Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда сепаратизм бар ма? Сарапшылар жікшілдік туралы айтты

1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні

 Ербол Тұрымбет 01.05.2022 | 01:50
Қазақстанда сепаратизм бар ма? Сарапшылар жікшілдік туралы айтты
коллаж: Halyq Uni

Сепаратизм - жікшілдік, оңашалануға тырысу. Халықтың мемлекеттен бөліну әрекеті сепаратизм деп түсіндіріледі. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында жарияланған есепке қарасақ, былтыр Қазақстанда Қылмыстық кодекстің «Сепаратистік әрекет» бабы бойынша 5 жағдай тіркелген. Биылдың өзінде екеу. Бұл Қазақстанда сепаратизм бар дегенді білдіре ме? Біз оны саяси сарапшылардан сұрап көрдік.

Саясаттанушы Талғат Қалиевтің айтуынша, Қазақстанда сепаратизм жоқ, болуы да мүмкін емес. Өйткені, Қазақстан унитарлы мемлекет, барлық билік орталықта.

Екіншіден, Қазақстан шекарасы барлық көршісімен шегенделіп, делимитация, демаркация жасалып, халықаралық деңгейде мақұлданған.

«Әлеуметтік желіде кез келген адам аузына келгенін айта бергеніне қарап олай ойлаудың қажеті жоқ. Себебі, он адам бола ма, жүз адам бола ма, олардың бәрі халықтың не бір аймақтың атынан сөйлеуге қақысы жоқ. Сондықтан оған мән беріп керек емес. Жалпы біздің елде қай ұлттың өкілі болса да, бәрі Қазақстанның азаматы екенін мойындайды. Сондықтан одан еш қауіп жоқ деп ойлаймын», - дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, ондай оқиғалар шекарасы шектелмеген елдерде болып жатыр. Көршілерімен нақты анықталмай қалған жерлер. Ал бізде екі тараптың президенттері қол қойып, шарттарды белгілеп қойған.

«ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ҰМТЫЛУ ӘР ҰЛТТЫҢ ҚАНЫНДА БАР»

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің де ұстанымы осыған саяды. Сарапшы бұл тақырыпқа тереңінен бойлап, тәуелсіздікке ұмтылу әр ұлттың қанына сіңген қасиет деп есептейді. Бүгінге дейін күрделі тарихи процестерден өтіп жатқан кез келген ұлт немесе этностың қанында тәуелсіздікке, егемендікке деген ұмтылыс сақталып қалады.

«Әсіресе, сол сезім біздің қазақтардың бойында қатты өршіген. Бірнеше ғасыр бойы Ресей империясының құрамында болсақ та, біз этникалық бірлігіміз бен мәдениетіміз, тілімізбен қатар өз алдына жеке мемлекет болуға деген талпынысымызды сақтап қала алдық. Өз бойымыздан соны көріп отырғанда ондай құбылыс Қазақстанды мекендеп отырған өзге ұлттарда да болатынын жоққа шығара алмаймыз. Әрине, бұл теориялық тұрғыдан алғанда. Ал шын мәнінде, ол мүмкін емес», - дейді сарапшы.

Саясаттанушының пікірінше, жекелеген ірі этнос өкілдерінің 1990-2000 жылдары елдің саяси шекарасын шекаралас елдердің аумағына қарай өзгерту туралы «армандаған». Соңғы жылдардағы Молдовада Преднистровиедегі, Грузияда Абхазия, Осетиядағы, Әзербайжанда Қарабақтағы, қазір Украинада Қырым мен Добастағы оқиғалар белгілі бір деңгейде үміт берді. Алайда біздің билік қарап отырмай, осының бәрін мұқият ескеріп, өте дұрыс саясат ұстанып, бүкіл қауіпті аймақтарда көршілермен бейбіт қарым-қатынас ұстай отырып, 2006 жылға дейін шекараны түгел бекітіп алды.

«Сондықтан сепаратизм қаупі басылды деуге болады. Біраз өңірде қазақтардың үлесі басым. Қауіп те жоқ емес. Ұйғыр, қалмақ, дүнген сынды өз мемлекеті жоқ немесе мемлекеті күшті емес аз ұлттардан ешқандай қауіп жоқ. Егер біз қызуқандылықпен көрші елдермен шағысып, билік бақылауын жоғалтып алсақ, сенікі қанша жерден дұрыс болса да, мықтылар өз дегенін істейді. Сондықтан қауіптене бермей, табиғи жолмен шешілуіне мүмкіндік беруіміз керек», - дейді саясаттанушы.

Табиғи жол дегеніміз - демограциялық өсім. Соның нәтижесінде сепаратистік пиғылдағылар кетіп қалады немесе халықпен араласып, қазақтарға сіңіп кетеріне сенімді.

«ИМПЕРИЯШЫЛАРДЫҢ БІР СӨЗІНЕ СЕНУГЕ БОЛМАЙДЫ»

Дегенмен, Қазақстанда сепаратизм бар деушілер де табылады. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Арман Шораевтың пікірі осыған саяды.

«Біздің елде Ресейдің телеарналары күні-түні үзіліссіз, шектеусіз насихатын тықпалайды. Өкініштісі, басқа ұлтты айтпағанда, сол үгітке жем болып жатқан өзіміздің де қаракөздеріміз бар. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 3,5 млн орыс тұрып жатыр. Соның кем дегенде жартысы басқа жаққа қарап отырған азаматтар деп білемін. Яғни, өздері осында отырғанымен, ойы Ресейде. Шекараны бекітіп алсақ та, қауіп жоқ дегенмен келіспеймін», - дейді Арман Шораев.

Сарапшы герман мемлекетінің бірінші канцлері Отто фон Бисмарктың сөзінен үзінді келтіріп, Ресеймен арадағы келісімнің іс жүзінде жүзеге аспайтынын меңзеді.

Путин болсын, не оның орнына басқа біреу келсін, олардың бәрі империяшылдар. Олардың бір сөзіне сенуге болмайды. Оларға «орыстарға қысым жасап жатсыңдар» деген желеумен түрлі сылтау ойлап табу өте оңай. Сол үшін арнайы операция жасаймыз деп шыға келуі ықтимал, - дейді қоғам белсендісі.

Арман Шораев ең алдымен Қазақстанда тарайтын ресейлік телеарналарды жабу керегін айтады. Екіншіден, Ресейдің әскери оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық курсанттарды Түркия, Әзербайжан, Украинаға немесе дамыған елдерге жіберуді сұрайды. Өйткені, Қазақстанға ХХІ ғасырдағы соғыс ережелерін, әдісін меңгеру қажет.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ ҮЛЕСІ:

Ұлттық статистика бюросы 2022 жылдың басындағы демографиялық статистиканы ұсынды. Мәліметке сай, қазақтардың жалпы саны 13,3 млн адамнан асты.

Еліміздің этникалық құрамында қазақтардың үлесі тұрақты түрде өсіп келеді. Бір жылда қазақтардың үлесі тағы шамамен 0,6%-ға өсіп, 2022 жылдың басында 69,59% құрады.

Елімізде қазақтардан кейінгі ең көп ұлт өкілдері: орыстар (17,94%) мен өзбектер (3,34%).

Былтыр бірнеше этнос саны өскен: өзбек, ұйғыр, әзербайжан, түрік, дүнген, тәжік.

2021 жылы еліміздегі басқа этностар саны мен үлесі азайды: орыс, украин, неміс, беларус, татар, корей, поляк.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама