Halyq Uni логотип
×

Ұлттық киім мен хиджаб дауы: Желіде ұлттық киім насихаты белсенді айтыла бастады

Сән дизайнері этностильге деген сұраныс жастар арасында басым екенін айтады

 Ая Өміртай 24.10.2023 | 15:39
Ұлттық киім мен хиджаб дауы: Желіде ұлттық киім насихаты белсенді айтыла бастады
Фото: Jady ұлттық бренді

Республика күні қарсаңында әлеуметтік желілерде жастар арасында қазақтың ұлттық киімін насихаттайтын жаңа челлендж басталды. Осы орайда, Halyq Uni тілшісі сарапшылармен сөйлесіп, қазақтың дәстүрлі киімдерінің маңызы туралы пікірін сұрап білді.

«ҰЛТТЫҚ КИІМ – МӘДЕНИ ӨЗЕГІМІЗ»

Мәселен, 54 жастағы Жадырагүл Жиенғазиева ұлттық нақыштағы авторлық киім брендін аз уақытта көпшілікке танытып үлгерді. Ұзақ жылдар бойы мұнай саласында жұмыс істеген маманның сән саласына ауысып, жеке жобасын танымал етуінің ерекше тарихы бар. 

Ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында ұлттық киімдерді кең насихаттау арқылы материалдық мәдени жетістіктерге жетуге болатындығын атап өтті. 

Ол сән саласына кездейсоқ әрі ұзақ жылғы дайындық арқылы келгенін айтады.

23 жыл мұнай саласында, 11 жыл психология саласында жұмыс тәжірибем бар. 2016 жылдан бері қарай құрақ көрпе тігіп жүргенімде, әртүрлі ұсыныстар түсе бастады. Бір күні құрақ тігісімен өзіме шапан тігіп кидім. Оны көрген таныстарым өздеріне де дәл сондай шапан құрап беруімді сұрап, қолқа сала бастады. Бір-бірінен естігендер, бірді-екілі шапан тіктіріп алып жүрді. Ұзынқұлақтан естіді ме, Астанада «Шапан пати» өткізгелі жатқанын айтып, маған әлдекімдер ұсыныспен шықты. 2021 жылдың соңғы айлары еді. Маталарымды шығарып, он шақты шапан тігіп, дайындап қойдым. Ақпанның кезінде олар іс-шараның өтпейтінін айтып, тағы хабарласты. Ақысы төленбеген он шапанмен отырып қалдым. Содан шапандарды әдемілеп фотоға түсіріп, сатуға шығара бастадым. Артынша олар «Шапан патиді» өткізгелі жатқанын айтып, маған қайта хабарласты. Осылайша 13 наурыз күні Астанада алғаш рет шапандарды үлкен көрсетілімге шығаруға мүмкіндік алдым, - деп бастады әңгімесін Жадырагүл. 

Осыдан соң ел ішінде кішігірім сән көрсетілімдеріне қатысып жүрген оған Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігінен ұсыныс түскен. Маусым айында екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл толуына орай өтетін мәдени бағдарламаға қатысқанын айтады. 

Лондондағы көрсетілімге он шапан тігіп, апардым. Көрсетілім біткен бойда алты шапанымды сатып алып кетті. Қазақстанға қайтып оралған соң, Ақтауда қазақстандық алты дизайнер көрсетілім өткіздік. Ақтауды таңдаған себебіміз, ондағы тұрғындар күнделікті жүріс-тұрысқа қазақы нақышта киінеді. Сол жолғы көрсетілімнен соң Милан, Дубай, Амстердам сапарларына жол ашылды, - дейді ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында. 

Өзінің айтуынша, «Jady» брендінің тез танылуына ұлттық нақыштағы киімдердің ыңғайлы әрі заманауи стилде тігілуі көп ықпал еткен. Ғасырлардан бері жалғасқан салт-сананың көрінісі ұлттық киімдерде жатқанын айтқан Жадырагүл ұлттық қолөнердің терапиялық қасиеті бар екенін атап өтті.

Ұлттық киім – бай тарихи-мәдени мұрамыздың өзегі. Әрине, мен кәсіби тігінші емеспін. Десе де, әу баста шапанды өзіме тігіп кию үшін арнайы тігін курсына қатысқан едім. Сол жерде шапанға астарды қалай тігу керектігін үйрендім. Бұрын тойға көйлектерді қолдан тігіп киіп жүрдім. Минимализм, максимализм сынды көптеген бағыттарды киімге қалай ықшамдау керектігін үйрендім. Ұлттық нақышты, әсіресе ою-өрнекті ерекше жақсы көрем. Ою оя бастаған кезде жан-жағымды ұмытып, бар назарымды соған саламын. Арт терапия бағытында 72 бағыт бар. Біздің құрақ өнері осы арт терапияның неге бір саласы болмайды деген ой мазалады. Үлкен адамдармен осы бағытта сұқбаттар ұйымдастырып, зерттеулер жинастыра бастадым. Қазір сән саласына біржола ойысып кеткендіктен, зерттеулерім тоқтап тұр, - дейді Жадырагүл Жиенғазиева. 

Сән дизайнерінің айтуынша, этностильге деген сұраныс жастар арасында басым. Ұлттық нақыштағы сәнді киімдер арқылы талғам мен тәрбие қалыптастырудың маңызы жоғары екендігін атаған Жадырагүл қоғамдағы кей үрдістерге қатысты былай дейді:

«Мен – қазақпын» деген сезім мені ұлттық сәнді дамытуға әкелді. Сондықтан қайда барсам да, менің аяқ басуымнан, киінуімнен менің қазақ екенімді білсе екен деймін. 1986 жылы университетте оқып жүргенімде жанымдағы түркімен қызы ұлттық көйлегімен сабаққа баратын. Қолымыздан келіп тұрғанда біз де неге өз киімімізді киіп жүрмеске? Кез келген адамның өз таңдауы бар. Ешкім ешкімге пікірін таңа алмайды. Керісінше болған жағдайда бұл ашу-ыза тудырары сөзсіз. Сондықтан, адамдарды күштегеннің орынына өзіміздің әдемі киім киісімізен, ұлттық өнерімізбен тәнті етсек, олар да түп негізіне оралады деп ойлаймын. Мысалы, ою-өрнекпен нақышталған күзгі тренчті хиджаб киген екі қыз сатып алды. Біз жарасымды мәдениетімізбен, сәнді киімімізбен үлгі бола білуіміз керек, - дейді Jady ұлттық брендінің негізін қалаушы Жадырагүл Жиенғазиева.

«ДАЙЫНДАЛА БАСТАУЫМЫЗ КЕРЕК»

Желіде тараған ұлттық киім насихаты бастамасын қолдағандардың бірі – Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи. Депутаттың пікірінше, қоғамда қалыптасқан жағдайға байланысты, әсіресе жастардың бұл тақырыпта белсенді болуы негізді.

Жастар тарапынан осындай ұсыныс болғаннан кейін, челлендж тарату мәселесіне өз тарапымнан қолдау көрсеткенім ғой. Бірақ қалай болғанда да, біз бұл тақырыптан жалтармауымыз керек. Егер елдік, ұлттық, мемлекеттік мүдделердің бір жұдырықтай жұмылуына құлықты болсақ, онда елді ішінен ірітетін жат ағымдарға, басқа да саяси қозғалыстарға, мәселен бірлігімізді, Жаңа Қазақстан құрамыз деген ынтамызды ыдыратуға бағытталған теріс күштерге қарсы азаматтық парызымызбен қарсы күресуіміз керек. Бұл – біздің болашағымыз, бұл – біздің ертеңіміз ғой. Сондықтан мұндай тақырыпқа келгенде елдің ақсақалы ретінде үнсіз қалуыма болмайды деп ойлаймын, - деді депутат Ермұрат Бапи. 

Ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында жат ағымдарға қарсы күрес жан-жақты жүру керектігін, стратегиялық бағыты – ұлттық идея болуы қажеттігін атады. Бұл орайда ұлттық киім ғана емес, жалпы ұлттық идеологияның қалыптасуы сыртқы саяси күштерге, діни күштерге қарсы ең басты инструмент деген пікірде. 

Ұлттық киім дегеніміз – біздің үлкен күресіміздің бір ғана атрибуті. Мен айтар едім, әсіресе атқарушы билікте отырған азаматтарға, егер мемлекетті ұлттық идеологияның  негізінде қалыптастыруды күшейтетін болсақ, біздің ел ешқандай зардап шекпейді. 30-40 жылдары Қазақстанға жер аударылғандарды бір үзім нанымызды бөлісіп қалай қабылдасақ,  басқа елдегі туыстарды өзіміздің ықыласымызға бөлендіре білсек, сол кезде бірлік идеясын қалыптастырамыз деп ойлаймын. Бұл енді бір күннің, бір айдың, бір жылдың шаруасы емес. Бұл ұзақ мерзімге бағытталған мемлекеттік стратегия болуы керек деп ойлаймын, - дейді Мәжіліс депутаты. 

Оның пікірінше, терроризм, экстремизм насихаты мен күшейіп бара жатқан радикализация мәселелерінің алдын алатын кешенді қадамдар қабылдануы қажет. Осы тұрғыда дән және діни бірлестіктер жұмысын реттейтін заңнамаға өзгерістер керек екендігін атап өтті. 

Егер біз Қазақстандағы дін және діни бірлестіктер туралы  заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізетін болсақ, ол елдегі теріс үрдісті қалпына келтіруге ықпал ететін жағдай деп ойлаймын. Біздің елде алып бара жатқандай лаңкестік жағдайлар көп емес қой. Бірақ әр жерде діни сауатсыздықтан, сыртқы күштердің әсерінен, қаржылық мүмкіндіктерін пайдаланған әлдебір саяси, діни сауаты аз азаматтардың тарапынан шыққан теріс қылық болмаса, жаңағы елдің ішіндегі жалпы лаңкестік немесе террористік бағыт үрдіс алып бара жатыр деп ойламаймын. Бірақ біз, әсіресе Оңтүстік Азияда қалыптасқан діни жағдайға қатысты осы бастан қауіп қылып, дайындалуымыз керек. Талибандардың Қазақстанға келіп, үкіметтік деңгейде келіссөз өткізуінің өзі – ойланарлық мәселе. Өйткені бізде заңда «талибандар – экстремистік, террористік ұйым» деп есептеледі. Ал бірақ біздің атқарушы билік оларды қабылдайды. Осы тұрғыда қауіптер бар. Сондықтан ана қатердің бәрі есігімізді қаққан кезде ғана емес, сонау көкжиектен көрінген кезде дайындала бастауымыз керек, - дейді Ермұрат Бапи.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама