×

Лагерь, спорт және үйірме: Балалар үйінің тәрбиеленушілері каникулды қалай өткізіп жатыр?

Кей өңірлердің балалар үйі тәрбиеленушілерін басқа өңірлерге жібереді

 Айнұр Шошаева 10.08.2023 | 10:05
Коллаж: Halyq Uni

Еліміздегі жетімдер және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 3 мыңнан астам бала арнайы орталықтарда тәрбиеленіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұл балақайлардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылғанын білу мақсатында өңір әкімдіктеріне сауал жолдадық. Белгілі болғандай, тәрбиеленушілердің басым бөлігі жазғы лагерьлерде демалып, түрлі тақырыптағы үйірмелерге қатысып жатыр.

Мәселен, Абай облысында 138 тәрбиеленуші қала сыртындағы жазғы лагерьде демалып, 45 бала туризм, экология, спорт және басқадай  үйірмелерге қатысып жүр. Бұдан бөлек тәрбиеленушілер жаз бойы тәрбиеленушілер Семей қаласындағы биология орталығындағы үйірмелерге және  қаладағы спорт, мәдениет іс шараларына қатысады.

Ақмола облысында балаларға «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жолдама бөлінеді.

Сондай-ақ, Ақкөл қаласының орталығының балансында «Рассвет» балалар сауықтыру орталығы бар. Жыл сайын жаз бойы тәрбиеленушілер жазғы уақытта БСО-ға демалуға барады. Орталықтардың тәрбиеленушілері қосымша біліммен қамтылғанын, яғни, ұйымнан тыс үйірмелер мен секцияларға қатысады, – делінген редакцияға берілген ресми жауапта.

Алматы қаласындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар «Өрнек» лагерінде, сондай-ақ, демеушілердің көмегімен Алакөл көлінде, «Юный домостроитель», «Подгорный» спорттық-туристік лагерлерінде өткізіп жатыр. Бұған қоса оларға дебаттық клубтар мен үйірмелерге және спорттық секцияларға тарту, тарихи орындарға саяхаттар ұйымдастыру көзделген.

Шымкенттегі жеткіншектер демалысын биылғы жылдың 10 маусымы мен 28 тамызы аралығында «Үш бұлақ» жазғы сауықтыру лагерінде өткізіп жатыр. Лагерьде аптасына бір рет «Футбол», «Баскетбол», «Робототехника», «Күрес» және «Бокс» үйірмелері мен секциялары жұмыс істейді.

Батыс Қазақстан облысының тәрбиеленушілері 5 маусым – 25 тамыз аралығында  балалар ауылы жанындағы «Балдырған» жазғы лагерінде болады. Олардың рухани және мәдени танымдық білімдерін арттыру мақсатында қаланың көрікті жерлеріне, ойын сауық кешендеріне, кітапхана, мұражайларға т.б. орындарға саяхат ұйымдастырылады.

5 тәрбиеленуші «Евразия» туристік сауықтыру кешенінде, 2 бала Щучинск қаласындағы «Балдаурен»  республикалық  оқу сауықтыру орталығында, 5 бала «Қайсар» шатырлы лагерінде демалып қайтты. Алдағы уақытта «Шалқар» көлі жанындағы лагеріне 32 баланы, «Ақжайық қырандары» лагеріне 5 баланы, «Дарын» лагеріне 7 баланы, «Шұғыла» лагеріне 10 баланы, Астана  қаласына  танымдық экскурсияға 10 баланы демалуға жіберу жоспарланып отыр, – дейді облыстық білім басқармасы.

Ал Атырау облысы 38 тәрбиеленушіні 2-18-маусым аралығында Железноводск қаласындағы «Қазақстан геологы» сауықтыру лагеріне жіберді.  

Алматы облысы болса, 2-20 маусым аралығы күндері Алматыдағы ойын-сауық орталықтарына 162 баладан тұратын 13 топқа серуен ұйымдастырған. Сонымен қатар 3-23 маусым аралығында 10 баладан тұратын топ Алматы қаласындағы «Бөбек» жаздық демалыс лагеріне және 19-25 маусым аралығында 40 баладан тұратын 2 топ «Жас құрылысшы» лагеріне жіберілген. Бұдан бөлек 79 бала Медеу шатқалындағы «Горельник» демалыс орнына, Шонжы ауылындағы «Ыстық су», Талғар ауданындағы «Park Resort 8 көл» демалыс орталықтарында демалған.

Сонымен қатар, алдағы уақытта шілде, тамыз айларында 42 тәрбиеленуші балаларды «Горное солнце», «Спутник»,  «ALEM FIGHTERS» , «Жас құрылысшы» жаздық лагерлеріне демалысқа жіберу жоспарланған, – дейді әкімдік. 

Айта кетейік, балалар үшін бокс, таэквандо, баскетбол, дзюдо, компьютерлік сауаттылық, көңілді ағаш бұйымдары үйірмелері бар. Қазіргі таңда бұл үйірмелерге жалпы саны 107 бала қатысады. 

Қызылорда облысының балалары «Қамбаш» және  «Арай Sunrise» демалыс орындарында демалған. Сондай-ақ балдырғандар Алматы қаласына «Көлсай-Қайыңды-Шарын» бағыты бойынша турға саяхатқа барып қайтты. Одан бөлек Бурабайдағы   «EL UMITI-2023» жазғы білім беру лагерінде әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруға бағытталған бағдарламаға сәйкес демалды. 15 бала елорданың 25 жылдығы аясында Астанаға келіп, көрікті жерлерін аралаған.

Қостанай облысының жеткіншектеріне генерал Бәкіров атындағы демалыс базасы, «Лесная сказка» қала сыртындағы лагеріне жолдама берді. Өңірдегі Жітіқара ауданының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы өз қаражаты есебінен тәрбиеленушілерге «Солнечный» балалар сауықтыру лагеріне жолдама сатып алған.

Маңғыстау облысындағы 7-13 жас аралығындағы балалар ауылының тәрбиеленушілері 2 ай  Шымкент қаласындағы «Машат» жазғы сауықтыру лагерінде  демалады, 6 тәрбиеленуші «Жасыл ел» бағдарламасымен жұмыс істеп жатыр.

«Балалар ауылында  қолөнер (құрақ құрау, бисермен, тоқыма), таэквондо, үстел теннисі , армрестлинг, тоғызқұмалақ, асық ату сияқты  спорттық үйірмелерімен, бассейнмен толық қамтылған, – деп жауап берді әкімдік.

Павлодар облысы білім басқармасының мәліметінше, білім беру ұйымының барлық тәрбиеленушілері жазғы демалыспен қамтылған. Өңірдегі балалар үйлерінің тәрбиеленушілері Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы «Эдельвейс», «Самрұқ», «Арман», «Чайка», «Лесная сказка», «Балдәурен» қала сыртындағы лагерьлерде екі айға демалысқа жіберілген.

Шығыс Қазақстан облысындағы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың барлығы  қала сыртындағы лагерьлерге барады деп жоспарланған. Лагерьден бөлек, мұражай, кинотеатр, театрларға барады.

Жамбыл облысындағы жеткіншектер жазғы демалыстарын «Болашақ» сауықтыру лагерінде және басқа да сауықтыру лагерлерінде өткізеді.

Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының 6 тәрбиеленушісі Бурабай кентінде орналасқан «Ел үміті» жаздық білім беру лагерінде 7 күн демалып келді. Ал  56 бала «Болашақ» сауықтыру лагерінде 2 ай жазғы демалыстарын өткізетін болады. Аталған лагерде тәрбиеленушілер мобилография, би, сурет, журналистика сынды үйірмелермен қамтылды. 30 шілде мен 8 тамыз аралығында 15 бала Алматы қаласындағы сауықтыру лагеріне бару жоспарлануда, – дейді әкімдік.

Солтүстік Қазақстан облысында жыл сайын тәрбиеленушілер облыстың Айыртау ауданының «Чайка» лагері, М.Жұмабаев ауданының «Березка» лагері, Петропавлдағы «Достық» және «Аққайың» лагерлері тегін демалуға  жіберіледі. Сондай-ақ, Петропавл қаласының «Солнечный» балалар сауықтыру орталығында және «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалады. Бұдан бөлек облыстың киелі жерлеріне экскурсиялар ұйымдастырылған.  Балалар Айыртау ауданындағы Шалқар көлі, «Қарасай-Ағынтай» мемориалдық кешені, «Айғаным» мемориалдық кешені, Петропавл қаласындағы Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Абылай хан резиденциясы, Ботаникалық бақ, «Нептун» аквапары, «Мир атракционов» орталық саябағы мен Бурабайдың көрікті жерлерін аралап қайтқан. Сонымен қатар 16 тәрбиеленушіге арналған «Союз Жаса» әлеуметтік қоры Алматы қаласына пойыз ұйымдастырып, соның көмегімен Шарын, Іле-Алатауға барған.  

Ақтөбе облысының тәрбиеленушілері жазғы демалыста облыстағы «Күншуақ» балаларды сауықтыру лагерінде демалады. «Күншуақ» балаларды сауықтыру лагерінде қолөнер, музыка үйірмелері және спорт секциялары жұмыс істейді.  

Жетісу облысындағы тәрбиеленушілер жазғы демалысын Ескелді ауданындағы «Айналайын» лагерінде өткізеді.

Бекітілген жоспарларға сәйкес, көрмелер, спорттық ойындар, ер балалар мен қыз балалар арасындағы әдеп, салт-дәстүрге негізделген байқаулар, поэзиялық кештер, әдеби викториналар, түрлі мастер-класстар, мотивациялық тренингтар, интеллектуалды ойындар, пікір-сайыстар, концертік және би кештері ұйымдастырылады, – дейді әкімдік.

Бұдан бөлек, олар Алакөл мен Балқаш көлінде демалады. Елорданың 25 жылдығы аясында 5 тәрбиеленуші Астанаға келді.

Түркістан облысының балалары Машат шатқалында орналасқан «Самал» лагерінде демалды. Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған «Шебер қолдар» қолөнер мен тігін үйірмесі, еңбекке баулу, домбыра үйрену, хореография, дастархан, компьютер, драма үйірмелері жұмыс істейді.

Ұлытау облысындағы тәрбиеленушілер жаз бойы демалысты таза ауады өткізіп жатыр. Жағажайда суға шомылу, кітапхана бару, үйірмелер баруы көзделген. «Ұлытау» спорт кешенінде олар үшін спорт секциялары жұмыс істейді. Жеті бала Жезқазғандағы «Қарлығаш» шипажайында, тағы 40 бала ШҚО-дағы «Балақай» жазғы сауықтыру лагеріне жіберілді.

Қарағанды облысының балалары да өңірдегі жазды сауықтыру лагерьрінде өткізіп жатыр. Сондай ақ Алматы, Ақмола облысындағы лагерлерге жолдама берілді. Бұдан бөлек «Ақжол» партиясы қарағандылық 20 жеткіншекке Парламент Мәжілісіне экскурсия ұйымдастырып берген.

Астана қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін де лагерге жіберу жоспарланған. Алайда әкімдік нақты қайда жіберетінін айтпады.

Бұған дейін Қазақстандағы балалар үйіне қанша қаржы бөлінетіні туралы жазған едік. Балалардың бір күндік тамағына бөлінетін қаржы 1064 теңгеден басталады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама