Halyq Uni логотип
×

«Министрлік екі оттың ортасында қалды»: сарапшылар мектеп формасы, хиджаб дауы жайлы

Білім саласындағы сарапшы жыл сайын мектептерге кемінде 10 мың баланың хиджаб киіп баратынын айтады

 Айгерім Таубай 04.09.2023 | 17:20

Оқу жылы басталар кезде қазақстандықтар арасында мектептерде хиджаб киюге бола ма деген дау туындады. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2016 жылы қабылданған бұйрыққа сәйкес оқушылар мектепке арнайы формамен баруға міндетті екенін мәлімдеді. Алайда білім саласындағы сарапшы Аятжан Ахметжан мектепке жыл сайын 10 мың баланың хиджаб киіп баратынын айтады.

Оқушылардың мектепке хиджаб киіп баруына қатысты сұраққа Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Конституция бойынша Қазақстанның зайырлы мемлекет екеніне сүйеніп жауап берді.

Мектеп те зайырлы болып саналады. 2016 жылы бекітілген оқушылардың (мектептегі) формасы мен киміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар мектепке оқушы формасымен келуі керек. Бұл балалардың бірдей білім алуы үшін жасалып отыр. Сондықтан бұл бағытта өзгеріс жоқ. Бәрі заң аясында әрі балалар мектепке белгіленген тәртіп бойынша келуі керек, - деді министр.

Сондай-ақ Бейсембаев айтқан бұйрықта «мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды» деп жазылған.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, мектептегі хиджаб мәселесімен Ұлттық қауіпсіздік комитеті немесе Қауіпсіздік кеңесі айналысуы керек.

Бұл Қауіпсіздік кеңесінің күн тәртібіне қойылатын мәселеге айналды. Жыл сайын тамызда бұл мәселе тұрақты түрде көтеріледі. Осы тақырып арқылы елде ислам фундаментализмінің белгісін көреміз. Бұл бастауы ғана. Оқу-ағарту министрлігі екі оттың ортасында қалып отыр. Тұрақты түрде іс-қимыл жасайтын ата-аналардың артында үлкен ұйымдастырушы күш бар. Оған сенімдімін. Сол ата-аналармен жұмыс істеп жатқан құзырлы органдардың қарасы көрінбей отыр, - дейді Абзал Құспан.

Министрлік елдегі балалардың мектепке баруын қамтамасыз етуге міндетті. Алайда олардың қолында билік жоқ.

«Ата-ананы жауапкершілікке тартатын билік жоқ, олар тек мәселе көтере алады. Мұның артында тұрақты топ бар. Тіпті сақалды заңгерлер пайда болды. Істі сотқа дейін жеткізеді. Әзірге сотта жеңіліп жатыр. Бала құқығын қорғаймыз десек, ата-аналармен жұмыс істеу керек. Ұлттық қауіпсіздік комитеті олардың артында кім тұрғанын, кім қаржыландырып отырғанын анықтауы керек», - дейді Мәжіліс депутаты.

Айтуынша, мұндай жағдай Атырау өңірінде өршіп тұр. Сондай-ақ депутат осы бағытта жұмыс істеп жатқанын айтты.

Білім саласындағы сарапшы Аятжан Ахметжан жыл сайын мектептерге кемінде 10 мың баланың хиджаб киіп баратынын айтады.

Бір қалада мыңдаған бала бар. Бізде 20 өңір бар. Бізде заң бар, бұйрық бар, алайда орындалуы қиын. Себебі біз салдарымен күресеміз. Себебі не? Неге қоғам діни радикализмге ұрынды? Қазір хиджаб кию шу болып жатыр. Екі-үш жылдан кейін жұма намазға бару шу болады. Сабақты алып тастап, жұма намазға жіберіңдер дейді. Тағы уақыт өткен соң мектепте намазхана ашу керек дейді. Мемлекеттік идеологияны жұмыс істеу керек. Діни радикализммен күресудің жолдарын жасау керек. Біздің балалар құндылықтар соғысының құрбаны болып жатыр, - дейді Ахметжан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама