Петропавлда іргесі қаланған нысандардың дені сақалды құрылысқа айналды

Самат Жақып

Облыс орталығындағы аурухана, емхана, театр нысындарының құрылысы уақытынан кешігіп жатыр

фото: Петропавлдағы көпсалалы аурухана құрылысы

Петропавлда құрылысы 2019 жылы басталған көпсалалы аурухананың әлі күнге дейін қабырғалары толық қаланбады. Жоспар бойынша биыл жыл соңында халық игілігіне тапсырылуға тиіс болатын медициналық нысанның құрылысы қазір тоқтап тұр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Шамамен, осыдан үш жыл бұрын «Шығыс» ықшам ауданында арнайы жер бөлініп, 500 орынға арналған соңғы үлгідегі заманауи аурухананың қазығы қағылған болатын. Бұл - «Qyzyljar» экономикалық аймағының негізгі жобаларының бірі еді. Ол мемлекет-жекеменшік әріптестік (ГЧП – авт.) аясында жүзеге аса бастады. Яғни, Түркияның инвесторлары оған қаржы саламыз деп шешті. Заң бойынша емдеу мекемесі салынғаннан кейін, ол алдағы 15 жыл ішінде мемлекет меншігіне өтуі керек. Елорданы есепке алмағанда, бұл JCI жүйесі бойынша салынып жатқан Қазақстандағы алғашқы аурухана. Жеті қабаттан тұратын ғимарат ішінде аурухана, онкологиялық диспансер, перинаталдық орталық, инфекциялық бөлімше, кардологиялық орталық, тері-венерологиялық диспансер және жедел-жәрдем станциясы орналасады деп жоспарланған.

Нысанның жалпы аумағы – 71 мың шаршы метрді құрайды. Тіпті, медициналық кешен аумағында санавиация үшін ұшып-қону алаңы да қарастырылған болатын. Бұдан бөлек түрлі конференция залдары, қонақ үй және дәрігерлерге арналған тұрғын үй салынады дегенде жоспар болған. Медициналық ошаққа қойылатын соңғы үлгідегі қондырғыларда жұмыс істеу үшін Солтүстік Қазақстандық ақ халаттылар Түркия, Германия және Израиль елдерінде біліктілігін арттыруға тиіс еді.

Инвесторлар медициналық кешенді 2,5 жыл ішінде салып беремін деп уәде еткен. Бірақ әзірге олардың ешқайсысы жүзеге аспады. Себебі құрылыс алаңындағы жұмыс тоқтап тұр. Қазір бұл жерден бірде-бір құрылысшыны кездестірмейсіз. Бірнеше блоктан тұратын кешеннің ешбірі толық салынып бітпеген. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы мамандар тапсырыс беруші министрлік (ДСМ – авт.) екенін айтты.

«БЕРЕКЕ» ЫҚШАМАУДАНЫНДАҒЫ ЕМХАНАНЫҢ ДА ҚАШАН БЕРІЛЕТІНІ БЕЛГІСІЗ

2020 жылдың мамыр айында Петропавлдағы «Береке» ықшамауданында жаңа емхананың құрылысы басталды. Сол кездері тапсырысты «Тоир» компаниясы ұтып алған еді. Екі қабаттан тұратын медициналық ошақты тұрғызу 2 миллиард теңгеге бағаланды. Ал оның жалпы аумағы - 7,7 мың шаршы метр. Осылайша, бір мезетте 250 адамды қабылдауға тиіс мекемені мердігер жарты жылдан астам уақытта салып бітіруі керек болған. Кейін медициналық ошақты тапсыру мерзімі 2021 жылдың тамыз айына шегерілді. Бірақ артынша құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жобалық-сметалық құжаттар қайта есептеліп, әкімдіктегілер емхананың биыл көктемде ашылатынына сендірді. Алайда мердігердің құрылыс-монтаждау жұмысын баяу ұйымдастыруына байланысты шаруалар уақытынан тағы кешікті. Қазір құрылысшылар жұмыстың жартысын да еңсермеген. Құрылыс алаңында жүрген санаулы маман тек екінші қабатын өріп жатыр.

«Мен өзім 30 жылдан астам уақыт медицина саласында еңбек етіп, зейнетке шыққан адаммын. Үйім осы емхананың дәл жанында. Терезеден не жұмыс атқарылып жатқанын күнде бақылап отырамын. 2020 жылы құрылыс басталғанда баршамыз қуандық. Бірақ былтыр еш шаруа тындырылмады. Ал «Береке» ауданы уақыт өткен сайын ұлғайып жатыр. Жаппай тұрғын үй салынып жатыр. Көшіп келіп жатқан адамдар өте көп. Қазір солардың барлығы орталыққа сабылады. Себебі мүнда емдеу мекемесі атымен жоқ. Өз басым жаңа емхананы тағатсыздана күтіп жүрмін. Басқа емханаларда кезекте тұрудан шаршамдым», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Айгүл Серғазина.

ЖАТАҚХАНА ҚҰРЫЛЫСЫ ДА ТОҚТАП ТҰР

Емхана құрылысып уақытында тапсыра алмай отырған дәл осы «Тоир» ЖШС 2020 жылы облыс орталығында студенттерге арналған 244 орындық жатақхана құрылысын бастаған. Қазір екі тапсырысты да орындай алмай отыр. Мердігер компанияға қатысты іс сотқа жетті, ал жатақхананы басқа компания салатын болды.

«Жатақхананың құрылыс жұмыстары тоқтатылған. Басты себеп «Тоир» ЖШС-мен жасалған келісімшарттың бұзылуы. Компания өзіне жүктелген міндетті тиісті деңгейде орындамай, құрылыс басқармасы оны сотқа берді. Мәселенің ақ-қарасын сот шешеді. Жуырда жобалық-сметалық құжаттар қайта есептелді. Енді жаңа мердігер анықталса, жұмыс қайта жанданады. Емхана құрылысын «Тоир» ЖШС жалғастырып жатыр. Бірақ келешекте шаруаларды тездетпесе, екінші келісімшартты бұзуға мәжбүр боламыз», - дейді облыстық құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы Майгүл Қажжан.

500 ОРЫНДЫҚ ҚАЗАҚ ТЕАТРЫ САҚАЛДЫ ҚҰРЫЛЫСҚА АЙНАЛДЫ

Облыс орталығында қазақ театры да сақалды құрылысқа айналды. 2018 жылы «Жас өркен» ауданында өнер ордасының іргетасы қаланды. Бірақ осы күнге дейін 3-4 мердігер ауысып үлгерді. Тіпті, бірнеше жыл бұрын құрылыс алаңында жүрген дәнекерлеуші қауіпсіздік ережелерін сақтамай екінші қабаттан құлап, мерт болған еді. Айта кету керек, алғашқыда облыс әкімі Құмар Ақсақалов тетардың салтанатты ашылуында аты әлемге мәшһүр Димаш Құдайбергенов өнер көрсетеді деп мәлімдеген еді. Бірақ 4 жылдан астам уақыт өтсе де, мәдениет ошығында жұмыстардың тек 40 пайызы орындалған. Жалпы ауданы 13 мың шаршы метр болатын ғимаратты салуға қазынадан 3 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген еді. Қазір қаладағы жалғыз қара шаңырақ – Сәбит Мұқанов атындағы Қазақ сазды-драма театры әбден ескірді. Ол 2000 жылдары ашылған. Бір кездері ол ғимарат энергетиктер сарайы болған.

«Алғашында театрда мәрдігер «DBK-Engineering» ЖШС болды. Олармен де келісімшартты бұздық. Осы жылдың наурыз-сәуір айларында жоба құны қайта есептелді. Басқа мердігер табылып, олар шаруаны бастап кетті. Өнер ордасы жыл соңына дейін ашылады деген жоспар бар. Алғашқыда жобаның құңы 3,3 млрд болса, бүгінде - 2,5 млрд теңге», - дейді облыстық құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы.