Бизнес несиеге сұранысты азайтты: Базалық мөлшерлеме төмендей ме?
Бизнес өкілдерінің несие алуы 2018 жылдан бері қиындаған
Бизнес тарапынан несиеге деген сұраныс тұрақты азайып келеді. Ұлттық банк дерегінше, несиеге өініш беру көрсеткіші бірінші тоқсанда да төмендеген. Оның ішінде, негізінен шағын және орта бизнес өкілдері несие алуды азайтқан. Себебі несие құны жоғары.
Бас банк мәлімдеуінше, келесі тоқсанда көптеген банк бизнес тарапынан несиеге сұраныс артатынын күтіп отыр. Оған мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландыруды бастау және қызметтерді жақсарту саласында істелген жұмыстардың нәтижесі ықпал ету керек деген сенімде.
Қаржыгер Эльдар Шамсутдиновтің сөзінше, осы жағдайға байланысты қазір базалық мөлшерлемені төмендету мәселесі талқыға түсе бастаған. Өйткені, нақ сол пайыздың жоғары болуынан бизнестің несие алуы қиындағанын айтады. Тек оның пікірінше, бұл жағдай былтыр не биыл ғана болған жайт емес, 2018 жылдан бері қалыптасқан үрдіс. Нәтижесінде біздің экономикамыз бюджетке негізделген экономика болып шыққан. Себебі негізгі капиталға салынатын инвестициялар не кәсіпкердің өз қаражатынан, не бюджет есебінен өсіп жатыр.
ЕДБ-дан несие алып инвестициялау базалық мөлшерлеме көтерілгенгенге дейін-ақ қысқарып кеткен. Сондықтан ендігі қарыз ақшаның қажеті жоқ. Қарызды мемлекеттен әлдеқайда арзан, кейде тіпті тегін алатын болса, банктің пайыздарына шығынданудың не қажеті бар? – дейді сарапшы.
Ал экономист, макроталдаушы Аягөз Ханетованың ойынша, қазір инфляцияның төмендеп жатқаны жақсы жаңалық. Бірақ ол біріншіден, өткен жылғы инфляция базасының жоғары болуына байланысты. Екіншіден, бұл төмендеу тенденциясы қаншалықты ұзақ мерзімге созылады? Әрі қарай тұрақты түрде төмендей бере ме, әлде басқа жағдайлар әсер ете ме, белгісіз.
Оған қоса, 2023 жылдың бірінші тоқсанында экономика 5% шамасында өсім көрсетті. Демек, бізде іскерлік цикл әлі де белсенді. Ал сыртқы факторлардың жай-күйі белгісіз болып тұр. Сондықтан инфляция қысқа мерзім ішінде тез төмендейді деу қиын деген пікірде.
Оның үстіне, жеке тұлғалар мен бизнестің инфляциядан күтері әлі де тез төмендей қойған жоқ. Бұл процестің бәрі өте баяу жүріп жатыр. Ал ақша-несие саясатының басты құралы – базалық мөлшерлемеге қатысты шешім қабылдағанда осы айтылған және басқа да фактордың бәрі ескеріледі. Сондықтан инфляция ары қарай да төмендейтін тенденция көрсетпесе базалық мөлшерлеме бәлкім сол деңгейінде қалар, – дейді Аягөз Ханетова.
Айта кетейік, соңғы рет Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде қалдырды.