Бюджеті бір облыспен бірдей: «Қазақстан халқына» қоры неге үкіметтің жұмысын істейді?
Қорда қазір 155,2 млрд теңге бар
«Қазақстан халқына» қорының кейбір жобасы бюджеттік бағдарламаларды алмастырып отыр. Қордың басшылығы оның себебін түсіндірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Қазақстан халқына» қайырымдылық қоры құрылған уақыттан бастап 155,2 млрд теңге қаржы жиналған. Бүгінде бекітілген қайырымдылық бағларламалар мен жобалардың сомасы 116,7 млрд теңгені құрайды. Қордың басқарма төрағасы Болат Жәмішевтің пікірінше, бұл сома жоспарланған жобаларды іске асыру үшін жеткілікті.
«Қазір жиналған қаржы көп деп есептейміз. Сондықтан биылға ақша керек емес. Біз донорлар кеңесін құрдық. Әр істеп жатқан жұмысымыз туралы есеп беріп отырамыз. Осы жылға ақша керек емес. Былтыр конференция өткіздік, биыл да өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол жерде донорлар қатысатын секция да болады, онда не істегенімізді түгендеп береміз. Сондай-ақ келесі жылға деген қажеттіліктеріміз туралы айтамыз. Келесі жылға қажеттіліктеріміз айтарлықтай көп болмайды», – деді ол журналистермен кездесуінде.
«Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры биылдан бастап таза кірісінің 7 пайызын «Қазақстан халқына қорына аударуға тиіс. Қор өкілдері биыл ұлттық компания 66 млрд сомасында қаржы аударады деп күтіп отыр. Сондай-ақ Ұлттық лотерея операторы «Сәтті Жұлдыз» компаниясынан 3 млрд теңге түседі деп көзделеді.
Қазір бізде 155,2 млрд теңге бар. Тағы қосымша «Самұрық-Қазынадан» 66 млрд теңге, «Сәтті Жұлдыздан» 3 млрд теңге түседі. Жылдың аяғында түскен ақша 224 млрд теңге болады. Осы жоспарлардың бәрі ең көп болғанда 170 млрд теңгеге тартады. Онда 54 млрд қалады, оған ендігі жылы «Самұрық-Қазынадан» 60 млрд түседі. Қажет сома 170 млрд деп алсақ, 50 млрд теңге сомасында жетпейді. Біз ол туралы донорлармен сөйлесіп, жоспарымызды таныстырамыз. Олармен келесі жылы ақылдасамыз, – деп толықтырды қор басшысы.
Сондай-ақ Болат Жәмішев қорға қатысты айтылатын сын-пікірлерге жауап берді. Соның бірі жиналған қаржының игерілуіне байланысты.
Біреулер ақшаны игермей жатырсыздар деп айтады. Біздің алдымызда жиналған қаржыны соңғы тиынына дейін игеру міндеті тұрған жоқ. Ұлытау облысының бюдеті 150 млрд теңге. Менің жеке пікірім, ірі бағдарламаларды есепке ала отырып, 100-120 млрд теңге біз сияқты қор үшін жеткілікті деп есептеймін, – деп жалғастырды ол сөзін.
Сондай-ақ ол «Қазақстан халқына қоры неліктен үкіметтің жұмысына араласады» деген сұраққа жауап берді.
«Биылдан бастап «Самұрық-Қазына» қорынан міндетті қаржы түседі. Сондықтан да біздің бағдарламалардың бір бөлігі бюджетті алмастырады. Қордың кейбір жобалары шынымен де бюджетті алмастырады. Мәселен, біз онкологиялық қызметті дамыту жоспарына қосылдық. Себебі онкологиялық дертке шалдыққан науқастардан көп өтініш түседі. Біз науқас балаларды емдеудің шешімін таптық. Әлбетте оның бір шарты бар. Емді алдымен елде бастауы керек. Отандық мамандардың емі нәтиже бермесе, ғана шетелге жібереміз. Әйтпесе елде ешкім емделмейтін болады. Ересектерді шетелге емделуге жібермейміз», – деді Болат Жәмішев.
ДӘРІГЕРЛЕР ҮШ ОБЛЫСТЫ АРАЛАЙДЫ
Қазақстандаға өлім-жітім көрсеткішінде онкология екінші орында тұр. Көмек сұрап жүгінетін науқастар көп болғандықтан, қор онкологиялық қызметті дамыту жобасына қатысуға шешім қабылдады.
«Біз мұны үш бағыт бойынша жүзеге асырамыз. Біріншісі – сәулелі терапия жабдықтарын сатып алу. Екіншісі – мемлекет қазір сатып алмайтын инновациялық препараттарды сатып алу, үшінші бағыты – отандық дәрігерлерді шетелдің үздік орталықтарында оқыту», – деді Жәмішев.
Айта кетейік, қор Ақтөбе, Қызылорда және Павлодар облыстарында онкологияны ерте кезеңнен анықтау бойынша жаңа жобаны қолға алып жатыр. Бұл үш өңірдің таңдалуы бекер емес, себебі бұл аймақтарда аурудың көрсеткіші жоғары. КТ, маммограф, УЗИ аппараттары бар арнайы көлік осы облыстардың шалғай ауылдарына барып халықты тексереді.
«Бұл жобаның «Саламатты Қазақстан» пойызынан айырмашылығы – пойыз белгілі бір стансаға тоқтайды. Халық дәрігерге көрінуі үшін сол стансаға баруы керек. Ал толығымен Fuji компаниясының құралдарымен жабдықталған Toyota көлігі алыстағы ауылдарды аралап, бүкіл халықты тексереді. Егер ауру анықталып жатса, дереу тіркеуге алып, қажетті емдеу шараларына кіріседі. Өкінішке қарай, науқастардың көбі аурудың соңғы кезеңінде анықталып жатады. Көлік те еліміздің жолдарына жарайтындай етіп таңдалды», – деді қордың басқарма мүшесі София Айсағалиева.
«МИНИСТРЛІК 77 МЫҢ АҚШ ДОЛЛАРЫН ҮНЕМДЕЙДІ»
Елімізде балаларда сирек кездесетін 64 түрлі дерт тіркелген. Оның бірқатарына қор қымбат препараттарды сатып алып, кейбір қажетті ота жасауға қаржы бөліп отыр. Мәселен, Қазақстанда көздің мүйізгек қабығын алмастыру бойынша ота жасала бастады. Отаға қажетті орган – қасаң қабық (роговица глаз) АҚШ-тан жеткізіледі, қор органды жеткізу шығындарды ғана өтейді. Орган алмастыру отасын Асфендияров клиникасының мамандары жасады. Қазірге дейін 12 науқасқа ота жасалған. Ал елімізде мұндай отаға 1500-ға жуық науқас мұқтаж.
«Бізге мүйізгек қабығын жеткізгеннен гөрі мәйіттік донор туралы бұрын қолданыста болған заңды қайтару оңай ма деймін. Трансплантолог дәрігерлер «қордың ақшасы да, АҚШ та мүйізгек қабықты әкелудің же қажеті жоқ. Мәйіттік донорлық туралы заңға өзгеріс енгізіңіздер, бірнеше жыл бұрын күші жойылған заңды қайтарыңдар» дейді. Мәйіттік донорлық кезінде жүрек немесе басқа да органдардың жетіспеушілігі болуы мүмкін, бірақ қасаң қабықтың тапшылығы ешқашан болған емес. Қайтыс болған адамдардың жартысынан көбінің көзі трансплантациялауға жарамды еді. Сондықтан әлемнен көздің мүйізгек қабығын жинап, елге алдыртып азаматтарымызға салтырғаннан гөрі, заңға өзгеріс енгізіндер деген дұрыс па? Елімізде 3 мың адам бүйрек алмастыруды күтіп отыр. Олар қанша күте алады? Осы орайда біз де, қай жолмен жүрген дұрыс деп ойланып отырмыз. Әрине, әлбір азаматқа көмектескіміз келеді, бірақ заңды өзгерту әлем бойынша ол органды іздегеннен де әлдеқайда тез болатын еді», – деп қосты Болат Жәмішев.
«Қазақстан халқына» қоры екі жыл ішінде мұндай отамен 304 науқасты ғана қамтуды жоспарлап отыр, оның 107-і бала. Оған 300 млн теңгеден астам сома қарастырылған.
«Себебі оның донор банкі органды дайындайды. Біз тек олардың дайындап, жеткізу қызметін ғана төлейміз. Ал органның құнын төлемейміз. Қазақстанда донорлық орган сатуға заңмен тыйым салынғанын айттық. Сондықтан олар бізге көмек ретінде тегін береді, тек жеткізуі, кедендік шығындары, яғни толық логистикасын өзіміз көтереміз. Ал Асфендияров университеті бекітілген тарифтеріне сәйкес операция жасап жатыр. Ондай операцияға мұқтаж науқастар саны 1 мыңнан асады. Егер қазір басқа клиникаларды алатын болсақ, сапасы қалай болады деп қорқамыз. Мәселен, Асфендияров пен LINES клиникасының өзара сертификаттары бар», - деді қордың басқарма мүшесі Ләззат Шыңғысбаева.
Оның пікірінше, қасаң қабықтың трансплантациясын жасау мемлекет үшін мүгедектік бойынша жәрдемақы төлегеннен әлдеқайда арзан болады.
Бұл жобаның тиімділігі туралы талдау жасалды. Бір науқас соқыр болып қалса, өмір бойы мемлекеттен жәрдемақы алуы керек. Талдау бір науқасты емдеу арқылы мемлекет 77 мың АҚШ долларын үнемдейтінін көрсетіп отыр. Бұл операция Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бюджетін үнемдеп отыр дегенді білдіреді, – деді Шыңғысбаева.
ҚАҢТАР ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ БАЛАЛАРЫН ІЗДЕЙДІ
«Қазақстан халқына» қоры Қаңтар оқиғасынан кейін құрылды. Қорға оқиға кезінде зардап шеккен және қаза тапқан азаматтардың отбасыларына материалдық көмек көрсету міндеті жүктелді. Қайтыс болған азаматтарға 7 млн теңге, ауыр жарақат алғандарға 3 млн теңге, кәмелетке толмаған балалардың санына қарай 2 млн теңгеден берілді.
Болат Жәмішевтің мәліметінше, зардап шеккен әрі оқиғаға қатыспаған азататтардың бәрі материалдық көмекті бірден алған.
Кімнің қатысы жоқ, олар бірден алды. Бірақ өтемақы алмаған екі адам болған. Бір қайтыс болған азаматтың әкесі мен ажырасып кеткен әйелі екеуі көмекті алу бойынша өзара келісімге келе алмай жарты жыл жүрді. Жақында келісімге келіп, оларға ақша төленді. Тағы бір адам қалды, ол өзі шетелде екен. Қорғаушысымен сөйлестік, келгенде алатын болды, – деді ол.
Сонымен қатар құзырлы органдар Қаңтар оқиғасына қатысы бар деп таныған азаматтарға қордан көмек көрсетілген жоқ. Алайда қордың қамқоршылық кеңесі қаза тапқан азаматтардың артында қалған балаларына білім гранты тағайындау туралы шешім қабылдады.
«Бұған дейін ол туралы айтқан едік. Осы жерде айта кетейік, Қаңтар оқиғасына қатысы болмаған азаматтардың балалары туралы мәліметтер бізде бар. Алайда кімнің қатысы болды, сол азаматтардың балалары туралы ақпарат жоқ. Қазір біз әкімшіліктерден жинап жатырмыз. Ай сайын БАҚ арқылы таратқан ақпарат таратып, оларды іздестіріп жатырмыз. 4 млн теңге қаржы баланың болашақ оқуы үшін Еndowment қорға аударылады», – деді Болат Жәмішев.