушыға есептелген 369 мектеп салу жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 2,4 трлн теңге бөлу көзделген. Биыл 461 мың орындық 217 мектеп құрылысын бастап, оларды келер жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Ал қалған 152 мектептің құрылысын 2024 жылы бастап, 2025 жылы ашу, соның арқасында 279 мың орындық тапшылықты шешу жоспарланып отыр.
«ТАПШЫЛЫҚТЫ ШЕШУ МҮМКІН ЕМЕС»
ҚР Білім сарапшылар қазақ лигасының басшысы Гүлнара Әбішеваның пікірінше, екі жыл ішінде қазіргі тапшылықты шешу мүмкін мүмкін емес.
Үкімет «Жайлы мектеп» жобасын екі жылда жабамыз деп отыр. Бұл мүмкін емес. Өйткені бірнеше проблема бар. Ең біріншіден, бұрын «Мың мектеп» деген бағдарлама болған. Сонда тек қана 32 мың орын тапшылығы ғана жабылған. Бұл жобаға көп қаржы бөлініп отыр, жаңадан механизмдер енгізіліп жатыр. Соның өзінде 2 жылдың ішінде жобаны сапалы орындаудың реті болады дегенді ойлаудан аулақпыз. Неге сапасыз болуы мүмкін? Өйткені қазір бұнын бәрін «Самұрық Қазынаға» беріп отыр. Бұрын мұндай мемлекеттік жекеменшік әріпестік механизмі болмаған. Бірінші рет енгізіліп отырған механизм. Қазір менің білуімше, барлық құрылыс компанияларын мектеп салу жобасын қатыстырып жатыр. Көп жағдайда ол міндеттеу арқылы. Ал құрылыс компанияларының жағдайлары әртүрлі, ертең олардың мектепті сапалы салатыны үлкен күмән тудырады, - деді сарапшы.
Сондай-ақ ол тапшылықты шешу жолдары қалай жобаланып жатқаны түсініксіз екенін атап өтті.
Екіншіден, қысқа мерзімде көп қаржыны толығымен жаратып, сапалы мектеп салу мүмкін емес деп ойлаймын. Сондықтан сарапшылар бұл жобаның ертең қалай іске асатынын білмей отырмыз. Бүгінгі күні Шымкент қаласы мен Алматы облысы бойынша 24 мыңнан астам орын тапшылығы бар. Сол сияқты Астанада 20 мыңнан астам тапшылық бар, Түркістан облысында 6 мыңнан астам оқушыға орын жетпей жатыр. Біз әлі күнге дейін «Жайлы мектеп» жобасын қалай жобалап жатқанын білмейміз. Өйткені халық тығыз орналасқан өңірлердегі тапшылыққа бірден басымдық берілді, дегенмен оқушыларға қажет орын тапшылығы Павлодар, Қарағанды облыстарында да бар. Мәселен, мектептің жобалық қуаты 750 орын болса, кейбір мектептерде 2500 оқушыдан оқып жатыр. Сондықтан бұл жерде қаржыны қалай бөлді деген күрделі сұрақ туындайды, - деп қосты сарапшы.
Сонымен қатар сарапшы жобаның ережесінде бекітілген шарттарға қатысты пікір білдірді.
Мәселе мектептің сапасы қандай болады әрі осынша қыруар қаржы қалай жұмсалады, ашық бола ма, әлде жоқ па? Сонымен қатар қазір толық аяқтап, жабдықтап тапсыру жүйесі енгізіп жатыр. Ол дегеніміз мектепті салған компания оның ішін толықтай жабдықтап тапсыратын болады. Бұрын құрылыс компаниялары тек ғимаратты салып беріп отырса, орындық парта, кабинеттерімен бірге тапсыруы көзделіп отыр. Бұл бір жағынан дұрыс, коррупция азаяды. Өйткені жабдықтауға жан жақтан компаниялар қатысып, сапасыз өнімдерді әкеледі. Бұл жерде тек бір ғана компания «Самұрық Қазына» жауапты болады, ғимаратты салып, толығымен жабдықтап барып пайдалануға бергені өте дұрыс деп ойлаймын, - дейді Гүлнара Әбішева.
«ҮШ АУЫСЫМДЫ МЕКТЕП ОЛ ҮНЕМІ БОЛАДЫ»
Жайлы мектептің ең бірінші мақсаты - үш ауысымдағы мектептерді жою. Жоспарлап отырған мектептер енгізілсе, әрине үш ауысымдық мектеп мәселесі шешіледі. Сонымен қатар жүктемесі, яғни оқушысы көп мектептер де шішімін табады. Алайда жыл сайын бала саны көбейіп отыратынын ұмытпауымыз керек. «Самұрық-Қазына» биыл жоспарланған мектептерді сапалы салып, құрылыс компанияларымен жұмылып жұмыс істеп, уақытында тапсырғаны керек. Дегенімен бағдарлама тоқтап қалмай, әрі қарай жалғасын табуға тиіс. Себебі еліміздің демографиясы дамып жатыр, сәйкесінше бала саны көбейіп келеді. Менің ойымша, жалпы елімізде үш ауысымды мектеп ол үнемі болады. Оны шешудің тек жалғыз жолы -тоқтамай жаңа мектептерді сала беру, - деді ол.
Сыныптағы бала санының көп болуы білім сапасына әсер ете ме? Сарапшы бұл сұраққа қатысты пікір білдірді.
Бәріміз баламыздың 15-20 оқушы ғана оқитын сыныпта білім алғанын қалаймыз. Өзімнің үш немерем мектепке барады, бір немеремнің сыныбында 40-қа жуық бала отыр. №140 мектеп - Алматының ең керемет білім ордасының бірі, мұғалімдері де жақсы. Біз көп жағдайда білім сапасы төмен, балалардың саны көп, қаражат аз бөлінеді дегендей түрлі сылтау ойлап табамыз. Өйткені шетелде, мәселен, Жапонияда сыныптағы бала саны 35-39-ға дейін жетеді. Бірақ олардағы білім мазмұны, мұғалімдердің кәсіби дайындықтары мен оқыту әдістемелері әлдеқайда көш ілгері. Соны негізге алып, балалармен тиісті жұмысты істей береді. Осы күні Жапонияның білім жүйесі бізге қарағанда әлдеқайда алда, халықаралық рейтингте де көрсеткіштері жоғары. Қазақстан соңғы ондықта болса, олар алғашқы ондықта тұр. Әрине сыныпта бала саны аз болса, жұмыс істеген жеңіл. Алайда 30-40 бала отырса да, мұғалімдер олармен жұмыс істей білуге тиіс, - деді сарапшы.
Оның пікірінше, білім сапасы ең бірінші кезекте мұғалімнің біліктілігі мен мотивациясына байланысты болады.
Кеңес үкіметі кезінде де мектептерде бала саны көп сыныптар болды. Бірақ ол кездегі білім жүйесі мықты болған еді. Шетелге кеткен балаларымыз мықты фундаменталды білімін көрсетіп, түрді жоғары оқу орындарына түсіп жатты. Мысалы, 89-90 жылдары педагогикалық колледжде оқып жүріп, Петропавлдың мектебіне практикадан өтуге барғанда сыныпта 42 бала отырды. Алайда ол кезде білім сапасы төмен, бала саны көп деген әңгіме мүлдем айтылған емес. Сондықтан айтамым бір - бәрі мұғалімге байланысты. Ең негізгісі қандай жайлы мектеп салып, оны алтынмен қаптап қойса да, онда жұмыс істейтін білікті, мотивациясы жоғары мұғалім болмаса ешқандай білім болмайды. Бүгінгі білім жүйесі ешқашан мұғалімнен, оның жеке тұлғасы мен кәсіби деңгейінен жоғары болмайды. Негізгі идея осы, бәрін жасайтын тек қана мұғалім. Бар жағдайды қабылдап, барымен жұмыс істеуіміз керек. Ең бірінші мақсатымыз -мұғалімдердің кәсіби деңгейін көтеру. Егер мұғалімнің кәсіби деңгейі биік болса, кез келген жағдайда алып шығады, - деп есептейді сарапшы.
«МҰҒАЛІМ ТАПШЫЛЫҒЫ БІРДЕН ШЕШІЛМЕЙДІ»
Гүлнара Әбішева білім беру саласындағы кадр тапшылығына қатысты пікір білдірді. Салалық министрліктер бірлесіп, бұл мәселені шешіп жатыр дейді.
Жаңа жобалар енгізіледі деді. Мысалы, 10 мен 11 сыныптар педагогикалық сыныптар болады деп жатыр. Содан кейін педагогикалық ЖОО-ларға түскенде жеңілдетілген шарттары болады. Соңғы үш жылда педагогикалық мамандарға оқуға баратын жастар көбейді. Бұрын мұғалімдердің жалақысы төмен болды, көбі оқып, білім алған күннің өзінде мектепте жұмыс істеуден қашатын. Қазір жағдай өзгерді. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, ең жас маман педагог-модератор 1,5 ставкамен 350-400 мың теңгеге дейін барады. Бұл жас қыз жігіттер үшін жақсы жалақы деп ойлаймын. Әрі қарай мастер, зерттеуші дәрежесін алған сайын еңбекақысы көбейіп отырады. Бүгінгі күні мұндай жалақы төлеп отырған салалар аз, - дейді ол.
Бүгінгі таңда Қазақстанда білім берудің жаңа мемлекеттік стандарты әзірленіп жатыр. Білім сарапшыларының қазақ лигасы оның талдауына талдауына қатысқан.
Негізі олардың жобасы дұрыс. Енді жаңартылған білім мазмұнын ретке келтіру керек. Мұғалім бірінші тұрғанымен, білім мазмұнынан көп дүние байланысты. Мұғалім тапшылығы бәрібір болады. 1-2 жылда оны шеше алмаймыз. Бағдарлама өзгеріп, тағы бірнеше бағдарлама қосылуға тиіс. Қазір мұғалімдерді 1,5 ставкаға шектеп отыр ғой. Меніңше, «Жайлы мектептер» ашылған кезде мұғалімдерге 2 немесе соған жуық ставкамен алуға рұқсат беретін болады. Солай қылу керек. Әйтпесе кадр тапшылығы жоғары оқу орнын жаңа бітірген жас мамандарды тарту арқылы ғана шеше алмаймыз. Болашақта 1,5 ставкалық шектеу қойылмайтын шығар. Жалпы білім саласына қатысты барлық талдауларға қатысып, тиісті сынды айтып жатырмыз. Қазір Ұлттық білім акадмиясы жаңа білім стандарын жасап жатыр. Егер ол сапалы жасалса, соған сүйеніп оқу бағдарламалары жасалады. Оның негізінде оқу жоспарлары шығады. Содан кейін оқу бағдарламасы мен оқу жоспарын қосып, оқулық шығарады. Бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Бәрі министрліктің бұл жұмысты қаншалықты сапалы іске асыратынына байланысты болып отыр, - деп қорытындылады ҚР Білім сарапшылар қазақ лигасының басшысы Гүлнара Әбішева.