Қаржы алаяқтарынан ақшаны қайтаруға болады – Нұркен Шардарбеков

Ербол Тұрымбет

Бүгінде «тергеушілер» мен «жұмысқа орналастырушы агенттер» көбейген

Фото: Halyq Uni

Қаржылық сауаттың төмендігінен елімізде алаяқтарға жем болып жатқандар әлі де аз емес. Ал алаяқтар көбіне өзге елде отыратындықтан қолды болған ақшаны олардан қайтару мүмкін болмай қалады. Алайда алданған адамның ақшасын алдыру алаяқтар үшін де оңайға түспейді. Оларға елде отырған дропперлер көмектеседі. Тек сондай көмекшілерін дер уақытында анықтаса ақшаны да қайтару мүмкіндігі туады. Ол үшін не істеу керек және дропперлер неге жазаға тартылмайды? Осы жайында «Қазақстанның қаржылық мәдениеті» қоғамдық қоры директорының орынбасары Нұркен Шардарбеков айтып берді.

- Алаяқтарға алданатындардың картинасы қандай?

- Біріншіден, қаржылық сауаттылық әлі де өте төмен. Біз ғана емес, біз секілді көптеген ұйым қанша жерден айтып, жазып жатқанымызбен, жұрт оны оқымайды, көрмейді.

Қазір көп алданатын егде жастағы кісілер. Ең жарқын мысалы, алаяқтар қоңырау соғып, «балаңыз, немереңіз апатқа ұшырап қалды, тез ақша керек болып тұр» деп алдайды. Өйткені сол апаттан зардап шеккендер арызданғалы тұр деп төндіреді. Ал қоңырау шалған алаяқ өзін тергеуші етіп таныстырады. Мұндай жағдайда қызы немесе баласы «5-6 жылға отыратын» болып қалады және сол сәтте «телефоны тәркіленіп, қолы кісендеулі» отырады. Сөйтіп, үлкен кісілердің әбден зәресін алады. Оның үстіне, бұл жағдайды дәл сол сәтте шешпесе әрі қарай «сотталып кетудің» алдында тұрады. Мұндайда зәрезап болған адам баласына телефон соғуды да білмей қалады. Себебі әлгі «тергеуші» де ешкімге хабарласпау керек екенін ескертеді.

Есесіне, ақшаны алып кететін «курьерлері» дайын тұрады. Айтқан мекен-жайына жетіп келеді. Үлкен кісілер ақшасын көбіне банкте ұстамайды. Алаяқтар да соны біліп алған. Қазір көп тараған алдау әдісі осы болып тұр.

Мұндайда айтарымыз, қандай да болсын қоңырау соқса, сенбеу керек. Себебі тергеушілер олай телефонмен хабарласпайды. Тіпті, бала осындай жағдайға тап болғанның өзінде сөйлесу үшін алдымен полиция бөліміне немесе кабинетіне шақырады. Сондықтан кез келген күмәнді жағдайда алдымен сол туысыңызға телефон шалып, анық-қанығын өз аузынан естіген дұрыс. Себебі ондай жағдай, Құдай сақтасын, дегенмен бола қалғанның өзінде, 1-2 сағатта шешілетін мәселе емес.

Қазіргі көп таралған екінші әдісі жұмыссыз жастар арасында таралған. Мәселен, жұмыс іздеп жүргендер whats-app, telegram арналарда өз телефондарын, аты-жөндерін қалдырады.

Оларды «үш күнде осы арналарда лайк басасың, әр лайк үшін 300-500 теңге төлейміз» деп алдайды. Басында шынымен-ақ 5-6 мың теңге төлейді. Одан соң ауқымын ұлғайта түсіп, көлемді қаражатпен жұмыс істеуге шақырады. Ол жердегі табыс миллиондап саналады. Басындағы азғантай қаражатын алғаннан кейін жастар да сене бастайды.

Сөйтіп, telegram-чатқа кіргізеді. Оның ішінде алаяқтардың өңкей өз адамдары отырады. Онда отырған он шақты адам «мен 300 мың теңгеге техника сатып алдым, балаларға жібердім, олар маған тағы 300 мың қосып берді» дегендей жаза бастайды.

Сосын тағы суреттер жіберіп, сол техниканы басқа жерге қымбатқа сатып, үстінен ақша көретін болады. Сондайға алданған жастар ақшасы болмаса да несие алып, біреудің жеке картасына салып жібереді. Оған кеткен соң ақша қайтпайды, тіпті чаттан да шығарып, бұғаттап тастайды. Сонымен, бітті.

Қазіргі көп таралған алаяқтықтың екі түрі осы. Өйткені, алаяқтар дегеніміз шебер психологтар. Олар ата-әженің немерелеріне қалай қарайтынын және жастардың қаншалық жұмыс іздеп жүргенін жақсы біледі.

- Бәлкім, жұмыс іздеп, шетелге кеткісі келетіндерді аңдитын шығар?

- Ондай да бар, бізге 3-4 адам жүгінді. Айтқандары, инстаграмнан Англиядан жалақысы 1 млн теңгеден асатын жұмыс тауып беретін компания тапқан. Бірақ олар Англия заңы бойынша салықтың бір түрін төлеу керек болған. Көлемі мың жарым доллар. Сосын, оған жол-пұлын қосқанда әрқайсынан шамамен 3 мың доллардан алған. Ақырында не ақша жоқ, не жұмыс жоқ.

- Ірі көлемде қаражатынан айрылып қалғандардан мысал келтіре аласыз ба?

- Шамамен екі апта бұрын Алматыдан бір кісі хабарласты. «Мемлекеттік органнан» телефонына қоңырау шалып тергеуге алынатынын хабарлаған. Артынша «Тергеу комитетінен» бір «полковник» хабарласып, біреулер ақшасын ұрлайын деп жатқанын айтады. Осылай әбден састырып алып, әр банктегі ақшасының бәрін бір есепшотқа салдырған. Сосын anydesk сілтемесін жібереді. Сөйтіп, сол арқылы жалпы көлемі 80 млн теңгесін бір есепшоттан сыпырып алған. Қазір сол кісіге көмектесіп жатырмыз.

- Ұрланған қаражат қаншалық қайтарылып жатады?

- Қазір біз бір әдісті қолданып жатырмыз. Ол бойынша сот шешімдері де бар. Мысалы, сол алаяқтар Ресейде, Украинада, Литва, Латвияда отырады. Олар негізі ақшаны тікелей ала алмайды. Алданған адам ақшасын алдымен басқа Қазақстан азаматына жібереді. Оны «дроппер» дейміз. Дропперлер алаяқтарға көмектесіп жатқанын кейде біледі, кейде білмеуі де мүмкін. Ол ақшаны криптовалюта немесе qiwi-әмиян сынды басқа да құралдар арқылы жібереді. Онда да өз картасымен емес, өйткені ертең тергеу бірден тауып алады.

Енді Азаматтық кодекстің 953-бабында «Негізсіз байлықты қайтару міндетті» деп  тұр. Сол бап арқылы бізге жүгінген азаматтарға көмектесіп жатырмыз. Біздің сол бап бойынша сотқа жолдаған істеріміз бар, ал кей адвокат бұл сатыдан да өтіп, дропперден ақшасын қайтарып алу бойынша сот шешімін алып қойған.

Осындай әдіс арқылы ақшаны қайтаруға мүмкіндік бар. Қазір Жоғарғы соттың сайтында ондай іс көп. Біз де өзіміз он шақты адамның мәселесін қарап жатырмыз. Оларды қыркүйек айына дейін бітіріп, мән-жайын әлеуметтік желілердегі парақшаларымызда жазып, қалай қайтаруға болатынын тәптіштеп түсіндіріп береміз.

- Дропперлер ақшаны қайтара ма?

- Олар бірнешеу болады. Мысалы, қаражат 5 млн теңге болса, алаяқ оны 1,5-2 млн теңгеден әрқайсына бөліп алдырады. Ал алданған адамдар сотқа бергенде сот шешімі шықса, сол дропперлер әрқайсы өзіне тиесілі қаражатты орнына қойып беру керек. Олар көбіне жас жігіттер, ЖОО-ны енді ғана бітірген, әке-шешелеріне әлі де қарайлап, енді жұмысқа орналасайын деп жүргендер. Ал сот шешімі оларға әрдайым кедергі болып тұрады. Соны жауып тастау үшін әке-шешелері тезірек қимылдап, ақшаны қайтарып береді.

Бұл жағдайда дроппердің бәрі куәгер болып өтіп жатыр. Өзім заңгер ретіндегі пікірім, ол дұрыс емес деп санаймын. Бұл жөнінде тергеушілермен де әрдайым сөйлесіп отырамыз. Тергеушілердің айтатыны, өзін дроппер ретінде мойындаса ғана қылмыстық жауапкершілікке тартады.

Бірақ олай болмайды. Өйткені, алаяқтар өздерін Ресейде санкцияға түсіп қалған компания ретінде таныстырады. Сондықтан түскен ақшаны сол қазақстандықтың картасы арқылы алдырғысы келетін болып келістіреді. Сол үшін 10%-ын сыйақы ретінде қалдырады. Сайып келгенде, дропперлердің бәрі олардың алаяқ екенін білмей қалдық деп ант-су ішеді. Соңында дропперлер құр куәгер ғана болып шығады.

- Ендеше дропперлерге қатысты заң талаптарын күшейту керек шығар?

- Қазір сол шаруамен айналысып жатырмыз. Бас прокуратураға да хат жаздық. Қалайда аяғына дейін бітіреміз.