Halyq Uni логотип
×

«Екінші Сирия қажет емес»: Сарапшы Ауғанстан мен Иран қақтығысы туралы айтты

Қазақстан Ауғанстанмен 1 млрд долларға, Иранмен 494 млн долларға сауда жасады

 Айнұр Шошаева 30.05.2023 | 10:21
«Екінші Сирия қажет емес»: Сарапшы Ауғанстан мен Иран қақтығысы туралы айтты
Коллаж: Halyq Uni

Күні кеше ауған-иран шекарасында әскери қақтығыс басталып, Ауғанстан билігі Тегеранды басып алатынын мәлімдеді. Бұл екі елдің арасындағы қақтығысының аймаққа және Қазақстанға әсері қандай болмақ? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Әлкей Марғұланұлына жүгіндік. 

– Бір ай бұрын Қазақстан үкіметі Ауғанстанның жаңа билігімен ынтымақтастық орнататынын мәлімдеген еді. Тіпті гуманитарлық көмек жіберіп, үкімет мүшелері Кабулға ресми сапармен барып қайтты. Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд долларға жетті. Соғыс жағдайында бұл ынтымақтастықтың болашағы бар ма? 

– Сұрағыңызға рахмет! Ауғанстан және Иран шекарасындағы қарулы қақтығыс Гильменд өзенінен тарайтын суды қабылдап алу келісімінің бұзылуынан басталды. Аталған келісім 1973 жылы екі елдің арасындағы су мәселесіне қатысты жасалған болатын. Қазіргі уақытта Иран Ауғанстанды Гильменд өзенінің суын жасанды бөгет жасау арқылы тыйып отыр деген ресми ұстаным тартуда. Бұл Орталық Азия аумағындағы су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі мәселелердің бірі екенін көрсетеді. Яғни, «су факторы» – дипломатия мен қауіпсіздіктің негізгі құралына айналды. Осы жағдайда, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы екіжақты және аймақтық ұйымдар арқылы қалыптасқан көпжақты қатынастар бұл қақтығыстан әзірге зардап шекпейді. Себебі екі елдің арасында толыққанды әскери соғыс туралы әңгіме болып отырған жоқ. Екі елдің қатынастары көбінде экономикалық, сауда, гуманитарлық сипатқа ие.

Тауар айналымы Ауғанстанның мемлекет басшылығына Талибан қозғалысының ресми келуінен кейін, біршама өскені белгілі. Себебі тек біздің мемлекет қана емес, батыс елдері де, көршілес ортаазиялық әріптестеріміз де Ауғанстанның саяси тұрақтылығына мүдделі болғандықтан, онымен прагматикалық қатынастар орнатуға күшін салды.  Қазақстаннан шығатын экспорттық тауарлар тамақ, мұнай химиясы, металлургия, жеңіл, көлік және құрылыс өнеркәсіп салаларының өнімдері. Аталған салалар екі елдің сауда қатынастарының діңгегі болуы болжанып отыр. 

– Ауған-Иран қақтығысы күшейетін болса, еліміздің ұстанымы қандай болуы керек?

– Қазақстан өзінің географиялық орналасуы мен жаһандық елдердің, оның ішінде бірінші кезекте Ресей мен Қытайдың, одан кейін АҚШ пен Еуропалық Одақтың сыртқы саясат және қауіпсіздік стратегиясында өзіндік орынға ие. Каспий теңізі арқылы Иранмен, оңтүстік шекарадағы елдер арқылы Ауғанстанмен шектесеміз. Сол себепті мемлекет басшылығының сыртқы саясаттағы көпвекторлық – ол ауадан алынған теория емес, ол өмірлік қажеттілік болып тұр. Аталған принцип Иран мен Ауғанстан арасында соғыс толыққанды формада басталса ұстанылатын болады. Ауғанстан мен Иранда қазір Ресей мен Қытайдың қомақты инвестициясы салынған.

Ресейге Иран «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі үшін жаңа маңызға ие болса, Қытайдың «Белбеу және жол» геостратегиялық бастамасында Ауғанстанның да, Иранның да территориясы арқылы дәліздер өту жоспарланған. Экономикалық тұрғыда соғыс ешкімге тиімсіз, бірақ Иранды тежеу мақсатында Ауғанстанды өзінің құралы ретінде пайдалану АҚШ және Таяу Шығыстағы кей мемлекеттерге тиімді болуы ықтимал. Бұл менің гипотезам. Қазақстанға сауда экономикалық саясатын одан әрі күшейту керек деген пікірдемін. 

– Ауғанстан Қазақстаннан қандай тауарлар сатып алады, қанша сомаға, соғыс болса сол келісімшарттарды төлейтін ақшасы жете ме?

