Halyq Uni логотип
×

«Еліміздің мүлкі емес»: Қазақстан үкіметі шетелде жерленген тарихи тұлғалардың зиратын жөндей ме

Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов пен Нәзір Төреқұлов Мәскеу облысындағы НКВД-ның коммунаркаcында жатыр

 Айнұр Шошаева 22.05.2023 | 13:35
«Еліміздің мүлкі емес»: Қазақстан үкіметі шетелде жерленген тарихи тұлғалардың зиратын жөндей ме
Коллаж: Halyq Uni

Қазақ жерінен шыққан ұлтымыздың бірқатар біртуар тұлғалары шет мемлекеттерде жерленген. Алайда олардың кесенелері мен зираттары еліміздің мүліктік мұрасы болып табылмайды, деп хабарлайды Halyq Uni.
 
Әлемнің бірқатар елінде қазақ жерінен шыққан, өмірі, қызметі, шығармашылығы қазақ елімен тығыз байланысты тарихи тұлғалардың жерленген зираттары, кесенелері, ескерткіштері, тарихи ескерткіштер бар. Мәселен, Өзбекстанда Төле би, Әйтеке би, Жалаңтөс Баһадүр, Сырым Датұлының зираттары мен кесенелері бар.

  • Төле бидің кесенесі Ташкент қаласында орналасқан. Жергілікті халық оны «Қарлығаш би» кесенесі деп атайды. Ғимарат XV ғасырда салынған.
  • Сондай-ақ бұл елдің Навои облысының Нұрата елді мекенінде Әйтеке би жерленген қорым бар. Ол «Сейітқұл әулие» бейітінің жанында орналасқан. 2012 жылы қазақстандық қоғамдық қорлар мен меценаттардың қатысуымен кесене салынып, салтанатты ашылуы өтті.
  • Самарқанды 44 жыл бойы билеп, 100-ге жуық тарихи нысан салдырған Жалаңтөс Баһадүр де Өзбекстанда жерленген. Батырдың мәйіті Самарқаннан  12 шақырым қашықтықтағы Дағбет деп аталатын жерде, Махдуми Аъзам есімді қазіреттің қасына жерленген.
  • Бұған қоса Ресейдің отарлау саясатына қарсы күрескен батыр Сырым Датұлы да өзбек жерінде жерленген. Батырдың мазары Нүкіс қаласының маңындағы Гүрлен деп аталатын жерде орналасқан, оны жергілікті халық Ғайып ата қорымы деп атайды. 

Ресейде де қазақтың бірнеше біртуар тұлғаларының бейіті бар.

  • Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының кесенесі Астрахань облысының Алтынжар ауылында орналасқан. Бүгінде ол жер Құрманғазы төбе деп аталады.
  • Қазақ халқының қалыптасу кезеңінде өмір сүрген қолбасшы батыр Доспанбет жыраудың зираты Астрахань маңында орналасқан.
  • Сондай-ақ ҰОС-на қатысып, Кеңес одағының батыры атанған мерген Әлия Молдағұлованың бейіті де Ресейде. Батыр қыз 1944 жылдың 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданы Казалиха ауылы үшін болған соғыста қаза тапты. Ол Новосокольники ауданының Монакова ауылында жерленген.
  • Сталиндік репрессияның құрбаны болған ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның мәйтіті Мәскеудегі Дон зиратында жерленген.
  • Тағы бір репрессия құрбаны – Жүсіпбек Аймаутов 1930 жылы Мәскеудің Бутырка түрмесінде атылып, Ваганьков  зиратына жерленген.
  • Саяси қуғын-сүргін құрбандары Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов пен Нәзір Төреқұлов Мәскеу облысындағы НКВД-ның коммунаркаcында жатыр. Бұл жер 1930-1940 жылдар аралығында жаппай атылғандарды жерлеу орны ретінде белгілі. 

Қазақстанмен байланысты бірнеше мәдени мұра Мысыр мен Сирияда да бар.

  • Каир мен Дамаск қалаларында Бейбарыс сұлтан мешіті бүгінде екі қаладағы танымал тарихи ғимараттың бірі.
  • Сондай-ақ Дамасктегі Әл-Фараби тарихи-мәдени орталығының Қазақстанға қатысы бар. Бұл жерде ұлы ойшыл, Екінші ұстаз атанған Әбу Насыр әл-Фараби жерленген. Әрі «Әл-Фараби мәдени тарихы орталығы және кесенесі» құрылысы Қазақстан тарапының қаржыландыруымен салынғанын атап өту керек. 

Қытайда да қазақпен байланысты нысын жоқ емес.

  • Құлжа қаласында қазақтың суырып салма ақыны, әнші-композиторы Әсет Найманбайұлыны зираты бар. 

Бұған қоса, Германияның Берлин қаласындағы түрік қауымы мешітінің ауласындағы Мұстафа Шоқай зираты барын еске саламыз.

Қырғыз жерінде қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің музей-үйі сақталған. Шолпан атадағы жазушының үйі 1959 жылы салынған. Ол 1959-1961 жж аралығында сол үйде тұрып, соңғы романын жазып бастаған. Алайда еңбегін аяқтап үлгермеді. 1970 жылдың қыркүйегінде мұнда Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана-музейінің ресми ашылуы өткен екен. Қазіргі уақытта мұражайда жазушының жеке заттары: үстелі, орындықтар,кереует, үстел сағаты, ілгіш, кітап шкафы, кітаптары бар. 

Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, шетелдегі бұл нысандардың барлығы қазақ халқының тарихы мен мәдениеті үшін маңызды мұралар болып саналады. Алайда олар Қазақстанның мүлкі болып саналмайды. 

Аталған нысандардың барлығы шет елдердің аумағында болуына орай сол елдерге тиесілі мемлекеттік жерлерде, ұйымдарына, ведомстволарына тиесілі жерлерде орналасқан. Осы орайда, оларды күтіп ұстау, сақтау, пайдалану, әкімшілік ету жұмыстары сол елдердің ұлттық заңнамасына  сәйкес жүргізіледі және олар Қазақстанның мүліктік кешендері емес, – дейді министрлік. 

Сонымен қатар, ведомство аталған нысандарды Қазақстан тарапынан жөндеу, қалпына келтіру қажеттілігі болған жағдайда, сол елдің тиісті мемлекеттік органдарымен түзілген келісім шарт қажет  болатынын атап өтті. Мәселен, Мысырдағы, Дамасктегі Бейбарыс мешіттерінде ғылыми-реставрациялық жұмыстарына Қазақстан тарапынан қаржы қарастыру үшін 2007-2008 жылдары екі елдердің Үкіметтері арасында келісімшарттар түзеліп, әр елдің заңдарымен ратификацияланған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама