Қазақстанда вейпке толық тыйым салу ұсынылды
Жеке кәсіпкерлер кальянды тұтынуға қатысты ішінара тыйымды елемей отыр
Астанада вейпке республика бойынша толық тыйым салу мәселесі талқыланды. «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбайдың айтуынша, Қазақстан әлемде вейп контрабандасы бойынша 5-орында тұр.
Сондай-ақ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 110-бабы 5-бөлігінде көрсетілген талаптардың сақталмай отырғаны талқыланды. Бұл бапта темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды қоғамдық тамақтану пункттерінде, түнгі клубтарда, дискотекаларда тұтынуға тыйым салынған.
Ирландияда темекіге қарсы заңнаманы бұзғаны үшін 3 000 еуро (1 504 417 теңге), Ұлыбританияда 200-2 500 фунт (115 669 – 1 445 861 теңге), Грецияда 1 500 еуроға дейін (752 209 мың теңгеге дейін) айыппұл салынады. Бізде жеке тұлғаға 15 АЕК айыппұл салынады, оны бірнеше күн ішінде төлесе айыппұл сомасы екі есе қысқарады. Осылайша 25 мың теңге болады. Ал кальян ұсынатын мейрамханалар бір түнде 3 млн теңге табыс табады. Қазақстанда айыппұл сомасы аз, сондай-ақ кәсіпкерлер жауапкершілік алмайды, - дейді Серік Ақылбай.
ЖЕКЕ КӘСІПКЕРГЕ ШАРА ҚОЛДАНЫЛМАЙДЫ
Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті департаменті басқарма басшысының орынбасары Азамат Күрімбаевтың айтуынша, темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар заттарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын қоғамдық орындарда тұтынуға тыйым салынған. Сондай-ақ кәмелет жасына толмаған балалар демалатын орындарда, түнгі клубтарда қолдануға болмайды.
Бұл тыйымды бұзған жеке тұлғаға 15 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Ол – 52 мың теңге. Мұндай жағдай қайталанса, 20 АЕК айыппұл салынады. 2023 жылдың басынан бері полиция 13 мыңнан аса құқықбұзушылық тіркеді. Бұл жерде Қазақстанда темекі өнімдерін тұтынуға, оның ішінде кальянға да толық тыйым салынбағанына назар аудару қажет. Белгілі бір орындарда қолдануға ішінара тыйым салынған. Яғни, сатып алу, сату, үйде тұтынуға тыйым жоқ, - деді Азамат Күрімбаев.
Оның сөзінше, Қазақстан заңнамасында кальянды тұтынуға ұсынатын жеке кәсіпкерлерге жауапкершілік қарастырылмаған.
Жауапкершілікке жеке тұлғалар тартылады, ал кәсіпкерлік субъектісі тыс қалады. Көп жағдайда жеке кәсіпкерлер шағын және орта бизнесті тексеруге қатысты жарияланған мораторийге сүйеніп кальянды ашық түрде саудаға шығарған, - деді Күрімбаев.
Серік Ақылбай мұндай жағдайда заңға қажетті өзгерістер енгізу қажет екенін айтты.
Темекі өніміне (вейп) толық тыйым салынса, контрабанда жолымен, басқа жолмен кіргізілмек болған өнім бірден анықталады. Бұл қылмыс болып саналады. Толық тыйым салынса, контрабанда да болмайды, - дейді Серік Ақылбай.
Әкімшілік полиция комитеті департаменті басқарма басшысының орынбасары Азамат Күрімбаев қазір вейпке толық тыйым салу мәселесі талқыланып жатқанын, мұндай өзгеріс енгізілсе заңсыздықтың жолын кесуге полицияның мүмкіндігі бар екенін айтты.