×

БҚО-да киік саны миллионға жетті: шаруалар киіктің жеріне ортақтасып отыр ма, әлде киіктер шаруаның ба?

Киікті қолда өсіріп көрген ғалыммен сұқбат

 Халық үні 18.05.2022 | 15:35
Тәлімбақтағы киіктер, фотолардың авторы: Бибігүл Сәрсенова

Киік - қазақ дүниетанымында киелі жануар. Аңызға сенсек, Адам ата жерге түскенде оның жүзін алғаш көрген ақбөкен екен. Алғашқы пайғамбар мейірленіп сипағанда екі танауы желбіреп, көзі мөлдіреген сымбатты, тұяғы желден желгір, мүйізі мың бір дертке ем, буаз кезінде құралайының жынысын қалауына сай өзгерте алатын ерекше жануарға айналған. «Құдайдан дұға қылып өтейін» деп ақбөкеннің бұйымтайын сұрапты. Сонда жануардың сұрауымен киік төлдейтін кезде шыбын-шіркей шыдамайтын суық тұрады. Мұны қазақ «Құралай салқыны» деген дейді.

Мамыр айында ауа райы құбылмалы кезең болады. Жаңбыр жауып, салқын түсіп, қатты жел тұрады. Киік осы уақытта төлдейді. Түйетабан деген құралайдың негізгі азығы да осы кезде көктейді. Құралай салқынға тез ширап, желге қарсы жүріп тез аяқтанады. Екі күнде ілесіп шауып кетеді. Бұл кезеңде қасқырдың да тәбеті тыйылады екен.

Киіктің мамонт кезеңінен осы уақытқа дейін жойылып кетпеуі – кез келген құралайды жатсынбайды екен. Бауырына басып (емізіп), ілестіріп жүре береді. Тіпті, үш құралайға дейін бауырына басады.

ҚАЗІР КИІК САНЫ ҚАНША?

Ақбөкендер Орал, Бетбақдала, Үстірттік популяциясына бөлінеді. Елімізде киік санын сақтап, көбейтуге қатысты мемлекеттік бағдарлама әзірленді. 2009 жылдан бері мониторинг жүргізудің жаңа технологиялары енгізілді. Ғарыштық спутник арқылы көші-қонын бақылауға мүмкіндік беретін қарғыбау тағылды.

Өткен ғасырда еліміздің территориясында киік саны бір миллионнан асты. 2003 жылы бар-жоғы 21 мың қалып еді.

Үкімет 2023 жылға дейін киіктерді атуға тыйым салды. Соның арқасында жыл сайын орта есеппен 40 пайызға өсіп келеді. 2010, 2015 жылдары пастереллез эпидемиясынан 200 мыңнан астамы қырылды. 2021 жылғы есеп бойынша – 842 мың дарақ.

Байғұс киік мүйізі үшін қырылуда. Оны біздің елде өңдей алмайды. Азия елдерінде халық еміне пайдаланады. Бедеулік пен белсіздікті емдейді-мыс. Бір деректерде адамды жасартатын препарат жасалынатыны айтылады.

Бейресми мәліметтерге қарағанда, біздің елдегі «қара нарықта» киіз мүйізінің 1 келісі 15-50 мың теңге аралығында бағаланады. Қазақстандағы киіктер мүйізі айналымының көлеңкелі нарығы шамамен 2 млрд теңге екенін айтылып жүр. Елімізде соңғы екі жылда браконьерлерден 17 985 киік мүйізі тәркіленген. Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрінің халықаралық саудасы туралы: Конвенция хатшылығының ақпаратына сәйкес, киік мүйізіне сұраныс тудырып отырған елдер – Қытай, Гонконг, Индонезия, Жапония, Малайзия, Сингапур мен Вьетнам.

КИІККЕ ҚАНДАЙ ҚАУІП ТӨНІП ТҰР?

Біріншіден, індет неге киік арасында тез тарайды? Себебі жері тарылып, жайылымы қысқарған соң киік бір жерге шоғырланды. Індет тараса, бір күнде айырылып қалуымыз мүмкін.

Екіншіден, браконьерлер тыйылмай тұр. Былтыр БҚО-да 35 факт тіркелді.

Үшіншіден, киіктің ішетін суы проблемаға айналды. Жасанды суат жасау жұмыстары қаржы тапшылығының кесірінен кешеуілдеп жатыр. Су іздеген киіктер амалсыздан шаруалардың суатына барады. «Шөбімді типыл қылды» деген мәселе осыдан пайда болуда.

Төртіншіден, киіктің табиғи өрісін шаруалар тарылта бастады. 2007-2015 жылдар аралығында БҚО-дағы киіктің өрісі 5 есе қысқарды. Ол жерлер қандай жолмен беріліп кеткені құзырлы орындардың зерттеуін қажет етеді.

Бесіншіден, киік миграциясына сәйкес автожолға арнайы өткел салынуы қажет. «Жәнібек-Орал» тас жолының құрылысы аяқталса, осы үлкен мәселе болады. Түнде жүйткіген көліктер киікке соғылатыны анық. Киік миграциясына кедергі келтірмеу үшін әрі адам мен жануардың өмірін сақтау үшін экодук салынуға тиіс. Және ол көпір болмауы керек, себебі киік көпірден өтпейді. Керісінше көліктер тоннель арқылы жердің астымен өтуі керек.

КИІК САНЫН ШЕКТЕУ КІМГЕ ТИІМДІ?

Қазір киік санын анықтау үшін әуе санағы жүргізілуде. Нақты санын маусым-шілде айларында жариялайды. Биыл мамандар киік саны миллионнан асатынына сенімді. 2006 жылдан бері халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген. Заңда тек ғылыми мақсатта ғана аулауға рұқсат етілген. Енді оның санын шектеу жайлы мәселе көтеріле бастады.

Біріншіден, шаруа қожалықтарының басшылары өз жерінен киікті мүлдем көргісі келмейді. Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің аумағы соңғы 15 жылда үш есе өссе, нақты киіктің өрісі қанша есе тарылғаны жоғарыда айтылды. Ал Орал популяциясы киіктерінің саны 30 есе көбейген. Дау шығарып жүрген шаруалар өз арасынан адам тағайындап, ол өкілдері министрлер кабинеттерін аралап, киіктің санын шектеу жайлы ұсыныс айтып жүр.

Екіншіден, Экология министрлігі Үкіметке киіктердің Орал популяциясы санының 3% аспайтын шектеулі лимитте әуесқойлық аң аулауға рұқсат беру арқылы азайтуды ұсынуда. Биологиялық негіздеме жасап, 2023 жылдың күзгі аңшылық маусымында қарапайым аңшыларға аулауға рұқсат беруге пилоттық жоба ретінде Үкіметтен рұқсат сұраған. Киік халықаралық Қызыл кітапқа енсе де, қазақстандыққа енгізілмеген. Ол аңшылық жасайтын аң түріне жатады.

Экология министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар жүйесі комитетінің жануарлар дүниесі және аңшылық басқармасының бас сарапшысы Асқар Әбдірахманов киік санын қолдан реттеп отыратын «Охотзоопром» функциясын қайтару туралы ұсыныс барын айтты.

«Киіктің саны көбейіп кетті. Саны жөнінен мәселе туындаған – Батыс Қазақстан облысы. Әуе санағы қорытындысы шыққан жоқ, алайда тек БҚО-да киік саны миллиондай болуы мүмкін. Санын азайтып, ауыл шаруашылығы жерлеріне жүктемені азайту үшін Үкіметке ұсыныс жолданды. Санын реттеуге Үкімет келіссе, мемлекеттік органдармен бірлесіп жол картасын әзірлейміз. Бұрын «Охотзоопром» мекемесі 80-90 жылдары киік санын қолдан реттеп ұстады. Басы артығын өндірістік бағытта пайдаланды. 1997-98 жылдары киік арасында ауру тарады, браконьерлер көбейді, мына жақтан Қытай мүйізін қабылдай бастап - нәтижесінде саны күрт азайып кетті. 1,5 млн киіктен 1999 жылы 15 мың бас қалды. Содан кейін тыйым салынды. Біз «Охотзоопром» айналысқан функцияны қайтадан ұсынып отырмыз», - дейді Асқар Әбдірахманов.

Асқар Әбдірахманов егер шектеулі лимитпен рұқсат берілген жағдайда тек ұрғашыларын атуға болатынын, мүйіз үшін аулауға жол берілмейтінін алға тартты. Басқа жан-жануарларға аңшылық жолдама беріліп жүргені сияқты реттелетінін айтты.

«КИІК ӨНДІРІСІ» ДЕГЕН НЕ?

Экология министрлігі шектеулі лимитпен аулаудан бөлек коммерциялық өткізуді де ұсынып отыр. Мемлекет жыл сайын 80 мың бас киіктен 2,5 тонна тауарлық ет алады деген есеп бар. Келісін 1000 теңгеден сатса қазынаға 2,5 млрд теңге құйылмақ. Киік еті жоғары құнды диеталық өнім, ақуыз, микроэлементтер мен дәрумендер құрамы жөнінен қой етінен асып түседі екен. Одан бөлек терісі, майы, мүйізі кәдеге жарайды деген жоспар бар. Өндіріске БҚО-дағы ет комбинаттарының бірі тартылуы мүмкін. Кәсіптік аулау мен оны дайындау кезінде 50-ден 200-ге дейін ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылуы да болжанған. Жабайы аңның етін халық пайдалану үшін ветеринария заңнамаларына да біраз өзгеріс керек.

Қазіргі заңнама бойынша киіктің мүйізін пайдалануға рұқсат жоқ, тек жойылады. Соңғы екі жылда тәркіленген 3,6 тоннасы жойылды. Экология министрлігі жергілікті халыққа өлген киіктердің мүйізін жинау мен мемлекетке сату құқығын беруді ұсынуда. Бұл киік мүйізінің айналымын заңдастыру үшін керек. Ол үшін қабылданған мүйізге санитариялық-ветеринариялық сараптама жасалып, дериват таңбаланып, тіркелуге тиіс.

КИІК ЖҮРГЕН ЖЕРГЕ ШӨП ҚАЛЫҢ ШЫҒАДЫ

Шөптің шықпауына, жердің құнарсыздануына киік кінәлі емес. Басты себеп – су көздерінің тапшылығы. Қуаңшылық жиіледі. Өзендер тартылып, қар суынан толығатын көлдер кеуіп қалды.

Ал киіктің азаюы даланың тозуына, топырақ қыртысының құнарсыздануына алып келеді. «Киік тұяғы жерді түлетеді» деген сөз тегін айтылмаған. Ақбөкендер жайылған жерде топырақ қопсып, шөп қалың шығады. Тұмсығымен өсімдіктің дәнін шашып, аша тұяғымен оның жерге енуіне, сол арқылы өсімдіктің көбірек таралуына әсер етеді екен. Тұяқ тимеген жерге су да сіңбейді. Арам шөп қаптап, кеуек пен қурай өртенуге бейім келеді. Бұл пікірді бізге айтқан жай адам емес, ғалым – М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар зерттеу зертханасының аға ғылыми қызметкері Бибігүл Сәрсенова.

«1980 жылдары киіктің саны миллионға жеткенде шөпті тапап тастады деген мәселе болмаған. Ол кезде үлкен шаруашылықтар, совхоз, колхоздар болса да, киіктер шабындықты құртты деген ақпарат жоқ. Киік - мамонтпен қатар өмір сүрген жануар. Мамонттар қырылды, киік неге аман жетті? Табиғатта бейімділік деген ұғым бар. Киік – қуаңшылыққа, табиғаттың басқа да өзгерістеріне, адам мен жыртқыштардың әсеріне бейімделген бірегей жануар. Бірнеше жыл киіктің артынан еріп зерттеу жасадым. Белгілі бір аумақта ойпат, қыр, лимандардың ерекшелігіне сай 50-70 түрлі өсімдік кездессе, жалпы далада 400-ге дейін өсімдіктің түрі бар. Киік өсімдіктің тек 120-дай түрін талғап жейді. Киік шөпті тықырлап жемейді. Төлдеу кезінде барлық аналық бір жерге шоғырланғанында ғана шөптің азаюын байқадым. Төлдеу аяқталған соң қонысын ауыстырады, сол кезде жаңа жердің шөбі көтеріледі. Шаруалардың «киіктің тұяғы шөпті қиып тастайды» дегені мүлдем қате. Киіктің тұяғы қойдыкіндей үшкір емес. Жайылғанда да бір-біріне тақалып жүрмейді, аралары алшақ. Сондықтан қанша көп киік өтсе де, қой сияқты даланы тақырлап жайылмайды», - дейді Бибігүл Балтабайқызы.

ШАРУАЛАР: «КИІК САНЫ ШЕКТЕН ТЫС КӨБЕЙГЕН»

Жәнібек ауданының Жақсыбай, Талов, Борсы ауылдарының шаруалары киік шабатын шөп қалдырмады деп мәселе көтеруде. «Томирис» жеке қожалығының басшысы Артур Осатов киік соңғы 3-4 жылда шектен тыс көбейіп кеткенін айтады.

«Қожалығымызға тиесілі 600 гектар жер бар. Жерді 2015 жылы алдық. Көктемнен қара күзге дейін киік отайды. Киіктен кейін шөп шабу жайлы ойламаймыз. Малымызға жайылыс қалмайды, қысқа көтерем болып кіреді. Бұзауларымыз киікке ілесіп кетеді. Мал ұстау тиімсіз болып барады. Бұрын мұндай мәселе болған жоқ, саны миллионнан асқан соң не айтуға болады? Дәл былай көбейеді деп ойлаған жоқпыз. Астанадан да лауазымды адамдар келіп жиналыс өткізеді, мәселе шешілмей келеді», - дейді шаруа Артур Осатов.

«МЕМЛЕКЕТ КИІК ӨРІСІН КЕҢЕЙТУДІ ШҰҒЫЛ ҚОЛҒА АЛУЫ КЕРЕК»

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар зерттеу зертханасының аға ғылыми қызметкері Бибігүл Сәрсенова білім және ғылым министрлігінен грант ұтып тәлімбақ (питомник) ашып, мемлекеттің рұқсатымен 2013-2018 жылдар аралығында киікті қолда өсіріп көрген ғалым.

«Тәлімбақтағы әр киікті нөмірлеп бақыладық. «Қызғалдақ» деп ат қойған киік өзінің төлі өліп қалғанда өзгенің егіз құралайының біреуін емізіп, бауырына алды. Кез келген төлді таңдамай өзінің төліндей қабылдау киікке тән екеніне көз жеткіздік. Бұл – ерекше қасиет. Тәлімбақта ұсталған киіктердің адамға бейімделуін зерттедік. Қоршауда жүрсе де кісіге жақындамауға тырысты. Кішкентай лақтары қолдан сүт ішеді де қашып кетеді. Аталықтары мен аналықтары бөлек жүретіні де рас. Төлдеу маусымында аналықтарын он шақты аталық айналып қорғап жүргенін дүрбімен көрдік. Жерге шашылған шөпті жеп үйренген питомниктің киіктерін жабайы киіктердің қатарына жіберіп тұру керек. Сонда қыста «Охотзоопром» апарып шашқан шөпті қолда өскен киік жесе, қалғандары соған қарап бейімделер еді. Резерватты қоршап, бақылауға алса киік белгілі бір аумақта тұрақтауы мүмкін. Бірақ табиғи миграциясына сай төлдейтін жері біреу ғана – тарихи мекені. Қайда қуса да сол жерге барып қана төлдейді. Ол жерді шаруаға беруге мүлдем болмайды. Жолшыбай шаруалардың жерімен бәрібір өтеді. Сондықтан шаруаларға субсидия төлей ме немесе жерін мемлекет меншігіне қайтара ма, әйтеуір резерват көлемін ұлғайту керек. Шектеумен болса да аулауға рұқсат берсе, шаруалар киікті қырып жіберуі мүмкін. Генофондын жойып алу қаупі төнеді. Мемлекет киіктің өрісін кеңейтуді шұғыл қолға алуы тиіс. Менің ұсынысым – осы», - дейді қызметкері Бибігүл Сәрсенова.

Киіктің бір бөлігін Жайық өзенінің сол жағалауына көшіру жайлы ұсыныстар айтылып жүр. Бұған қатысты ғалым:

Қазіргі мекендеген аймақтың ауа райы киікке қолайлы. Тіпті, қыста құмға қарай көшпей, қазіргі жазғы мекенінде қыстап қалғандардың өзі қалың қарды тебіндей алмай өлгенін білеміз. Әрине, егер бұл аймақта қорек қалмаса көшулеріне тура келеді. Бірақ төлдеу кезінде ешқандай кедергіге қарамастан Қараоба мен Мәңгүрге келетініне сенімдімін.

МӘСЕЛЕНІ КИІК ЕМЕС, АДАМ ТУҒЫЗЫП ОТЫР

Киіктер шаруалардың жеріне кіріп жатқан жоқ, керісінше шаруалар киіктің жерін иемденуде. БҚО-дағы Жәнібек, Казталов, Бөкей ордасы ауданының жері – көне дәуірден киіктің табиғи отаны. Киіктің жерін меншіктеп алған қожалықтардың жер көлемі қолындағы малына сәйкес пе? Ол сараптауды қажет етеді. Олардың көпшілігі тек өзінің емес, ауыл тұрғындарының малын жалданып бағып отыр. Бұл жағын да ескеру керек екен.

Ғалымдар бұрын Орал популяциясының қазіргі өрісіне 300 мың киік сиятынын есептеген. Ащыөзек қаумалы құрылды, ол жерге киік сыймай жатыр. 6,5 млн гектар алаңға «Бөкейорда» резерваты құрылды. Алайда ол жер киіктің тек қыста баратын аумағы екені ескерілді ме екен?

Қалай айтсақ та, Үкімет ақбөкеннің мәселесін әбден зерттеп, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» шебер шешім қабылдауға тиіс.

Нұрлыбек Рахман, Батыс Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама