Қазақстанның таза орман алқабы 13,6 млн гектар: Оның жартысы сексеуіл

Ербол Тұрымбет

Елімізде былтырдан бері мыңға жуық орман өрті болған

Фото: massaget.kz

Қазақстан аз орманды елдерге жатады. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік орман қоры 30,5 млн га құрайды. Оның ішінде таза орман ауданы 13,6 млн га. Ол ел аумағының 5%-ын алып жатыр. Оның жартысына жуығы сексеуіл.

Сондай-ақ, Қазақстан ормандарының едәуір үлесі (74%) жергілікті атқарушы органдардың қарамағында.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы мемлекеттік орман қорының аумағында 104,5 мың га алқапта (49,9 мың га таза орман алқабы) 801 орман өрті болған. Орман өртінің 444-і немесе 55%-ы найзағай түсуінен, 127 жағдай немесе 15%-ы дала өрттерінің мемлекеттік орман қоры аумағына ұласуынан болған. Тағы 208 жағдай немесе 26%-ының себебі анықталмаған.

Ал биылдыққа, Абай облысындағы алапат өртті есепке алмағанның өзінде, жалпы ауданы 19,8 мың га-дан асатын 122 орман өрті тіркелген. Оның 1,3 мың гектары таза орманды алқап. Министрліктің хабарлауынша, ірі орман өрттерінің таралуының негізгі себептері:

  • орман иеленушілердің бастапқы кезеңде өрттерді сөндіру бойынша уақытылы шаралар қабылдамауы;
  • өртті сөндіру үшін шалғай, қол жетпейтін жер болуы;
  • дала өрттерінің мемлекеттік орман қоры жерлеріне көшуі;
  • орман күзетінің техникамен және жабдықтармен әлсіз жарақтандырылуы. 

Елімізде жасыл желек аумағын ұлғайту мақсатында мемлекет басшысының үлкен тапсырмасы бар. 2020-2025 жылдар аралығында Қазақстанда 2 миллиард ағаш отырғызу жоспарланған. Оған біздің елімізде жойылып кету қаупі төнген Қызыл кітап сексеуілінің 700 миллионнан астам көшеті және 600 миллионнан астам қарағай көшеті кіреді.

Айта кетерлігі, орман ағаштарына зиян келтіретіндерге жаза да күшейтілген. Мысалы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске биыл 3 қаңтарда өзгеріс енгізілді. Енді Кодекстің 368-бабы бойынша:

1. Кеспеағаш қорын пайдаланудың, сүрек дайындау мен әкетудiң, шайыр мен ағаш шырындарын, қосалқы ағаш ресурстарын (материалдарын) дайындаудың белгiленген тәртiбiн бұзу – жеке тұлғаларға 10, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 30, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне 50, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 100 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.

2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жасалған іс-әрекет ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға 30, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 60, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне 100, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 300 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.

Жалпы, Біріккен ұлттар ұйымы Даму бағдарламасының дерегі бойынша, соңғы 20 жылда әлемде ормандар ауданы қысқарып келеді. 2020 жылы тропиктер 12 млн гектардан астам ағаш жамылғысын жоғалтқан. Бұл 2019 жылғы көрсеткіштен 12% көп. Бұл Негізгі қауіп әлі де адамның антропогендік белсенділігімен байланысты. Әлем халқының өсуі, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымды кеңейту үшін орманды кесу, сондай-ақ жиі өрттер өз әсерін тигізіп отыр. Соның салдарынан орман жойылып немесе сиреп, сонымен бірге, биоалуантүрлілігінің жойылуына да кесірі тиіп отыр.