– Жоғарыда атап өткенімдей, екі елдің сауда балансы жақсы баланста. 1 млрд долларлық көрсеткіш біздің Түркіменстан, Әзірбайжан секілді елдермен жасайтын саудадан жоғары көрсеткіш. Салаларды айтып өттім. Көбінде ауыл шаруашылығы, жеңіл және ауыр өнеркәсіп тауарлары, көлік және энергетикалық ресурстар біздің елден экспортқа шығуда. Одан бөлек Ауғанстанның Герат қаласында Қазақстанның сауда үйі ашылмақ. Біздің елдің мүддесі Ауғанстан территориясында көлік логистикалық жүйесінің дамуына үлес қосу арқылы, біздің тауарларды тасымалдайтын әртараптандырылған жолдарды қалыптастыру. Пәкістан, Үндістан, Оңтүстік Азия елдеріне қажетті игіліктерді жеткізудің төте әрі мобильді жолы Ауған елі арқылы жатыр. Нәтижесінде, Ауғанстанмен тұрақты саяси және экономикалық қатынастар орната отырып, өзіміздің тауарларымызды жеткізудің бір жолын қалыптастыру. 
 
– Бүгінде Иран арқылы Қазақстан экспорты өсіп келеді, ауған шабуылы Қазақстан тауарлары тасымалданатын дәліздерге зардабын тигізе ме, Иран Қазақстаннан не сатып алады? 

– Иран біз үшін екіжақты қатынастарда, Каспий келісімі шеңберінде маңызды аймақты стратегиялық әріптес мемлекет. Бірақ сауда экономикалық қатынастарымыздың әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Оның бір себебі – біздің тараптағы Каспий теңізіндегі тасымалдау инфрақұрылымының нашарлығы. Себебі біздің ел Иран нарығына ауыл шаруашылығы және өндірістік тауарлардың экспортына мүдделіміз. Өткен жылы біз 307 млн долларға тауар экспорттадық. Ал бізге 187 млн долларға тауар мен қызметтер кірген. Біз үшін Иран аймақтық сауда хабы болуы қажет, себебі Иран арқылы Африка және Орта Шығыс, Таяу Шығыс елдеріне әрі қарай тауарларымызды экспорттауға мүмкіндік аламыз. Қазіргі уақытта Иранға бізден гөрі, Қытай мен Ресей ерекше мән беріп отыр. Әсіресе Ресей, Украинамен соғыс барысында көптеген сауда дәліздерінің жабылуына байланысты, қазір Ресей үшін «Солтүстік-Оңтүстік» транспорттық коридорын дамыту күн тәртібіндегі өте маңызды жоба болып отыр. Ол тек Иран арқылы өтеді.  

– Иранда соғыс болса, ол Ресейге әскери дрон, басқа да қару-жарақпен көмектесуін азайтып, нәтижесінде Ресей Украина соғысында әлсірей ме? Ауғанстан шабуылы ұжымдық батыстың Ресейді әлсіретуі үшін Иранға әдейі жасаған шабуылы болуы мүмкін бе?

– Оны тереңірек зерттеу керек. Ауғанстан да, Иран да геосаяси және геоэкономикалық маңызы зор акторлар. Екі елге қатысты жүргізіліп жатқан әлемдік қауіпсіздік саясаттары өте кешенді. АҚШ пен NATO блогы Иранды Ресей, Қытаймен қатарлас негізгі қауіпті елдердің санатында бекіткен. Ауғанстандағы саяси тұрақтылық әлі өте әлсіз, кей елдерде Талибан әлі де экстремистік ұйымдар санатында. Бірақ көріп отырғанымыздай, экономика көп жағдайда саясатты ығыстырып отыр. Иранда соғыс болады деген болжам ұзақ жылдар бойы айтылып келеді. Бірақ дәл қазіргі жағдайда Еуразия кеңістігінде екінші Сирия қажет емес. Себебі Ирандағы саяси тұрақсыздық не соғыс қаупі не жақтас елдерге, не жау елдеріне де жеңіс әкелмейді. Оның ішінде Иранды әлсірету Ресейге де тиімсіз. Санкция астындағы тауарлардың ұзақ жылдар бойы экономикалық изоляционизмде өмір сүріп жатқан Иран арқылы тасымалдануы логикалық дүние деп қабылдаймын. Белгілі дәрежеде әсер етуі ықтимал. Бірақ өзге импорттайтын нарық табылады. Ал ұжымдық батыстың араңдатуы деген нұсқасы әзірге қабылдай қоймаймын. Бірақ кезіндегі Кеңес Одағы мен АҚШ бастаған батыс коалициясының Ауғанстан мен Ирандағы жүргізген саясатының тарихи салдары екенін ерекше атап өтемін. 

– Жауабыңызға рахмет!

Серіктес жаңалықтары

Сараптама