Балалар үйінде 3 мыңнан астам тәрбиеленуші бар: Оларға қанша қаржы бөлінеді?

Айнұр Шошаева

Балалар үйінің күндік мәзіріне кемі 1064 теңге бөлінеді

Коллаж: Halyq Uni

Елімізде жетімдер мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған үйлер азайып келеді. Бүгінде Қазақстанда ең көп балалар үйі Қостанай мен Павлодар облысында болса, осындай мекемелердегі бала саны ең көп өңір Алматы қаласы, деп хабарлайды Halyq Uni.

Редакция облыс әкімдіктеріне балалар үйлері мен ондағы тәрбиеленушілер туралы сауал жолдады. Белгілі болғандай кейбір өңірде балалар үйі жабылған. 

Жалпы, Қазақстан бойынша 3082 жетім немесе ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар арнайы мекемеде тәрбиеленіп жатыр. 

Абай облысының білім басқармасының мәліметінше, өңірде қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығы бар. Онда 183 бала тәрбиеленіп жатыр. Оларды асырауға жыл сайын 732 770,0 млн теңге көлемінде қаржы бөлінеді, бір баланың тамағына бір күнге 1500 теңге қарастырылған. 

Ақмола облысындағы Ақкөл қаласы мен Сандықтау ауылында 2 өмірлік қиын жағдайындағы балаларды қолдау  орталығы жұмыс істейді. Мұнда 157 жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала өсіп жатыр. 

Жыл сайын орталық тәрбиеленушілерінің шығындарына 458 595 теңге бөлінеді. Күніне бір баланың тамақтануына: мектепке жасына дейінгі балаларға – 2017,8 теңге, оқушыларға – 2403,58 теңге бөлінеді, – дейді облыстың білім басқармасы. 

2020 жылы Алматыда балалар үйін институционалдау және трансформациялау мақсатында № 1 балалар үйі таратылған.

Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша 2023 жылдың шілде айына жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың Республикалық деректер банкінде 1323 бала тіркелген. Олардың ішінде 182-і жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленуде, – делінген ресми жауапта. 

Шымкент қаласының білім басқармасының мәліметінше, қалада №1 және №2 өмірлік қиын жағдайда жүрген балаларды қолдау орталығында 120 жетім және ата анасының қамқорлығынсыз қалаған кәмелетке толмаған балалар тәрбиеленіп жатыр. Биыл бұл орталықтарда тәрбиеленіп жатқан әр бала үшін айына 98 099 теңге (тамағына бір күнге 2075 теңге) қаражат бөлінген. 

Батыс Қазақстан облысы бойынша жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 3 мекемеде 67 тәрбиеленуші бар. 

Оның біреуі білім саласында (облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылында – 42 (10 түлек) тәрбиеленуші, біреуі денсаулық сақтау саласында («Мейірім» бөбектер үйінде - 8 тәрбиеленуші), біреуі әлеуметтік қорғау саласында «Көшім» психологиялық-әлеуметтік қызметін көрсету мекемесінде – 17 тәрбиеленуші тәрбиеленуде. Балалар ауылындағы бір тәрбиеленушіге бір күнге орташа есеппен – 2450 тенге тамаққа жұмсалады, – делінген жауапта.

Атырау облысындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйінде 60 бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың бір күндік тамағына 1960,51 теңге қарастырылған.

Сондай-ақ Алматы облысында да бір мемлекеттік Қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығы (бұрынғы балалар үйі) жұмыс істейді. Аталған орталықта 4 пен 18 жас аралығындағы 117 бала (92 тұрақты, 25 уақытша) тәрбиеленіп жатыр. Биыл бұл орталықты ұстауға бюджеттен 508,8 млн теңге бөлінген, оның ішінде балалардың тамақтандыруға бөлінген сома 53,8 млн теңгені құрайды. Редакцияның есебінше, бір балаға күніне 1260 теңгеден келеді. 

Елдегі ең көп балалар үйі бар өңір – Қостанай облысы. Облыста жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 8 ұйым жұмыс істейді. Онда барлығы 364 бала тәрбиеленеді, оның ішінде 310 жетім бала мен ата-анасының қамқорынсыз қалған бала және өмірлік қиын жағдайға тап болған 54 кәмелетке толмаған бала бар.

Жыл сайын жетім балалар мен ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың тәрбиеленушілерін асырауға орта есеппен 1,8 млрд теңге бөлінеді. Бір баланың бір күндік тамақтану құны орташа алғанда 1850 теңгені құрайды, – деп жауап берді облыс әкімдігі.

Сол сияқты Павлодар облысында да 8 ұйым бар. Онда 363 бала тәрбиеленіп жатыр. 

Соңғы жылдары аталған білім беру мекемелерінің желісін қысқарту тенденциясы байқалуда. Осылайша, 2018 жылы 13 мекеме болса, ағымдағы жылы 8 мекеме ғана жұмыс істейді, – деп хабарлайды әкімдік.

2023 жылы білім беру ұйымының тәрбиеленушілерін күтіп-бағуға 840,7 млн теңге жоспарланған, ал балалардың бір күндік тамақтануы үшін бөлінетін қаржы 1295 теңге деп бекітілген.

Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, өңірде 5 білім беру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 4 – білім беру саласында және 1 – денсаулық сақтау саласында. Биыл балаларға арналған ұйымдардың бюджеті 1,8 млрд теңгені құрайды, оның 283,2 млн теңгесі тәрбиеленушілерді тамақтандыруға қарастырылған. Күніне бір баланың тамағына 2700 теңге жұмсалады. 

Солтүстік Қазақстан облысында жетім балаларға арналған 4 ұйым жұмыс істейді, онда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 189 тәрбиеленуші бар. Осы жылы бұл ұйымдарды ұстауға 1 024 190 теңге бөлінген. Ал әр тәрбиеленушінің бір күндік тамағына 1499 теңге қаражат қарастырылған.

Былтыр Жетісу облысындағы «Айналайын» балалар үйі «Айналайын» қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығына ауысқан. Бүгінде онда 90 (оның ішінде жетім балалар – 20, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 70) өсіп жатыр. 

Биыл орталықты ұстауға – 421,3 млн теңге бөлінген. Тәрбиеленушінің бір күндік тамақтануына бөлінген қаражат сомасы –  1902 теңгені құрайды. 

Астанада балаларға арналған төрт мекеме бар. Олар: SOS Астана балалар ауылы, Мамандандырылған балалар үйі, «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен Қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығы. Бүгінде елордадағы интернаттық мекемелерде 190-нан астам бала тәрбиеленеді, дейді қалалық білім басқармасы. Алайда олардың күтіміне бюджеттен қанша қаржы бөлінетіні туралы ақпарат берілмеді. 

Ұлытау облысында жетім және қамқорлықсыз қалған балаларға арналған екі мекеме: Маруа Құлұшева атындағы қиын өмірлік жағдайындағы балаларды қолдау орталығы мен Жезқазған қаласының облыстық балалар үйі бар. Онда барлығы 66 бала бар. 

Орталықтың 2023 жылды, бюджеті 319 млн теңгені құрайды. Бір баланың бір күнгі тамағына 3200 теңге қарастырылған. Оған 5 мезгіл ыстық тамақ, дәрумендер, жеміс-жидек, мамыр-маусым айларында қымыз кіреді. 

Түркістан облысында балаларға арналған 3 мекемеде 147 бала тәрбиеленіп жатыр. Оларды асырау үшін жыл сайын 263,1 млн теңге қаржы бөлінеді. Нақты айтсақ, бір баланың бір күндік ас-ауқатына 1508 теңге бөлінеді екен. 

Қарағанды облысында өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдауға арналған 3 орталық, 1 ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығы,  SOS Теміртау балалар ауылы және 1 «Преображение» жекеменшік балалар үйі бар. Бұл ұйымдарда 387 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тәрбиеленіп жатыр. Осы жылы бұл мекемелерге бюджеттен 1 996 871 000 теңге бөлінді. Күніне бір баланың тамақтануына 2530, жаз айларына 2783 теңге қарастырылған.

Айта кетейік, еліміздің кейбір өңірінде балалар үйі жоқ. Оның орнына отбасы үлгісіндегі балалар ауылы құрылған. Мәселен, Қызылорда облысында балалар үй жоқ. 2015 жылдан бастап жоғарыда айтылған балалар ауылы істеп тұр. Бүгінде онда 3-18 жас аралығындағы 55 бала өсіп жатыр. Биылғы бюджеті 245 млн теңге, ал бір күндік мәзір үшін 1064 теңге бөлінген. 

Сол сияқты Маңғыстау облысында да балалар үйі жоқ. Бір ғана Облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылы бар, оның 31 тәрбиеленушісі бар. Бұл мекемеге биыл 27 млн теңге бөлінген, ал баланың бір күндік тамақтануы 2279 теңгені құрайды.  

Жамбыл облысында да балалар үйі жоқ. Дегенімен, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 4 мекеме бар. Оның ішінде білім басқармасына қарасты 2 мекеме: Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында – 66 бала, облыстық жасөспірімдер үйінде жалпы – 70 бала, оның 20-сы кәмелеттік жасқа толмаған балалар. Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасына қарасты: «Үміт» мамандандырылған бөбектер үйінде 11 бала бар. Ал Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы: №4 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығында 19 бала тұрады. 

Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына 429,1 млн теңге бөлінсе, облыстық жасөспірімдер үйіне 140 млн теңге бөлінген. Бір күнге мектеп жасындағы балаға 1 күндік 1331.4 теңге, мектепке дейінгі балаға 1095 теңге қарастырылған, – делінген жауапта. 

Ақтөбе облысының білім басқармасының мәліметінше, өңірдегі тәрбиеленушілер санының күрт азаюына байланысты облыстағы балалар үйлері жабылып, қазіргі таңда облыстағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының желісіне «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы ғана жұмыс істейді. Орталықта 43 бала тәрбиеленіп жатыр. Орталық тәрбиеленушілерін асырауға тәрбиешілердің жалақысымен бірге (тамақтану, киім, кеңсе тауарлары, жеке күтім құралдары, дәрі-дәрмектер, коммуналдық қызметтер) жылына 150 млн теңге қаржы бөлінеді.