×

Nobel Fest 2023: Соңғы 20 жылда ашылған ғылыми жаңалықтар мектеп оқулықтарына енбеген

Мектеп оқулықтар мен тарихи шыңдықтың арасында үлкен алшақтық бар, дейді тарихшы

 Айнұр Шошаева 06.10.2023 | 10:35
Фото: Halyq Uni

Мектептегі Қазақстан тарихы пәні совет дәуірінде қалыптасқан стереотиптермен оқытылып келеді. Nobel Fest 2023 халықаралық ғылым мен білім фестивалінде Қазақстан тарихында жаңа ашылған жаңалықтар айтқан белгілі тарихшы Жақсылық Сәбитов осындай пікір айтты, деп хабарлайды Halyq Uni

Біздің мектеп оқулықтарында қалыптасқан стериотиптер бар. Мектеп оқулықтар мен тарихи шыңдықтың арасында үлкен алшақтық бар. Себебі мектеп оқулықтары мемлекеттік стандартпен жазылады. Олардың барлығы 1990-2000 жылдар аралындағы стандартпен жазылған, ал кейінгі 20 жылда ашылған жаңалықтар мектеп оқулықтарына енгізілмеген, - деді тарихшы. 

Қазір жеті томдық Қазақстанның академиялық тарихы кітап шығып жатыр. Сол кітап шыққан соң мектеп оқулықтары жаңадан жазылатын болады. 

«Өткен шақта қандай да бір оқиға болса, ол тарихтың бір паршасы болып саналады. Біздегі тарих пәнінде тарихтың өзі жоқ. Неліктен біз осы жағдайға келдік? Өйткені Ресейдегі мектеп оқулықтарында 3 немесе 6 актілі фактілерді келтіреді. Экспоцизия, даму сатысы, кульминациясы мен ең соңында қорытынды сәті бар. Бүкіл тарихи оқиғаларды осындай кезеңдермен бейнелеп береді. Өкінішке қарай, Қазақстанда ондай конструкция жоқ. Біз тарихта аты аталатын бір тұлғаның қандай адам екенін білмейміз. Әйтеуір бір басшы, керемет тұлға болған деп сипаттайды, бірақ ол туралы нақты факті таппаймыз», - деп толықтырды сөзін. 

Тарихшының айтуынша, соңғы 20 жылда ғылымда үлкен өзгерістер болған. Тек сол өзгерістер мектеп оқулықтарына енбей отыр. 

Мысалы, Ресей мен Қытайдың оқулықтарын қарайтын болсақ, бізде дефрагмантация барын байқауға болады. Өзбек тарихы, Ақорда, түркеш, қарлұқ қағанаты шартты түрде мемлекет болған. Ресей мен Қытайдың тарихында ол династия ретінде қарастырылады. Бұрынғы империялық пиғылдағы Қазақстан тарихын қалыптастыратын ұстанымдар біздің тарих туралы түсінігіміздің ішінде араласып жүргенін көруге болады. Мысалы, қарлұқтардың тарихын алсақ оған дейін қараханидтер тарихы болды. Бұлардың бәрі бір ғана мемлекет болған, бірақ бізде екі мемлекет ретінде көрсетеді. Қазақстан исламды қабылдағаннан кейін басқа мемлекет ретінде қабылдай бастады. Осылайша Қазақстанның оңтүстік-шығысында екі мемлекет болғандай тарихи біздерге бұрмалап көрсетеді. Бұл дұрыс тарихи танымға жатпайды, - деді Сәбитов. 

Сонымен қатар ғалым қазақ тарихына қатысты табылған бірқатар деректерді мысалға келтірді. 

Жәнібек пен Керей 1707 жылы Қытайдың деректерінде олар туралы айтылған екен. 1549 жылы олар Жетісуда, Іледе болып, Сайрамда қазіргі Шымкенттің аумағында хандығын құрғаны туралы айталады. Бізде осындай түрлі мәлімет бар. Мәселен, Түркістанда табылған монета қушан патшалығына тиесілі болып шықты. Яғни б.з.д. ІІ ғасырында Түркістан тұтас экономикалық жүйенің бөлігі болған дегенді білдіреді. Сол сияқты  Алтын орданың монетасының тарихын алатын болсақ, бүкіл әлемде миллионнан астам алтын ордалық монета бар. Олар біздің тарихымыздың бір бөлшегі, бірақ олар туралы оқулықтарға кіре бермейді, - деді ол. 

Сонымен қатар былтыр Алматы аумағынан үшінші қазына табылғанын атап өтті. Ол қазына тарихи көп жаңа деректерді ашқанын атап өтті. 

«Өкінішке қарай, оны қазған адамдар ғылымға аса жаны ашымайтын болуы керек, табылған қазынаны қара нарықта сатып жіберген. Тек оның үштен бір бөлігі ғана ғалымдардың қолына жетті. Соларға қарап-ақ қаланың қай кезде өмір сүргенін, ол қаланың гербі мен саудасы, неліктен оның аяқталғанын біле аламыз. Сол қазына табылған соң Алматы қаласы сол кезеңде Таулы гигант ауданында болған деп топшалауға болады. Себебі осы уақытқа дейін қаладан табылған қазынаның үшеуі де бір-біріне жақын орналасқан. Сонымен қатар қазыналарды зерттей келе алғашқы монета 1277 жылы шыққан, ал орта ғасырда обаның тарауына байланысты қаланың тіршілігі тоқтағаны байқалады. Біз әрдайым бірдеңе тапқан кезде жаңа бір дерек көреміз. Мысалы Сығанақтың бұған дейін беймәлім болып келген жаңа бес ханының монетасы туралы зерттеу жарияланды. Яғни монетаның өзі жазба дерек болмаса да, белгілі бір кезең туралы көп мәлімет береді», - деді тарихшы.

Бұған қоса, мектеп оқулықтарында жиі кездесетін тарихи мифтерге тоқталып, оларды жоққа шығаратын нақты ғылыми дәлелдерді мысалған келтірді. 

Мектеп оқулықтарындағы кездесетін советтік мифтің бірі – скиф-сақтардың әлемі туралы аңыз: Саян-Алтайдан Дунайға дейінгі аралықта болды дейді. Генетика зерттеулері скиф-сақ әлемінің болмағанын білдіреді, ол бар болғаны бір-біріне аса ұқсамайтын бөлшектелген халықтардың тізбегі болғанын дәлелдеп отыр. Олардың материалдық мәдениеті ғана ұқсас болған, бір ортақ мәдениеттің болуы генетикалық туыстықты білдірмейді. Мысалы, бізден кейін археологтар қазба жұмыстарын жүргізетін болса ұялы телефон мәдениеті болды деген шешімге келуі мүмкін. Бірақ бұл адамды еш сипаттамайды, бар болғаны материалдық артефакт. Генетиктар скиф-сақ генетикасын зерттеп ортақтық жоқ екенін анықтады. Әртүрлі халықтар бар, батыс және шығыс халықтары ерекшеленеді. 2017 жылы неміс ғалымдары шығыс скиф-сақтары орталық Қазақстанда тұрған, олар қазіргі қазақ, қырғыз, батыс түріктердің және татарлардың арғы атасы болады дейді. Генетикалық зерттеулер жаңа пайым береді. Сондай-ақ Ақорда туралы миф бар, жеке мемлекет болған дейді. Шоқан Уәлиханов бұл мифке қарсы күресті, Ақорда мемлекет емес, хан тұрағы болғанын жазып кетті. Бату ханнан бастап Абылай ханға дейін ханның резиденциясы Ақорда деп аталған. Бірақ бұл әлі де оқулыққа кірмеген, - деп қосты Жақсылық Сәбитов. 

Еске сала кетейік, Астанада Nobel Fest 2023 фестивалі өтіп жатыр. Nobel Fest-  Нобель сыйлығының лауреаттарымен, көрнекті ғалымдармен және сарапшылармен пікір алмасуға және білім алмасуға арналған бірегей платформа.

Нобель фестивалінің басты миссиясы – жаһандық білім мен ғылымды әлемнің кез келген бұрышына қолжетімді ету.

Білім, ғылым және инновацияларды дамыту бойынша Нобель фестивалінің миссиясын отандық және халықаралық ұйымдар, оның ішінде фестивальдің бас серіктесі, Қазақстанның ең ірі қоғамдық қорларының бірі «Altyn Qyran Foundation» қолдап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама