×

«Министр уәдесінде тұрмады»: Абай облысында бүтін бір ауыл интернетсіз отыр

Тарбағатай ауылында қазір бір жарым мыңнан аса адам тұрады

 Айгерім Таубай 07.08.2023 | 15:00
Фото: Бағдат Мусин Абай облысы тұрғындарын қабылдаған сәт

Абай облысы Аягөз ауданында бүтін бір ауылдың тұрғындары интернетке қол жеткізе алмай отыр. Ғаламторда сағаттап уақыт өткізуден бұрын бұл ауылдың тұрғындары қаладағы ағайынмен телефон арқылы сөйлесе алмайды. Ауыл тұрғыны Думан Кенжеғазин осы салаға жауапты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрі Бағдат Мусиннің жеке қабылдауында да болған. Базынасын айтқан тұрғындарға министр «мәселе 10 тамызға дейін толық шешіледі» деп уәде берген.

Алайда министрдің қоластындағыларға берген тапсырмасы орындалмай, жағдай өзгермеген. Halyq Uni тілшісі Тарбағатай ауыл округінің орталығы Тарбағатай ауылының тұрғыны Думан Кенжеғазинмен сөйлесіп, мән-жайды білді.

МУСИН БЕРГЕН УӘДЕ

2023 жылдың мамырында Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Абай облысына жұмыс сапарымен барып, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдаған. Думан Кенжеғазин бірнеше жылдан бері шешімін таппаған Тарбағатай ауылындағы интернет мәселесін көтерген.

Жағдайды министрге толық баяндап шықтым. Көзінше тексеріп те көрсеттім. Интернеттен бұрын ауылда мобильді байланыс жоқ. Ата-анама қоңырау шалайын десем, 15 секундтан артық сөйлесе алмаймын, - дейді Думан Кенжеғазин.

Сондай-ақ ол Тарбағатай ауылындағы интернет мәселесі кеше-бүгін шықпағанын, алайда жауапты органдар қанша жылдан бері үнсіз отырғанын айтты.

Осыдан он шақты жыл бұрын ауылға Activ/Kcell, Beeline станциясы мобильді байланыс үшін орнатылды. Кейіннен Beeline 2G-ға қосылған. 2019 жылы Altel мен Tele2 құрылды, бірақ оған жеке базалық станция салмай, Activ/Kcell-дің базалық станциясына бекітіп тастады. Бәрі бір жерге қосылған соң керісінше байланыс сапасы нашарлап кетті, - дейді ол.

Думан ауылдан жылына 30-40 адамнан көшіп жатқанын айтады. Оның басты себебі – мобильді байланыс пен интернеттің жоқтығы.

Ауылдан жылына 30-40 адамнан көшсе, соның жартысынан көбі бұл шешіміне интернеттің жоқтығы себеп болғанын айтады. Жұмыстың жоқтығынан емес, байланыстың нашарлығы себеп болып отыр. Себебі ауылда көпшілігі жеке шаруашылықпен айналысады. 2019 жылы ауылда 1 792 адам тұрса, қазір 1 533 тұрғын бар. Тағы да көшіп жатқандар бар, - дейді Думан.

ӘКІМДІККЕ БАРЫП САБАҚ ОҚЫҒАН

Бірнеше жыл бұрын коронавирус инфекциясына байланысты мектептер біраз уақыт қашықтан білім беруге көшкені белгілі. Сол сәтте Тарбағатай ауылының балалары мен қалада оқып жүрген студенттер интернеттің жоқтығынан біраз қиналған.

Таулы аймақ деп аталғанымен, ауыл жазық жерде орналасқан. Ауылда екі жерде интернет бар: бірі – мектеп, екіншісі – әкімшілік ғимараты. Мектептегі интернетті мұғалімдер қолданады. Әкімшілік ғимараттағы wi-fi-ді халыққа қосып беріп отырады. Оның өзі 10 адам қосылса, істемей қалады. Коронавирус инфекциясы кезінде ауыл балалары үйде оқыды. Кезекші мұғалім белгіленіп, әр үйге барып тапсырма таратты. Ертеңі кешке үйден жинап алып кетті. Қаладағы университетте оқып жүріп, инфекция тараған кезде ауылға келген студенттер әкімшілік ғимаратында оқуға мәжбүр болды, - дейді Думан Кенжеғазин.

МИНИСТР БЕРГЕН ТАПСЫРМА ОРЫНДАЛМАДЫ

Бағдат Мусин Абай облысы тұрғындарымен кездесуге жалғыз бармаған. Тұрғындарды қабылдауда министрлікке қарасты Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Жақсылық Ибрагимов болған.

Министр Жақсылық Ибрагимовке осы мәселені жеке бақылауына алуды тапсырды. Министр «ертең демалыс күні екеніне қарамастан, министрліктен жауапты басшы мен техникалық мамандар ауылға барып тексеруі керек» деп тапсырма берді. Министр мәселені 10 тамызға дейін шешуді тапсырған еді, бірақ ол берген уәдесінде тұрмады, - дейді Думан.

Содан кейін Телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Жақсылық Ибрагимов базынасын айтқан ауыл тұрғынына 10 шілдеде хабарласуға уәде берген. Қандай жұмыс атқарылғанын баяндайтынын жеткізген. Алайда содан бері шенеунік Тарбағатай тұрғындарына мардымды жауап қатпаған.

«Уәде берген күні хабарласпады. Өзім қайта-қайта жазып, қандай жұмыс атқарылғанын сұрадым. Бір фото жолдады, бірақ ол суреттің біздің ауылға еш қатысы болмай шықты. (...) Министр уәде берген 10 тамызға дейін үш күн қалды. Тіпті «ертең барыңдар» деген тапсырмасы да орындалмады. Шенеуніктер ауылға аттап баспады. Берген ақпараты бойынша станция құрылған, бірақ ауыл аумағында ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Басқа ауылда жүргізіліп жатқан жұмыстардың әсері қандай болатыны белгісіз», - дейді ол.

Енді Тарбағатай ауылының тұрғындары министрліктен 4G емес, байланыс үшін 3G қосып беруді, сондай-ақ мобильді байланысты жақсартуды сұрап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама