Halyq Uni логотип
×

Halyq Uni рейтингі: жол сапасы ең жақсы және ең жаман өңірлер

Жолы ең нашар өңірлер Батыс Қазақстан облысы және Шымкент қаласы

 Бауыржан Мұқанов 30.10.2023 | 13:16
Halyq Uni рейтингі: жол сапасы ең жақсы және ең жаман өңірлер
Коллажда пайдаланылған фотолар: Kazpravda.kz/Адильбек Тауекелов, avtoshkolaspb.com

Қазақстанда автокөлік жолының сапасы ең нашар өңір Батыс Қазақстан облысы болса, Жамбыл облысы елдегі жолы ең жақсы өңір. Halyq Uni 17 облыс пен 3 республикалық маңызы бар қалалардың жол сапасын зерттеп, арнайы рейтингін жариялайды. 

Абай облысы мен Алматы облысы деректерін бермегендіктен, рейтингке бұл екі өңір кірмейді.

18-орын. Батыс Қазақстан облысы (46%) елдегі жолы ең нашар өңір. Өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6 176 км, республикалық маңызы бар – 1 414 км, жергілікті маңызы бар – 4 762 км. 2023 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша жергілікті желі, яғни облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарының нормативтік жағдайдағы үлесі 46% құрады. Бұл көрсеткішке құрылыс материалдарының тапшылығына байланысты орын алған қиындықтарға қарамастан 2022 жылы орындалған жөндеу жұмыстарының қорытындысы бойынша қол жеткізілді.

2022 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 21,0 млрд.теңге игеріліп, облыстық және аудандық маңызы бар 246 км жөнделді.2022 жылы облысымыздағы автожолдарды жөндеуге 52 млрд теңге бөлініп, 474 км жол жөнделді. Соның ішінде, республикалық маңызға ие жолдарда – 186,4 км (24,5 млрд теңге), жергілікті жолдар – 246 км (27,1 млрд теңге) және көшелік желілер – 41,8 км (7,3 млрд теңге).

Ұзындығы 245 км құрайтын «Казталов – Жәнібек – РФ шекарасы» – 145 км, «Өнеге – Бисен – Сайқын» – 100 км, автожолдарын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. 2022 жылы аталған жобаларға 20,2 млрд теңге игеріліп, 77,9 км жөнделді.

17-орын. Шымкент қаласы (64,7%) жол сапасы бойынша артынан санағанда екінші орында. Мегаполистегі көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 3 247,6 км болса, соның тек 64,7%-ның жағдайы ғана қанағаттанарлық. 

Қала әкімдігінің мәліметінше, 2022 жылы 287,8 км болатын 158 нысында құрылыс жұмыстары атқарылған.

16-15-орын. Ақтөбе облысында (72%) пайдаланылып отырған жалпы 6 309 шақырым автомобиль жолы бар. Оның ішінде 1 869 шақырымы – республикалық, 4 440 шақырымы – жергілікті жолдар. 2022 жылы жолды жөңдеуге 31,7 млрд теңге бөлініп (100% игерілді), 536,3 шақырым автомобиль жолы жөнделді. Оның ішінде: облыстық – 60,3 шақырым, аудандық – 333 шақырым, сондай-ақ, қалалар мен аудандардағы 143 шақырым көше-жол желісі.

Орындалған жұмыстардың нәтижелері бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі – 72%-ға (01.01.2022 ж – 66,7%) жетті.

2023 жылы жолды жөңдеуге 53,6 млрд теңге бөлініп, 872,8 км жолды жөңдеу жоспарланған.

16-15-орын. Атырау облысы (72%) көлеміндегі жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 6 597,8 км. Соның ішінде 1125 км – республикалық маңыздағы жол, 1927 км – облыстық және аудандық маңызы бар жол, 1910,9 км – ауылішілік жолдар және 1634,9 км Атырау қаласы мен қала аумағына қарасты елді мекендердегі жол.

2023 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша автомобиль жолдарының нормативтік жағдайдағы, яғни жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі республикалық маңызы бар жолдың 49%-ға және облыстық және аудандық маңызы бар 72% (1387 км) жеткізілді.

2022 жылы көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында облыстық, аудандық, қала ішілік және ауылішілік жолдарға бюджеттен 36,8 млрд теңге бөлініп, игерілді. Бұл қаражатқа 200 шақырымға жуық автомобиль жолдары құрылысжөндеу жұмыстарымен қамтылды. 2023 жылға республикалық және облыстық бюджет есебінен облыстық, аудандық, қала ішілік және ауылішілік жолдарға 60млрд теңге бөлінді, қазіргі таңда 26 млрд теңгесі игерілді. Бөлінген қаражатқа 330 шақырымға жуық жергілікті маңызы бар (облыстық,қалалық, аудандық және ауылішілік) автомобиль жолдарына құрылыс, қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

14-орын. Түркістан облысын (75%) республика бойынша жол сапасы ең нашар үштіктің бірі. Жалпы қолданыстағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 459,3 км. Республикалық маңызы бар жолдар – 723,1 км. Оның жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 93,4%. Жергілікті маңызы бар жолдар – 5 710,5 шақырым, жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 92%. Елді мекен көшелері – 11 025,7 шақырым, жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 66,3%. Яғни, облысқа қарасты жолдардың 75%-ы нормативке сай. 

2022 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен  49,8 млрд теңге (республикалық бюджеттен – 26,3 млрд теңге; облыстық бюджеттен – 10,5 млрд теңге; «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы – 4,8 млрд теңге; аудан, қала бюджеті және субвенциядан – 8,2 млрд теңге) бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 794 нысан немесе 2 094,9 км жолдар мен көшелер қамтылды. Жыл қорытындысымен 645 нысан немесе 1 247,5 км жол мен көше пайдалануға берілді.

13-орын. Солтүстік Қазақстан облысы (78%).

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Солтүстік Қазақстан облысындағы нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі жергілікті желі бойынша 78%, республикалық желі бойынша 81% құрайды.

2022 жылы барлық жұмыс түрлерімен 859 км қамтылып, 31,1 млрд теңге игерілді. Жергілікті желі бойынша 22,1 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді, оның ішінде: Ұлттық қордан 14,8млрд теңге. Республикалық бюджеттен 263,5 млн теңге, 4,6 млрд теңге субвенция, жергілікті бюджеттен 2,4 млрд теңге. Бөлінген қаражат есебінен құрылыс жұмыстарының барлық түрлерімен шамамен 663 км автожол, оның ішінде 148 км кентішілік жолдар қамтылды. Республикалық желі бойынша 9 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді, бөлінген қаражат есебінен құрылыс жұмыстарының барлық түрлерімен шамамен 196 км қамтылды.

12-орын. Қызылорда облысының (82%) жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, облыс аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 418,5 км. Оның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдары – 1 014,5 км, жергілікті маңызы бар – 2 404 км.

Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 2022 жылдың қорытындысымен 82%-ға жетті. Аталған көрсеткішті 2023 жылдың қорытындысымен 87,5%-ға жеткізу жоспарланған.

2022 жылы жергілікті жол желісін дамытуға республикалық және жергілікті бюджеттерден 12,8 млрд теңге бөлініп, ұзындығы 260 км автомобиль жолдары мен көпір өткелдері жөндеуден өткізілді.

2023 жылы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен көпір өткелдерін салу, қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстарына 14,4 млрд теңге бөлініп, 217 км жол желісін жөндеу жоспарлануды.

11-орын. Қостанай (85%) облысында жергілікті маңызы бар автожолдар желісінің жалпы ұзындығы – 7 523 км, оның ішінде облыстық маңызы – 2 206 км, аудандық маңызы – 5317 км. Республикалық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы – 1 534,2 км құрайды.

Автожол саласының бюджеті 2022 жылы барлық бағдарламалар бойынша 22,3 млрд.теңгені (республикалық бюджеттен – 9,9 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 112,4 млрд теңге) құрайды, жергілікті маңызы бар 256 км автожол және елді мекендердің 253 көше учаскесі жөнделді.

Бұдан басқа, 2022 жылы Жангелдин ауданының «Көкалат – Көлкамыс» аудандық маңызы бар автожолының құрылысы бойынша жобаны іске асыру басталды (автожолдың жалпы ұзындығы 21,2 км).

2022 жылы 12 шақырым автожол салынды, жобаны ағымдағы жылы аяқтау жоспарланған. 2022 жылдың қорытындысы бойынша «Облыстық және аудандық маңызы бар жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі» – 85% құрап, 2021 жылғы үлесті 7% артты.

10-орын. Ақмола облысының (87%) жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының ұзындығы – 7 973,1 км, оның ішінде республикалық желі – 2 347,1 км және жергілікті желі – 5 626 км. 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, республикалық желідегі автомобиль жолдарының нормативтік жай-күйдегі үлесі 82% (1 924,6 км) және жергілікті желідегі автомобиль жолдарының нормативтік жай-күйдегі үлесі 87% (4 894,6 км) құрайды.

2022 жылы жергілікті жолдарды жөндеу аясында 48,1 млрд теңге игеріліп, шамамен 977 км жөнделді. Сонымен қатар, 2022 жылы жергілікті жолдардың құрылысы аясында 14,770 млрд теңге игеріліп, шамамен 72,4 км салынды.

9-8-орын. Алматы қаласында (88%) көше-жол желісінің жалпы ұзындығы 3 096 км. 2023 жылы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 88% құрайды.

2022 жылы Алматы қаласында Қалалық мобилділік басқармасымен ұзындығы 200 шақырымды құрайтын 209 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, 2022 жылы магистральды көшелерден Сайын, Абай, Науаи, Рысқұлов, Райымбек, ШААЖ көшелерінде жол жөндеу жұмыстары жүргізілген. Орташа жол жөндеу жұмыстарына 2022 жылы жалпы құны 15 млрд теңге қаражат жұмсалды.

Сонымен қатар, 2022 жылы қаланың «Ақжар», «Қайрат», «Әлмерек», «Алғабас», «Шаңырақ-1» шағынаудандарында жаңа жол құрылысы бойынша ұзындығы 25 км шақырымды құрайтын жаңа жол салынды. Жаңа жол құрылысына 2022 жылы 2,8 млрд қаражат тартылды.

9-8-орын. 2022 жылы Ұлытау облысы (88%) бойынша 97,1 шақырым автомобиль жолдарын жөндеуге барлығы 8 млрд теңге бөлінген. Атап айтсақ, облыстық маңызы бар 61 км автомобиль жолдарына барлығы 5,3 млрд теңге игерілді, оның ішінде: кұрылысқа 2 млрд теңге, қайта құруға 1,2 млрд теңге, жолдарды орташа жөндеуге 2,1 млрд теңге. 36,1 км қала және аудан көшелерін жөндеуге 2,7 млрд теңге игерілді.

«Сәтпаев-Малшыбай», Жошы хан, Домбауыл кесеңесі» бағытындағы автокөлік жолының 19,5 шақырымына құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мердігері «САМҒА» ЖШС. Жұмыстын аяқталу уақыты 2024 жыл.

2022 жылы орташа жөндеу нысаны бойынша жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын жол учаскесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. «Ұлытау–Бозтұмсық» 0-20 шақырым.

Ішкі көше жолдарының жағдайын жақсарту мақсатында, 2022 жылы 8,6 км автокөлік жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде: Жезқазған қаласында – 7,7 км, Сәтпаев қаласында – 0,9 км. 

Биылға арналған негізгі міндеттер жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының нормативтік жай-күйіндегі үлесін 88%-ға дейін жеткізілді.

7-орын. Қарағанды облысы (89%) бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдардың ұзындығы – 1 853,5 км (нормативке сай – 88%), жергілікті автомобиль жолдардың ұзындығы – 4 778 км (нормативке сай – 89%).

Облыс әкімдігінің мәліметінше, 2022 жылы жергілікті жол салуға – 30,1 млрд теңге бөлінді, 439 км жол жөңделді.

6-орын. Астана қаласының (90,7%) көше-жол желісі жалпы ұзындығы 868,3 км 1 129 көшеден тұрады, оның ішінде асфальтбетон жабыны бар – 803,7 км (90,7 %) және қатты жабыны жоқ – 64,6 км (9,3%).

2022 жылы бөлінген қаржыландыруға 17,8 млрд теңгеге ұзындығы 60 км жол төсеміне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, осылайша 110 көше жөнделді, оның 55-і тұрғын алаптарында және 55-і қаланың орталық бөлігінде.

2022 жылы бөлінген қаржыландыруға 38,1 млрд теңге көлемінде ұзындығы 20,6 км жаңа жолдар салу бойынша жұмыстар жүргізілді. Бөлінген қаржыландыру аясында өткен жылы Ұлы дала даңғылы бойындағы және А62 көшесіндегі (А91 көшесінен Астана – Қарағанды тас жолына дейінгі учаскеде) жаңа көпір бойынша қозғалыс ашылды. 

5-4-орын. Жетісу облысы (91%) үздік бестікті ашады. Автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3 981 км (республикалық маңызы бар 1 034 км, жергілікті маңызы бар 2 945 км). 2022 жылдың қорытындысына сәйкес, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 91%.

2022 жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында барлық көзден жалпы 10,2 млрд теңге қаражат бөлініп, толықтай игерілді. Нәтижесінде 197,5 км жол жөнделді. Бұдан бөлек 2022 жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының құрылысы мен қайта құру жұмыстарына 3,6 млрд теңге бөлініп 2,6 млрд теңге игерілді, 0,4 км жолдың қайта құру жұмыстары жүзеге асты

5-4-орын. Шығыс Қазақстан облысы (91%) да жолы ең жақсы бес өңірдің бірі. Автомобиль жолдарының жалпы желісі 5 265 км, оның ішінде 1 238 км республикалық маңызы бар және 4 027 км жергілікті желі. Жергілікті желінің ішінде облыстық – 1 587 км, аудандық – 2 440 км.

2022 жылдың қорытындысы бойынша, нормативтік жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдар үлесінің көрсеткіші – 91%.

2022 жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды және елді мекендердің көшелерін жөндеуге жалпы сомасы 30,1 млрд теңгеге 244 км жолдарды, көшелерді және 6 көпірді жөндеу бойынша 77 жоба іске асырылды, оның ішінде 2020 жылдан бастап Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелінің құрылысы жүргізілуде, 2022 жылы – 15,5 млрд теңге игерілді

3-орын. Павлодар облысы (93%) жол сапасы жағынан республикада үшінші орында. Өңірдегі автомобиль жолдары желісінің жалпы ұзындығы 5 521,9 км, соның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 1 663 км; облыстық маңызы бар жолдар – 1 010 км; аудандық маңызы бар жолдар – 2 848,9 км. Қазіргі таңда «Нормативтік жағдайдағы жолдар үлесі» 93% құрайды.

2022 жылы жалпы сомасы 14 млрд теңгеге ұзындығы 413,5 км жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін қайта жаңарту және жөндеу бойынша 92 жоба іске асырылды. Соның ішінде «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 9,3 млрд теңгеге ұзындығы 293,8 км 29 жоба іске асырылды; «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2 млрд теңгеге ұзындығы 16,1 км аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін қайта жаңарту бойынша 3 ауысатын жоба іске асырылды; «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша 2,1 млрд теңгеге ұзындығы 84,8 км елді мекендердің көшелерін жөндеу бойынша 49 жоба іске асырылды; облыстық бюджет есебінен 0,6 млрд теңгеге ұзындығы 18,8 км аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелерін жөндеу бойынша 9 жоба іске асырылды.

2022 жылы автомобиль жолдарын салу бойынша жобалар іске асырылмады. 

2-орын. Маңғыстау облысы (96%) екінші орында. Аумағындағы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 3063 км.

Оның ішінде республикалық маңыздағы – 1013 км, облыстық маңыздағы – 1029 км, аудандық маңыздағы – 1021 км.

2022 жылдың қорытындысы бойынша, республикалық маңыздағы автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 94%, ал жергілікті маңыздағы 96%.

022 жылы жергілікті бюджеттен орташа жөндеу жұмыстарына облыстық маңыздағы «С. Шапағатов – Әуежай» автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарына 53,7 млн теңге бөлініп жұмыстар жүргізілді. Қаражат толық игерілді және жұмыстар толық аяқталды. Бұдан бөлек, жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының орташа және күрделі жөндеу жұмыстарына 2022 жылы қаражат қарастырылған жоқ.

Былтыр 198,4 шақырымды қамтитын облыстық және аудандық маңыздағы жолдардағы 10 жобаның жұмыстарына республикалық және жергілікті бюджеттен 6 164,7 млн теңге (республикалық бюджеттен – 4,6 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 1,5 млрд теңге) қолдау көрсетілді және жыл соңына дейін игерілді.

Оның ішінде облыстық маңыздағы МАЭК су жинау каналынан «Құрық» паромды кешеніне дейінгі автомобиль жолын реконструкциялау І және ІІ кезеңдер (61 км), «Ақтау-Форт-Шевченко» 5-29 км (24 км), «Хонда» орталығынан Өмірзақ ауылына дейінгі жол (4,5 км), Ақтау қаласының Өмірзақ елді мекенінен Жылы жағажайға дейінгі автомобиль жолының құрылысы (4,6 км) бойынша жұмыстар жүргізілді.

Маңғыстау ауданында «Жыңғылды – Шайыр - Шерқала» (29 км), «Шетпе-Қызан» (Тасмұрын-Мәстек учаскесі, (36 км), «Шетпе-Қызан» (Мәстек – Қызан учаскесі, 25 км)  жобаларының жұмыстары жүргізілді.

«Басқұдық ауылынан бастап Маңғыстау ауылына дейінгі 10 шақырым автомобиль жолы» (10 км), Басқұдық селосындағы автокөлік жолының құрылысы (4,3 км) жобалары іске асырылды.

1-орын. Жамбыл облысы (97%) елдегі жолы ең жақсы өңір. Пайдаланымдағы автомобиль жолдары (4 338 км) мен елді-мекен көшелерінің желісі (5 662 км) жалпы 10 мың км. Соның ішінде республикалық маңызы бар автомобиль жолдары – 1 198,5 км; облыстық маңызы бар автомобиль жолдары – 1756,2 км; аудандық маңызы бар автомобиль жолдары – 1 383,3 км; елді-мекендер көшелерінің желісі – 5 662 км.

Жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерінің жағдайын жақсарту мақсатында, 2022 жылы республикалық және жергілікті бюджеттерден жалпы 16,2 млрд теңге бөлінген.

Оның ішінде 8,3 млрд теңге – республикалық, 7,9 млрд теңге – жергілікті бюджеттерден. Бөлінген қаржылар есебінен 9,4 км (Тараз қаласы) қайта жаңғыртумен және 605,2 км жолдар орта жөндеумен қамтылған. Атап айтқанда: 194,1 км – облыстық маңызы бар автожолдар; 53,6 км – аудандық маңызы бар; 357,5 км – елді мекен көшелері.

Жыл қорытындысымен «Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың үлесі» индикаторлық көрсеткіші 97%-ды (оның ішінде: 55% – жақсы, 42% – қанағаттанарлық), елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткіш 82% (оның ішінде 60% – жақсы, 22% – қанағаттанарлық).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама