×

Онлайн білім заңдастырылуы мүмкін: Мектеп тапшылығы шешіле ме?

Интернет байланысы жылдамдығы 4 мбит/с-тан аспайтын 3 мың мектеп бар

 Айнұр Шошаева 23.05.2023 | 15:03
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда жаңа мектептерді салу қарқыны елдегі демографиялық және миграциялыық процесстеріне ілесе алмай келеді. Бүгінде ел бойынша 270 мың оқушы орны тапшы, деп хабарлайды Halyq Uni

Қазіргі күні еліміздегі мектеп тапшылығы өзекті. Атап айтқанда, 

  • оқушы орындарының тапшылығы – 270 мың; 
  • үш ауысымды мектеп саны – 143;
  • апатты мектеп саны 52,
  • саман және ағаш мектеп саны 300-ден астам. 

Сондай ақ интернет байланысы жылдамдығы 4 мбит/с-тан аспайтын 3 мың мектеп бар, ал стандартқа сәйкес ол кемінде 20 Мбит/с болуы керек. Сонымен қатар Қазақстан бойынша 4 мыңнан астам педагог тапшылығы бар. 

«БІРІНШІ СЫНЫПҚА ЖАРТЫ МИЛЛИОН ОҚУШЫ БАРАДЫ»

«Bilim Media Group»ЖШС директоры Рауан Кенжеханұлының пікірінше, пандемия кезінде елімізде оң демографиялық өсім болды. Алайда бұл өсім алдағы жылдары білім беру саласына үлкен салмақ болуы мүмкін. 

Білім беру жүйесіне түсетін салмақ артып келе жатыр. Соңғы 3 жыл бойы үлкен жақсылық әрине, бізде бұрын соңды болмаған жақсы демографиялық өсім бар. Жыл сайын жарты миллиондай жаңа нәресте келіп жатыр. Яғни алдағы 5-6 жылда бірінші сыныпқа келетін балалардың саны жарты миллион болады деген сөз. Одан 2030 жылы ЖООдағы студенттер саны 1 млн асады деген болжам бар. Осының барлығы қазірден бастап осы өзгерістерге дайындалуға және оған тиісті қажетті алаңдар дайындауға  мәжбүрлейді, – дейді ол. 

Оның пікірінше, қолданыстағы әдістермен алдағы сынаққа төтеп бере алмауы мүмкін. 

«Бұл мәселені дәстүрлі, яғни бұған дейінгі қолданылып келген технологиялық емес әдістермен мектеп салу, мүғалім дайындау арқылы жүретін болсақ, көп нәрсеге жете алмай қалуымыз мүмкін. Жалпы бұл тек Қазақстанға ғана тиесілі проблема емес, тура осы жағдай дүние жүзіндегі барлық дамушы елдерде орын алып отыр. Алдағы 10 жылда әлем бойынша мектептерге жаңа 1 миллиард оқушы келеді деген болжам бар. Соның 800 млн дамушы елдердегі оқушылар. БҰҰ әлем бойынша бұл мәселені шешуді, оның ішінде цифрлық технологияның көмегімен іске асыруды көздеп отыр», – деп қосты ол. 

Цифрлық технологиялардың көмегімен білім беру саласындағы барлық проблеманы шешу мүмкін емес, алайда еліміздің шалғай ауылдарындағы әрбір балаға ең үздік деген мұғалімнен сабақ алуына жағдай жасауға болады. 

Ең жақсы деген мұғалімнің қолынан шыққан сабақтарды ең жақсы мазмұнды жеткізуге толық мүмкіндік бар. Технологиялардың беретін тағы бір мүмкіндігі ілгері дамыған елдердің жүріп өткен жолдарын толықтай қайталау міндетті емес. Артта қалып отырған деңгейден қысқа мерзімде тиімді алға жылжып, көптеген кедергілерден секіріп өтуге болады. Мәселен, пандемия кезінде мектеп бағдарламасында бар жаңартылған білім мазмұнындағы тақырыптардың барлығын цифрлық офрматқа өткізуге мүмкіндік туды, – дейді Рауан Кенжеханұлы. 

Сонымен қатар, онлайн білім беру екі процесстен тұратынын атап өтті. Бірі - мазмұнның цифрландырылуы, екіншісі - оқу үрдісіне қатысушылардың арасындағы коммуникацияны қалыптастыру. 

«Осы бағыттардың барлығы Қазақстанда біздің ойымызша кез келген ілгері мемлекеттермен қатар, деңгейлес жұмыс жүріп жатыр. Бұл жұмысты ұйымдастырып жасап жатқан біз ғана емес. Соңғы 10 жылдың ішінде Қазақстанда білім беру әлемдегідей бөлек индустрияға бөлініп шықты. EdTech  деп аталады, осы индустрияға келіп жатқан көптеген компаниялар бар. Қазір біздің есебімізше бұл салада елімізде белсенді жұмыс істеп жатқан түрлі ұйымдардың саны 50-ге жетіп қалды. Еліміздегі білімді көтеру, оның сапасын ілгерілету тек қана мемлекеттің ғана міндеті емес. Бұл сонымен бірге бизнес пен қоғамдық ұйымдардың да міндеті», – дейді Рауан Кенжахаұлы. 

ИНТЕРНЕТСІЗ МЕКТЕПТЕР ҚАЛАЙ ОҚЫТЫЛАДЫ?

Заманауи технологиялар мектеп өміріне еніп кетті. Сондықтан білім сарапшысы Күләш Шәмшидинова онлайн оқытудың перспективасы өте зор әрі керек деп есептейді. 

Бірақ біз мектептердің өзінде трасформациялар, оның ішінде цифрлық трансформациялар жүргізілуі керек екенін түсінуіміз керек. Бұл жерде мазмұн мен оқыту технологиялары, сондай ақ оқу ортасының өзгеруі туралы айтып отырмын. Ең бастысы, біз қай бағытта жүретінімізді жақсы білуіміз қажет. Өйткені бүгінде кез келген мамандықтың өкіліне цифрлық сауат керек, әрі ол тек белгілі бір ақпаратты іздеп, тұтыну үшін ғана емес, бағдарламалау және кодтау тұрғысынан керек. Сонымен қатар оқытудың әдістемелік технологиясы мәселесі бар. Меніңше цифрлық технологиялар мұғалімдерге көп көмектеседі: материалдарды таңдау, оны пайдалану. Бұл әсерісе біріктірілген сыныптар үшін өзекті. Мәселен, 4 сыныппен жұмыс істеп жатқанқанда 5 сынып дайын платформада жұмыс істеп жатады. Сондықтан онлайн оқытудың болашағы зор, – деді сарапшы. 

Сондай-ақ онлайн білім беру бұған дейін қалыптасқан құндылықтарды жоққа шығармайынын атап өтті. Бұған дейін болған мұғалім онлайн оқуда да болады. 

Оқу ағарту министрлігінің мәліметінше, елімізде пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерінің негізінде әдістемеліктерді әзірлеу қажеттілігі бар. Сондай-ақ платформаны таңдау мәселесі де өзекті болып отыр. Айта кетейік, министрлік Ақтөбе облысында онлай білім беруді пилоттық режимде бастауды жоспарлап отыр. Соның негізінде оқытудың әдістемелік тәсілдері анықталады. 

«Ақтөбе облысындағы пилоттық жоба бүгінгі күні қалыптасқан проблемаларды шешу үшін қолға алынып жатыр. Мектептерді саралай келе, екі позициядан қарадық. Біріншісі - ол мектептерде мұғалімдер қаншалықты жетіспейді? Мысалы химия пәнін математика немесе физика пәнінің мұғалімі береді. Тіпті, тіл мұғалімдерінің математикадан беріп жүрген кездері болды. Екіншісі - химия пәнін химия пәнінің мұғалімі береді, бірақ оның категориясы жоқ. Мұндай жағдайда балалар қалай сапалы білім алады? Осы жерде замануи технологияларды қалай пайдаланала аламыз деген сұрақ туындайды», – деп қосты Шәмшидинова.

