«Назарбаевтың айналасындағылармен күрес»: Мырзахметовтер саясаттан кетті ме?

Ая Өміртай

Аса ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінген Абылай Мырзахметов 2003 жылы да шартты жазаға кесілген

Коллаж: Halyq Uni

Қордай ауданындағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы жанжалдан кейін қызметінен кеткен 48 жастағы Арман Оразалин жуырда екі жылдық үзілістен соң БҚО полиция департаментінің басшысы қызметіне барды. Тура сол кезеңде отставкаға кеткен Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бүгінге дейін саяси алаңда бой көрсетпей келеді.

61 жастағы ықпалды экс-шенеуніктің мәртебесінен айырылып, басқа қызметке қайта тағайындалмауын Halyq Uni тілшісі сөйлескен сарапшылар «саяси астары бар ойын» деп бағалайды. 

УАҚЫТША КЕТКЕНДЕР

Осыған дейін Қазақстанның саяси тарихында саясаттан шеттетілгендердің мысалы көптеп кездеседі. Бірнеше жыл жоғалып кетіп, қайта оралғандардың бірі – Шығыс Қазақстан облысын 2014 жылдан басқарып келе жатқан Даниял Ахметов. Оның 2009 жылы қорғаныс министрлігі лауазымынан босаған соң, бірнеше жыл көрінбей кетуін орынбасарының үстінен қылмыстық іс қозғалуымен байланыстырған.

Қазіргі Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев та Шымкентте 220 балаға ВИЧ инфекциясы жұққаннан кейін дәл осылай ел көзінен тасада қалған. Араға алты жыл салып ол экономика және бюджеттік жоспарлау министрі қызметіне тағайындалған болатын. 

«ТУЫСЫМ ТУРАЛЫ АЙТҚАНДЫ ЖАҚТЫРМАЙМЫН»

Ауыл шаруашылығы министрі, Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі, ОҚО әкімі қызметін атқарған Асқар Мырзахметов 2020 жылы Қордай ауданындағы қазақ-дүнген жанжалынан соң қызметінен кеткелі еш жерден көрінбеді. Ал жуырда оның туған інісі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы жетекшісі Абылай Мырзахметов «аса ірі көлемде пара алды» деген күдікпен ұсталып, қамауға алынған.

Мырзахметовтердің туған әпкесі Шолпан Мырзахметова Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының қалалық диагностикалық орталығының меңгерушісі қызметін 10 жылдан бері атқарып келеді. 

Ол Halyq Uni тілшісіне отбасы мен туыстарына қатысты қандай да бір пікір білдіруден бас тартатынын мәлімдеді.

Қазір демалыстамын. Егер менің жұмысыма қатысты сұқбат болса жауап беруге дайынмын, ал туысыма, ағайындарыма қатысты болса, отбасы туралы жариялағанды жақтырмаймын. Отбасы жайында айта алмаймын, қажет болса өзінен сұрарсыз. Құпия емес, бар ғой. Мен саясаткер емеспін, медицина саласында қызметкермін. Отбасыма қатысты сұқбат бере алмаймын, – деп нақтылады Шолпан Мырзахметова. 

АҒАЙЫНДЫЛАРДЫҢ ИЕЛІГІНДЕ НЕ БАР

Абылай Мырзахметовтің бұрынғы президент Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаевқа жақын екендігі айтылады. Олар «Атамекен» палатасынан 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін бір уақытта қатар кеткен. Бұл – Абылай Мырзахметовтің екінші рет істі болуы. Ол бұдан бұрын 2003 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жетекшісі қызметін атқарып жүргенде «ақша жымқырғаны» үшін бес жылға шартты жазаға кесілген болатын. Абылай Мырзахметов 2021 жылы Forbes Kazakhstan басылымының елдегі ең ықпалды 50 бизнесмен тізіміне кірген. Шығыс Қазақстан облысындағы алтын кен орындарын игеретін «Фараб комбинаты» ЖШС мен «Altyn Dala Mining» ЖШС-не иелік еткен. 

Тағы бір ағайыны Алтай Мырзахметов «TALAN GROUP» ЖШС-нің басшысы ретінде көрсетілген. «TALAN GROUP» Алматы қаласында сонау 2006 жылы шағын көліктерді жалға беретін компания ретінде тіркелген. Алтай Мырзахметов жетекшілік ететін тағы бір компания «TALAN CONSTRUCTION» ЖШС еліміздегі ірі құрылыс компаниясы ретінде танымал.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ШЕНЕУНІКТІҢ ПОРТРЕТІ

Halyq Uni тілшісімен сөйлескен сарапшылар лауазымды қызметкерлердің саяси алаңнан белгілі бір кезеңге көрінбей кетуін, қайта оралуын немесе олардың бір жола істі болып кетуін жоғарыдағы мүдделі топтардың «саяси ойыны» деп санайды. 

Саясаттанушы Дос Көшім нақтыланған саяси мақсат-мүддесі жоқ қызметкерлердің барлығын саясаткерге телуге болмайтындығын, олардың көбі биліктің орындаушысы ғана екенін айтады. Оның айтуынша, Мырзахметовтер саяси қудалауға ұшыраған жоқ. 

Мырзахметовтер – Қазақстанның шенеуніктерінің бет-бейнесі. Ол қандай бейне? Яғни, билікке берілген, жемқорлыққа жақын, нақты істен гөрі сөзбен белгілі бір сүрлеуден шықпайды. Оларды саясатқа қатыстырмаңыздар. Бұлардың қызметін ешуақытта саяси қызмет деп айтпас едім. Жалпы мемлекеттік қызметкерлердің барлығы саяси қызметке жатпайды. Саясаткер алдына саяси мүдде, басқаларда жоқ мақсатты қояды. Сондықтан Қазақстандағы әкімдерді, министрлерді саяси қызметкер қатарына жатқызуға болмайды. Олар биліктің айтқанын ғана істейді, өздерінің саяси мақсат-мүддесі жоқ, – дейді Дос Көшім.

«НАЗАРБАЕВТЫҢ АЙНАЛАСЫНДАҒЫЛАРМЕН КҮРЕС»

Саясаттанушының пайымдауынша, қаңтардан кейін басталған «Назарбаевтың айналасындағылармен күрес» арқылы халықтың көңілін аулау мәселені шешпейді.

Қаңтардан соң тек қана Назарбаевтың қасындағыларға тиісу басталды. Менің ойымша бұл – үлкен қателік. Себебі халықты сол арқылы тыныштандырам, риза қылам деп ойлайтын сияқты. Бірақ сол қаңтарда жинап алған 162 олигархтың ішінде әрі кетсе төрт-бесеуі ғана Назарбаевтың жақындары деуге болады. Қалғаны әндерін айтып, жемқор жүйеде жұмыстарын жалғастырып жатыр. Мұны Тимур Құлыбаев болсын, басқасы болсын «нұр-кланға» жақындарды қысудың жалғасы, көрінісі деп айтуға болады. Жоғары деңгейдегі басшылардың ұсталуы, не болмаса жауапқа тартылуының астарында саяси ойын жатады. Қазіргі саяси ойын – Назарбаевтың қасындағылардың көптеп ұсталуы. Назарбаевтың өзі кезінде «кез келгеніңді сотқа жетектеп тапсыра аламын» деген. Сол жүйе өзгерген жоқ, ал кімді ұстау керектігін жоғары жақтағы саяси ойын шешіп отыр. Әділетсіз жүйе, әділетсіз сот жүйесі болғандықтан, астарынан конспирология көретініміз заңдылық, – дейді ол.