Билет құны мен субсидия: мемлекетке жүк болған LRT жобасының ертеңі туралы
Жобаға жауапты мамандардың айтуынша, LRT құрылысының екі кезеңі 2026 жылдың соңына дейін аяқталады
Астанада LRT құрылысы қарқынды жүріп жатыр. City Transportation Systems компаниясы LRT-ны жылдамырақ іске қосу үшін жұмысты екі кезеңге бөлген.
ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ
Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы LRT құрылысын тездетіп аяқтауды тағы бір мәрте тапсырды.
Қаңтарда LRT-ға қатысты жұмысты тездетіп аяқтауды тапсырдым. Нақты мерзімдер айқындалды. Тұрғындарға уәде берілді. Енді осы жобаны дер кезінде аяқтау керек. Бұл жұмысқа біраз қаражат бөлінді. Бірақ, нақты нәтиже жоқ. Көлік мәселесін шешуді соза берсек, қала кептелістен көз ашпайды. Бұл үлкен дағдарыс тудыруы мүмкін, - деп мәлімдеді Тоқаев.
Президент мәселені оңтайлы шешілмесе, экономикалық шығынға тап боламыз деп мәлімдеді. Адамдар уақыт жоғалтады, қалаға экологиялық зиян келеді.
Жыл сайын Астанаға 50-60 мың адам келеді. Бұдан бөлек, күн сайын жақын маңдағы елді мекендерден 150 мың адам келіп кетеді.
Мұның бәрі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға айтарлықтай салмақ түсіреді. Сол себепті көші-қон үдерісін тиімді реттеу қажет, яғни, пәрменді шаралар қабылдау керек. Негізінен, көп адам қалаға жақын жерлерден жұмыс істеуге келеді. Сондықтан бұл саланы нақты реттеп, бақылау күшейтілуге тиіс, - деп тапсырды президент.
ҚҰРЫЛЫС ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖҮРІП ЖАТЫР?
Биыл эстакада мен станцияның темірбетон конструкцияларын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. 1 қарашаға дейін Тәуелсіздік даңғылы мен Шәмші Қалдаяқов көшесінің қиылысындағы құрылыс аяқталады. Бұл маңда балкалар құйылады, ол берік болған соң конструкциялар алынады.
Дәл осындай жұмыс Сауран, Ақмешіт, Түркістан көшелерінің қиылысында да жүргізіледі. Сығанақ даңғылы бойынша Номад тұрғын үй кешенінен Түркістан көшесіне дейінгі учаскедегі көпірге қарай бағытта қозғалыс шектелген.
Бұл – жобаны 2024 жылы сәтті іске қосу үшін қажетті шара. Қазірге дейін Сауран көшесінің қиылысындағы арканы монтаждау аяқталды. Кейін бетонды арматуралау және құю жұмыстары жүргізіледі, - делінген компания ұсынған ақпаратта.
Ақмешіт қиылысында уақытша арка аяқталғалы тұр, содан кейін тіректер орнатылады.
Абу-Даби Плазаның алдында ғимаратқа тікелей қосылатын станция салу да қарастырылған.
LRT-ДА 18 АЯЛДАМА БОЛАДЫ
Нұрсұлтан Назарбаев әуежайынан «Нұрлы жол» вокзалына дейінгі аралықта 18 станция болады. Жұмыстың алғашқы кезеңінде 8 станция іске қосылады.
19 жылжымалы құрамның бесеуі 2024 жылдың соңында іске қосылмақ.
8 станция орналасатын жерлер:
- 101 – әуежай;
- 105 – Қабанбай батыр айналма жолы;
- 107 – MEGA;
- 109 – Ботаникалық бақ;
- 111 – Сығанақ көшесі;
- 112 – Абу Даби Плаза;
- 114 – Ұлттық музей;
- 118 – вокзал.
Жеңіл рельсті көлік жолының ұзындығы 22,4 шақырым болады. LRT қала маңын, жаңа орталық мешітті, MEGA Center аумағын, соның ішінде Назарбаев университетін, ботаникалық бақты, Әбу-Даби плазаны, Министрліктер үйін, Тәуелсіздік алаңы бар Орталық мұражайды және «Мыңжылдық аллеясы» ауданын қамтиды.
Бірінші кешеннің жалпы сомасы – 1 млрд 152 млн доллар немесе жобаның жалпы құнының 61%. Екінші кезеңнің құны – 735 млн доллар немесе жобаның жалпы құнының 39%-ы. Екінші кезең жұмыстары 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған.
ДЕПУТАТТАР ҚАРАЖАТТЫҢ ЖҰМСАЛУЫН БАҚЫЛАЙДЫ
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жобаның құрылысы тағы да тоқтап қалмауы керек деп санайды.
Қоғамдық тұрғыда бақылау болады, біз де құзіретіміз жеткенше бақылаймыз. Астана LRT-ның «жемқорлықтың ескерткіші» деп атайды, оған 100 пайыз келісемін. Қыруар қаражат кетті, бұдан кейін де қыруар қаражат кетеді. Осы саладағы мамандардың есептеуі бойынша Астана қаласына LRT-ның ауадай қажеттілігі шамалы. Бюджет ақшасын негізсіз жұмсауға әкелді, - дейді Сәрсенғалиев.
Айтуынша, жоба аяқталатын болса, бөлінген әр тиынына бақылау жүргізу керек.
Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев та әріптесінің көзіне қосылды. Тіпті «әр тиынына бақылау жүргіземіз» деп уәде берді.
Ал Ринат Зайытов мәжілістегі тиісті комитет бақылау жүргізетінін айтты.
«Аяғына дейін жеткізу керек. Мемлекеттің қаржысын талан-таражға салу, президенттің тапсырмасын орындамауды тоқтату керек», - дейді Мәжіліс депутаты Зайытов.
ЖОЛАҚЫСЫ ҚАНША БОЛАДЫ?
Жобаға жауапты CTS компаниясы LRT іске қосылғаннан кейін жолақысы қанша болатыны айтуға әлі ерте деп мәлімдеді. Себебі бұл – әлеуметтік жоба.
Жоба өзін-өзі ақтау үшін немесе қомақты қаржы табу үшін емес, халықтың ыңғайлы жүріп-тұруы үшін жасалып жатыр. Елімізде көлік туралы заң бар, соған сәйкес жолаушыларды тасымалдауға байланысты қызметтің тарифі белгіленген. Қазір мамандар жолаушыларды тасымалдау құнын есептеп жатыр. Бұл жағдайда LRT нысандарын күтіп-ұстауға қажет шығын мен жолаушылар тасымалына жағдай жасауға бағытталатын шығын ескеріледі, - деп хабарлады компания.
Бұған дейін Есеп комитеті LRT пайдалануға берілгеннен кейін алғашқы жылы субсидияларға 99,38 млрд теңге қажет болуы мүмкін екенін мәлімдеді.