Жалға берілген үйді жекешелендіру және «9-20-25» бағдарламасы: баспана нарығындағы өзгерістер жайлы

Айгерім Таубай

2023 жылы ипотекалық қарыз алатындар саны азайған

коллаж Halyq Uni

Қазақстандықтар арасында баспана алуға бағытталған «9-20-25» мемлекеттік бағдарламасы қызу талқыланып жатыр. Алайда «Отбасы банк» бұл бағдарлама туралы толық әрі нақты жауап бермеді. «Болуы да мүмкін», «болмауы да мүмкін» деген екі түрлі жауаппен шектелді. Соған байланысты Halyq Uni жұмыс істеп тұрған ипотекалық бағдарламаға шолу жасап, мемлекеттік жаңа бағдарламаның қаншалықты қажет екеніне жауап іздеп көрді.

7-20-25 БАҒДАРЛАМАСЫНА ЕНГЕН ӨЗГЕРІСТЕР

Ипотекалық бағдарлама 2018 жылы басталды, ол 2023 жылға дейін үздіксіз жұмыс істеп тұрды. 2023 жылы да жалғасты, алайда ипотека беруге бірқатар өзгеріс енгізілді. Мәселен, бағдарлама бойынша жылына 100 млрд теңге ғана бөлініп, ол 12 айға бөлінді. Содан кейін ипотека рәсімдеуге қатысты мәселе туындай бастады. Баспаналы болғысы келіп жүргендер «бөлінген шектік сома таусылды» деген жауап ала бастады. 

7-20-25 бағдарламасының операторы – «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ. 

Акционерлік қоғамның баспасөз хатшысы Айбар Олжаевтың айтуынша, 2023 жылдың қарашасына дейін 7-20-25 ипотека бағдарламасы бойынша 70 700 адам 985 млрд теңгеге қарыз алған. Қарыз алу бойынша Астана қаласы көш басында келеді, одан кейін Алматы, Шымкент қаласы бар. Мамандар мұның әу баста белгілі болған пропорция екенін айтады. Ірі қалалардан кейін Ақмола және Ақтөбе облысы тұр. Статистика өңірлердегі сұраныс пен құрылыс қарқынына байланысты қалыптасқан. 

Бағаға қатысты екі параметр бар. Бірі – үй сатып алынатын баға. Екіншісі – банк беретін қарыз сомасы. Осы сомаға қарасақ, орташа сома – 15 млн теңге. Бұған азаматтың бастапқы жарна ретінде жинаған 20%-ын қосса, үй бағасы шығады. Банк қарызы ірі қалаларда – 15 млн теңге, басқа аймақтарда – 11-12 млн теңге шамасында, - дейді Айбар Олжаев.

Бағдарламаға өзгерістер кейінгі екі жылда енгізілген. Біріншісі – үйдің шекті бағасы. Шымкент қаласында бұл баға 25 млн теңгеге жетті, Қарағанды облысы 15 млн теңгеген 20 млн теңгеге көбейді. Осылайша Алматы, Астана, Атырау, Ақтау және Шымкентте шекті баға – 25 млн теңге, Қарағанды қаласында – 20 млн теңге, басқа өңірде 15 млн теңге. Тағы бір өзгеріс – азаматтың бағдарламаға бір рет қана қатыса алуы. Өйткені сұраныс өте жоғары. 

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ӘРЕКЕТІ МҮЛДЕ ТІРКЕЛМЕУІ КЕРЕК

Кейінгі кезде әлеуметтік желіде 7-20-25 бағдарламасы бойынша 3-4 минут ішінде өтінішті «ақылы» түрде өткізіп беретіндер бар екені айтылып жүр. Бұл туралы «Қазақстанның орнықтылық қоры» баспасөз қызметін сұрадық. Айбар Олжайдың айтуынша, мұндай әңгіме бағдарлама операторының құлағына да жеткен, алайда қазірге дейін бір де бір адам шағым айтып жүгінбеген.

«Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ 7-20-25 бағдарламасын қаржыландырады, бағдарламаның операциялық жұмысы, оның ішінде өтініштерді қабылдау, оларды реттеу және шешім қабылдау – банктің құзіреті. Оператор ретінде АҚ банктің ішкі жұмысына, несие беру тәртібіне араласа алмайды. Банктер негізгі шарттарын сақтап, несие береміз деді. Егер банк барлық шартты сақтап, несие берсе, біз ол несиені сатып алып, банкті қаржыландырамыз. Ішкі процестерге банк жауапты. Алайда бағдарламаға азаматтардың қатысуына қатысты банкпен жұмыс жүргізіп жатырмыз. 7-20-25 бағдарламасының сыбайлас жемқорлық бойынша көрсеткіші 0%-ды көрсетуі керек. Мұндай жағдай болмауы керек, бұл банкпен арадағы келісімде бар, - дейді Айбар Олжаев.

Айтуынша, қандай да бір «сигнал» түскен жағдайда банктің ішкі қауіпсіздік бөлімі қызметтік тексеріс жүргізеді. Қызметтік тексеріс жүргізілмесе, Ұлттық банк іске қосылады. 

«Банк бөлімшесінің, менеджердің аты-жөні көрсетілген, қандай да бір көлемде пара алуға оқталу фактілері болса, міндетті түрде бізге («Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ), Ұлттық банк пен сол банктің ішкі қауіпсіздік бөліміне хабарласуды сұраймыз. «Орын сатамыз», «өтіп кетесіз» деген сұрау, заңбұзушылық әрекет болса, хабар беруін сұраймыз. Қазірге дейін мұндай «сигнал» түспеді. Бұл әңгімені біз де жиі естиміз, бірақ нақты дерек келіп жатқан жоқ», - дейді ол.

ИПОТЕКА АЛАТЫНДАР АЗАЙҒАН

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратына сәйкес, 2021 жылы ипотекалық несиелеу жалпы қарыздың 39,3%-ын көрсеткен. Ал 2022 жылы 42,5%-ға (4,7 трлн теңге) дейін ұлғайған. Агенттік мұны жеңілдетілген мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары мен БЖЗҚ жинақтарын пайдаланумен байланыстырған. 

Бірінші кредиттік бюро ақпараты бойынша 2023 жылдың қазанына дейінгі несие портфелі мынадай:

  • Тұтынушылық кепілсіз несие портфелі 1,56 триллион теңгеге немесе 21%-ға артты;
  • Автонесиелеу портфелі – 668 миллиард теңгеге немесе 44%-ға артты;
  • Ипотекалық портфель – 418 миллиард теңгеге немесе 8%-ға өсті.

2022 жылы ипотекалық несие бойынша желтоқсанның өзінде 3,9%-ды көрсеткен. Демек, қазанға дейін берілген ипотекалық өсімнің тең жартысына жуығы былтыр бір ай ішіндегі көрсеткішке тең.
Осылайша 2023 жылдың қазанындағы жағдай бойынша жеке тұлғалардың қарызының жалпы сомасы 18,5 трлн теңгеге тең. Оның ішінде 48%-ы тұтынушылық несие, 31%-ы ипотека қарызы, 12% – автонесиелеу, 9% – басқа да несие. 

Салыстырмалы түрде 2023 жылдың 9 айында ипотекалық несие беру көрсеткіші төмендеген. 2022 жылдың 9 айында 1,5 трлн қарыз берілсе, 2023 жылы 1,3 трлн теңгені көрсетті.

Айбар Олжаевтың айтуынша, 2023 жылы 7-20-25 бағдарламасына белгілі бір лимит енгізілгеннен кейін бұл бағдарламаның нарықтағы үлесі айтарлықтай азайды. 

Қазір 7-20-25 бағдарламасы арқылы берілетін ипотекалық несие үлесі жалпы көрсеткіштің 20 пайызынан аспайды. Себебі бір жылға бөлінген қаражат 100 млрд теңге. 7-20-25 бағдарламасының үлесі жыл сайын төмендейді деп ойлаймын, себебі шектік сомадан асырып ипотека берілмейді. Жалпы ипотека нарығы да төмендейді. Себебі мемлекеттік бағдарламаның ипотекалық несиеден кете бастауы сұраныстың азаюына әкелді. Мұның бәрі алдын ала болжанған жұмыс. Мемлекеттік төмен мөлшерлеме несие нарығынан кетуі керек. Нарықтағы мөлшерлемеге сай емес, одан төмен экономиканы бұзатын мемлекеттік бағдарлама көп болса, соғұрлым тұрғын үй бағасы өседі, - деді Айбар Олжаев.

Ұлттық банк ставкасы төмен ипотекалық бағдарламадан «кету» деген стратегияны ұстанып отыр.

«7-20-25 бағдарламасына «лимит» баланс сақтау үшін енгізілді. Себебі бір жағынан нарықты дамытқымыз келеді, екінші жағынан мемлекет нарықтағы ойыншыларға бәсекелес болып отыр. Мемлекет ешкімге бәсекелес болмауы керек. Мемлекет ойын ережесін дұрыстап, нарықтың дамуына жағдай жасауы қажет», - дейді ол.

9-20-25 БАҒДАРЛАМАСЫ ҚАЖЕТ ПЕ?

БАҚ беттерінде және әлеуметтік желіде 9-20-25 бағдарламасына қатысты ақпарат тарады. Содан кейін «Отбасы банк» қазақстандықтарға несие берудің басқа да нұсқалары қарастырылып жатқанын мәлімдеді.

«9-20-25» – болашақта іске асуы мүмкін тұрғын үй бағдарламасының нұсқасы. Бұл жоба әзірленіп жатыр. Банк мамандары тиісті есептеулер жасап, шарттарды талдап жатыр. Жоба мақұлданған кезде «Отбасы банкі» қазақстандықтарды қосымша хабардар етіп, толық ақпарат ұсынады, - деді «Отбасы банктің» баспасөз қызметі.

Бұл бағдарламаға қатысты Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың да пікірін сұрадық. Айтуынша, мұндай бағдарлама 2024 жылы әзірленуге тиіс. Себебі баспана құнының 50%-ын жинау қиын.
«Үйі жоқтың – күйі жоқ. (Қоғамда қызу талқыланып жатқаны) басқа тиімді бағдарламаның жоғын көрсетеді. 3 миллионға жуық қазақстандық пәтерден пәтерге қаңғып жүр.

Мұндай бағдарлама биыл болмаса да, келесі жылы әзірленуге тиіс. Себебі баспана бағасының 50%-ын жинау өте қиын. Сондықтан 20% деңгейінде 9% мөлшерлеме арқылы берілетін бағдарлама болуы әбден мүмкін. «Үйі жоқтың - күйі жоқ» деп ылғи айтамын. Үш миллионға жуық қазақстандық пәтерден пәтерге қаңғып жүр. Елге тиімді бағдарлама керек. 7-20-25 бағдарламасының лимиті дұрыс емес екенін дәлелдеп жатсам да, Үкімет қозғалар емес, - дейді Дәулет Мұқаев.

Ал Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, қазір мемлекет тарапынан әлеуметтік үйлерге бөлінетін қаражат шамамен 100 млрд теңге шамасында. Бұл халық үшін өте аз қаражат.

Amanat партиясы бағдарламаны өзі ашпайды, партия ұсыныс жасайды. «Отбасы банктің» жүйесімен бір емес, бірнеше әртүрлі бағыттағы ипотекалық режимді енгізетін уақыт жетті. Одан бөлек Үкімет тарапынан да әлеуметтік баспананы салуды күшейтуіміз керек. Amanat партиясы бұрын сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы пәтерлерді жекешелендіру мәселесін көтеріп отыр. 50 мыңға жуық адам жалға алып отырған баспанасын нарықтағы бағамен жекешелендіріп ала алады, - дейді депутат Бейсенбаев.

Бұл 2024 жылдың наурыз-мамыр аралығында іске асады.

«Тағы бір мәселе – жесірлер әлеуметтік осал топтардың қатарына кіру мәселесі қарастырылып жатыр», - деді депутат.

Айбар Олжаев 9-20-25 бағдарламасы ашылса, нарыққа кері әсер ететінін айтады.

Жаңа (9-20-25) бағдарламасының ашылуының тиімді-тиімсіз екені оның көлеміне байланысты. Бізде базалық мөлшерлеме – 16%. Егер жаңа бағдарламаға 1 трлн теңге бөлініп, несие 9 пайызбен берілсе, ол нарықты бұзады. Егер лимиттелген және халықтың белгілі бір бөлігіне бағытталса, оны түсінуге болады. Яғни, әкімдік кезегінде тұрған адамдарға мемлекеттің көмегі болады. Статистиканы бұзбайды. Егер бәріне ипотеканы 9%-бен береміз десе, бұл нарықты бұзады, - дейді ол.