Өңірлерде апатты жағдайдағы мектептер мәселесі қалай шешіліп жатыр?
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін жаңа мектептер салынады
Елімізде апатты және үш ауысымды 200-ге жуық мектеп бар. Мұндай ақпаратты оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқу жылы басталар кезде бөлісті.
Halyq Uni өңір әкімдіктеріне ресми сауал жолдап, өңірлерде қай мектептер апатты жағдайда тұрғанын нақтылады.
Қостанай облысындағы жағдайдан бастасақ, облыста апатты және үш ауысымды мектептер жоқ.
Қостанай қаласында оқушы орындарының тапшылығын болдырмау мақсатында 2021 жылы 1 880 орындық 2 мектептің құрылысы басталды. Олар:
«Береке» шағын ауданында 980 орынға арналған және «Қонай» 900 орынға лайықталған мектебі. Құрылыс аяқталып, 2023 жылдың желтоқсанында нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
2022 жылдың тамызында Қостанай ауданы Еңбек ауылында бейімделген мектептің орнына 100 орындық мектеп құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 1 131,06 миллион теңге. Ол білім беру инфрақұрылымын дамыту қорының қаражаты есебінен салынып жатыр.
Бұдан басқа, 2022 жылдың 25 қарашасында Қостанай облысының әкімдігі мен Еуразиялық Топтың (Eurasian Resources Group (ERG) кәсіпорындары арасында «Рудный қаласында 1 200 орындық мектеп салу» жобасын іске асыру бойынша меморандум жасалды.
Сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 6 300 орындық 8 мектеп салу жоспарланған. Жаңа объектілерді жобалау бірыңғай оператор – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ (300, 900, 1200 орынға лайықталған ) арқылы жүзеге асырылады.
Ал жаңа құрылғыларға келсек, облыста 2018 жылдан бастап мектептерді компьютерлік техникамен мақсатты жарақтандыру жүзеге асырылып жатыр. Осы кезеңде 21 000-нан астам компьютерлік техника жеткізілді.
Олардың арасында жаңа модификацияланған компьютерлер, планшеттер, ноутбуктер, робототехника жиынтықтары, 41 робототехника кабинеті, 80 IT сыныптар және 22 STEM зертханалар бар. Бұл 1 дербес компьютерді қолданатын оқушылар санын 7-ден 4-ке дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Оқу процесінде барлығы 33 197 бірлік компьютерлік техника пайдаланылады, оның ішінде 2020 жылы - 14 342, 2021 жылы - 6 057, 2022 жылы - 123 бірлік сатып алынды, сондай-ақ 2023 жылы 91 миллион теңгеге 179 бірлік компьютерлік техника сатып алу жоспарланған, – деп мәлімдеді әкімдік.
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙДА?
Ақтөбе облысы әкімдігінің хабарлауынша, облыс бойынша мектептердің жаңа құрылысы кезең-кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезекте үш ауысымдық және апатты жағдайда тұрған мектептердің мәселесін шешу үшін жаңа жобалар жүзеге асырылады.
Қазір облыста 404 мектептен 6 мектеп үш ауысыммен оқып жатыр. Оның ішінде: Ақтөбе қаласында 5 мектеп - №12, №60, №63, №64, №78 орта мектебі және Шалқар ауданда 1 мектеп орналасқан. Үш ауысымдық мәселесінен бөлек орын тапшылығы да күн тәртібінде тұр. 2022-2023 оқу жылының басында 50 мектептегі орын тапшылығы – 17 844 құрады. Оның ішінде Ақтөбе қаласы бойынша – 30 мектепте 13 700 астам орын жетіспейді. Аталған мәселелерді шешу мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында облыс бойынша 22,8 мың орынға арналған 44 жаңа мектеп салу жоспарланған, - деп жауап берді облыстың білім басқармасы.
Бұған дейін өңірде алты мектеп апатты жағдайда тұрды. 2023 жылдың қаңтарында Мұғалжар ауданының Құмжарған ауылында 60 орынға мектебінің құрылысы пайдалануға берілды. Соған байланысты апатты мектептердің саны 6-дан 5 бірлікке дейін азайтылды. Қазір өңірде бар апатты мектептер:
- Әйтеке би ауданы, Комсомол орта мектебі;
- Қобда ауданы Терісаққан орта мектебі;
- Шалқар ауданы Бозой орта мектебі;
- Темір ауданы Ж.Кереев атындағы орта мектеп;
- Ақтөбе қаласы Қызылжар орта мектебі.
«Терісаққан орта мектебінің жобалық–сметалық құжаттамалары қайтадан түзетілуден өткізіліп жаты, қалған жобалардың құрылысы жүргізіліп жатыр», - деп мәлімдеді басқарма.
Ақтөбе облысындағы мектептер компьютермен 100% жабдықталған. Бір компьютерді 4 бала қолдана алады.
«2023 жылы өңірдегі 404 жалпы білім беретін мектепті интернет желісімен қамтамасыз ету үшін 7 оператормен барлығы 591,5 миллион теңгеге келісім шарт жасалды. Атқарылған жұмыс нәтижесінде 208 мектептің интернет жылдамдығы артты, спутниктіктен радиорелелік байланыс түріне – 25 мектеп, ADSL-ден талшықты-оптикалық байланыс түріне – 9 мектеп, ADSL-ден РРБ түріне – 15 мектеп, РРБ түрінен ТОБ түріне – 15 мектеп алмастырылды. Барлық білім беру ұйымдарына Wi-Fi берілді», - делінген ақпаратта.
БҚО МЕКТЕПТЕРІНІҢ КҮЙІ
Батыс Қазақстан облысы 2023-2024 оқу жылындағы оқушы орнының тапшылығы неден туындағанын түсіндірді.
Оқушы орындарының тапшылығы туу коэффициентінің төмендеуі, көші-қон және мектептің жағдайы сияқты бірнеше факторларға байланысты қалыптасады. 2023 жылы облыс бойынша оқушы орындарының тапшылығы – 5 639 орынды құрады. Осы мәселені шешу үшін облыста барлық қаржыландыру көздері есебінен мектептер салу жоспарланып отыр. Қазір 23 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, - деп жауап берді басқарма.
Облыста үш ауысымды тоғыз мектеп бар. Олар:
- Орал қаласының Эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназиясы;
- Орал қаласының №20 жалпы орта білім беретін мектебі;
- Орал қаласының №24 жалпы орта білім беретін мектебі;
- Орал қаласының Хиуаз Доспанова атындағы №30 жалпы орта білім беретін мектебі;
- Орал қаласының А.Макаренко атындағы №6 жалпы орта білім беретін мектебі;
- Ә.Н. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейі;
- №49 жалпы орта білім беретін мектебі;
- Теректі ауданында Подстепное қазақ жалпы мектебі;
- Бөрлі ауданы Ақсай қ. №7 жалпы орта білім беретін мектеп.
«Облыста 12 апатты мектептер бар. Бұл мәселені шешу мақсатында биыл 23 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сот процестеріне байланысты құрылысы тоқтап тұрған нысандар жоқ», - деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы әкімдігі.
Облыс мектептерінде компьютермен жабдықтау көрсеткіші туралы сұраққа білім басқармасы жауап берді.
Облыс мектептерінің компьютерлік техникамен жабдықталуы 31 812 бірлік. Соның ішінде соңғы 5 жылда алынған және техникалық талаптарға сай келетін компьютерлік техникалар саны 25 289 бірлікті құрайды. Мектептерде 4 оқушы 1 компьютерді қолдана алады, - делінген ақпаратта.
Облыс бойынша барлық мемлекеттік жалпы білім беретін мектептер 100% кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз етілген.
«БҚО бойынша ауылдық елді мекендер саны – 413, оның ішінде 307 ауылдық елді мекенде интернетке қолжетімділік бар. Дауыстық шақырулар үшін ұялы байланыстың қолжетімділігі - 348 ауылдық елді мекенде бар. 65 ауылдық елді мекен интернетпен қамтылмаған», - деп жауап берді әкімдік.
ТУУ ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ ӨҢІР
Маңғыстау облысында балалар санының өсуі соңғы жылдары Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткішке жетті. Үш ауысымды білім беру жағдайы өңірдің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр.
Облыста үш ауысымды оқытатын 15 мектеп (Ақтау қаласының №12, 20, 23, 19, 25 мектептері, Жаңаөзен қаласының №18, Бейнеу ауданының Абай мектебі, Маңғыстау ауданының А.Меңдалыұлы ат. мектебі, Мұнайлы ауданының №6, 8, 9, 12, 15 мектептері, Түпқараған ауданының М.Әбдіхалықов, Ғ. Айдаров атындағы №1 мектеп-лицейі) жұмыс істейді. Үшінші ауысымда 3 677 оқушы оқиды, 24 мектепте 9 056 орын тапшылығы бар.
Қазір 4 800 орынға лайықталған төрт мектептің (Ақтау қаласы 18 ш/а, 19 А ш/а, Мұнайлы ауданында Басқұдық ауылдық округының Алау тұрғын алабында, Қызылтөбе ауылдық округінің Қызылтөбе-2 тұрғын алабында) құрылысы жүргізілуде және «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы бойынша 625 орындық 3 мектепте қосымша құрылыс (Түпқараған ауданы М. Әбдіхалықов мектебі, М. Горький мектебі және Маңғыстау ауданы А. Меңдалыұлы мектебі) жүргізіліп жатыр.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 21 мектеп (22900 орын) құрылысы пайдалануға беріледі:
- 2024 жылы 13 мектеп құрылысы (Ақтау – 6, Жаңаөзен – 1, Бейнеу – 2, Мұнайлы – 3, Маңғыстау - 1);
- 2025 жылы 8 мектеп құрылысы (Мұнайлы – 3, Ақтау – 2, Жаңаөзен – 2, Маңғыстау - 1).
Маңғыстау облысында 2 апатты мектеп бар, олар Жаңаөзен қаласының №16 бастауыш мектебі және Бейнеу ауданының Сам мектеп-балабақша кешені.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 2024 жылы Жаңаөзен қаласының «Шаңырақ» шағынауданында 900 орындық мектептің құрылысы басталады, 2025 жылы пайдалануға беріледі жоспарланған. Бейнеу ауданынының Сам мектеп-балабақша кешенінің орнына биыл 300 орындық мектептің құрылысы басталады, 2024 жылы мектептің құрылысы пайдалануға беріледі жоспарланып отыр.
Соңғы үш жылда 2020-2022 жылдар аралығында 25 мыңнан астам компьютерлік құрылғы сатып алынды. 5 балаға шаққанда 1 компьютер келеді. Облыс бойынша білім беру ұйымдары жоғары жылдамдықты интернетпен толық қамтамасыз етілген.
ЖЕТІСУ ӨҢІРІНДЕГІ ЖАҒДАЙ
Жетісу облысында қазір 339 мемлекеттік және 3 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Ол жерде 129 332 бала оқиды. Облыста ұш ауысымда білім беретін мектептер жоқ.
Облыстың білім басқармасының хабарлауынша, жүргізілген талдаулар нәтижесінде 2025 жылға 5 ауданда және Талдықорған қаласында оқушы орындары тапшылығы және үш ауысымдық оқыту тәуекелдері бар. Олар:
- Алакөл ауданында Достық ауылындағы жобалық қуаты 960 орындық мектептерінде 1 500 оқушы;
- Алакөл ауданы Үшарал қаласындағы жобалық қуаты 3520 орындық мектептерде 7462 оқушы;
- Қаратал ауданы Үштөбе қаласындағы жобалық қуаты 3731 орындық мектептерде, 4009 оқушы;
- Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылындағы жобалық қуаты 3040 орындық мектептерде, 3156 оқушы;
- Көксу ауданы Балпық би ауылындағы жобалық қуаты 2560 орындық мектептерде 3540 оқушы;
- Панфилов ауданы Жаркент қаласындағы жобалық қуаты 960 орындық мектептерде 1915 оқушы оқиды.
Талдықорған қаласында жыл сайын оқушы саны 1,5 мың балаға өсіп жатыр.
Әсіресе оқушылар санының ұлғаюы №4, №5, №11 орта мектептерде және № 28 IT лицейде байқалады (жобалық қуаты №4 ОМ - 1200 орын, оқушылар саны-1998 орын, жобалық қуаты №5 ОМ - 1344 орын, оқушылар саны-2297, жобалық қуаты №11 ОМ - 1200 орын, оқушылар саны 1900, №28 ІТ лицейдің жобалық қуаты -1200 орын, оқушылар саны 2465).
Бұл мәселе «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша жаңа мектептер салу арқылы шешімін табады. Ұлттық жоба аясында (2023-2025 жылдары) 6600 оқушыға арналған 7 мектеп құрылысы жоспарланып отыр. Олар Алакөл ауданы Үшарал қаласы мен Достық ауылында 600 орындық 2 мектеп, Қаратал ауданы Үштөбе қаласында 600 орындық 1 мектеп, Панфилов ауданы Жаркент қаласында 1200 орындық 1 мектеп, Талдықорған қаласы Көктал ш/а 1200 орынға, Жастар ш/а 900 орындық, Батыс тұрғын аймағы 1500 орынға лайықталған мектептер.
Жетісу облысында апатты жағдайда тұрған мектептер жоқ.
Облыстың барлық мектептері 100% компьютерлік техникамен жабдықталған. Компьютерлердің жалпы саны – 49 421, оның ішінде ауылдық мектептерде – 29 556. Қазір 1 компьютерді 3 оқушы қолданады, - деп хабарлады облыстың білім басқармасы.
Барлық мектеп интернет желісіне 100% қосылған. Талшықты оптикалық байланыс желісі арқылы қосылған – 164 мектеп, радиомост арқылы – 89 мектеп, ADSL арқылы – 10 мектеп, спутник арқылы 73 мектеп қосылған.
«Интернет жылдамдығы төмен мектептердің саны – 26. Интернет желісін жақсарту мақсатында интернет провайдерлерімен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында Цифрлық технологиялар басқармасымен бірлескен мектептерді жоғары жылдамдықпен қамтамасыз ету бойынша жоспар құрылды. Техникалық мүмкіндігі жоқ мектептер үшін «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын енгізу ұсынылды», - деп хабарлады облыс әкімдігі.
АБАЙ ОБЛЫСЫНДАҒЫ МЕКТЕПТЕР
Абай облысында жаңа оқу жылы басында оқушы орындарының тапшылығы 8,7 мың орынды құрады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына сәйкес Абай облысында 2024-2025 жылдары 5 700 оқушы орындық 11 мектепті (бір ауысымда) пайдалануға беру жоспарланған.
Барлығы 11 мектеп екі ауысымда 11 400 оқушыны қамтиды. Мәселен, 2023 жылы екі ауысымда 6 000 оқушыға арналған 5 мектептің құрылысын бастау және 2024 жылы аяқтау жоспарланған, 2024 жылы екі ауысымда 5 400 оқушыға арналған 6 мектептің құрылысын бастау және 2025 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Осылайша, аталған мектептерді енгізу Абай облысындағы оқушы орындарының тапшылығы мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді. Өңірде үш ауысымды мектептер жоқ, - деп хабарлады облыстың білім басқармасы.
Облыста 102 349 оқушы бар, 302 мектеп жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ өңірде апатты жағдайда тұрған екі мектеп бар. Олар:
- Ақсуат ауданы Екпін ауылы «Ы. Қабеков атындағы орта мектеп» КММ;
- Жарма ауданы Суықбұлақ ауылы «Новотаубинка бастауыш мектебі» КММ.
2023-2025 жылдары апатты мектептердің мәселесі «Жайлы мектеп» пилоттық Ұлттық жобасы шеңберінде және білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражаты есебінен шешіледі, деп мәлімдеді әкімдік.
Ал мектептердің интернет және компьютермен қамтылуына келсек, облыс бойынша компьютерлік техника паркі – 31 293 компьютер. Оның ішінде 9 902 компьютер, 18 369 ноутбук, 3 026 планшет бар. Бір компьютерді 4 бала қолданады.
Абай облысының барлық мектептері кең жолақты интернетке қосылған. 2022 жылғы желтоқсан мен 2023 жылғы наурыз аралығында Абай облысының 151 білім беру ұйымдарында техникалық мүмкіндіктерге сәйкес жылдамдықты арттыру жүзеге асырылды. 2023 жылы білім беру ұйымдарын интернетпен қамтамасыз етуге 628 миллион теңге (орта есеппен ауылдық мектептерде – 2,1 миллион теңге, қалалық мектептерде - 2 миллион теңге.) бөлінді. 157 мектепте интернет жылдамдығы 20 мбит/сек және одан жоғары, 55 мектепте 10 - 20 мбит/сек, 55 мектепте 8 мбит/сек, 36 мектепте 4 мбит/сек.
Айта кетейік, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» жолдауында еліміздегі мектептердің жайына назар аударған еді. Президент 2025 жылға дейін сапалы білім беретін жаңа мектептер салу туралы тапсырма берді. Бұл жобаның аты – «Жайлы мектеп». Жолдау барысында орта білімнің маңызына көңіл бөлінді. Соған сәйкес әрбір оқушыға жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс.