Halyq Uni логотип
×

Қанша қаңғыбас ит-мысық бар: иесіз үй жануарларына 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді

Кей өңірде қаңғыбас ит-мысықты ұстайтын панажай жоқ

 Айнұр Шошаева 19.10.2023 | 09:30
Қанша қаңғыбас ит-мысық бар: иесіз үй жануарларына 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді
Фото: Halyq Uni

Өңір әкімдіктері биыл иесіз ит-мысықтарды аулап, күтіп-ұстауға бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлген, деп хабарлайды Halyq Uni.
 
1 қыркүйекте Қазақстанда үй жануарларын тіркеуді міндеттейтін заң нормасы күшіне енді. Соған сәйкес, елдегі барлық ит-мысықты тіркеліп, олардың бәрінде жеке сәйкестендіру нөмірі болуға тиіс. Әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың ит-мысықтарын тіркеу үшін бюджеттен қаржы бөлу көзделген. Елдегі иессіз, яғни қаңғыбас-ит мысықтарды аулап, күтумен жергілікті атқарушы органдар айналысады. Осыған орай, біз өңір әкімдіктеріне сауал жолдап, қаңғыбас ит-мысықтарға қанша қаржы бөліп жатқанын санап шықтық. 

Абай облысының ветеринария басқармасының мәліметінше, өңірде 30 917 иесі бар ит-мысық тіркелген, ал қаңғыбас ит-мысықтардың есебі болмағандықтан, нақты санын анықтау мүмкін емес. Иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын есепке алу (чиптеу) мақсатында облыстық бюджеттік комиссиясына 2 150 ит пен мысықты бірдейлендіруге 1,4 млн теңге қаржы бөлуге өтінім берілген. Биыл бюджеттен қаңғыбас жануарларды аулауға 74,04 млн теңге, уақытша ұстауға 4,358 млн теңге бөлінген.  

Биыл 700 қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстауға арналған жекеменшік панажай ашу жоспарлануда. Қазіргі уақытта 2 000 бас қаңғыбас ит пен мысықты ұстауға есептелген мемлекеттік панажай жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Мемлекеттік панажай құрылысы 2024 жылға жоспарланған және бюджет қаражаты бөлінгеннен кейін басталады. Абай облысы бойынша бүгінгі күні қаңғыбас иттер мен мысықтарға арналған уақытша ұстау пункттері мен панажайлары ұйымдастырылмаған, - деді басқарма. 

Жетісу облысында шамамен 58 мыңға жуық ит-мысықтар бар деп болжанады. Нақты мәлімет жеке және заңды тұлғалардың меншігіндегі ит-мысықтары бірдейлендіру (чиптеу) жүргізілгеннен соң анықталады, дейді.

Әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың меншігіндегі жалпы 5000 басқа жуық ит-мысықты бірдейлендіруге облыстық бюджетен 21 млн.тенге  қаржы қарастырылған. Қазір мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурсқа беріліп нәтижесін күтіп отыр. 

2023 жылы қаңғыбас ит-мысықтарды аулау, күтіп-ұстауға облыстық бюджеттен жалпы 121 млн теңге қаражат бөлінді. Жануарлар үшін панажай және жануарларды уақытша ұстау пункттерін  салу үшін аудан, қала әкімдіктерінің тарапынан уақытша ұстау пункттеріне жер телімдері бөлініп, құрылысын жүргізуге қажетті қаражат көлемін қарастыру бойынша тиісті жұмыстары атқарылуда. Жетісу облысы бойынша уақытша ұстауға арналған 6 орын жасақталған, - деді басқарма. 

Белгілі болғандай, Ақмола облысында шамамен 77 513 ит пен 65 043 мысық бар. Әлеуметтік осал топқа жататын азаматтардын ит-мысықтарын тіркеу және чиптеу үшін бюджеттен 3,5 млн тенге қаржы бөлінді. Бұған 2913 жануарды чиптеу жоспароанып отыр. Қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын реттеу үшін 2023 жылға 96 млн. теңге бөлінген. Жылдың басынан бастап 1 қазанға дейін 4 244 бас қараусыз және қаңғыбас жануарлары ауланды.    

ИТ-МЫСЫҚҚА ЕҢ КӨП ҚАРЖЫ БӨЛГЕН ӨҢІРЛЕР

Ақтөбе облысының ветеринария басқармасы мәліметіне сенсек, өңірде 3 897 бас ит және 691 бас мысық «Таңба» ақпараттық жүйесіне тіркелген. Оның ішінде иесіз 3 261 бас ит және 250 бас мысық стерильденіп, екпе салынып және «Таңба» ақпараттық жүйесіне енгізіліп бұрынғы мекендеу ортасына шығарылған. 

Биыл облыс бюджетінен әлеуметтік азқамтылған азаматтардың ит-мысықтарын тіркеу және чиптеу үшін 65 000 теңге бөлінді. Ол қаражатқа 100 итті тіркеу және чиптеуі қарастырылған. Яғни бір жануарді тіркеп, чиптеу 650 теңгеден шығады.  

Айта кетейік, биыл облыста қаңғыбас жануарларды аулау, уақытша ұстау, бірдейлендіру, стерильдеу жұмыстарына 224,8 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында иесіз ит-мысықтарды ұстайтын панажай жоқ, сондықтан конкурс нәтижесі бойынша жеке кәсіпкерлермен келісім жасалған.

Сонымен қатар қала және аудан орталықтарында қаңғыбас және қараусыз қалған жануарларға арналған панажай және уақытша ұстау пункттерін салу бойынша Ақтөбе қаласы және 9 ауданда 8,18 га жер бөлінді.   

Атырауда 27 916 ит бар, оның 21 520 басы бұралқы санатында. 

Қазіргі таңда жергілікті әкімдіктер мен ветеринариялық стансалар тарапынан 13 254 бас ит ауланып, 1 111 ит бірдейлендіріліп, стерилизация және кастрация жасалып табиғи мекендеу ортасына жіберіліп, 8 961 ит қоғамға қауіпті деп анықталынып ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай жойылды, - деді өңірдің Ауыл шаруашылығы басқармасы. 

Сондай-ақ биыл өңірде әлеуметтік аз қамтылған 500 азаматтың ит-мысығы бюджет есебінен чиптелетін болады.

Айта кетейік, Қазақстан бойынша ит-мысыққа ең көп қаржы бөлген де осы – Атырау облысы. Атап айтсақ, қаңғыбас жануарларды аулау, уақытша ұстау, биозарарсыздандыру жұмыстарын атқаруға жергілікті бюджеттен 317,1 млн теңге қаражат бөлініп, күні бүгінде 111,8 млн теңгесі игерілген екен. 

Төрт аяқтыларға бюджеттен ең көп қаржы бөлген өңірлердің қатарында Астана қаласы да бар. Биыл бюджеттен қаңғыбас ит-мысықтарды аулауға 143,5 млн теңге, уақытша ұстауға 74,4 млн теңге бөлінген. Елордада 24 951 жануар (14 610 ит, 10 338 мысық) «Tanba» жүйесінде тіркелген, оның 9 646-сы қаңғыбас жануар (7 287 ит, 2 359 мысық).

КЕЙ ӨҢІРДЕ ҚАҢҒЫБАС ИТТЕРДІҢ ЕСЕБІ ЖҮРГІЗІЛМЕЙДІ

Еліміздің кейбір өңірінде бұралқы иттердің статистикасы жоқ. Мысалы, Жамбыл облысында 90 170 ит, 6560 мысық тіркелген, иесіз қаңғыбас иттер саны белгісіз. Иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғындардың ит-мысықтарын сәйкестендіруге 525 000 теңге бөлінген, оған 1 750 бас итті қамту көзделіп отыр. Айта кетейік, бір жануарлы чиптеу құны 300 теңгеден шығады, бұл Қазақстан бойынша ең төменгі баға болып отыр. Жалпы, Жамбыл облысында иесіз жануарларды аулауға 50 млн теңге, күтіп-ұстауға 5 млн тенге қаржы бөлінді.

Павлодар облысының Ветеринария басқармасының мәліметіне сәйкес, өңірде бұралқы ит-мысық жоқ. «Таңба»  ақпараттық жүйесінде барлығы 1 329 ит және 1 054 мысық тіркелген. Өңірдегі 2 124 тұрғынның жануары бюджет есебінен чиптелетін болады. Бюджеттен оған қажетті 6,3 млн теңге қаржы бөлінді. Яғни, Павлодар облысында ит-мысықты тіркеп, чптеу құны 2 966 теңгені құрайды. Сондай-ақ осы жылы бұралқы жануарларды аулап, жою үшін облыс қазынасынан 6 млн теңге қаржы бөлінген, ал оларды күтіп, асырауға қаржы бөлінген жоқ. Бұл еліміздегі 20 өңірдің ішінде ит-мысыққа ең аз қаржы бөлген өңір екенін айта кету керек.  

Иесіз ит-мысықтардың есебі жүргізілмейтін өңірдің бірі – Алматы қаласы. Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, Алматы қаласы бойынша «Таңба» ақпараттық жүйесінде 133 306 үй жануары тіркелген, иесіз жануарлардың есебі жүргізілмейді. Сонымен қатар биыл әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарына тегін чиптеу жұмысын жүргізу бойынша ағымдағы жылға қаражат бөлінбеген.  

Бір қызығы, статистикасын жүргізбесе де, биыл қаңғыбас жануарларды аулауға және күтіп ұстауға жергілікті бюджеттен 178,9 млн теңге бөлінген. 

Ұлытау облысында да қаңғыбас ит-мысықтардың есебі жүргізілмейді. Барлығы Ұлытау облысында 1 299 ит-мысық тіркелген.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғындардың үй жануарларын есепке алу үшін облыстық бюджеттің нақтылауында 1,4 млн теңге қаражат бөлінді. Ол қаражатқа 400 бас үй жануарлары қамтылуы тиіс. Бүгінгі таңда, әлеуметтік осал топтары тарапынан өтініш түскен жоқ, - деді әкімдік. 

Жалпы, облыстағы қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жоюды ұйымдастыру үшін биыл облыстық бюджеттен 24,6 млн теңге қаражат бөлініпті. 

БҰРАЛҚЫ ИТТЕР АЗ, ОЛАРҒА БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ КӨП

Ақпараттық жүйеде Қостанай облысы бойынша 1 068 ит пен 792 мысық тіркелген, оның ішінде қараусыз қалған және қаңғыбас 898 ит пен 759 мысық бар. Биыл өңірдегі қараусыз жануарларды аулауға 21,5 млн теңге, сондай-ақ оларды уақытша ұстауға 21 млн теңге бөлінген. Қазіргі күні облыс аумағында 5 жеке панажай және 19 уақытша ұстау пункті бар.

Қарағанды облысында 4 762 үй жануары (3 065 ит, 1 697 мысық) тіркелген. Бүгінге дейін 546 қаңғыбас ит ауланып, бірдейлендіріліп, вакцинация және стерилизация шаралары жүргізілгеннен кейін, бұрынғы мекендеу орындарына шығарылды. Бюджеттен 1,4 млн теңге бөлініп, ол 350 ит пен мысықты бірдейлендіруге жұмсалады. Жалпы, Қарағанды облысындағы ит-мысықтарды аулап, ұстауға 146,7 млн теңге бөлінген. Бірақ облыста ит-мысықты ұстайтын арнайы панажай жоқ, оның себебін әкімдік қаңғыбас және иесіз жануарларға арналған панажайлардың құрылысын жүргізуге арнайы бекітілген нормалар мен талаптар болмауымен түсіндірді. 

«Таңба» ақпараттық сервисінде СҚО бойынша  4 598 үй жануары (2 672 ит, 1 926 мысық) есепке қойылды, оның 250 басы (224 ит, 26 мысық) қаңғыбас санатына  жатады

2023 жылға жергілікті бюджеттен иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын бірдейлендіруге 17,9 млн теңге қаржы бөлінді. 5 000 басқа жуық үй жануарын чиптеу жоспарланып отыр. Биыл қаңғыбас жануарларды аулауды, уақытша ұстауды, бірдейлендіруді, вакциналауды және стерилизациялауды ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 10,8 млн. теңге қаржы бөлінді, - деді облыстық Ветиринария басқармасы. 

Маңғыстау облысында ветиринариялық стансаларда барлығы 2 167 бас ит, 4 бас мысық  тіркелген. Өңірдегі иесіз ит-мысықтарды тіркеу жұмысы жүргізілмегендіктен, олардың статистикасы жоқ.  Алайда қараусыз қалған ит-мысықтарды аулау, уақытша ұстау және зарарсыздандыруға жалпы сомасы  65,7 млн теңге қаржы бөлінген. 

Сол сияқты ШҚО-да 5 460 үй жануары тіркелген, оның 2 142-сі қараусыз қалған. Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңды іске асыру үшін 2023 жылы 84 млн теңге бөлініпті. 

Алматы облысының Ветеринария басқармасының ақпаратына сәйкес, 1 192 бас үй жануары (843 бас ит, 349 бас мысық) мен  1 131 бас қаңғыбас жануар тіркелген (1 129 бас ит, 2 бас мысық). Қараусыз ит-мысықты ұстау үшін облыс қазынасынан 109,5 млн теңге бөлінген. Жыл басынан бастап облыс аумағында 11 080 бас қаңғыбас ит пен 141 мысық ауланып, оның  1 403-і зооқорғаушылар мен иелеріне қайтарылған. 

ИТ-МЫСЫҒЫ КӨП ӨҢІРЛЕР

Қызылорда облысы – ит-мысығы көп өңірлердің қатарында. Ресми статистикаға сенсек, облыста 52 бас ит, 16 бас мысық тіркелген. Сонымен қатар, облыс бойынша 40 771 (32 695 ит, 8 076 мысық) бас ит пен мысық паспортталған. Бұдан бөлек, өңірде шамамен 22 000-ға жуық қаңғыбас ит пен мысық бар деп есептеледі, деді әкімдікте. 

Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғындардың үй жануарларын есепке алу үшін қазіргі таңда 743 230 теңге бөлінді. Осы қаржыға 1845 бас ит, 640 бас мысықты тіркеу жоспарлануда. Жануарларды стерилизациялау, вакцинациялау үшін облыстық бюджеттен қаржы қаралды. Алайда, облыс бойынша жануарларға арналған уақытша ұстау орындары мен панажайлар және бәсекелестік ортада ұйымдастыратын кәсіпкерлердің болмауынан бөлінген қаржы арнайы бюджеттік комиссия шешімімен кері қайтарылды. Облыс бойынша иесіз ит-мысықтарды ұстайтын панажай жоқ, - деді әкімдік. 

Батыс Қазақстан облысының Ветиринария басқармасы үй жануарларын тіркеу дерекқорында 20 441 ит пен мысық тіркелген, оның 14 611-і қаңғыбас жануар.  Әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың жануарларын тіркеу үшін бюджеттен 475 000 теңге (475 үй жануарына есептелінген) бөлу туралы өтінім жолданған. Биыл әкімдік бұралқы ит-мысықтарды аулау, уақытша ұстап, зарарсыздандыру үшін 66,8 млн теңге бөлген. 

Қазақстан бойынша ең көп ит пен мысық Түркістан облысында тіркелген. Өңірде жүргізілген санақ 197 мыңға жуық иесі бар ит пен мысық мекендейтінін анықтаған. Алайда оның ішінде небәрі 646 ит 38 мысық чиптеліп, «Таңба» дерекқор базасына есепке алынған екен. Алайда иесіз ит-мысықтар туралы мәлімет жоқ. Белгілісі, биыл облыс аумағында қаңғыбас ит-мысықтарды аулап жоюға 75,790 млн теңге қаржы бөлінді.  

Сонымен қатар Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы да сауалымызды жауапсыз қалдырмады. «Ветеринариялық қызметтің» мәліметі бойынша, қала аумағында иесі бар 100 мың ит пен 17 000 мысық тіркелген. Бұл дегеніміз қаладағы әрбір 10-шы тұрғынға бір жануардан келеді деген сөз. 

Биыл жыл бері 16 858 бас қаңғыбас ит-мысық үлгілік қағидаларға сәйкес ауланған. Аулау жұмыстары жалғасып жатыр. Иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын үй жануарларын есепке алу үшін, жергілікті бюджеттен қаржы бөлуге өтінімдер берілді. Мәслихат сессиясын күтуде, - делінген жауапта. 

2023 жылы жергілікті бюджеттен қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жансыздандыруды ұйымдастыруға 47 860 000 теңге, оларды күтіп-ұстау үшін 81 783 000 теңге қаржы қарастырылғанын атап өтті.

Облыс әкімдіктері ұсынған деректерді талдай келе, биыл Қазақстанда қараусыз қалған ит-мысықтарды аулап, уақытша ұстау үшін 2 млрд теңгеден астам бюджет қаржысы бөлінгенін байқауға болады.

Бір қызығы, бюджет есебінен әлеуметтік осал топтағы азаматтардың ит-мысығын есепке алып, чиптеу құны әр өңірде әртүрлі болып шықты. Бір өңірден 300 теңге болса, кей өңірде ол қызметтің құны 3 мың теңгеге жуық. 

Еске сала кетейік, жануарларды тіркеу «Таңба» ақпараттық сервисі арқылы жүргізіледі. Үй жануарларын тіркемегендер үшін әкімшілік жауапкершілік қолданысқа енгізілді. Мәселен, ит-мысықты тіркемегені немесе тіркеу нормасын бұзғаны үшін қазақстандықтарға айыппұл салынады. Жеке тұлғалар үшін айыппұл мөлшері 10 АЕК (34 500 теңге), бір жыл ішінде қайталанса 20 АЕК (69 000 теңге).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама