Нұр-Сұлтан қаласында үш ауысыммен оқитын 4 мектеп бар
Елордада мектептегі орын тапшылығы бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан күрделі мәселе. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, қазір қаладағы 15 мектепте бала саны тиісті межеден артығымен, 4 мектепте үш ауысыммен оқып жатыр. Бірақ Сарыарқа ауданында осыған кереғар жағдай - ондағы мектепте бала толмай жатыр.
Әңгіме №94 мектеп гимназиясы туралы болғанымен, оның тарихы №20 мектептен басталады. Әу баста 600 орынға шақталған орыстілді мектеп апаттық жағдайда тұр деп танылған. Сондықтан Оқжетпес пен Шәңгерей Бөкеев көшелерінің қиылысынан жаңадан салынып, ондағы оқушыларды жаңа мектепке көшіру жоспарланған. Мектеп құрылысы 2017 жылы басталғанымен, артынша тоқтап қалады. Нысанның жоспарланған уақытта пайдалануға берілмейтіні түсінікті болғанда, әкімдік №20 мектепті сүріп тастап, орнына 2019 жылы 1200 орынға (екі ауысыммен - 2400) лайықтап жаңа мектеп салып береді. Осылайша, апаттық жағдайдағы орыс мектебі жаңа білім ошағы ретінде қайта ашылады.
Ал іргесі 2017 жылы қалана бастаған (№94 мектеп) нысаннның құрылысына қала әкімі Алтай Көлгіновтің пәрменімен былтыр сәуір айында қан жүгіреді. Осылайша, Сарыарқа ауданында төртінші білім ошағы пайда болып, ол ғалым Тұрсынбек Кәкішев атындағы №94 мектеп-гимназиясы болып шыға келді. Ендігі мәселе – мектеп ішін балаға толтыру. Сарыарқа ауданында орналасқан 3 мемлекеттік мектептің бәрінде оқушы толық емес. Оның бірі қазақ мектебі, екеуі аралас мектеп.
Білім басқармасы өкілдерінің сөзінше, 2400 балаға арналған (1200 орындық) жаңа №94 мектеп төртінші тоқсанда оқушы қабылдай бастаған. Қазір ондағы білім алып жатқандардың саны 300-ге де жетпейді. Оған жақын жердегі №20 аралас мектептегі қазақ сыныптарында оқитын 320 оқушыны көшіру идеясы сәтсіз болды. Талай жылдан бері сол жерге үйреніп қалған оқушылардың ата-анасы да бұл шешімді құптамай отыр. Оның үстіне, екі ауысымдық (2400 балаға арналған мектепте) білім ошағында мың жарымға жуық бала оқып жатыр.
Мектеп басшылығы да бала санын қысқартуды қалап отырған жоқ. Себебі, қазір мектептер жан басына қаржыландыру жүйесімен жұмыс істейді. Яғни, әрбір бастауыш сынып оқушысы үшін 380 мыңнан, 5-9 сыныптағы оқушыға 470 мыңнан, 10-11 сынып оқушысына 520 мыңнан қаржы түсіп отыр. Бұл осыған дейінгі есеп. Жаңа жылдан бастап барлық әлеуметтік төлем одан да жоғары болуы мүмкін.
Мамандар мұндай ағаттықты бастағы жоспарлау жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуінен көреді. Себебі, бұрын мектеп құрылысының жоспарын құрарда Білім басқармасы өкілдері қатыстырылмайтын болған.
Осылайша, елорданың Сарыарқа ауданында мектептерге бала толтыру үлкен мәселеге айналып отырғанда өзге үш аудандағы жағдай мүлде керісінше болып тұр. Айталық, бүгінде бас қалада 149 мектеп бар. Оның 96-сы мемлекеттік, 43-і жекеменшік. Жыл сайын бала санының артуына байланысты орын тапшылығы мәселесі күрделеніп барады. Жалпы, елордадағы оқушылар саны былтыр 190 мың болса, биыл 215 мыңға жеткен. Былтыр бірінші сыныпқа қабылданғанн оқушылар саны 25 мың болса, биыл 26 мыңға жетеді деп болжанып отыр.