Мұнай сатып, ұшақ, дәрі мен әтір сатып аламыз: Қазақстан мен Франция өзара сауда-саттықты көбейтті

Бауыржан Мұқанов

Макрон уран импортын көбейтетінін айтқан жоқ

Коллажда пайдаланылған фотолар: freepik.com

Франция президенті Эммунюэль Макронның Астанаға ресми сапармен келуін кей сарапшылар Нигердегі төңкеріс салдарынан француз АЭС-терінің урансыз қалуымен байланыстырады. Алайда, тура бір жылдай уақыт бұрын, 2022 жылдың 29 қарашасында Қасым-Жомарт Тоқаев Парижге ресми сапармен барғанда франуз әріптесін Қазақстанға шақырған еді.

Сол сапар қорытындысы бойынша да бірқатар келісімге қол жеткізілген, арасында, әрине, энергетика саласы бар. Нақты қазақ уранын францияға жеткізу туралы айтылмағанымен, жасыл энергетиканы дамыту мәселесі қозғалған. Бұл жолғы сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Франция энергетикасының 63%-ы атом қуатына тәуелді екенін алға тартып, қазақ уранын экспорттау мәселесіне тоқталды. 

Жалпы, Қазақстан мен Франция арасындағы энергетикалық серіктестіктің негізгі мәні біреу – Қазақстан Францияға шикізат сатады. Есесіне, француздар Қазақстанда дәстүрлі емес қуат көздерін дамытуға көмектеседі. Мәселен, Макронның осы сапарында қазақ-франуз бірлескен кәсіпорны Қазақстанда 1 трлн Гвт-тық жел энергостанциясын салатын болып шешті.

Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық қатынас көлемі жағынан да, салалардың әркелкілігі жағынан да соншалықты ауқымды емес. Тараптар энергетика, тау-кен өндірісінде айтарлықтай деңгейде экономикалық байланыс құрса, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс, аэроғарыш, машина жасау, денсаулық сақтау және тамақ өнеркәсібі салаларында аздлы-көпті бірлескен жобалар бар. 

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ФРАНЦИЯҒА ЭКСПОРТЫ ИМПОРТТАН 6 ЕСЕ КӨП

Trade Map дерегінше, екі ел 2022 жылы 5,5 млрд долларға сауда жасаған. Бұл Қазақстанның сыртқы саудасының, яғни 134,4 млрд доллардың бар болғаны 4,1%-ы ғана.

Соның ішінде Қазақстан Францияға 2022 жылы 4,7 млрд долларға тауар сатқан. Оның 4,4 млрд доллары шикізат. Оның ішінде негізінен мұнай, уран, басқа да минералдар секілді шикізат бар. Тағы 220 млн долларға органикалық химия, сирек металдар сатылды. Қазақстанның жалпы экспортындағы Францияның үлесі 5,2%.

Ал Францияның Қазақстанға экспорты 2022 жылы бар болғаны 915 млн доллар ғана болған. Оның 200 млн доллары әуе кемелері мен оның бөлшектері, 131 млн доллары ядролық реакторлар, машиналар мен оның бөлшектері, 123 млн доллары электрлік құрылғылар мен оның бөлшектері, теледидар, дыбыс жазу құрылғылары секілді жабдықтар, 108 млн доллары фармацевтикалық өнімдер. Қазақстанның жалпы импортында Францияның үлесі 1,8% ғана.

Жалпы, Қазақстанда 170-тен астам франциялық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың арасында экономикамыздың жетекші инвесторлары саналатын Total Energies, Air Liquide,  Airbus,  Alstom, Orano  және Danone  секілді компаниялар бар. 2021 жылытараптар Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі жол картасын бекіткені белгілі.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ САТАТЫН ТАУАРЫНЫҢ 91%-ДАН АСТАМЫ МҰНАЙ

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 2023 жылдың қаңтар-тамыз аралығында 2,7 млрд долларға жеткен, бұл былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 21,1% көп.

Соның ішінде Қазақстанның Францияға экспорты жылдың алғашқы 8 айында 2,9% көбейіп, 1,8 млрд доллар болды. Негізгі экспорттық тауарлар мұнай шикізаты, жыл басынан бері 1,7 млрд долларға экспортталған. Бұл жалпы Францияға сатылған тауардың 92,1%-ы, одан кеін уран (79,4 млн доллар), экспорттың 4,3%-ы. Бұдан бөлек титан мен одан жасалатын бұйымдар (46,8 млн доллар) сутегі, инертті газдар мен басқа металл емес минералдар (3 млн доллар), зергерлік бұйымдар мен асыл металлдан оның бұйымдары (1,9 млн доллар), электр машиналары мен арнайы құрылғылар (1,8 млн доллар) бар.

Импортқа келер болсақ, Қазақстанның Франциядан импорты жылдың алғашқы 8 айында былтырғымен салыстырғанда 91,2% ұлғайып, 889,7 млн долларға жеткен.

Негізгі импорт тауарлары әуе кемелері мен оның бөлшектері (158,1 млн доллар), фармацевтикалық бұйымдар (60,4 млн доллар), ауыл шаруашылығы машиналары мен жабдықтары (49,3 млн доллар), вакцина мен қан сарысуы (36,3 млн доллар), радиолокациялық, радионавигациялық жабдық (33 млн доллар), инсектицидтер, гербицидтер (27,6 млн доллар), әтір мен иіссу (22,8 млн доллар), трактор (20,1 млн доллар).

МАКРОН УРАН САТЫП АЛУДЫ КӨБЕЙТЕТІНІН АЙТҚАН ЖОҚ

Былтырғы дерек бойынша, Қазақстанға Франция 1995 жылдан бері 17 трлн доллар инвестиция салған. Қазір Франция Қазақстанға салған инвестициясы көлемінен 5-орында. Алайда, инвестицияның басын бөлігі шикізатқа, атап айқтанда, Тотал компаниясының Қашаған жобасына салған инвестициясы.

Уран өндірісінен де Францияның Орано компаниясының үлесі баршылық. 

Франция сатып алатын уранның 40 пайыздан астамы Қазақстаннан тасымалданатынын да айта кеткен жөн. Дегенмен, осы жолғы сапарында Макрон уран импортын көбейтетіні туралы ешқандай дерек айтылмады. Ресми құжаттар екіжақты ынтымақтастықты нығайту сынды риторикадан аспады. Мәселен, Қазатомөнеркәсіп пен Framatome компаниясы ядролық отын саласындағы өзара ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге қол қойды.