Halyq Uni логотип
×

Биыл жемшөп жете ме: Қажетті мал азығының 75%-ы ғана жиналды

Жалпы 37,8 млн тонна жемшөп қажет

 Айнұр Шошаева 25.09.2023 | 09:55
Биыл жемшөп жете ме: Қажетті мал азығының 75%-ы ғана жиналды
Коллаж: Halyq Uni

Елімізде алдағы қыстық кезеңге мал азығының қалай жиналып жатқаны белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni

Биыл жылдың 1 қыркүйектегі дерегі бойынша, елімізде 9 486,5 мың бас ірі қара мал, 25 011,9 мың бас қой мен ешкі, 808,3 мың бас шошқа бар. Сондай-ақ жылқы басы 4 170,7 мыңды құраса, 279,6 мың бас түйе мен 50 899 мың бас құс бар. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, ведомство облыс әкімдіктерімен бірлесіп, 2023-2024 жылғы қыстық кезеңде ауыл шаруашылығы жануарларын азықпен қамтамасыз ету үшін 25,0 млн тонна шөп, 1,4 млн тонна пішендеме, 1,8 млн тонна сүрлем, 4,2 млн тонна сабан және 5,4 млн тонна жем жинау жоспарланған.

Биыл 21 қыркүйектегі жағдай бойынша, 22,7 млн тонна шөп, 1,3 млн тонна пішендеме, 906,0 мың тонна сүрлем, 1 920,0 мың тонна сабан, 1 662,9 мың тонна жем дайындалды. Айта кету керек, Жамбыл (102,4%), Түркістан (101,0%), Қостанай (101,0%), Алматы (99,3%), Жетісу (98,6%), Қызылорда (98,4%) Ақмола (97,9%) және Солтүстік Қазақстан (93,7%) облыстарында шөп дайындау қарқыны жақсы жүріп жатыр, - деп хабарлайды министрлік. 

Яғни, биылға жоспарланған мал азығының әзірге 75%-ы ғана жиналған.

Ведомство сабан, сүрлем және құнарландырылған азықты дайындау қыркүйек айынан басталатынын атап өтті. Сондай-ақ мал азығын дайындау үшін бірқатар шаралар қабылдаған. Мәселен, республикалық жедел штаб жұмысының аясында жергілікті атқарушы органдарының жұмысын координациялау жүргізіліп жатыр. 

Нәтижесінде, әкімдіктермен бұрын бекітілген 11,7 млрд теңге субсидия көлеміне қосымша 3,1 млрд теңге бөлінді және жедел ақпарат бойынша қосымша 7 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Биыл 1 тамызынан бастап «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін одан әрі лизингке беру үшін азық дайындау техникасын сатып алуға қаржыландыру басталды. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 20 млрд теңге бөлінді», - деді министрлік. 

Айта кетейік, биылғы егін жинау кампаниясына 426,0 мың тонна арзандатылған дизель отыны, оның ішінде 58 мың тоннасы азық дайындауға бөлінген. 

«Бұдан бөлек, 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Азық-түлік корпорациясында 235,2 мың тонна көлемінде жемдік қор құрылды. Қажет болған жағдайда жемдік астықтың бұл көлемі мал және құс шаруашылығы шаруашылықтарын арзандатылған бағамен қолдау үшін бағытталатын болады. Бұл ретте, қалыптастырылған жемшөп қоры 2022 жылғы өткізу көлемінен 58% көп. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ желісі бойынша құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлердің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің несие борыштарын ұзарту және қайта құрылымдау мәселесі пысықталуда, - деп толықтырды мемлекеттік орган. 

АШМ егіс алқаптарын әртараптандыру шеңберінде азық дақылдарының алқаптарын ұлғайту мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар шаралар қабылданғанын атап өтті. Мәселен, биыл 2020 жылмен салыстырғанда азық дақылдарының алқаптары 100 мың гектарға 3,1 млн гектардан 3,2 млн гектарға дейін ұлғайған. Азық дақылдарының жалпы жиналымы 4,2%, 2020 жылы 4,6 млн тоннадан 2022 жылы 4,9 млн. тоннаға дейін көбейді. Саланың қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін 2025 жылға қарай азық дақылдарының егіс алқаптарын 3,3 млн гектарға дейін жеткізіп, егіс алқаптарынан азық дақылдарының жалпы жиналуын 6 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл үшін 2022-2025 жылдарға арналған азық өндірісін дамыту жөніндегі жол картасы іске асырылып жатыр. 

Атап айтқанда, жаңа жоғары өнімді сорттар мен будандарды енгізу арқылы азықтық дақылдардың өнімділігін ұлғайту, азық өндіру үшін пайдаланылатын жерлердің мелиорациялық жай-күйін сақтау және жақсарту көзделген. Сонымен қатар азық дайындау техникасы мен суару  жүйелерін сатып алуды қаржыландыру жолымен азық өндірісін техникалық және технологиялық қамтамасыз ету, құрғақ аймақ жағдайында азық өндірісінің шетелдік тәжірибесін зерттеу және т.б. шаралар бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама