Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов пен Нәзір Төреқұлов Мәскеу облысындағы НКВД-ның коммунаркаcында жатыр
Қазақ жерінен шыққан ұлтымыздың бірқатар біртуар тұлғалары шет мемлекеттерде жерленген. Алайда олардың кесенелері мен зираттары еліміздің мүліктік мұрасы болып табылмайды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Әлемнің бірқатар елінде қазақ жерінен шыққан, өмірі, қызметі, шығармашылығы қазақ елімен тығыз байланысты тарихи тұлғалардың жерленген зираттары, кесенелері, ескерткіштері, тарихи ескерткіштер бар. Мәселен, Өзбекстанда Төле би, Әйтеке би, Жалаңтөс Баһадүр, Сырым Датұлының зираттары мен кесенелері бар.
Ресейде де қазақтың бірнеше біртуар тұлғаларының бейіті бар.
Қазақстанмен байланысты бірнеше мәдени мұра Мысыр мен Сирияда да бар.
Қытайда да қазақпен байланысты нысын жоқ емес.
Бұған қоса, Германияның Берлин қаласындағы түрік қауымы мешітінің ауласындағы Мұстафа Шоқай зираты барын еске саламыз.
Қырғыз жерінде қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің музей-үйі сақталған. Шолпан атадағы жазушының үйі 1959 жылы салынған. Ол 1959-1961 жж аралығында сол үйде тұрып, соңғы романын жазып бастаған. Алайда еңбегін аяқтап үлгермеді. 1970 жылдың қыркүйегінде мұнда Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана-музейінің ресми ашылуы өткен екен. Қазіргі уақытта мұражайда жазушының жеке заттары: үстелі, орындықтар,кереует, үстел сағаты, ілгіш, кітап шкафы, кітаптары бар.
Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, шетелдегі бұл нысандардың барлығы қазақ халқының тарихы мен мәдениеті үшін маңызды мұралар болып саналады. Алайда олар Қазақстанның мүлкі болып саналмайды.
Аталған нысандардың барлығы шет елдердің аумағында болуына орай сол елдерге тиесілі мемлекеттік жерлерде, ұйымдарына, ведомстволарына тиесілі жерлерде орналасқан. Осы орайда, оларды күтіп ұстау, сақтау, пайдалану, әкімшілік ету жұмыстары сол елдердің ұлттық заңнамасына сәйкес жүргізіледі және олар Қазақстанның мүліктік кешендері емес, – дейді министрлік.
Сонымен қатар, ведомство аталған нысандарды Қазақстан тарапынан жөндеу, қалпына келтіру қажеттілігі болған жағдайда, сол елдің тиісті мемлекеттік органдарымен түзілген келісім шарт қажет болатынын атап өтті. Мәселен, Мысырдағы, Дамасктегі Бейбарыс мешіттерінде ғылыми-реставрациялық жұмыстарына Қазақстан тарапынан қаржы қарастыру үшін 2007-2008 жылдары екі елдердің Үкіметтері арасында келісімшарттар түзеліп, әр елдің заңдарымен ратификацияланған болатын.