Бұдан бөлек, Қазақстанда ауыл мектептерінің интернетпен қамтылу мәселесі өзекті мәселе болып отыр. Ал кадр тапшылығы көбіне ауылдық елді мекендерде екені айтпаса да түсінікті. 

Интернетсіз онлайн оқытуды ұйымдастыру қиын болады. Сондықтан біз жобаны қарастырғанда мектептеді интернетке қолжетімділігі бар және жоқ деп екіге бөлдік. Интернеті бар мектептерге оқытудың үш түрін ұсынып отырмыз. Ол стриминг, яғни облыстық орталықтан мұғалімдер аптасына бір рет химия, физика, математика, биология және ағылшын тілінен сабақ береді. Қалған екі түрі ол тірек және магниттік мектептер. Мұнда тірек мектептердің мұғалімдері айналасындағы 3 магниттік мектепте сабақ береді. Онда қалыпты сынып болады, әр сыныпта 25 баладан артық бала оқымайды. Бірақ мұнда да шешілуі тиіс мәселе бар. Мысалы мұғалімнің еңбекақысы қалай төленеді? Яғни жауапкершілікті бөлу мәселесі бар. Тірек мектептің мұғалімі  не үшін, ал шағын жинақтағы мектептің мұғалімі не үшін жауап береді? Осы сұрақтарды айқындап алуымыз керек, – деп толықтырды сөзін. 

Бүгінде үш бизнес құрылым – Онлайн мектеп, Дарын онлайн және Аман сұлтан платформалары пилоттық режимде өз платформаларын тегін ұсынып отыр. Rocket платформасы өзінің барлық электрондық мүмкіндіктерімен бірге қазақстандық нарыққа кіріп жатыр. 

«Қазір Ақтөбе облысының 9-10 мектебіне эксперимент ретінде аталған 3 компания өз өнімдерін орнатады. Шағын жинақтағы мектептердің мұғалімдері оны оқыту барысында пайдаланатын болады. Бұл жоба шеңберінде шамамен 30-га жуық зерттеу жүргізіледі. Оның ішінде интернеттің қажетті жылдамдығынан бастап, оқу процессін ұйымдастыру, мұғалімдерді оқыту сияқты мәселелерді қамтиды. Нормативтік өзгерістерге келсек, бізге мектептердің штаттық кестесін қайта қарау керек. Мысалы онлайн мұғалім, педагог немеме тютер, көмекші сияқты жаңа ұғымдар енгізу керек шығар. Қазір эксперимент негізіген орта мектептің оқушыларын қамтиды. Бастауыш мектепке әлі барып жатқан жоқпыз. Бұл пилоттық жоба кейін онлайн білім берудің нормативтік құқықтық негізін қалыптастыруы мүмкін. Қалай болғанда да онлайн оқудың болашағы бар, оны түсінуіміз керек», – деді Күләш Шәмшидинова. 

Бүгінгі күні елімізде 2200-ге жуық ауылдық  шағын жинақталған мектепте пәндік мұғалімдер тапшы. «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев тапшылықты онлайн оқытуды енгізу арқылы шешуге болады деген пікірде. 

Қажетті ұстаздардың тапшылығын тек онлайн оқуды жүйелі оқытуды енгізу арқылы ғана шешуге болады. Бұл жерде көптеген шешілмеген мәселелер бар. Бүгінгі күні онлайн оқуды кім және қалай ұйымдастыратыны туралы түсініктің болмауы, оқу сапасы үшін кім жауапты болады: онлайн педагог па, әлде профильдік емес пән үшін сабақ беретін маман ба? Онлайн оқытуда еңбек ақы төлеу жүйесі қалай болады? Оқытатын интернет платформалар сертификаттала ма және т.б. деген сұрақтар бар. Бұл мәселелерді шешу керек. Әйтпесе жылдамдатылған интернетсіз ауылдық білім беруі туралы айтудың мәні жоқ, – деді Болат Жәмішев. 

Сондай-ақ қор басшысы онлайн оқыту бойынша пилоттық жобаны іске асыруға дайын екенін мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама