Асыл тұқымды малға субсидия қысқарады: ет күрт арзандап, артынша тапшылық болуы мүмкін
22 мың шаруашылық субсидиядан айырылады
Қазақстанның етті мал шаруашылығының өкілдері Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген субсидиялаудың жаңа ережесінің қабылдануына қарсы. Ереже қабылданса 21 мыңнан астам шаруашылық субсидиядан қағылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Салалық палаталар мен еліміздің бірқатар өңірінен келген фермерлер баспасөз мәслихатын өткізіп, жаңа ережеге қатысты наразылығын білдірді. Еске сала кетейік, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялаудың жаңа қағидаларының жобасын әзірледі. Онда етті мал шаруашылығының қолданыстағы субсидиялаудың 7 бағытының 2 бағытын алып тастау көзделіп отыр.
Мәселе жемқорлық ең жиі кездесетін түрлер туралы болып отыр: асыл тұқымды тұқымдық бұқаны ұстау (бұқашықтарды жалға алу) және тұқымдық тегіне сәйкес келетін импортталған аналық ірі қара мал басын сатып алу, – делінген министрліктің ақпаратында.
Атап айтқанда, селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс үшін сатып алынған асыл тұқымды бұқаның құнын арзандату, бұқаларды жалға алуды сақтау бюджет қаражатының тапшылығы жағдайында орынсыз болып табылатын бірдей технологиялық процесті қосарланған мемлекеттік қолдауды білдіреді және бюджет қаражатын тиімсіз қолдану.
«Сонымен қатар, ірі қара малдың тұқымдық трансформациясына сәйкес келетін импорттық асыл тұқымды малдың, импорттық асыл тұқымды малдан іс жүзінде еш айырмашылығы болмағандықтан, бұл ұғымдар біріктірілген. Сол сияқты, тұқымдық тегіне сәйкес келетін сатып алынған импортталған ірі қара малдың аналық басын субсидиялау нормасы алынып тасталды, өйткені олардың тұқымдық қасиеттерін жақсарту үшін сатып алынған асыл тұқымды аналық мал басының құнын арзандату нормасы бар», – деп қосты министрлік.
Фермерлер қауымдастығы бұл өзгерістерге қарсылық білдіріп отыр. Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының атқарушы директоры Бахтияр Өтелбаевтың айтуынша, соңғы 10 жылдағы көрсеткіштер биылдан бастап аналық бастарға қатысты теріс динамика көрсетіп отыр.
Министрліктің қабылдап жатқан бағдарламаларымен келіспей осындай брифинг өткізіп отырмыз. 90-жылдары еттің бағасы тым арзандап кетті. Сол кезде халықтың қолындағы бар малдың басы етке кеткен болатын. Қазір сол жағдай қайталануы мүмкін. Кооперативтерді дамыту бағдарламасы қолданыстағы бағдарламаға қайшы келіп тұр. Бір бағдарлама аяғына дейін іске асырылмай, басқа бағдарламаны бастайын деп отырмыз. Бағдарлама мал шаруашылығына қатысты. Онда бастаған жұмыс аяғына тұрғанға дейін кем дегенде 2-3 жыл уақыт керек, – деді ол.
Сондай-ақ аналық мал үшін асыл тұқымды бұқаларды жалға алу үшін субсидия берілмесе, елдегі шаруашылықтардың 34 пайызы қолдаудан айыралатынын айтады. Бұл фермерлер мен бордақылау алаңы арасындағы зәкірлік кооперация жүйесінің бұзылуына әкеледі. Сондай-ақ 15 мыңнан астам асыл тұқымды бұқалар қажетсіз болып қалады деп есептейді. Герефорд тұқымы республикалық палатасының директоры Ерлан Өмірзақов та ережедегі өзгерістің қабылдануына қарсы екенін атап өтті.
Кейінгі жылдары мал шаруашылығына беріліп жатқан қаржының азайып келе жатқаны байқалады. Жаңа қағидаға енгізілген өзгерістер мал шаруашылығы саласына бөлінетін қаржыдан 32 млрд теңгеден астам соманы алынуына әкеледі. Бұл шамамен 22 мың шаруашылық үміт артып отырған ақшаны алмайды дегенді білдіреді. Министрлік бұл туралы айтпайды, – деді Өмірзақов.
Батыс Қазақстан облысынан келген фермер Әлішер Мағзомның айтуынша, құжат қазақтың ақбас тұқымдарын, бұқаларының дамуын тежейді.
«Мәселен, тұқымды арендаға алу мәселесін алып тастайын деп жатыр. Қазір Батыс Қазақстанда 200-ге жуық шаруа қожалығы осы бағдарлама бойынша асыл тұқымды бұқашықтарды сақтап, күтуге қатысып отыр. Оның ішінде көбі ауыл шаруашылық коопративтері. Яғни ауылдағы 2-3 сиыры бар қарапайым халық бірігіп, тауып отырған табысы. Аренданы алып тастаса, ауылдағы кооперативтердің жағдайы нашарлайды деп ойлаймын. Себебі былтыр 2 мыңға жуық бұқа арендаға берілді. Соның арқасында 44 мың аналық малды төлдендіруге, селекциялық жұмысқа септігін тигізді. Егер оны алып тастаса бұл жұмыс зая кетті деген сөз емес пе?» – деді шаруа.
Қостанай облысындағы ірі шаруа қожалығын басқарып отырған фермер Ердос Тапаев солтүстік өңірде мемлекеттің қолдауысыз мал шаруашылығымен қиын екенін айтып отыр.
«Егер біздің компаниямыз 10 жылдан соң қазіргідей жағдай қалыптасатынын білсе, мал шаруашылығына инвестиция салмайтын едік. Себебі біздің компаниямыз солтүстікте – астық өсірілетін өңірде орналасқан. Ол жақта мал шаруашылығымен айналысу ерлікпен пара-пар. Бұл көктемде егін егіп, күзде өнімі жинайтын егін шаруашылығы емес. Мал шаруашылығы дегеніміз жыл он екі ай, тәулігіне 24 сағат бойы жұмыс істейді. Жаңа ережеге қатысты өз ұсынысымызды барлық құзырлы органдарға жібердік. Мал шаруашылығының барлық саласын қамтитын жұмысті істеп отырғандықтан қандай да бір қорытынды шығаруға хақылымыз деп есептеіміз. Мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетілгенен атап өтуге тиіспіз. Бірақ етті мал шаруашылығын дамыту үшін бірқатар нақты шараларды қабылдауы керек», – деді фермер.
Оның сөзінше, мемлекет фермерлерді мал шаруашылығымен айналысуы үшін ынталандырып, тиімді шарттарды ұсыныуы керек.
Бүгінде егін шаруашылығымен салыстырғанда мал шаруашылығы фермер үшін қызықсыз болып отыр. Мемлекет дер кезінде фермерлерді ынталандыратын шараларды қабылдауды қажет етеді. АШМ сенімді және сенімсіз фермерлерді анықтап, оларға қосымша жеңілдіктерді алуға мүмкіндік беретін бағалауды енгізуі керек. Қазақстанда озаттар мен үлгерімі нашарлар үшін жағдай бірдей. Мысалы, бір фермер мал союға арналған цехтарды салады, бірақ ол 20 пайызға да толтырылмайды. Яғни салық төлеушілердің ақшасы желге ұшады. Сондықтан фермерлерді бағалаудың жүйесі болуы керек деп есептеймін, – деп толықтырды сөзін ол.
Сондай-ақ, саланың тұрақты дамыту үшін бағдарлама 5-10 жылға қабылдануы керек деген пікірде.
«Егер бағдарламаны бір жақты бекітсе, оны біреу орындауы керек. Бүгінде орындаушылар фермерлер болып отыр. Бағдарлама 5-10 жылға қабылдануы керек, сонда біз қайда бағыт алу керек екенін біліп отырамыз. Ет саласының болашағын болжау өте қиын, бизнес модель мен әсер ететін факторлар үнемі өзгеріп отырады. Сондай-ақ несие қаражатының жеткілікті болатынына сенімді болу. Бүгінде фермерлер тек қаржының жетіспеушілігінен ғана емес, несиелендіру процесінен зардап шегіп отыр. Несие уақытылы бермейді, біресе техника кеш келеді, құрылыс дер кезінде ақталмайды», – деді Ердос Тапаев.
Қазақстан Ангус республикалық палатасының мәліметінше, жыл сайын елімізде 2,5 млн бас (50 млн тонна) ет тапсырылады. Палата жетекшісі Дәурен Салықов жыл сайын мемлекеттік субсидия азайып барады деп есептейді.
«Малды сатып алуға жеңілдетілген несие түгелдей жойылды. Бұрын 4 пайызбен 15 жылға несие берілетін. Жыл сайын мемлекеттік субсидияның тапшылығын байқап отырмыз. Малдың экспортына тыйым салды. Биыл 60 мың бас малға квота берді. Іс жүзінде 10 пайыздан аспайтын ғана мал экспортқа шығарылды. Себебі квотада көптеген кедергілер болды. Ресей мен Қытайға да экспорт жабылды. Бұдан ветеринария саласында проблема барын аңғаруға болады. Бұған қоса мемлекет Дүниежүзілік банктің ұсынған заемнан бас тартты. Тері қабылдауды да құрдымға жіберді. Ауыл шаруашылығы министрлігі бірде-бір шетелдік ірі инвесторды әкелмеді. Ешбір инвестор бізге келмейді. Өйткені соңғы 4 жылда субсидиялау бағдарламасының ережесі 6 рет өзгерді. Яғни салада тұрақтылық жоқ. АӨК-ті дамыту бағдарламасында экспортты 3 есе арттырамыз дейді. Егер салада артықшылық болмаса оны қалай арттырады? 2007-2008 жылдары ет арзандап кетіп, кейін қымбатшылық басталған. Қазір мемлекеттік қолдау болмаса фермерлер жаппай малды тапсыра бастайды. Бұл біршама уақыт ет бағасының арзандауына, алайда кейін қымбатшылыққа әкеледі», – деді Салықов.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, соңғы 5 жылда Қазақстанда мемлекеттік қолдау ретінде мал шаруашылығы саласына 556 млрд теңге жұмсалды. Оның ішінде етті мал шаруашылығын дамытуға 211 млрд теңге бөлінді, бұл субсидияның жалпы көлемінің 38% құрайды.
«Биыл мал шаруашылығына 107 млрд теңге бөлініп отыр. Қазір бюджеттік нақтылау жүріп жатыр, бұл сома ұлғаюы мүмкін. Мал шаруашылығы, оның ішінде етті бағытты субсидиясыз қалдырайын деп жатыр деген әңгіменің бәрі қауесет. Өзгеріс екі бағытқа қатысты болады. Біріншіден, фермер малын біреуге арендаға береді дейік. Ол мал барды ма, жоқ па бұл жерде коррупциялық схемалар өте көп. Екіншіден, импортталған ірі малдың аналық басына берілетін қаржы субсидияның басқа бағытында бар. Мәселен, малды сырттан салып алса мемлекет субсидия ретінде қаражат береді. Бірақ сол қаражат екі бапқа бөлініп жіберілген. Соны бір бапқа қостық, сондықтан толығымен алып тастады деуге болмайды», – деді АШМ ресми өкілі Дамир Егізбаев.
Сонымен қатар министрлік өкілі субсидиялау ережесінің өзгеруіне ұсынысты салалық одақтардың өздері білдіргенін атап өтті.
АШМ субсидиядау қағидасын бекерден бекер ауыстыра бермейді. Салалық палаталар мен одақтар өздері ұсыныспен шығады. Жаңа қағида мемлекеттік органдардың келісілуіне кетті, ашық жарияланады. Онда өзгерген түк те жоқ. Бұған дейін жыл сайын жалпы ауыл шаруашылығы саласына 350 млрд теңге бөлініп келсе, былтыр 440-450 млрд теңгенің көлемінде болды. Бұл жыл сайын салаға субсидияның артып жатқанын көрсетеді. Бұған дейін де талай сарапшылардан етсіз қаламыз, аш қаламыз дегенді естігенбіз, – деп қорытындылады ресми өкіл.
Айта кетейік, мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер қауымдастығы Әділет министрлігіне енгізілетін өзгерістердің еліміздің заңдарына сәйкестігін жан-жақты тексеру туралы хат жолдады. Егер ережеге өзгеріс енгізіліп, фермерлер қолдаудан қағылатын болса, ет бағасы 30 пайызға қымбаттауы мүмкін деп отыр.