Halyq Uni логотип
×

Жалақысы 70 мың теңгеден басталады: Қазақстанда 123 орманшы жетіспейді

Жұмыс берушілердің жартысынан көбі 100-150 мың теңге аралығында төлейді

 Айнұр Шошаева 14.06.2023 | 13:52
Жалақысы 70 мың теңгеден басталады: Қазақстанда 123 орманшы жетіспейді
Коллаж: Halyq Uni

Еліміздің 14 өңірінде 36 мекемеде орманшы жетіспейді. Оларға ұсынылып отырған жалақы 70 мың теңгеден басталады, деп хабарлайды Halyq Uni

Дәл қазір еліміздің электронды еңбек биржасында орманшы мамандығына 123 бос жұмыс орны бар. 

Жұмыс берушінің 19-ы тұрақты, 17-сі уақытша жұмыскер іздеп жатыр.

Сондай-ақ жұмыс берушілердің 11-і жоғары білімнің болуын талап етеді, ал 16-сы техникалық және кәсіби, 8-і мектептен кейін бірден алуға дайын. 31 жұмыс беруші тәжірибесіз маманды да алуға дайын.

Маман іздеп жатқан 4 мекеме еңбек өтілі кемінде 1 жылдан 3 жыл, ал бір ғана мекеме 3 жылдан 5 жылға дейін болу керек деген талап қойған.  

Ескерту: деректер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Электронды еңбек биржасынан алынды. Тиісінше, Қазақстандағы барлық хабарландырулар қамтылмауы мүмкін. 

Жұмыс берушілердің 63 пайызы 100-150  мың теңге аралығындағы айлықты ұсынып отыр. Ал 12 жұмыс беруші орманшыларға 100 мың теңгеге дейінгі айлық төлейтінін жазған. Тек бір ғана мекеме 150-200 мың теңге аралығында айлық төлеуге дайын. 

Қазақстанда орманшыға төленетін еңбекағы 70 мың теңгеден басталады. Мұндай жалақыны Шығыс Қазақстан облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Черемшанка орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі төлеуге әзір. Дәл қазір мекемеде 4 бос жұмыс орны бар. Жұмысшлыларға бірқатар талаптар қойылады. 

Атап айтқанда табиғатты ұтымды пайдалану, орман өсіруді қорғау және орманды қорғау. Сондай-ақ табиғи кешендерді қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған іс-шараларды жүргізу, жұмысты ұйымдастыру және өрттің пайда болуын болдырмау, – делінген биржадағы хабарламада. 

Өрт болып жатқан «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты» РМК  Бөкебай филиалында бірнеше бос орын бар. Мәселен, мекеме 26 мамыр күні ауыл шаруашылығы өндірісінің 2 тракторшы-машинисін іздеп биржада хабарлама берген. Ал 7 маусым күні аумақты қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор лауазымына екі адам іздеген. Бұл үшін 72 267 бастап 81 192 теңгеге дейін еңбекақы төлеу жоспарланып отыр. 

Биржада орманшыларға ең көп жалақыны Экология министрлігіне қарасты «Жасыл Аймақ» кәсіпорыны ұсынады. Мұндағы орманшының көмекшісі лауазымына төленетін еңбекақы 185 мың теңгеден басталады. Бұл жұмысқа тұратын маманның жоғары білімі мен кемінде 2 жыл еңбек өтілі болуы шарт. Сондай-ақ оған орман кесу, орман тұқымы, отырғызу материалын өсіру, орман өсіру, ормандарды өрттен және өз бетінше кесуден  қорғау, әрі зиянкестері мен ауруларынан қорғау жөніндегі жұмыстарға басшылық етеді. Бұған қоса, кеспеағаштарды бұру және таксациялау бойынша жұмысты орындау  және т.б. маңызды міндеттер жүктеледі. 

Айта кетейік, бір ғана жұмыс беруші орманшыны баспанамен қамтамасыз етуге дайын. «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының» Новошульба филиалы биыл 1 маусымда орманды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор лауазымына бос орын жариялаған. 110-120 мың теңге аралығындағы жалақымен бірге тұрғын үймен қамтамасыз етілетінін мәлімдеді.

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Абай облысындағы орман өртіне байланысты премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын үнемі арттырып отыруды ұсынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама