Қазақша ым-ишара тілі жеке стандарт болып бекітілмеген: саңырау балалардың тілі орысша шығып жатыр
Маман ым-ишара тілін түсінетін жүйе ойлап тапты
Елімізде 30 мыңнан аса саңырау және 17 мыңнан аса зағип азамат бар. Мамандардың айтуынша, бұл – тек ресми ақпарат. Оларға ай сайын мүгедектігі бар азамат ретінде жәрдемақы төленеді. Есту қабілеті нашарлаған адамға жылына 60 сағат сурдоаудармашы көмек көрсетеді. Ал зағип жандардың жанында тәулігіне 8 сағат көмекшісі болады. Кейінгі жылдары қазақстандық ғалымдар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қоғамдағы басқа адамдармен қарым-қатынасқа түсу, түсінісу жеңіл болуы үшін жүйе ойлап тапты. Halyq Uni тілшісі мүгедектігі бар азаматтардың қандай мәселемен бетпе-бет келетінін және жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін білді.
ҚАЗАҚША ЫМ-ИШАРА ТІЛІ ЖОҚ
«Қазақстан саңыраулар қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Сайлаугүл Омарханованың айтуынша, есту және сөйлеу қабілеті нашарлаған азаматтарға қатысты маңызы мәселенің бірі – білім алу. Тағы бір мәселе – қазақ тілі ым-ишарасының болмауы. Қазір олар орыс ым-ишарасы негізінде сөйлейді.
Қазақстанда құлағы естімейтін, сөйлеу қабілеті төмен 30 мыңнан аса адам тұрады. Оның ішінде 16 мың адам қоғамдық бірлестікке мүше. Негізгі мақсат – құлағы естімейтін, сөйлеу қабілеті төмен адамдардың заңды құқығын қорғау, қоғамдық белсенділігін арттыру, жұмыспен қамтамасыз ету. Жалпылай алғанда әлеуметтік жағынан көмек көрсету. Құлағы естімейтін адамдардың қазір алып жатқан білімінің сапасы төмен. Қазақстанда ұлттық ым-ишара тілі жоқ, қабылданбаған. Ым-ишара тілі – құлағы естімейтін, сөйлей алмайтын адамдардың ана тілі. Құлағы естімейтін көп адам осы елде тұрса да, қазақ тілін білмейді. Өйткені мектептен бастап ым-ишара тілі орыс тілі негізінде болған. Республика бойынша Қызылорда облысы және Шымкент қаласында ғана құлағы естімейтін азаматтар қазақша сөйлей алады, - дейді Сайлаугүл Омарханова.
Айтуынша, кейбір ата-ана баласының қазақ тілін білгенін қалайды.
«Кей баланың құлағы жүре кете естімей қалған. Қазақша оқығысы келетін адам көп. Қазақ тіліне қатысты әлі сұрау салған жоқпыз. Осы мәселені көтеруге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Өйткені ым-ишара тілі кей мектепте өтеді, кей білім ордасында мүлде жоқ. 4-сыныптан кейін өтуге методикасы да жасалмаған. Неге біздің балалар білім ала алмайды, неге жақсы мамандық иесі бола алмайды?», - дейді қоғамдық бірлестік президенті.
Қазір барлығы дерлік орыс тіліне негізделген ым-ишара тілінде білім алып жатыр. Маманның айтуынша, бізде қазақша «жест» жоқ.
Қазақша сөз бар, қазақша «жест» жоқ. Мысал ретінде «құрт», «ірімшік» сөзін алайық. Мұның қазақша ым-ишара тілінде баламасы жоқ. Осыны мамандар балаларға насихаттайын десе, бекітілген ым-ишара тілі жоқ. Азаматтардың құқығы шектеліп отыр. Осы мәселе бойынша Оқу-ағарту министрлігімен тікелей жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Өңірлерді аралап, білім берудің неге ақсап тұрғанына сараптама жасаған кезде ана тілімізде ым-ишара тілінің жоқтығынан екеніне көзіміз жетті, - дейді ол.
ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ БЕЙІМДЕЛГЕН ЖҮЙЕ ЖАСАЛДЫ
Қазақша ым-ишара стандарты бекітілмегеніне қарамастан қазақстандық мамандар бұл салада еңбек етіп келеді. Соның бірі – Еуразия Ұлттық университеті жасанды интеллект технологиялары кафедрасының аға оқытушысы Нұрзада Амангелді. Маманның айтуынша, бұл тақырыппен айналысқанына 5 жыл болған. Жүйенің атауы – интеллектуалды сурдо ресурстар кешені. Мұнда мамандар бірнеше өнім ұсынып отыр. Олар: интеллектуалды тренажерлер, сурдо аударатын жүйелер және мобильді қосымша.
Бастапқыда бұған ғылым емес, жоба ретінде қарадым. Есепті шешу барысында қазақ ым-ишара тілінің жеке стандарты жоқ екенін білдік. Кеңес одағының отарында болған мемлекеттердің өз ым-ишара тілі жоқ, бәрі орыс ым-ишара тілінде сөйлейді. Табиғи тілде өзгерістер болды, ал қазақ ым-ишара тілі жоғалып кеткен. Докторантурада оқып жатқандықтан әлемдік рейтингтегі журналға мақала жариялауымыз керек болды. Соның барысында «қазақ ым-ишара тілі жоқ, оны қалай танып жатырсыз?» деген жауап алдым. Оңтүстік өңірдің тегіс қазақша сөйлейтіні белгілі, «ол қалай жоқ?» деген сұрақ туды. Бұл жерде тілден бұрын ақпарат визуалды түрде беріледі. Ақпаратты көз арқылы қабылданады, - дейді ол.
Содан кейін мамандар қазақ, орыс, түрік, ағылшын ым-ишара тілінен 1 024 сөзді таңдап, сөздерді көрсетілуі бойынша салыстырып шыққан. Нәтижесінде қазақ тіліндегі сөздердің 38%-ының ерекшелігі бар екенін анықтаған. Соны жеке мақала ретінде жазып, қазақ ым-ишарат тілін зерттеуге толық құқығым бар екенін дәлелдедім, дейді Нұрзада Амангелді.
Айтуынша, «ақсақал», «бәйбіше», «жирен» деген сөздер басқа тілде жоқ, тек қазақ тіліне тән сөздер. Көрсетуіне қатысты орыс тіліне кей сөздің ұқсастығы бар, алайда дәлме-дәл сәйкес келе бермейді.
Қазақ тілінің 42 әріптен тұратын дактильді әліпби бар. Мен филолог емеспін, IT маманы, математикпін. Ым-ишара тілін зерттеген филологтарды іздестірдім, интернеттен де қарадым. Ым-ишара деп алып, «иә», «жоқ» туралы жазған мақалалар бар екен. Ым-ишара тілін зерттеген филологтармен жолыға алмадым, - дейді маман.
Бұл жоба – есту және сөйлеу қабілетінде шектеу бар оқушы, ересек адам мен басқа адамдардың бірін-бірі түсінуіне арналған жүйе.
Шетелге барған кезде тіл білмесек, google аудармашыны қолданамыз. Сол секілді жүйе денсаулығы қалыпты адам мен шектеуі бар адамның арасындағы коммуникацияға көмектеседі. Жүйе жасанды интеллектке негізделген. Ол базасын үнемі кеңейтіп отыруды қажет етеді. Жасанды интеллект болғандықтан, бастапқыда 50 сөз таңдап алдық. Бұл сөздерді математик ретінде 4 топқа бөлдік. Яғни, жиі қолданылатын сөздер емес, көрсетілу формасы бойынша таңдалды, - дейді ол.
Айтуынша, жасанды интеллект ым-ишара тіліндегі бір сөзді түсінуі үшін мамандар камера алдында оны 100 рет көрсетеді. Бұл жағдайда 5 адам ауысып отырады. Себебі әр адамның темпераменті әртүрлі болғандықтан, келешекте әрекетті тану оңай болады.
Қазақ ым-ишара тілі жеке стандарт болып бекітілмеген. Ым-ишара тілінде сөйлейтіндердің ішінде үйрене алғандардың өзі орыс тілінің ым-ишара тілін меңгерген. Жүйені үш тілге бейімдеп отырмыз: қазақ, орыс және халықаралық ым-ишара тілі. Жоспар бойынша осы үш тілден 3 мың сөзден аламыз, - дейді оқу орнының аға оқытушысы.
ЗАҒИПТАРҒА ЖЫЛЫНА ЖАЛҒЫЗ ӘДЕБИ КІТАП ШЫҒАРЫЛАДЫ
Ресми ақпарат бойынша елімізде 17 мыңнан аса адам зағип жандар қатарында тұр. Алайда халықаралық ұйымдар кез келген елдегі ресми статистиканы 2 не 3 есеге көбейтуді ұсынады. Сондай-ақ ел халқының 2-3%-ы көру қабілетінен айырылған азаматтар қатарында болуы мүмкін. Мұндай пікірді Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан айтты.
Нақты саны жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де нақты дерек жоқ екенін айтады. Менің ойымша, Қазақстанда көзі көрмейтін 50-60 мың азамат бар. Оның ішінде кем дегенде 20 мыңы Брайль қарпін қолданады. Бірақ көбі орыс тіліндегі нұсқасын қолданады, себебі қазақша әдебиет өте аз тиражбен шығады. Бұрын республикада 17 арнайы кітапхана болған, қазір облыстар саны артқан соң ол жақта да ашылғаны айтылды. Барлық облыста болғанымен, аумағы шағын. Ең үлкені Алматы, Астана, Атырау, Шымкент, Қызылорда және Ақтөбе қаласында орналасқан. Ал қалған өңірлерде бір не бірнеше кабинет күйінде жұмыс істеп тұр. Азаматтар бар, бірақ кітап пен басқа да ресурстың жоқтығынан кітапханаға барғысы келмейді, - дейді Кенжеғұл Сейтжан.
Депутаттың айтуынша, мемлекеттік тапсырыс аясында кітапханалар аудиокітаптардың санын көбейткен. Алайда кітаптардың 85-90%-ға жуығы орыс тілінде.
«Көз жанарынан айырылған азаматтарға арналған 101 мыңнан аса аудиокітап бар. Олар қазақ, орыс, ағылшын, түрік және басқа тілдерде де қолжетімді. Ал Брайль тілінде 20 мың күбіртік бар. Қалыпты кітаптың бір беті Брайль тілінде 3-4 бетке сыяды. Оны шығару қиын. Брайльді көп оқыған адамның білімі де мол болады, ақпаратты тез жаттайды. Кейінгі жылдары «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі мен республикалық кітапхана бірлесіп, ішкі қолданыс үшін кітаптар шығарады», - дейді депутат.
Республикалық деңгейге оқулық шығарып жүргендер де бар. Алайда жылына бір ғана әдебиет басылып шығады. Кітапханаларда Брайль нұсқасында әдеби кітаптар жоқтың қасы.
Брайль тілін меңгеру өте маңызды. Аудионы бірнеше рет тыңдауы мүмкін, алайда әркім әртүрлі оқиды. Бірі ежіктеп, бірі қате оқиды. Брайль тілінде өзі оқып түсінеді. Кез келген адамға әріп тану маңызды болса, көзі көрмейтін немесе құлағы нашар еститіндер үшін соншалықты маңызды. (…) Көзі көрмейтін азаматтардың көбі массажист болып жұмыс істейді. Екінші орында - дене шынықтыру, параспортпен айналысады. Үшіншісі - тарих ғылымдар. Төртіншісі - заңгерлер, гуманитарлық бағыттағы мамандықтар, - дейді депутат Кенжеғұл Сейтжан.
САҢЫРАУЛАР ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САЛАСЫНДА ҒАНА ЖҰМЫС ІСТЕП ЖҮР
«Қазақстан саңырау қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Сайлаугүл Омарханова саңырауларға арналған ірі қалалар мен облыс орталықтарында арнайы өндірістік мекемелер бар екенін айтты. Көп жағдайда олар тігінші, жиһаз жасау, жасылдандыру, полиграфия саласында жұмыс істейді.
«Үкімет бекіткен тізім бар. Құлағы естімейтін он шақты ғана адамның арнайы мамандығы бар. Кейбірі басқа өңірлердегі филиалға төрағалық етеді. Олар білімді болса, бас басқармаға да жұмысқа алуға дайынбыз. Елімізде барлық өңір балабақшамен қамтамасыз етілмеген. Мемлекеттік балабақша болмаса да, соның ішінен бір топ беруді сұрап отырмыз. Өйткені балабақшада еңбекке баулу, тіл үйрету сол жерден басталады. Ол жағы ақсап тұр. Балабақшадағы тәрбиеші ым-ишара тілін білмейді. Ым-ишара тілін үйрететін маман шығаратын оқу орны жоқ. Мұғалім де, тәрбиеші де ым-ишара тілін білуі керек. Басқа мемлекеттерде ым-ишара тілінің статуысы жоғары. Бізде ондай статус жоқ», - дейді Омарханова.
Құлағы естімейтін адамға Үкімет тарапынан көрсетілетін көмектің бірі – маманмен 60 сағат жұмыс. Ауруханаға барса, сурдоаудармашы бірге жанында жүреді. Білім алып, оқу үшін жастарға 60 сағат жетпейді.
Ал Нұрзада Амангелді сурдоаудармашылардың басым бөлігінің ұл-қызы, немересі сөйлей алмайтынын айтады. Яғни, қажеттілік болғандықтан арнайы 4 жыл білім алған. Әрі қарай білімін пайдаланып, басқа ата-аналарға көмектеседі.
Мамандар базада 2,5-3 мың сөз бар екенін айтады. Ым-ишара тілінде қолданатындардың өзі әртүрлі сөйлейді. Әрқайсысы әр жерден үйренген. Біздің жүйе соның бәрін бір жүйеге келтіруге мүмкіндік береді, - дейді ол.
Нұрзада Амангелді Ғылым қорының арнайы конкурсына қатысып жатыр. Айтуынша, жобаның құнын 200 млн теңге деп бағалаған. Сондай-ақ жобаға Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қызығушылық танытқан.
Үш тілден 3 мың сөзден жазып шығамыз деп отырмыз. Жалпы 9 мың сөз. Бір сөзді 100 рет жазсақ, 900 мың сөз шығады. Бұл – ауқымды жұмыс. Сурдоаудармашылар 2 сағаттық жұмысты 15 мың теңге деп бағалайды, - дейді Амангелді.
Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев те мүмкіндігі шектеулі баланың ата-анасы сол саланы зерттеп, қалай жұмыс істеу керек екенін меңгергенін айтты. Тіпті кейбірі арнайы орталық ашады. Осындай жағдайда мемлекет балалармен жұмыс істей алатын ата-ананың тәжірибесін пайдалануы қажет. Алайда көп жағдайда шетел методикасын пайдалануға ден қояды.
Қазақстандықтар қай тілде сөйлейтінін өзі шешеді. Мүгедектің оңалту бағдарламасына сәйкес, есту қабілеті нашарлаған адамдарға мемлекет тарапынан аудармашы беріледі. Алайда оның бекітілген мөлшері бар – жылына 60 сағат. Бұл уақыт бір ұйымға баруға ғана жетеді. Егер адам білім алатын болса, бөлінген уақыт жетпейді. Мұндай жағдайда бөлінген уақытты көбейту керек немесе жаңадан шыққан технологияларға бет бұру керек. 2-3 жыл бұрын бұл мәселе көтеріліп, видеоқоңырау арқылы қызмет пайдалану жобасы іске қосылған еді. Естуімше, бұл жоба тоқтап қалды, - дейді Ерлан Әбдиев.
МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАР АГЕНТТІГІН ҚҰРУ ҚАЖЕТ
Депутат Ерлан Әбдиев мүмкіндігі шектеулі азаматтардың басын қосатын, мәселелерін жан-жақты қарайтын орталық ашуды ұсынып отыр.
Ол орталық ведомствоаралық болуы қажет. Мүгедектігі бар әр адамның түрлі мәселесі бар. Осы салада жүрген белсенділердің бір бөлігі инклюзивті білім беру саласына назар аударса, енді бірі жобалық институт қажет дейді. Ол орталық агенттік ретінде ашылуы керек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департамент ретінде ашпақ. Бірақ департаменті қажет күшке ие бола алмайды. Ол тікелей президентке бағынатын агенттік болуы қажет, - дейді Мәжіліс депутаты.
Ерлан Әбдиев лауазымды қызметтерде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көбейгенін қалайды, алайда мұндай азаматтардың басым бөлігінің білімі сай келмейді.
«Тағдырластарымды топ менеджер, тіпті вице-министр қызметінде жұмыс істегенін көргім келеді. Әлеуметтік саланың вице-министрі мүгедектігі бар азамат болсын деген талап бар. Бірақ кандидаттарды қараған кезде адам табылмайды. Көп адамның жоғары білімі, енді бірінің жұмыс өтілі жоқ. Оны шешу үшін мамандарды дайындауымыз керек. Оқуға түсіріп, жұмысқа орналастыруымыз керек. Әріптестеріміз мемлекеттік қызметкерлердің 1%-ы мүгедектігі бар азаматтар болуы керек деген бастаманы көтеріп жүр», - дейді депутат.