«Бір бүркіт жылына екі жылқының етін жейді»: ШҚО-да өткен құсбегілер турнирінен фотореп

Айнұр Шошаева

Құсбегілер болашақта робот аңдарды аулауы мүмкін

Фото: Halyq Uni

Қазақстанның құсбегілері Шығыс Қазақстан облысында өткен жарыста бақ сынады. Биыл «Шығыс салбұрыны - 2023» турнирін тамашалауға алғаш рет еліміздің бірқатар өңірінен көрермендер арнайы келді, деп хабарлайды Halyq Uni

Өңірде жарыстың бұл түрі үшінші рет өткізілді. Осыған орай Ұлан ауданы, Бозанбай ауылындағы «Бүркіт төбе» ипподромында арнайы этноауыл бой көтерді. Бұл жарысты тамашалауға Астана, Алматы, Қызылорда және т.б. өңірден көрермендер келді. Өңірдегі туристік операторлар бірлесіп, фестивальді таныту мақсатында жұмыс істеген.

Жарысқа Қазақстан, Қытай, Монғолия, Ресей және Қырғызстанның спортшылары қатысты. Барлығы 120 бүркіт, сұңқар, қаршыға мен ителгі  қолға шақыру және шырғаға салудан сынға түсті. Жартылай финалда қоян алудан, ал финалда түлкі алудан жарысты. 

Айта кетейік, «Шығыс салбұрыны» бүркітшілер фестиваліне еліміздің барлық аймағынан құсбегілер келді. Жамбыл облысының құсбегісі Серікболсын Жалғасұлы бүркіт пен қаршығасын баптап келгенін айтты. Спортпен 13 жылдан бері айналысады, құсбегіліктен тұңғыш әлем чемпионы, Қазақстанның екі дүркін чемпионы, спорт шебері атағы бар. Айтуынша, бүгінде өзі шәкірт тәрбиелеп жүр. 

Бұл жарысқа өзіммен бірге шәкірттерімді де алып келдім. Құсбегілердің бәрі құстарын бірдей баптайды. Жарысқа келетін кезде қайырады, ақ жем береді. Маусым айында бүркіт балапан басады, шілденің  соңы тамыз айының басында балапанын алып, тәрбиелейміз. Оның бәрі заңды, құзырлы органдарға тіркеп, құжатын жасатып, чип орнатамыз. Бүгінде біздің облысымызда құсбегілікпен кәсіби түрде айналысатын үш отбасы бар. Осындай жарыстарда шыңдалып, келесі жылы елімізде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындалып жатырмыз, - деді ол. 

Түркістан облысының спортшысы Ерлан Сандыбай жарысқа Тұмар және Ақбас деген екі ителгімен келген. 

Жалпы құсбегілікпен айналысып жүргеніме 4 жыл болды. Осы аралықта былтыр Шығыс Қазақстан облысында өткен әлем біріншілігінде екінші орын алдым. Бұл жақта жарыс ерекше өтеді, ауа райы мен табиғаты ерекше. Ителгіні түрлі жолмен аламыз, өз арамызда сыйлық ретінде келеді. Көп жағдайда балапан кезінде ұядан аламыз. Оны тіркеп, құжат аламыз. Отбасымда құсбегілікке менен басқа ешкім қызықпайды, - деді спортшы. 

Сондай ақ құсты күтіп, баптаудың ерекшелігі барын атап өтті. 

Мәселен, құстарға кешеден тұрып қалған етті беруге болмайды. Тек жаңа сойылған балғын ет жеуі керек. Әйтпесе ауырып қалады. Сондай-ақ тек ақ жем ғана жеуге тиіс. Тамаққа келгенде өте талғампаз, тұрып қалған немесe қызған етті берсең де жемейді. Құстың адамға үйренуі үшін кемінде бір ай уақыт керек. Тұз құсын ұстап қолға үйретуге болады. Бәрі тәжірибеге байланысты. Бастапқыда бала шаға отырған, адам көп шулайтын жерге отырғызамыз. Бойы үйрене бастаған соң шақырып, ет бере бастаймыз. Қашып кетуі мүмкін. Құсбегілікпен ақша табу үшін айналыспаймын. Бұл ұлттық өнерді дамытсам деген қызығушылығым, хоббиім десем болады. Өйткені маған ителгінің ұшқаны, жылдамдығы мен аң аулағаны ұнайды. Үйде күнде көріп жүрген адамдардан қорықпайды, ал көпшілік жерде көрген бейтаныс адамдардан жатырқап, мінез танытуы мүмкін, - деп қосты ол. 

Сондай-ақ жарысқа Астанадан еліміздегі жас құсбегінің бірі Ерасыл Серікбекұлы де қатысты. 15 жастағы спортшы бес жасынан бері құс баптап жүр. Ол бізге қаршыға баптаудың құпиясын айтып берді. 

Мені құс баптауға әкем баулыды, оның әкесі, аталарым бәрі құсбегі болған. Жарысқа  бір жасар Чаучин атты қаршығаммен келдім. Шәулі қаршыға болған соң, солай атадым. Оны баулу қиын жұмыс, бірақ аңға салған қызық. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қаршығаны баптаудың өз ерекшелігі бар. Қолда ұстап жүру керек. Адамдарға үйрету үшін ұстап жүру керек. Күн сайын қолым бос болса көтеріп жүре берем. Ол соны жақсы көреді. Қолға көп ұстамаса адамға үйренбейді. Екі күн адам көрмей қалса, айтқанынды істемей қояды, - деді жас құсбегі. 

Айта кетейік, «Шығыс салбұрыны» фестиваліне 4 құсбегі қыз қатысты. Соның бірі Аяжан Даниярқызы Алматы қаласынан келген. Айтуынша, бүркіт баптаумен екі жыл бұрын бастаған. Қолындағы бүркіттің салмағы 5-10 кило аралығында. 

Жаныма жақын, жақсы көрем, сүйікті ісім. Соңғы жарты жылда елде өтіп жатқан барлық жарыстарға қатысып жүрмін. 450 қыздың арасынан іріктеу болып, екі қыз алындық. Қазақстанда бүркітші қыздар көп емес. Осы жарысқа небәрі 4 қыз болды, оның ішінде үшеуі бүркітпен қатысты. Келесі жылы елімізде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынына тек бүркітпен емес, садақ атудан бақ сынаймыз деп жоспарлап отырмыз, - деді Аяжан Даниярқызы.

«ҚҰСТАРДЫ ТЕКСЕРЕТІН БІРДЕ-БІР КЛИНИКА ЖОҚ»

Ұлттық өнердің бұл түрі соңғы жылдары дамып жатқанымен, әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Қаскелең қаласынан келген құсбегі Руслан Абылов спортқа 10 жылдық үзілістен кейін қайтып оралған. Жарысқа сұңқар тектес ителгімен келген. Айтуынша, құсы қояннан басқа үйрек пен қырғауыл алады. 

Құсбегілік томаға жасау субмәдениеті бар. Бұл жағынан америкалықтар бірінші орында тұр. Томаға жасауды көтеру керек деп ойлаймын. Мәселен, арабтарда ителгі баптау үрдісі осыдан жиырма жыл бұрын басталды. Қытайдың Баркөл аймағындағы найман мен керейлерде сұңқар баптау өнері жақсы сақталған. Сондай-ақ Шымкент пен Жамбыл облысында  қаршығашылық жақсы дамыған. Келесі жылы елімізде Көшпенділер ойыны өтеді. Оған ең жақсы, нәтижелі құсбегілер қатысуы керек, - деді ол. 

Сонымен қатар саятшылық жарыстарда аңды қолдан жіберуге қатысты өз ойын айтты. Оның пікірінше, қазір әлемде мұндай тәжірибе жоқ. 

Қазір аңды қолдан жіберуге шектеу қойылып жатыр. Әлемде тірі аңды (қоян, түлкі) қолдан жіберу деген жоқ. Келесі жылдары робот аңдарды электронды түлкілерді қолданатын шығар. Меніңше, бізде аңшылық елге көрсететін дүние емес болып қалуы керек. Жарысты тамашалап отырған елге тірі жануардың қаны әсер етуі мүмкін Бұрында айтылатын. Қазір тіптен өзекті. Құсты дайындағанда қолданатын электронды түлкіні миллион теңгеге сатып алдым. Келесі жылы электронды түлкі жасауға кірісуді жоспарлап отырмын, - деді спортшы. 

Бұған қоса, ол елімізде құстарды тексеретін, қажет болса ауруын анықтайтын клиника жоқ екенін айтты. 

Құстарды жарысқа дайындағанда етін төмендетпей, арықтатпауға тырысамыз. Қысымнан иммунитеті түсіп кетуі мүмкін. Олай бола қалған жағдайда оның қанының құрамын зерттейтін бірде бір клиника жоқ. Ауырып қалса шөп беру сияқты дәстүрлі әдістермен емдейміз. Жарысқа келе жатқан жолда бір құсым өлім қалды. Мың шақырымды жолды көтеру оңай емес. Глюкозаны қалай салу керек екенін білмеймін. Шетелде шұғыл жағдайда көмек көрсету жағы жақсы. Құстарды күтіп, ұстау үшін бірқатар қажеттілік бар. Қан талдауын жасау, МРТ  құрылғылар керек. Бірде құсымның аяғына ісік шыққан, соны МРТ түсіру үшін адамдар баратын зертханаға барғанда басшысы біліп қойып, ұрысқаны бар. Мұны жетілдіру үшін бизнестің көмегі қажет. Себебі бюджет ондай дүниені қарастырмайды. Жалпы құсбегілікті дамыту үшін мемлекет насихат жүргізуі керек деп ойлаймын. Спорттың барлық түріне жабыса бермей, ұлттық мұраларымызды дамытып алсақ та жеткілікті. Қоғамда құсбегілікке қатысты пікір әрқалай. Кейбіреулер төл өнерді дамытып жүр деп сыйлап, төрге шығарады. Ал біреулер «жануарларды қинағаннан ләззат аласыңдар» деп ұрсады, - деді Руслан Абылов. 

«БІР БҮРКІТ ЕКІ ЖЫЛҚЫНЫҢ ЕТІН ЖЕЙДІ»

«Шығыс-Алтай» бүркітшілер федерациясының президенті Тәттімбет Кәпұлының пікірінше, ұлттық спорт пен ойындарды мектеп бағдарламасына енгізу қажет. 

Қазір мектеп бағдарламасында асық ату мен тоғыз құмалақ қана бар. Мен «Ұлттық спорт - ұлт зердесі» деген 9 сағат беріп, балаларға құсбегілік, өрме өру, асық ату мен садақ ату мәдениетін көрсеттім. Аудан әкімі жұмысынан кеткен соң, жабылып қалды. Өз қаржыма 400 мың теңгеден астам қаржыға арнайы кабинет жасадым. Әрі қарай қолдау болмайтынын білген соң, бұзуға тура келді. Сондықтан бұл өнерді дамыту үшін бізге әлі уақыт керек. Қазір бізден кейінгі ұрпақтың санасына сіңіруіміз қажет. Бұрын Шығыста бір құс болмап еді. 2014 жылы бір құс ұстап бастадым. Қазір ШҚОда 14 құс, Абай облысында 11 құсымыз бар. Қазір кішкентай баладан, қарияларға дейін ителгі мен қаршығасын көтеріп жүр, бұл қуантады, - деді ол. 

Ол мемлекет құсбегілерге қаржылай қолдау көрсетуі керек деген пікірде. Себебі, оның айтуынша қазір мемлекеттен құсбегілерге ешқандай қолдау жоқ. Тек Қазақстан чемпионы болған құсбегіге бір жыл бойы ай сайын 100 мың теңгеден сыйақы беріледі. Елімізде спорт шеберлері көп емес. 

Бір жылда бір құс екі жылқының етін жейді. Құсқа жемтік әкеліп бере алмайсың. Мәселен, Баянөлгей аймағында 500 бүркітші бар екен. Қазақстанда әрі кетсе 200-ге жуыққа жетпейді. Осы жарысқа мықты шыққанның өзінде 75 бүркітші қатысып жатыр. Құстардың бәрінде тиісті құжат, чип бар, құзырлы органдарда тіркеуде тұр. Осы азаматтарға құстың тамағына мемлекет қаржы бөлсе деймін. Бұл біраз жеңілдік болатын еді. Біз құсты жақсы көргеннен кейін ұстаймыз. Құсбегілікті көтеріп жүргеннен кейін біздерге де көңіл бөлсе екен, - деп толықтырды сөзін. 

Сонымен қатар  демалыс орындары мен тойларда қыранды суретке түсу үшін пайдалануға тыйым салу керек деп есептейді. 

Қыран құсты тойға алып шығып, көлдің жағасына апарып суретке түсіріп нәпақа тауып жүргендер бар. Олай қыранымызды қорламаса екен. Көк байрағымызда тұрған құсты әкеліп біреудің аяғына тастағандай, көрінгеннің қолына ұстатуға болмайды. Әркім келіп ұстап жатса, қыранның қасиеті қалмайды. Қыран қазаққа құт әкелген, байрағында жайдан жәй тұрған жоқ. Бүркіт бір сілкінсе мың пәле кетеді деп бекер айтпаған, - деді Тәттімбет Кәпұлы. 

«Шығыс салбұрыны - 2023» бүркітшілер жарысында алматылық Алмас Сейітжан турнирдің үздік бүркітшісі атанды. Екінші және үшінші орындарды Жамбыл облысының өкілдері Серікболсын Жалғасұлы мен Болат Нұрдос иеленді. Риддерлік бүркітшіі Жұмағұл Ерсұлтан төртінші орынды иеленсе, Алматы облысынан келген Мұрат Коденов үздік бестікті жапты.