Егіндікөлдегі төтенше жағдай: 12 ауыл жарты жылдан бері сусыз отыр
70 млн теңге бөлінген су резервуары жұмыс істемейді
Астанадан 170 шақырым жердегі Егіндікөл ауданына қарасты 12 ауыл жарты жылдан бері сусыз отыр. Аймақтағы күрделі жағдайдан соң мамырда төтенше жағдай жарияланған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ауыл тұрғындарының күнделікті ісі дәл осылай суға кезекке тұрудан басталады. Ал шалғайдағы ауылдар үлкен цистернамен тасып ішуге мәжбүр.
Ақмола облысына қарайтын Егіндікөл әкімдігі су мәселесін шешеді деп реконструкцияға 70 млн теңге бөлген. Алайда тілшіміз көріп қайтқандай, салынғанына 70 жыл болған су резервуары мүлде жөндеу көрмеген, жабдықтары әбден тозған.
Ауыл тұрғын Күдер Наурызбаев өңірде жарты жылдан бері су жоқ екендігін, тұрғындардың көбі көшіп жатқанын айтады.
Мәселенің бастысы – су. Қазір күн ыстық. Таңдайың кебеді, су жоқ. Ана жер жарылып жатыр, мына жер жарылып жатыр дейді. Ол жарықтан ештеңе шықпайды, трассаға қаржы бөлу керек. Қыстыңгүні тіптен қиындайын деп тұр. Елдің бәрі көшіп-көшіп, бітуге айналды мына Егіндікөл, – дейді ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.
Бұрынғы есепші, қазір денсаулығына байланысты үйде отырған Тілеулес есімді ауыл тұрғыны да жарты жылдан бері су жоқтығын айтады. Су алуға кезекке тұрған әр тұрғын су алғаны үшін қағазға есімін жазып, қол қояды.
Судан тарыққан қиын ғой. Судың да сұрауы бар. Өзің қанша алғың келсе, сонша аласың. 210 литр су 3-4 күнге жетеді. Қол қойып аламыз. Суды өздері литрмен береді, – дейді ауыл тұрғыны Тілеулес Мүшкенова.
Ауылдағы қордаланған мәселені қозғау үшін тұрғындар «Тіршілік 2023» қоғамдық бірлестігін құрған. Бірлестік төрағасы Ерік Серікбаевтың айтуынша, ауылдағы су резервуарын жөндеуге былтыр бюджеттен 70 млн теңге бөлінген.
Тұрғындар әкімге сенбейді, ешқандай атқарылған жұмысы көрінбейді. Екі ай талап еткеніміздің арқасында, мамырда ғана төтенше жағдай жарияланды. Депутаттар да жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймын. Оларға батырып айтпайынша, жұмыс істемейді, – дейді Ерік Серікбаев.
Ауыл белсендісі Ерік Серікбаев түсірілім тобын апат алдына тұрған су резервуарына бастап апарды.
Куә болғанымыздай, 1956 жылы салынған резервуар жаңартылмаған әрі жабықтары сынып, бірінші қабатқа тамшылаған судан кафельді еден шіри бастаған.
Мына жерде жөндеу жұмыстары жүргізілгенін өзім көріп тұрған жоқпын, шынымды айтсам. Жөнделген соң бір айдан соң сынып қалып, қайта жөндеуден өткізуге мәжбүр болды. Тиісті мекемелердің барлығына хат жаздық, – дейді бірлестік төрағасы.
Құжат бойынша су мұнарасы аумағы мен оператор бөлімі жөнделіп, мұнара аумағы аббаттандырылған. Алайда көзбен көргеніміздей, су резервуары жаңартылмаған әрі жабдықтары сынып тұр.
Шалағай жөнделген су резервуарының неліктен жұмыс істемей тұрғандығын Егіндікөл ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Қамбатыровтан сұрап көрдік. Жауапты басшылық өкілі білмейтінін айтып, ТҮКШ саласының мамандарына сілтеді.
Не істеймін енді? Су ағып тұрса, краник істемейді. Айырбастау керек, 5 маусымға дейін кепілдігі бар еді, олар келмей жатыр. Сапасына қатысты тапсырыс бергендердің өзі жауап берсін, – дейді әкім орынбасары.
Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметке сүйенсек, «Егіндікөл ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі 2022 жылы «Әлем-құрылыс корпорациясы» ЖШС-мен шарт жасасқан. Жоба құны – 70 380 484 теңге.
Ал аудан әкімі Ерлан Мұхамедин біз барғанда көрші ауылға іссапармен кеткені белгілі болды. Әкім орынбасары Нұржан Қамбатыровпен бірге біз су резервуарының басынан соң, ұзындығы 81 шақырым болатын Егіндікөл су магистраліне қарай жолға шықтық.
Мұндағы мақсат – су тапшылығына себеп болып отырған апат аймағын көзбен көру. Өйткені 12 ауылы бар Егіндікөл ауданына Нұра топтық су құбыры арқылы келеді. Құбыр ұңғымасы Қорғалжын ауданындағы Сабынды ауылында орналасқан. Құбыр Қорғалжын ауданы мен Егіндікөл ауылдарын басып өтеді. Аталған аудандар аумағында су құбыры трассасының 90 пайызының әбден тозығы жеткен. Сондықтан да құбыр үнемі жарылып, су берілуі тоқтап қала береді.
64 шақырым трасса темірден істелгендіктен 90 пайыз істен шыққан. Бүкіл трасса бойынша осындай тесіктер. Ең бірінші мәселесі де осындай. 5 айда жіберілген 150 мың текше метр судан ауылға тек 49 мың текше метр су ғана келді. Қалған су далаға ағып, кетіп жатыр. Мамырда төтенше жағдай жарияланып, бірте-бірте қимылдау басталды. Эксперт жалдап, тиісті министрліктерге, облыс басшылығына хат жазып жатырмыз, - деп түсіндірді ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Қамбатыров Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.
Оның айтуынша, былтыр су жүйесінің жобалық сметалық жұмыстарына 400 млн теңге бөлінген. Ал су құбырын толықтау жаңарту үшін смета бойынша 16 млрд теңге қажет.
Қазір экспертизадан қалай анықталатына байланысты. Әзірге мәселенің нақты қашан шешілетінін айта алмаймыз. Басты магистральда жиі апат болады. Егіндікөлге бір аптадан бері мүлде су жібермеді. Мәшине су әкеледі, ауыл тұрғындарымен кезекке тұрып алып жатырмыз, – дейді Нұржан Қамбатыров.
Бұл орайда «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов аталған мәселені жауапты мекемелердің назарына жеткізу бағытында бірқатар шаралар қолға алынғанын атады. Оның айтуынша, су құбырының жөндеу жұмыстарына Экология және табиғи ресурстар министрлігінiң Су ресурстары комитеті тікелей жауапты болғанымен, қазір құбыр маңында ауыл тұрғындары мен Егіндікөл әкімдігінің техникалары ғана жұмыс істеп жатыр.
Су құбырының жөндеу жұмыстарымен әкімшілік пен ауыл тұрғындары өздері ғана айналысып отыр. Бұл мәселеге жауапты министрліктің Су ресурстары комитеті тікелей жауапты. Өйткені комитет жөндеу жұмыстары мен техникаларға қаржы бөліп отыр. Ол техникаларды біз көріп отырған жоқпыз, – дейді Дидар Смағұлов.
Ол қайта жөндеу жұмыстарына 70 млн теңге бөлінген су резервуарына қатысты жемқорлық қаупі болуы мүмкін екен айтады.
Менің ойымша, жемқорлық қаупі бар. Өйткені қаржы толық бөлінгенімен, жұмыс аяқталған жоқ. Егер құжатқа қарасақ, мұнараның жағдайы жақсы әрі аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Қазір жұмысты аяқтамаған компания бюджетке 10 миллион теңгені қайтарған. Үкіметтік емес ұйым атынан Ақмола облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жүгіндік. Аудиторды жіберіп, тиісті сараптама өткізу керек. Одан бөлек аталған мәселені Экология министрлігі, Антикор алаңдарына шығарамыз, – дейді «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов.
Ауыл тұрғындары су мәселесі қысқа дейін шешілмесе, жағдайдың одан әрмен ушығатынын айтып отыр. Өйткені ауыл тұрғындарының дені мал шаруашылығымен күн көреді.
Былтыр тозығы жеткен Нұра су құбырындағы жағдайды Экология, геология және табиғи ресурстар министрі болған Серікқали Брекешев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында құбырдың 16 шақырымдық 9 апатты учаскесі жаңартылғанын айтқан. Құбырды 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жаңартуды аяқтау жоспарланған.
Фото, Видео: Мейірұлан Құрбанбек