Halyq Uni логотип
×

Мектепке хиджаб киіп барып жүрген бір де бір оқушы жоқ – министрлік

Мектеп талаптарын орындамаған ата-анаға 17 250 теңге айыппұл салынады

 Айгерім Таубай 10.10.2023 | 12:40
Мектепке хиджаб киіп барып жүрген бір де бір оқушы жоқ – министрлік
Фото: Halyq Uni

Ел мектептерінде хиджаб киіп барып жүрген бір де бір оқушы жоқ. Мұндай деректі Оқу-ағарту министрлігі Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында ұсынды.

Редакция министрлікке хат жолдап, 2022-2023 және 2023-2024 оқу жылында қанша баланың мектепке хиджаб киіп барып жүргенін нақтылауды сұрады.

2023-2024 оқу жылында мектептерде оқушылардың хиджаб кию фактісі тіркелген жоқ, - деп жауап берді министрлік.

Тіпті былтырғы оқу жылында да мұндай жағдай тіркелмеген.

АТА-АНАҒА 17 250 ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНАДЫ

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-бабының 4-тармағына сілтеме жасады. Бұл жерде Қазақстанда білім беру және тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлінген деп көрсетілген.

«Білім туралы» Заңының 49-бабы 2-тармағының 6-тармақшасына сәйкес ата-аналар мен өзге де заңды өкілдері білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды орындауға міндетті.

Білім алушылар мен тәрбиеленушілер мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес білімді, шеберлікті, практикалық дағдылар мен біліктілікті меңгеруге, ішкі тәртіп ережелерін сақтауға, білім беру ұйымының жарғысында және білім беру қызметтерін көрсету туралы шартта көзделген басқа да талаптарды орындауға міндетті, - делінген ресми жауапта.

Діни атрибутика элементтерін (хиджаб пен орамал) қосу, орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзу деп саналады.

Министрлік мектеп формасына қойылатын зайырлы талаптарды сақтау бойынша қандай жұмыс жүргізіп жатқанын да түсіндірді.

«Ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттарын ескере отырып және білім берудің гуманистік және дамытушылық сипатына баса назар аудара отырып жүргізіледі», - делінген жауапта.

Ата-аналарға міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабында қарастырылған. Бұл баптың 2-бөлігінде Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің Қазақстанның білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы ескерту жасауға немесе 5 АЕК айыппұл салуға әкеп соғады делінген.

«ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ҚЫЗДАР МЕКТЕБІ» ӘЛІ ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР

Оқу жылы басталмастан бұрын Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының «Қазақ ұлттық қыздар мектебінің» жұмысын тоқтатқаны хабарланды. Алайда министрлік сот шешімі әлі заңды күшіне енбегендіктен мектептің жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.

«Қазақ ұлттық қыздар мектебі» ЖШС 2022 жылдың 18 маусымында заңды тұлға ретінде тіркелген. Алайда лицензияны және лицензияға қосымшаны алмастан білім беру қызметімен айналысып, Атырау қаласында 2022-2023 оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап 117 баланы (7 сынып) қабылдаған. Осылайша жекеменшік білім беру ұйымы ретінде жұмысын бастаған.

2003 жылдың 2 мамырында Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына мектептің қызметін тоқтату туралы талап арыз жолданып, 2023 жылғы 13 шілдеде мектептің қызметін тоқтату туралы шешім қабылданды. Алайда аталған мектеп сотқа аппеляциялық шағым бергендіктен, қызметі тоқтатылған жоқ, - деп жауап берді Оқу-ағарту министрлігі.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы қазанда іс бойынша аппеляциялық шағымды қарап, сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші саты соты іс бойынша дұрыс, заңды және негізді шешім қабылдаған деген қорытындыға келді. Сот шешімінің күшін жоюға негіздер анықталмаған, - делінген ақпаратта.

МИНИСТР МӘЛІМДЕМЕСІ

2023 жылдың 10 қазанында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев хиджаб киетін балалардың мектепке бармай отырғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Бұл мәселе қазір толық шешілді. Ата-аналар мектептің бірінші міндеті – сапалы білім беру және тәрбие екенін түсіне бастады. Біз біреуін екіншісімен шатастырмауымыз керек, - деді Ғани Бейсембаев.

Бұған дейін білім саласындағы сарапшы Аятжан Ахметжан мектепке жыл сайын 10 мың баланың хиджаб киіп баратынын айтты.

Бір қалада мыңдаған бала бар. Бізде 20 өңір бар. Бізде заң бар, бұйрық бар, алайда орындалуы қиын. Себебі біз салдарымен күресеміз. Себебі не? Неге қоғам діни радикализмге ұрынды? Қазір хиджаб кию шу болып жатыр. Екі-үш жылдан кейін жұма намазға бару шу болады. Сабақты алып тастап, жұма намазға жіберіңдер дейді. Тағы уақыт өткен соң мектепте намазхана ашу керек дейді. Мемлекеттік идеологияны жұмыс істеу керек. Діни радикализммен күресудің жолдарын жасау керек. Біздің балалар құндылықтар соғысының құрбаны болып жатыр, - дейді Ахметжан.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, мектептегі хиджаб мәселесімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті немесе Қауіпсіздік кеңесі айналысуы керек.

«Бұл Қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібіне қойылатын мәселеге айналды. Жыл сайын тамызда бұл мәселе тұрақты түрде көтеріледі. Осы тақырып арқылы елде ислам фундаментализмінің белгісін көреміз. Бұл бастауы ғана. Оқу-ағарту министрлігі екі оттың ортасында қалып отыр. Тұрақты түрде іс-қимыл жасайтын ата-аналардың артында үлкен ұйымдастырушы күш бар. Оған сенімдімін. Сол ата-аналармен жұмыс істеп жатқан құзырлы органдардың қарасы көрінбей отыр», - дейді Абзал Құспан.

Министрлік елдегі балалардың мектепке баруын қамтамасыз етуге міндетті. Алайда олардың қолында билік жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама