Halyq Uni логотип
×

Бір жылда 29 апат: Кен орындарындағы кідірістен 60 млрд теңге шығын келді

Апат энергетика саласындағы жүйелік проблемалардың салдарынан болып отыр

 Айнұр Шошаева 05.07.2023 | 10:13
Бір жылда 29 апат: Кен орындарындағы кідірістен 60 млрд теңге шығын келді
Коллаж: Halyq Uni

Еліміздегі мұнай өндіру компанияларына апаттық тоқтатулардың салдарынан 2,5 жылда 60 млрд теңге шығын келген. Қазір кен орындарында электр стансасын салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Halyq Uni

Еске сала кетейік, 3 шілде күні Маңғыстау облысындағы «МАЭК» ЖШС жылу электр станциясында жүктемесі 130 МВт болатын №1 энергия блогы апатты жағдайда ажыратылды. Батыс энергия торабында генерацияның күрт істен шығуына байланысты электр желісінің жиілігі 48,6 Гц-ке дейін төмендеді. Осыған байланысты Маңғыстау және Атырау энергия тораптары оқшауланған жұмысқа бөліп шығарылды. Сол себепті Атырау ЖЭО, Karabatan Utility Solutions бу-газ қондырғысы, Қаламқас және ТШО газ станциялары оқшауланған жұмысқа бөліп шығарылды. Сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындарға және елді мекендердің бір бөлігіне шектеулер енгізілді. Көп ұзамай Атырау энергия торабы Батыс энергия торабымен синхрондалды.

Бұған дейін МАЭК-те жөндеу жұмыстары басталған болатын. Кеше бір топ мәжіліс депутаттары нысанға барып, ондағы жұмыстарды көріп шыққан. 2-ЖЭО-ның 1 қазандығында жөндеу жұмыстарына дайындықты енді басталған. 3-ЖЭО-да сәуір айындағы істен шыққан турбоблокта жөндеу жұмыстары басталған, генератор роторы «КазЭнергоНаладка»  ЖШС-ге жіберілуге тиіс болған.

МАЭК-ке барып, ондағы жөндеуді көзімен көріп қайтқан мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің пікірінше, мекемедегі апат энергетика саласындағы жүйелік проблемалардың салдарынан болып отыр. Соның бірі - саладағы білікті кадрдың жетіспеушілігі. 

Оның ішіндегі аса маңыздысы мықты энергетик мамандардың азаюы, арнайы энергожабдықтарды жөндейтін, құрылымдайтын (монтаж), реттейтін (наладка) кәсіпорындардың құри бастауы. Кезіндегі «Союзэнергомонтаж», «Казремэнерго», «Казэнергоналадка» кәсіпорындарындай мықты компанияларды қазір күндіз шаммен іздеп таба алмайсың. «Тірі» қалғандары өлместің күнін көруде. МАЭК-ке неше жыл бойы модернизация жасамау апаттардың жиі орын алуына әкеп соқты, – деді депутат. 

Сондай-ақ ол кәсіпорынға энергетика саласынан хабары бар басшы керек екенін атап өтті. 

«Энергокомбинаттың бірінші басшысы қол орамал сияқты ауысты, бірақ қазандықтар мен турболоктар сол күйінде қалды. Қазірдің өзінде екі турбина апатқа ұшырады, Маңғыстау мен Атырау облыстарының өндірістері мен тұрғындары энергиясыз қалды. Алда қыс, жылу мен су мәселесі тағы бар! МАЭК-ке энергетик кадрларды тартып, жабдықтарды жаңаламай жағдай қиындай береді. Энергокомбинат экономист, заңгер, мұнайшы, құрылысшы және т.с.с. басқаратын нысан емес. Бұл жерге жылу энергетиканы бес саусағындай білетін маман керек, – деп толықтырды сөзін Еділ Жаңбыршин. 

«МИНИСТРЛІК ДЕРЕКТЕРІ СӘЙКЕС КЕЛМЕЙДІ»

Батыс энергожүйесінде орын алған апаттың салдары өңірдегі мұнай өндіру мен өңдеу кәсіпорындары жұмысының тоқталуына әкелді. Кеше Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысы тоқтатты.  Айта кетейік, одан басқа елде одан басқа екі мұнай өңдеу зауыты бар. Алайда Павлодар мұнай-химия зауыты жоспарлы жөндеуден өтіп, 19 шілде ғана іске қосыла бастайды. Ал Шымкент МӨЗ АИ-95 автобензинін шығаруды шектей отырып, каталитикалық риформинг қондырғысының катализаторының регенерациясын ескере отырып жұмысын жалғастырып жатыр. Регенерация және іске қосу 14 шілдеде аяқталады деп жоспарланған. 

Энергетика министрілігі мұнай базаларында, МӨЗ жолдарында және резервуарларындағы жанар-жағармайдың жиынтық қорлары жеткілікті екенін айтып отыр. Нақты айтқанда АИ-92  маркалы автобензин қоры 351 мың тонна, бұл елдің 23 тәуліктік қажеттілігін жабуға жеткілікті. Ал Аи-95  маркалы бензин 15 тәулікке жетеді (46 мың тонна). Сондай-ақ 520 мың тонна дизель отыны бар. Ол қазақстандықтарға 29 тәулікке жететін көлем. 

«Байдильдинов. Нефть» бағдарламасының жүргізушісі Олжас Байділдиновтің пікірінше, салалық министрліктің елдегі мұнай өнімдерінің қоры туралы нақты мәліметі жоқ. 

Сандары сәйкес келмейді.  Әрине, министрлік күнделікті қорларын бағалауда сұраныстың маусымдылығын, өткен айға қатысты тұтынуды және т.б. ескеруі мүмкін екенін айтып дауласуға болады. Бірақ қор әр күн үшін қалай есептеледі? Бекітілген әдісі бар ма? Сонымен қатар, Энергетика министрлігінде қор туралы нақты сандар жоқ. Олар берілген ақпаратқа негізделіп, шамамен алынған сандар. Мұнай базаларының министрлікке ұсынған деректері шынайы картинадан мүлде басқаша болған кездері болды, – деп жазды сарапшы. 

Сондай-ақ ол жанармай қорының жеткілікті екеніне күмән келтірді. 

Елдегі кез-келген жанармай дағдарысы кезінде Энергетика министрі қор жеткілікті дейді, алайда жанармай бекеттерінде ол бола бермейді. Мәселен, Аи-95 маркалы бензин қоры 15 тәулікке жетеді деп отыр. Алайда кейбір қалада бұл бензин тапшы болып отыр. Әрі бұл республика бойынша сандар, Алматы немесе Астананың автокөлік иелеріне бұл бензиннің Қырғызстанмен шекарада болғаны керек пе?  ... Сондықтан Энергетика министрлігі әр аймақ бойынша және нақты есептеу формуласымен қорлар туралы мәліметтерді ұсынуы керек. Сондай-ақ мен жұмыс берушілерді 2 аптаға қашықтан жұмыс істеуге көшіруді және жағдай қалыпқа келгенге дейін көлік иелерін жол жүруден бас тартуға шақыруды ұсынар едім, – деп қосты Олжас Байділдинов. 

Бұған қоса, сарапшы отандық МӨЗ апат кезінде жанармайды Ресейден қымбат бағамен сатып алу мәселені шешпейді деп есептейді. 
 
ЭНЕРГИЯ ТАПШЫЛЫҒЫНАН 29 АПАТТЫҚ ЖАҒДАЙ БОЛҒАН

«Қазмұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Атырау мұнай өңдеу зауытын толық іске қосуға әлі екі күн уақыт керек екенін айтты. 

Кеше апаттық тоқтатудан кейін зауыттың жұмысы толық тоқтатылды. Оны іске қосу жұмыстары кеше кешкі 19.30-да басталды, бұл жұмыс әлі екі күндей уақыт алады деген болжам бар. Ең басты мақсатымыз – зауытты қауіпсіз күйде іске қосу. Сонымен қатар кешеден бері «Қазтрансойл» кәсіпорны мен Каспий құбыр консорциумы әлі тұрақты деңгейге шыққан жоқ. Кешеден бері бірнеше мұнай айдау стансалары толығымен тоқтатылды.  «Ембі мұнай-газға» қарасты 33 кен орны толығымен тоқтатылды. Қазіргі таңда 16-ы әлі тоқтап тұр, қалғаны іске қосылды. «Қаражанбасмұнайдың» 5 пайызы көлемінде электр энергиясы беріліп тұр, яғни тұрақты деңгейге шыққан жоқ. «Өзенмұнайгаз» бен «Маңғыстау мұнай-газда»  сондай проблемалар бар, - деді Мырзағалиев. 

Белгілі болғандай биыл мұнай кендерінде электр энергиясына байланысты 29 рет апатты жағдай болған. 

Бұл біздегі ең үлкен проблеманың бірі. Маңғыстау облысында соңғы 2-2,5 жылдың ішінде 60 млрд теңгеге жуық қаражат жоғалттық. Осы мәселені шешу үшін біз «Өзенмұнайгазда» үлкен электр стансасын саламыз деген жоспарымыз болды. Үш апта бұрын ғана италиялық «Eni» компаниясымен сондай келісімге қол жеткіздік. Әрине осындай жағдай жалғасып жатса, басқа да кен орындарына станса салу керек болады деп ойлаймыз. Атырау облысына қатысты, әр кәсіпорынның ерекшелігі бар. Кейбір кәсіпорында газ көп болса, сондай станса салуға болады. Ал газ аз болса, ондай станса жарамсыз. Сондықтан «АМӨЗ» қатысты сондай жоспарымыз бар. Қазір тиісті зерттеулерді бастадық. Себебі былтыр шілде айында дә осындай апаттық тоқтау болды. 2021 жылы үлкен апаттық тоқтау болды. Әрине өзіміздің газ стансасын құру бойынша шешім жақын уақытта қабылданады. Оны салуға біз мәжбүрміз, – деп толықтырды сөзін компания басшысы. 

Қазір аталған зауытта 6 мың тонна авиакеросин, 26 мың тонна бензин, 35 мың тонна дизель және 1,5 мың сұйылтылған мұнай газы бар. Мамандар бұл бір аптаға жететін көлем екенін айтып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама