«Бишімбаевты ақтап жатқандардың бәрі – әйелін қорлайтындар»: сарапшылар тұрмыстағы зорлық туралы айтты
Мамандар жәбірленушімен ғана емес, күш көрсеткен агрессормен де жұмыс істеуді ұсынып отыр
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2 айға қамалды. Қайғылы жағдай Астананың қақ ортасындағы мейрамханалардың бірінде болған. Бұл жағдай қылмыстық кодекстің «кісі өлтіру» бабы бойынша тіркелді. Бишімбаевпен қатар қылмыс болған орталықтың директоры да екі айға қамалды. Ол «қылмысты жасыру» бабы бойынша күдікке ілінген. Halyq Uni тілшісі Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық деректерін жинақтап, дағдарыс орталығын паналған әйелдермен әңгімелесті. Сондай-ақ отбасы мәселесі бойынша психологтың пікірін сұрап, заңнаманы күшейтуге қатысты мәжіліс депутаттарының ұсыныстарын білді.
АГРЕССОРМЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ ҰСЫНЫЛДЫ
Елімізде тұрмыстық қиын жағдайға тап болған әйелдер дағдарыс орталығын паналай алады. Астанада бұл бағыттағы жұмысты үйлестіріп отырған «Қорғау Астана» қорының жетекшісі Анна Рыль жыл басталғалы дағдарыс орталығында 194 адамға көмек көрсетілгенін айтты. Ал былтыр бір жыл ішінде орталықта 135 адам тұрған.
Сондай-ақ Анна Рыль Салтанат Нүкенованың қазасына қатысты да пікір білдірді.
«Бұл Қазақстандағы алғашқы трагедия емес. Бізде бар ең құнды дүние – адам, әйелдер, балалар. Бірақ соғыс болып жатқандай адамдардан осылай айырылып жатырмыз. Қазақстан тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреспей жатыр деп айта алмаймыз, арнайы шаралар бар. Бір трагедия болғаннан кейін мемлекет шара қабылдай бастайды. Бірақ ол шара жеткіліксіз, олар ауқымды емес. Бізді Қырғызстанмен салыстырсақ, заң бойынша артта қалып отырмыз. Қолданыстағы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңда бұл жағдайдың алдын алу, агрессормен жұмыс, бұл жұмысқа кім басшылық етіп жүргізуі керек екені көрсетілмеген. Бұл тақырып бойынша нақты жауап беретін мемлекеттік орган жоқ. Полиция мен Еңбек министрлігі өз құзіреті шеңберінде жауап береді. Алайда жауапкершілік алып, осы істі жүргізетін бір орган қажет. Себебі бұл жұмыс алдын алу, жәбірленушілерді оңалту, агрессормен жұмыс істеу бағыттарын қамтиды», - дейді Анна Рыль.
Айтуынша, агрессормен психологиялық деңгейде жұмыс істеу мүмкіндігі жоқ.
Қырғызстанның заңында «агрессор психологиялық түзетуден өтуге жіберіледі» деп жазылған. «Қорғау Астана» қоры агрессор және сотталғандармен кешенді жұмыс істеуді ұсынып отыр. Мысал ретінде ер адам 15 тәулікке қамалса, ол өзімен өзі отырып, ашуланып, қате түйін шығармауы керек. Сол кезде оған психолог келіп, қандай жағдайда екеніне, әрекетін қайталау-қайталамауы қаншалықты мүмкін екенін тестілеуден өткізуі керек. 15 күнге қамалса, 15 күн бойы жұмыс жүргізілгені жөн, - дейді «Қорғау Астана» қорының жетекшісі.
Отбасы саласындағы психолог Ержан Мырзабаев та бұл пікірмен келісіп отыр. Оның сөзінше, жәбірленушіге психолог көмек емес, қауіпсіз орын қажет. Ал агрессор психологиялық сеанстан өтуге тиіс.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың экономикалық, физикалық, психологиялық, эмоционалды, сексуалды және басқа да түрі бар. (...) Шешілмейтін мәселе жоқ. Бірінші қадам – агрессор, абьюзерден алшақтау. Жәбірлеуші мен жәбірленуші бір ортада болған кезде оларға сапалы психологиялық қызмет көрсету мүмкін емес. Одан кейін отбасылық психотерапия басталады. Ол жерде себеп-салдарымен жұмыс жүреді. Бір ер адамның әйелге қол көтеруі – санасында әйелді ұруға болады деген түсінік бар екенін көрсетеді, - дейді психолог.
ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫ АҚТАМАУ КЕРЕК
Сарапшылар зорлық-зомбылықты ақтауға болмайтынына назар аударды. Психологтың айтуынша, көпшілік тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әйелді кінәлауға тырысады.
Зорлық-зомбылықты ақтап жатқан адамдардың 99%-ы – зорлық-зомбылық жасап жүрген және соған бейім адамдар. Өйткені олар соны істеп жатыр. Таяқтың ұшы өздеріне тимесін деп, ақтау әрекетін жасап жатыр. Олар да әйелін ұрады, зорлық-зомбылық көрсетеді, бәрін өзіне бағындыруға тырысады. (...) Ер адам «әйелдің сөзіне қарсы иммунитетім әлсіз, эмоцияма ие бола алмаймын, өзімді ұстай алмаймын» деп жатқан жоқ. Керісінше, «әйел мені арандатты» дейді. Яғни, біреуді кінәлау, айыптау – жауапкершіліктен қашудың жолы, - дейді психолог Ержан Мырзабаев.
Мамандардың айтуынша, қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша құзырды органға жүгінетіндер көбейген. Сол себепті ақпарат беру, хабарлау мәдениетін қалыптастыру қажет.
«Сұмдық жағдай болды. Қазір әлдекім «себебі болған шығар» деп жатыр. Ондай мүлдем жоқ. Бір адам басқаны ұруға, зорлауға, өлтіруге болатындай ешқандай себеп жоқ. Ешкімнің мұндай әрекет жасауға құқығы жоқ. Әйелдің өзі «арандатады» дейтіндерге айтарым, ер адамның алдында таңдау бар. Арандатып жатса, бұрыл да кетіп қал. Ол адаммен байланыспа. Қылмыс жасаған адам бар, оны әрі қарай ақтаудың, талқылаудың қажеті жоқ. Қылмыскерді ақтауға болмайды», - дейді Анна Рыль.
ДЕПУТАТ ҚАНДАЙ ТАЛАП ҚОЙДЫ?
Қайғылы жағдайдан кейін Мәжіліс отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова бірқатар ұсыныс жасады. Депутаттың сөзінше, осыдан 3 жыл бұрын заңға бірқатар өзгеріс енгізілген. Соған сәйкес қазір тұрмыстық зорлық-зомбылық болған жағдайда хаттама толтыру үшін куәгерлердің, көршілердің айғағы жеткілікті. Тараптар татуласа алмайды, сондай-ақ сотта «кешірім беру» қарастырылмаған. Алайда мұның өзі нәтиже бермей отыр.
Әйелдер мен балалар зорлық-зомбылықтың құрбаны болмас үшін тіпті жеңіл түрдегі зорлық-зомбылықты қылмыс деп танылуы қажет. Заңнамада жазаны қатайту жүзеге асырылуға тиіс. Әйел мен балаға зорлық-зомбылық көрсеткендерге аяушылық танытуға болмайды. Ешкімнің әйел адамдарды қорлап өлтіруге қақы жоқ! Қылмыскерге қатаң жаза берілуін талап етеміз! Заңнамада тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізетін жауапты мемлекеттік органды бекітетін уақыт жетті, - дейді Жұлдыз Сүлейменова.
Депутат Қарақат Әбден тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау туралы көпшіліктің сұрағына жауап берді.
«Әйелін ұрып-соққаны үшін 2 жылға қамады дейік. Ол шыққан соң әйелді өлтіруі немесе әрекетін жалғастыруы мүмкін. Сондықтан кешенді жұмыс қажет. Агрессормен жұмыс істейтін арнайы орган құру қажет шығар. Тіпті ішкі істер министрлігінен жауапкершілікті алып, басқа органға беру керек. Себебі психологиялық және тәрбиелік жұмысты арттыру қажет. Бұл – өте күрделі мәселе. Оны криминализациялау арқылы ғана шешу мүмкін емес», - дейді депутат Әбден.
Психолог Ержан Мырзабаев қоғамда Қуандық Бишімбаев секілді ер адамның көп екенін айтады. Алайда олардың бәрі жеткілікті деңгейде жауапкершілікке тартылып жатқан жоқ.
Менің ойымша (Бишімбаев секілді адам) өте көп. Бұған бірнеше дәлел бар. Біріншіден, неге ұзақ уақыттан бері бізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңды қатаңдату қабылданбай жатыр. Өйткені депутаттардың басым көпшілігі – ер азаматтар. Ешкім өзіне қарсы заң қабылдағысы келмейді. Бұған дейін мәжіліс депутаттарының арасында 3-4 әйелі бар депутат болды. Өзі 3-4 әйелімен бірге тұратын ер адам ешқашан әйелдің құқығын қорғайтын заң қабылдамайды. Соған сәйкес жұмыс істемейді. Соған сәйкес әрекет етпейді, - дейді психолог Мырзабаев.
ЖӘБІРЛЕНУШІГЕ ТЕК ҚАУІПСІЗ ЖЕР КЕРЕК
Психолог жәбірленушіге психологиялық көмектен бұрын қауіпсіз жер керек екеніне назар аударды. Алайда қазір құқық бұзушылыққа әрекетіне баратындармен жұмыс жүргізілмей келеді.
«Агрессормен психологиялық сеанс жүргізіп, «емдеу» керек. Қазірге дейін түрлі ұйымға ақша құйып, тиімсіз жұмыс істеп жатырмыз. Жәбірленушіге «өзіңе кел», «басыл», «бәрі жақсы болады» дейді. Ол адаммен қаншама жұмыс істелсе де, айналып күйеуіне барса, бұл жағдай қайталанады. Ең алдымен мемлекет өзінің күшін көрсетуі керек. Күш сөзден емес, күштен қорқады. Мемлекет агрессорларға қарсы өзінің күшін көрсетуі керек», - дейді Ержан Мырзабаев.
«Қорғау Астана» қорының жетекшісі 2016 жылдан бастап арнайы стандарттар қабылданғанын және Қазақстанның әйелдерге көмек көрсету бойынша алдыңғы қатарда тұрғанын айтты.
«Әлеуметтік қызмет, дағдарыс орталықтары ашылып, татуластыру орталықтары жұмыс істеп тұр. Бірақ тек бір тараппен жұмыс істеудің пайдасы жоқ. Әйел мен баланың жағдайын қалпына келтіргенімен, әйел сол отбасыға оралады. Оның жинаған «ресурсы» жанжалды біраз уақытқа тежеуге жетеді, алайда агрессормен ешкім жұмыс істемеген. Ол қалай әрекет етсе, дәл солай жалғастырады. Уақыт өткен соң сол агрессивті әрекетін қайталайды», - дейді «Қорғау Астана» қорының жетекшісі.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған кез келген әйел бәрінің ұрып-соғудан басталмағанын айтады. Алдымен дөрекі қарым-қатынастан басталады, сол кезде әйел үндемейді. Артынша айыптаулар көбейеді. Әйел төзіп, полицияға жүгінбейді, агрессор әрі қарай әрекетін арттырады.
«Мұндай жағдайда бірден полицияға хабарлау керек. Айғайлап, қорлап, итеріп қалған жағдайда да полицияға, дағдарыс орталықтарына жүгінуі қажет. Үндемей, кешіріп, адам өзгереді деп ойлауға болмайды. Адам басқа маманмен сөйлеспей, өзгермейді», - дейді Рыль.
БІР ЖЫЛДА 120 МЫҢ АДАМ ЖҮГІНГЕН
Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2022 жылы қазақстандықтар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты полицияға 120 501 рет хабарласып, хабарлама жіберген.
Оның ішінде ең көп қоңырау Астана (11 302), Алматы қаласы (11 161) және Қарағанды облысының (9 963) тұрғындарынан түскен.
Бір жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты өңірлердегі қоңырау саны:
- Павлодар облысы – 9 655;
- Атырау облысы – 7 506;
- Жамбыл облысы – 7 302;
- ШҚО – 7 143;
- Қостанай облысы – 7 019;
- Түркістан облысы – 6 606;
- Ақтөбе облысы – 6 503;
- Алматы облысы – 6 210;
- БҚО – 5 001;
- Маңғыстау облысы – 4 446;
- Ақмола облысы – 4 401;
- Қызылорда облысы – 4 307;
- Шымкент – 4 236;
- СҚО – 4 180.
Салыстырмалы түрде қоңырау аз түскен өңірлер қатарында жаңадан құрылған үш облыс бар. Олар: Жетісу (1 802), Абай (1 067) және Ұлытау облысы (505).
Ішкі істер министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, 120 501 қоңырау мен хабарламаның ішінде 68 023 адам арыз жазудан бас тартқан. Бұл тізімдегі «үштікте» Алматы қаласы – 8 425, Астана – 7 403 және Қарағанды облысы (6 199) тұр.
ҚУАНДЫҚ БИШІМБАЕВ ІСІ
2023 жылдың 9 қарашасында Астана мейрамханаларының бірінде қайғылы жағдай болып, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова қайтыс болды. Сол оқиғадан кейін Бишімбаев қамауға алынды.
Астана полиция департаменті әйелді өлтіру фактісі бойынша тергеу қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («кісі өлтіру») бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Салтанат Нүкенованың қазасына байланысты арнайы тапсырма берді. Президент бұл жағдайды қатаң бақылауға алып, Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің жолын кесуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап, төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқықбұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.
Президент осындай келеңсіздіктермен тұтас қоғам болып күресу керек деп санайды. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік және бұзақылық сияқты заң мен тәртіп бұзушылықтың кез келген түріне мүлде төзбейтін әрі оны қатаң айыптайтын жағдай қалыптастыру қажет. Әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің батыл түрде жолын кесу керек.
Заң бәріне бірдей. Азаматтарымыз заңдылықты нығайту жолында жұдырықтай жұмылса ғана қоғамда әділдік орнайды. Әділетті Қазақстан – заң мен тәртіп үстемдік құратын ел, – деді президент.
Президент кездесулер мен консультациялар барысында қоғамда әділдік пен тәртіп орнату үшін құқық қорғау органдары мен сот инстанциялары қызметкерлеріне айрықша жауапкершілік жүктелетінін де айтты.