Есеп комитеті Түркістан облысы әкімдігінің жұмысынан олқылықтар тапты
1 млр теңге тиімсіз жұмсалған, көпбалалы отбасыларға арналған 160 пәтерге әлі ешкім қоныстанбаған
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті отырысында Түркістан облысына бөлінген бюджет қаражатын пайдалануға жүргізілген аудит қорытындысы жасалды. Бұл туралы Есеп комитетінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Түркістан облысының орталығын Түркістан қаласына көшіруге және тиісті бюджеттік инвестицияның ұлғаюына байланысты білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, тұрғын үй, көлік және инженерлік коммуникация, көгалдандыру мен абаттандыру саласында әлеуметтік объектілер құрылысының саны өсті. Қаланың рухани-мәдени орталығын одан әрі салу жоспарлануда.
Сонымен бірге, аудит барысында даму бағдарламасын іске асыру кезеңінде 99,0% деңгейдегі жалпы қаражатты игеру кезінде, нысаналы индикаторларға қол жеткізу 80,1% құрады, бұл қаражатты игеру мен нысаналы индикаторларға қол жеткізу арасындағы төмен ара қатынас анықталды, - делінген Есеп комитетінің хабарламасында.
2020 жылдың соңында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы сомасы шамамен 2,0 млрд теңгеге сатып алу нәтижесінде халықтың әлеуметтік осал топтарына және (немесе) аз қамтылған көпбалалы отбасыларға арналған инженерлік желілерге қосылмаған 160 пәтер қазіргі уақытқа дейін қоныстанбаған күйде тұр. Бұдан басқа, жергілікті бюджеттен қоса қаржыландырудың болмауы бөлігінде осы мемлекеттік бағдарлама ережелерін сақтамау, 78 пәтердің сатып алынбауына себеп болды.
Қорытындылай келе, ағымдағы жылдың 1 тамызына осы мақсаттарға бөлінген бюджет қаражатын толық игеру кезінде осы санатта кезекте тұрған 3330 адамның 238-і (немесе 7%) әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген, - деп мәлімдеді.
Облыстың 697 елді мекенінің 151-інде (21,7%) су графикпен беріледі, бұл өңір халқының өмір сүру сапасына кері әсерін тигізеді.
Сонымен қатар, 172 елді мекенде электроэнергия қуатының тапшылығы байқалады, нәтижесінде 250 мың адам (12,3%) сапалы электр жабдықтаумен қамтамасыз етілмеген.
Сапасыз жоспарлау, сондай-ақ 2018-2020 жылдары пайдаланушы ұйымның талаптарына сәйкес келмейтін газбен жабдықтау объектілерін пайдалануға қабылдау нәтижесінде, 111 объектінің 7-уі ғана орталықтандырылған газбен жабдықтауға уақытында қосылды. Бұған қоса, салынған 43 объект аудит жүргізу сәтінде жұмыс істеп тұрған жоқ, - делінген аудит қорытындысында.
Нәтижесінде шамамен 168 мың тұрғын көптен күткен газға қол жеткізе алмады және тиісінше жұмсалған бюджет қаражатын пайдаланудың әсеріне қол жеткізілмеді.
Сонымен қатар БЖК 2020 шеңберінде Ордабасы ауданының Бадам станциясында 2020 жылы салынған мұнай-химия зауытының вагондарын тұрақпен қамтамасыз етуге арналған кірме темір жолдар пайдаланылмайды, осыған байланысты 1 млрд теңге сомасына бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған.
2018-2020 жылдары мектеп салуды біркелкі емес жоспарлау Түркістан қаласында, Сайрам және Сарыағаш аудандарында оқушы орындары тапшылығының өсуіне алып келген. Өңір мектептерінің техникалық жабдықталуында бір қатар жүйелі проблемалар байқалады.
Ауыл шаруашылығы өндірушілерін негізсіз субсидиялау, сондай-ақ субсидияланған малды қайта сатуға, суару жабдығын пайдаланбау, инвестициылық объектілерді пайдалануға беруді созуға алып келген субсидияларды пайдалануды тиісінше мониторинг жүргізбеу фактілері анықталды, бұл 1,3 млрд теңге сомасына ауыл шаруашылығы өндірушілерін дамытуға арналған мемлекеттік қолдаудың әсерін азайтады. Бұдан басқа, 8 ауыл шаруашылығы өндірушісі пайдаланған жалпы сомасы 0,2 млрд теңге субсидияларды алуды растауға электрондық шот-фактурларды қайтарып алу фактілеріне жол берілген, бұл негізсіз субсидия алуға арналған схемалардың болуын көрсетеді, - делінген ведомство хабарламасында.
Денсаулық сақтау саласында республикалық бюджеттен жыл сайын бөлінетін нысаналы трансферттер күтілетін өмір сүру ұзақтығының өсу көрсеткіштеріне әсер етпеген, бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда соңғы орында тұр.
Есеп комитеті аудит қорытындысы бойынша Үкіметке заңнаманы жетілдіру бойынша тиісті ұсынымдар берді. Түркістан облысының әкіміне анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша шаралар қабылдау және қолданыстағы заңнаманы бұзуға жол берген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау тапсырылды.
19 бұзушылық фактісі бойынша материалдар әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға жіберілді.
Есеп комитеті жекелеген бұзушылық фактілері бойынша процесстік шешім қабылдау үшін мемлекеттік аудит материалдарын құқық қорғау органдарына беру туралы шешім қабылдады.