×

«Сот мемлекеттік тілде өтпейді». Сарығаштан СҚО-ға қоныс аударған кәсіпкер мемлекет грантынан айырылмақ

«Еңбек» бағдарламасына соңғы төрт жылда 28 млдр теңге қаржы бөлінген

 Самат Жақып 01.05.2022 | 23:41
фото: Halyq Uni

Осыдан бірнеше жыл бұрын халық саны тығыз орналасқан аймақтардан, жұмыс күші аз өңірге тұрғындарды жаппай көшіру басталған болатын. Ол үшін елімізде «Еңбек» бағдарламасы қабылданды. Солтүстік Қазақстан облысы сол бағдарлама жүзеге асып жатқан өңірлердің бірі. Жылда теріскейге күнгейден жүздеген отбасы қоныс аударып жатыр, бірақ шешімін таппай жүрген мәселе  көп, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Мәселен 2019-2020 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының өзінде 8,6 млрд теңгеге 1206 тұрғын үй сатып алынған екен. Олардың 485-і сапасыз тұрғызылған. Яғни тексеріс кезінде әрбір үшінші үй талапқа сай емес екендігі анықталып отыр. Бұл кемшіліктердің 65%-ы үйдің ішінде екенін айта кету қажет. Мұнымен қоса төбесі дұрыс жабылмаған, есіктері ретімен орнатылмаған. Тіпті, кейбірінде сантехника атымен жоқ. Қызылжар ауданына қарасты Чапаево ауылында да жаппай осындай үйлер бой көтерді. Олардың көбіне Түркістан облысынан келген ағайындар жайғасты. Бірақ олардың алған үйлеріне көңілі толмайды.

«Балалардың бөлмесін қараша айының соңында жауып тастадық. Себебі еш жылымай қойды. Қыста су әкеліп қойсақ, мұз қатады. Жақын маңда бір типті осындай он екі үй бар. Барлығында осы проблема. Әкімдікке барып айтсақ, кінә өздеріңнен деп қайтарып жібереді. Талай мәрте үйге шақырттық. Тек құрғақ уәдемен шаршатты», - дейді Чапаево ауылының тұрғыны Қасиет Әбсәттарова.

Былтыр маусым айында Шымкент қаласынан қоныс аударған Айдана Орынбасардың да жағдайы осы. Күйеуі екеуі мал ұстап, кәсіп ашқысы келеді. Алайда әкімдік салып беруге тиіс сарайды тосып жүргендеріне бір жыл болған. Тіпті теріскейге алғаш келгенде көрші Подгорное ауылына барып тұруға мәжбүр болыпты. Себебі таңдаған үйінің құрылысы уақытында бітпеген екен. Асығыс салынған соң, сапасы да сын көтермейді. Ал он күн дегенде түсуі керек квотасын екі жарым айдан кейін алған.

«Үйдің төбесі дұрыс матеиралдармен жабылмаған. Тез суып кете береді. Мәслихат депутаты келгенде осы мәселені жеткіздік. Олар тағы да уәдені үйіп-төгіп, жоқ болды. Жақында облыс әкімімен бірге жиналыс өткізді. Сол кезде сарай салу үшін 20 миллион теңге ақша бөлінгендігі айтылды. Ол қаражат бір аптадан соң тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне түсуге тиіс еді. Бірақ ол да жоқ. Айтуынша, биыл ауданда 94 сарай соғылуы қажет. Ал 20 миллион теңге оған жетпейді екен. Былтыр да қаржы бөлінді деп естіген едік. Бірақ ешкімге сарай салынбады. Бізге бұл үйді 7 миллион теңгеге аласыңдар деген еді. Бірақ келісім-шартта 7,3 млн теңге деп тұр. Неге деп сұрағанымызда, асфальт төселеді және су өткіземіз деп жауап берді. Қалтамыздан ақша шығарып, суды өзіміз тартып алдық. Тұрақты жұмыс жоқ. Тауып берген жұмысының айлығы - 50-60 мың теңге. Ол ақшаға қай жыртығымызды жаймаймыз? Терезелерден жел уілдейді. Төбеден су ақты. Едендер де көгере бастады. Еш көмек болмаған соң, өзіміз жөндеп жатырмыз», - дейді Чапаево ауылының тұрғыны Айдана Орынбасар.

Серік Қадырбек деген Қытайдан келген қандас осыдан бірнеше жыл бұрын елордаға қоныс аударыпты. Жағдай қиындаған соң, былтыр Нұр-Сұлтан қаласынан Қызылжар ауданынан қарасты Чапаево ауылына көшіп келген. Қазір азын аулақ малы бар. Бірақ жайылым жоқ. Салдарынан ірі қара малдарын сатып жатыр.

«Жағдай жасаймыз, барынша көмектесеміз дегенге сеніп келдік. Жайылым жер, шабындық береміз деген соң осы жаққа ат басын бұрдым. Елорданың маңайы мал шаруашылығына қолайсыз. Қазір малдан басқа ештеңеміз жоқ. Келгенде 20 бас сиырым болған. Жартысын сатып жібердім. Мұнда бос жатқан жерлерге де мал жайғызбайды. Жеті сиырды сауып, сүтін сатамыз. Шағын бизнесім бар деуге болады. Бірақ оны ары қарай дамыту үшін грант ала алмай отырмын.  Әкімдікке барсақ «ана портал, мына портал» дейді. Одан қалды жасымның 29-да екенін айтады. Әңгімесі көп. Ешқандай игілік ала алмай жатырмыз», - деді Чапаево қаласының тұрғыны Серік Қадырбек.

Сарығаш қаласынан Мамлют ауданына көшіп келіп, өз ісін дөңгелетпек болған Ғани Жүсіпбеков мемлекет грантынан айырылып қалудың алдында тұр. Тұрақты жұмыс таппаған соң, кәсіп ашқан азаматтың ісі қазір сотта қаралып жатыр. Алғашқыда Бексейіт ауылында тұрып, жергілікті шаруашылықтардың бірінде механизатор болған. Табысы аз болған соң, аудан орталығына көшіп, өз ісін бастауды жөн санапты. Осылайша «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алған. 2 миллион 400 мың теңгеге жуық қаражатқа Мамлютка қаласынан жалпы аумағы 36 шаршы метрді құрайтын монша тұрғызыпты. Бірақ бастаған ісі аяқсыз қалатын сияқты.

«Берген грантты қайтаруды талап етіп отыр. Бизнес жоспарда көрсетілген нәрселердің барлығы алынған. Екінші рет комиссия жіберуін өтінемін. Төрт рет сот болды. Орысша жүріп жатыр. Бірақ мен орысша білмегендіктен, ештеңе түсінгенім жоқ. Оларға мен қазақша жүргізуін өтіндім. Бірақ менің сөзіме ешкім мән беріп отырған жоқ», - дейді Мамлютка қаласының тұрығыны Ғани Жүсіпбеков.

ӨТКЕННЕН САБАҚ АЛМАУ: ДЕПУТАТТЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Осыдан тура бір жыл бұрын Президент Қасым- Жомарт Тоқаев өңірдегі Айыртау және Есіл ауданының әкімін «Еңбек» бағдарламасын тиісті деңгейде қадағаламағаны үшін қызметінен босатса да, қалған шенді-шекпенділерге бұл сабақ болмай тұр. Мәселен, Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласындағы 45 үйдің еденін жөндеуге қазынадан тағы 13 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Кезінде бұл баспаналарды комиссияның қалай қабылдағаны белгісіз.

Мәжіліс депутаты Айбек Паяев өңірге жұмыс сапары кезінде бұл үйлерді көріп, жағасын ұстағанын айтады.

«Бағдарламаның жүзеге асу деңгейі өте төмен. Мен ол аймаққа 1,5 жыл бұрын барғанмын. Сонда үйлердің сапасын түгел көріп шықтық. Өңірде қыста ауа температурасы - 40 градусқа дейін суытады. Едені жоқ, есік деген аты ғана. Қабырғасы сапасыз материалдан көтерілген, адам тұрғысыз. Нәтижесінде бүгінде СҚО-да 200-ден астам үй бос тұр. Оны тексеріп көру керек. Жыл сайын бұларға 7 млрд теңге ақша бөлеміз. Жақсы елді мекенге сапалы үй салу керек болған. Олар бұл баспаналарды далаға апарып салып қойған. Бұлай болмайды ғой. Ол адамдарға жұмыс орны болу керек. Жұмыс орындары ашылмаған. Неге кешенді түрде қарамайды? Сондықтан өңірді дамыту мақсатында талдау жүргізу керек», - дейді Мәжіліс депутаты.

Депутат «Еңбек» бағдарламасын тиісті деңгейде орындамағандарды қызметінен босату керек деп есептейді. Айтуынша Президент тапсырмасын тиісті деңгейде жүзеге асырмағандарға мемлекеттік қызметте орын жоқ. Сондықтан бұл жерде прокуратура тексеріс ашу қажет.

«Тексеру керек. Кім кінәлі? Кім осындай сапасыз үйлерді қабылдады? Неге бөлінген ақша жымқырылды? Неге халқымыздың бәрі сол жерді тастап, қайтадан кетіп бара жатыр? Ақшаны бөліп, оны жымқыруды қою керек қой. Көрдіңіз бе, сол себепті жұмыс сапасыз ұйымдастырылып отыр. Республикалық бюджеттен бөлініп жатыр ақша. Мәселе жоқ. Бірақ ол игерілмейді. Ал оны ойлап жатқан билік бар ма екен? Қадағалау, жауапкершілік жоқ. Жемқорлықтың иісі шығады. Президенттің тапсырмасы орындалмай отыр. Ондай азаматтарға мемлекеттік қызметте орын жоқ, кетуі керек. Ол ең төменгі шара. Ал егер жемқорлық анықталатын болса, онда қылмыстық іспен қудалануы керек. Шара қолданбасақ, нәтиже болмайды. Жыл сайын 7 млрд теңге бере беру - бұл ешқандай сынды көтермейді» - деді Айбек Паяев.

Жалпы соңғы төрт жылда осы жобаға 28 млрд теңге жұмсалған. Алдағы уақытта да ішкі көші -қон саясаты «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жалғасын табады. 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдама бекітілді. Биылдың өзінде солтүстік өңірлерге квота бойынша 6587 адам қоныс аударады деген жоспар бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама