Halyq Uni логотип
×

«Жесірлерді алалау»: қызмет жолында құрбан болғандардың отбасы Қаңтардан соң заңға енгізілген өзгеріске наразы

Тәуелсіздік жылдары 816 полицей қызмет бабында қаза тапты

 Айгерім Таубай 15.05.2023 | 14:45

Елімізде қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқандардың отбасына өтемақы төленеді. Ол «Құқық қорғау қызметі туралы» (66-баптың 9-тармағы) және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» (52-баптың 4-тармағы) заңда айқындалған. Заңға 2022 жылдың шілдесінде өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес қызмет барысында қайтыс болғандардың ұл-қызына 23 жасқа толғанша қаржылай көмек беріледі және әйеліне өмір бойына жәрдемақы төленеді.

Алайда Қаңтар оқиғасынан кейін қос бірдей заңға енгізілген жаңа тармақ 2022 жылдың 1 қаңтарынан кейін қайтыс болған қызметкердің отбасы мүшелері үшін қолданылады. 2022 жылға дейін дейін күйеуінен айырылған әйелдер үкімет жетімдер мен жесірлерді бөліп жатыр деп, Halyq Uni тілшісіне базынасын айтты.

Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес қызмет барысында қайтыс болған қызметкердің отбасына марқұмның соңғы жалақысының 40%-ы көлемінде жесіріне өмір бойына төлем жасалады. Ұл-қызы 23 жасқа толғанша материалдық көмек көрсетіледі. Алайда отбасының асыраушысы 2022 жылға дейін қайтыс болған әйелдер мұндай көмекті ала алмайды.

КҮЙЕУІ БАЙЗАҚТАҒЫ ЖАРЫЛЫСТАН ҚАЙТЫС БОЛҒАН

Halyq Uni студиясына Петропавл қаласынан арнайы келген Салтанат Тұрманованың күйеуі 2021 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыстан қайтыс болған.

Салтанаттың күйеуі (марқұм) Жәнібек Тұрманов Жамбыл облысында өрт сөндіруші – құтқарушы болып жұмыс істеген. 2021 жылы 26 тамызда Байзақта қару-жарақ қоймасында өрт шыққан кезде күйеуі оқиға орнына алғаш барғандардың қатарында болған.

2021 жылы 26 тамызда жарақат алды. Бес күннен кейін санитарлық ұшақпен Астанаға жеткізді. Содан кейін 10 күн бойы ауруханада жатты. 1 қыркүйек таңғы сағат 4 шамасында қайтыс болды. Сол кезде 17 адам қайтыс болды. Ең соңғысы – менің күйеуім. Жалпы алғанда сол оқиғадан төтенше жағдайлар министрлігінің 10 қызметкері қайтыс болды, - дейді Салтанат Тұрманова.

Қазір Таразда жарылысқа кінәлі деп айыпталған алты адамға қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Тергеу бір жарым жылға жуық уақытқа созылып, 2023 жылы басты сот талқылауы басталды.

Салтанат күйеуі қайтыс болған соң Шымкентке көшкен, содан кейін өзі туып-өскен Петропавл қаласында тұрып жатыр.

«Сол оқиға болған кезде үлкен ұлым 2 жаста, кішкентайым үш айлық болды. Ұлым әкесінің қайда екенін түсінбейді. Бірақ әкесінің батыр екенін, оның қайтыс болғанын айттым. Әкесі Таразда қалды деп ойлайды. Ұлыма әкесінің өрт сөндіруші болғанын, оның батыр екенін айтып отырамын. Бірде күйеуім ұлымды жұмыс орнына апарған еді. Сол жерде қызыл түсті өрт сөндіру көлігін көрген. Ұлым әлі ұмытпаған», - дейді Салтанат.

Салтанатқа күйеуі қайтыс болған соң материалдық көмек ретінде 15 млн теңге төленген.

Жұмысына байланысты күйеуімнің 60 айлық жалақысы көлемінде төлем жасалды. Бұл шамамен 7 млн теңге. Күйеуім сержант болған. Жалпы алғанда 22 млн теңге төленді. Жерлеу рәсіміне де қаржы берілді. Оны күйеуімнің анасына бердім. Жаңа жыл және 8 наурыз кезінде құттықтап тұрады.  (...) Қазір жұмыс істеймін. Қызымның 8 айлық кезінде жұмысқа шықтым. Ай сайын асыраушысынан айырылғандар санаты бойынша 110 мың теңге көлемінде жәрдемақы аламын, - дейді әйел.

Салтанат Тұрманова заңға енгізілген өзгерістерге қарсы екенін жеткізді.

«Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызмет барысында қайтыс болғандардың отбасы марқұм жұмыс істеген органның қамқорлығында болады. Біз балаларымыздың қамтамасыз етілуі үшін күресіп жатырмыз. Оның ішінде балабақша, мектеп, жоғары оқу орны да бар. Заңдағы тармақ 2022 жылдан бастап қайтыс болғандардың отбасына қатысты қолданылады. Демек, біздің арамызды небәрі 4 ай бөліп тұр. Жұбайы қызмет барысында қайтыс болған жесірлер бірігіп, күйеуіміз жұмыс істеген органға сұрау салдық. Олар заңға сүйеніп, бізге төлем жасаудан бас тартты. Бұл біздің көңілімізді түсірді және намысымызға тиді. Біздің күйеуіміз бен балаларымыздың 2022 жылы қайтыс болғандардан не айырмасы бар? Ерлікті құнсыздандыруға бола ма? Оның қашан қайтыс болғанының қандай маңызы бар? 2014 не 2023 жылы қайтыс болғанының айырмашылығы жоқ. Одан ештеңе өзгермейді. Біздің қандай айырмамыз бар екенін балаларымызға қалай түсіндіреміз? Неге басқаға артықшылық береді, неге бізді бөліп жарады?», - дейді Салтанат Тұрманова.

Салтанат күйеуінің қауіптің ортасында жұмыс істегенін түсінетінін айтады. Алайда жесірлерге көмек бірдей көлемде төленуге тиіс деген пікірде.

«Көмек көрсетілетіні жайлы күйеуім қайтыс болған кезде көп нәрсе айтылды. Білім беру, жұмысқа орналасу туралы айтты. Біз дәл қазір сол көмекке мұқтажбыз. Ұл-қызымыздың сапалы білім алғанын қалаймыз. Петропавлға 2021 жылдың қазанында көштік, ол кезде балабақшаларда орын толып қалған еді. Содан кейін жергілікті атқарушы органға барып, балабақшадағы орынды кезекке тұрмай ала аламын ба деп сұрадым. Себебі бос орындар әскери қызметкерлердің ұл-қызы үшін бөлінеді. Олар баласын сол балабақшаға бермесе, орын жалпыға ортақ болады. Бірақ менің ешқандай санатқа жатпайтынымды айтты. Содан кейін күйеуімнің қызметін атқару барысында қайтыс болғанын дәлелдейтін құжатты апардым. Сонда да орынды кезексіз бермеді», - дейді марқұм өрт сөндірушінің жесірі.

Содан кейін Салтанат күйеуінің қайтыс болғаны жазылған қағаздың ешқандай артықшылық бермейтінін түсінген.

Жай ғана қағаз екенін түсіндім. Ештеңе істеген жоқпын. Жалпы кезекке тұрып, күттім, - дейді ол.

Әңгіме барысында Салтанат сол қайғылы жағдай болған күнді де есіне алды. Айтуынша, жарылыс кезінде күйеуі Жәнібек Тұрмановтың денесінің 80 пайызын күйік шалғанын білген.

«... Сол күні жарылыстың дауысы Тараз қаласына дейін жетті. Күйеуім жұмыста еді. Хабарласып көрдім, бірақ жауап бермеді. Жұмыста екенін білген соң балалармен бірге үйде болдым. Бір кезде 7, 8 рет жарылыс болды. Олар Таразда болғандықтан ол жаққа бармаған шығар деп ойладым. Бірақ кешкі 10 шамасында қалалық ауруханадан медицина қызметкері хабарласып, күйеуімнің аурухана түскенін, жансақтау бөлімінде жатқанын айтты. «Бәрі жақсы, есін біледі» деп айтты. Содан көңілім орнына түсті. Таңертең балаларды алып, ауруханаға бардым. Себебі ешкім ештеңе білмейді. Жұмысынан да ешкім хабарласпады», - дейді Салтанат Тұрманова көзіне жас алып.

АЛМАТЫДАҒЫ ТЕРАКТ ҚҰРБАНЫ

Алматылық Әсел Баймұхамбетованың күйеуі 2016 жылдың шілдесінде теракт кезінде қайтыс болған. Теракт ұйымдастырған Руслан Күлекбаевтың қолынан сол кезде 10 адам қаза тапты. Ішінде 8 полицей бар. (Руслан Күлекбаев жазасын «Қара бүркіт» қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеп жатыр).

Қайғылы оқиғадан кейін марқұм қызметкерлердің отбасына үй беріліп, қаржылай көмек көрсетілген.

Күйеуім ішкі істер органдарында 23 жыл қызмет еткен еді. Зейнетке шығуына 2 жыл қалған. Үш қызыммен жалғыз қалдым. Сол оқиға болған кезде үлкен қызым 12 жаста, екінші қызым 8-де, кенжем 1,5 жаста болған. Мемлекет қаржылай көмек көрсетті, пәтер берді. Алматы қаласы полиция департаменті басшылығы мен қызметкерлері әлі күнге дейін көмектесіп тұрады, - дейді Әсел Баймұхамбетова.

Ол заңға енгізілген өзгерістерге қарсы екенін айтып, жесірлерге бірдей қарауды талап етті.

«Заңға қатысты қызмет бабында қайтыс болған полиция қызметкерлерінің отбасы арыз жаздық. Жалақысының 40 пайызын алып тұру бойынша өтініш білдірдік. Ол өтінішімізге жауап келді. Қазақстан бойынша екі полицейдің отбасы ғана ілініпті. Отбасымның атынан және басқа да қызметте қайтыс болған полицейлердің отбасының атынан қарсымын. Ол өзгерістерге қарсымыз. Неге олай бөледі? Ел бойынша біз секілді 100 отбасы бар шығар... Сол 100 отбасыны алаламай, неге бәріне бірдей көмек көрсетпейді? Немесе ешкімге көмектеспесін», - дейді ол.

Қазір Әсел асыраушысынан айырылған отбасы ретінде ай сайын 150 мың теңге жәрдемақы алады.

«Біздің күйеуіміз де қызметте қайтыс болды. Үйде немесе шетелде қайтыс болған жоқ. Ол заңды қандай оймен шығарды? Бөліп-жарып отыр. Неге бізді, бала-шағамызды олай бөледі? Енді сол заңның өзгертілуін талап етеміз», - дейді Әсел Баймұхамбетова.

Біз таласпаймыз. Балалары мен жесірлеріне ортақ сома шығарып, теңдей қаржылай көмек көрсетіліп тұрса жақсы болатын еді. Қазір жұмыс істемеймін. Мемлекеттің жәрдемақысына күн көріп отырмын. Заң бойынша жалақысының 40 пайызын төлеп отырса жетеді, - дейді алматылық әйел.

АҚТӨБЕЛІК ЖЕСІРДІҢ ЖАНАЙҚАЙЫ

Halyq Uni тілшісі 2011 жылы Ақтөбеде қайтыс болған полицейдің жесірімен де байланысқа шықты.

Облыстық полицияның экстремизм мен терроризмге қарсы күрес бөлімінің қызметкері Рүстем Кенжалин 28 жасында қызмет барысында қаза тапқан. Артында әйелі мен бір баласы қалды.

Бұл шулы іс болды. Полиция капитаны еді. Қоңырау түскен соң Қызылжар тұрғын үй массивіне барған. Үйдің ішіне кірген кезде террорист күйеуіме оқ атып, артынша үйді жарып жіберген. (...) Ол кезде ішімде сегіз айлық балам болды. Күйеуім қайтыс болған соң дүниеге қызым келді. Қызым қазір 12 жаста. Бізге де, балама да айтулы көмек көрсетіліп жатқан жоқ, - дейді ақтөбелік Жанна Кенжалина.

Қазір әйел асыраушысынан айырылған отбасы ретінде жәрдемақы алады.

«Заң бойынша жалақысының 40 пайызын алуға болады екен. Осы көмекті бізге де көрсетілуін және балаларымызға да көмек көрсетуін сұраймыз. Күйеуім теракт кезінде қайтыс болды. Бұл өзгерістер 2022 жылдан кейін қайтыс болғандар мен оған дейін дүниеден өткен қызметкерлерді бөліп тұр. Неге бөледі? Бәрі теракт кезінде, басқа да жағдай кезінде қайтыс болды. (...) 2011 жылы теракт басталған кезде 4 отбасы әкесіз қалды. Менің қызым әкесін көрген де жоқ. Бұл қызметкерлер Отан үшін жанын берді. Ал ІІМ тарапынан асыраушысынан айырылған отбасылар мен марқұм полицейлердің ұл-қызына ешқандай көмек көрсетілмейді. Облыстық полиция департаментіне барған кезде сол жердегілер «жесірлер қолын жайып тағы келді» деп айтады. Бірге барған 9 жесір осындай қорлық көрдік», - дейді ақтөбелік Жанна Кенжалина.

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЫЛДАРЫ ҚАНША ҚЫЗМЕТКЕР ҚАЙТЫС БОЛДЫ

Қазақстан тәуелсіздік алған 32 жылда ішкі істер министрлігіне қарасты мекемелерде жұмыс істеген 816 қызметкер қызмет барысында қаза тапты.

Осы аралықта төтенше жағдайлар министрлігінде жұмыс істеген 69 адам жұмыс барысында қайтыс болған. Оның ішінде 46 адам өрт сөндіру кезінде қаза тапты.

Қолда бар деректерге сәйкес, қорғаныс министрлігінде кейінгі 5 жылда 26 әскери қызметші қаза тапты.

ЖАЛАҚЫСЫНЫҢ 40 ПАЙЫЗЫ ӨМІР БОЙЫНА ТӨЛЕНЕДІ

Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, қызмет барысында қайтыс болған қызметкердің отбасына марқұмның соңғы жалақысының 40%-ы көлемінде жесіріне өмір бойына төлем жасалады. Сондай-ақ ұл-қызына 23 жасқа толғанша материалдық көмек көрсетіледі. Жәрдемақы мөлшері Үкіметтің 2022 жылдың 21 желтоқсандағы №1048 қаулысымен бекітілген.

Қаулының 3-тарауында ақшалай төлемді жүзеге асыру мөлшері көрсетілген.

Қаза тапқан құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган, азаматтық қорғау органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген әскери қызметшінің әрбір отбасы мүшесіне ақшалай төлем қаза тапқан қызметшінің соңғы атқарған лауазымы бойынша ақшалай қаражатының 40%-ы мөлшерінде жүзеге асырылады, - делінген қаулыда.

Алайда отбасының барлық мүшесіне төленетін ақшалай төлемдердің ең жоғары мөлшері ақшалай қаражаттың 100%-нан аспауға тиіс.

Отбасы мүшелері 3 және одан көп болған кезде әрқайсысына ақшалай төлемдердің мөлшері ақшалай қаражаттың 100%-ға тең үлес ретінде есептеледі, - құжатта.

ҚАНША ОТБАСЫ КӨМЕК АЛЫП ОТЫР

Бұл норма күшіне енгеннен бастап ішкі істер министрлігінде жұмыс істеп, қызмет бабында қаза болған 7 қызметкердің ғана отбасы аталған төлемді алуға құқылы. Қазірге дейін 5 отбасы бұл көмекті алып отыр.

Редакция министрлікке ресми сауал жолдап, заңға өзгерістер енгізуге не себеп болғанын және заңдағы өзгерістерге қатысты ведомствоның ұстанымын нақтылауды сұрады.

Министрлік мұны полицейлердің жауынгерлік рухын көтерумен байланыстырып отыр.

Жаңадан енгізілген норма қазіргі қызметкерлердің моральдық және жауынгерлік рухын көтеру мақсатында қабылданған, - деп жауап берді ІІМ.

Ал төтенше жағдайлар министрлігінде қызмет етіп, қызметте қайтыс болған 2 азаматтың отбасы ғана заңдағы жаңашылдыққа іліккен. Олар: Астанада көпқабатты үйдегі өрттен 3 адамды құтқарып қалған өрт сөндіруші Асқар Забикулин мен Абай облысында қызметін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Айдос Тоғызбаевтың отбасы.

Екі азаматтың отбасы ай сайын ақшалай төлем алуға құқылы. Асқар Забикулиннің артында 2 баласы, Айдос Тоғызбаевтың 5 баласы қалды.

Заң талаптарына сәйкес балалары кәмелеттік жасқа толғанға дейін немесе жоғары оқу орнында білім алатын болса 23 жасқа дейін, ал жесірлері өмір бойы (төлем) алуға құқылы, - деп жауап берді төтенше жағдайлар министрлігі.

Қазірге дейін Забикулиннің отбасы мүшелері аталған төлемді алып отыр, ал Тоғызбаевтың отбасы құжаттарын ресімдеп жатыр.

Қорғаныс министрлігіне келсек, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап әскери қызмет міндеттерін орындау барысында қаза болған 2 әскери қызметшінің отбасы мүшелері осы төлемді ала алады. Қазір марқұмның отбасы құжаттарын жинақтап жатыр.

ЗАҢ ҚАШАН МАҚҰЛДАНДЫ?

2022 жылдың 8 маусымында өткен Мәжілістің жалпы отырысында VII шақырылым депутаты Гүлнар Бижанова заңға қандай өзгерістер енгізілетінін айтты.

«Қаңтардағы оқиғалар азаматтардың, оның ішінде қызметкерлердің және олардың туыстарының құқықтары мен бостандығын қорғауға қатысты құқық қорғау жүйесін реформалау бойынша шаралар қабылдау қажет екенін көрсетті. (...) Халқымыз «өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді. Мемлекет қызметін орындау кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасына ерекше қамқорлық жасауға тиіс. Қаңтар айының қатал күндерінде нақ солар біздің тәуелсіздігімізді сақтап қалды. Қызметін орындау кезінде қаза тапқандардың отбасы, балалары және жақын туыстары назардан тыс қалмауы керек. Сондықтан барлық күштік құрылымның қаза тапқан қызметкерлерінің балалары мен туыстары үшін бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер бойынша түзетулер қолдау тапты», - деді депутат Гүлнар Бижанова.

Біріншісі – қызмет бабында қаза тапқан қызметкердің отбасына ай сайынғы төлемдер қайтыс болған қызметкердің ақшалай қаражаты негізінде төленеді. Мұндай төлемдерді ауыр жарақат алуына байланысты органдарда қызметін жалғастыра алмайтын қызметкерлер де алады.

Бұл өтінішті 2022 жылдың ақпанында Алматыға сапарымыз кезінде қаңтардағы шайқаста жараланған құқық қорғау органдары қызметкерлері айтты, - деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.

Екіншісі – қаза тапқан және мүгедек болған қызметкерлердің балаларына арналған мемлекеттік гранттар. Олар еліміздің кез келген жоғары оқу орнында тегін жоғары білім ала алады.

Үшіншісі – қызметкердің өз міндеттерін орындау және сот төрелігін жүзеге асыру кезінде мүлкіне келтірілген залалды өтеудің қосымша шаралары бойынша түзетулер.

Осылайша Мәжіліс депутаты заң жобасын қарау барысында Қаңтар оқиғасы кезінде жарақат алған қызметкерлердің ғана пікірі ескерілген деген тұжырым жасауға болады.

2010 жылдың 14 шілдесінде Қарағанды қаласында қызмет барысында қаза тапқан полиция капитаны Сәкен Әшімовтің жесірі Жанар Жұмабаева мемлекет әлеуметтік кепілдіктер шеңберін кеңейткенмен, осы кепілдіктерді пайдаланушылар шеңберін шектеп тастағанын айтады.

«Мемлекет норманың қолданысқа енгізілуінде «2022 жылдың 1 қаңтарынан» бастап деп көрсетуі арқылы тең мәртебеде отырған отбасылардың әлеуметтік қорғалу құқығына шектеу қойды. Аталған норманың қолданысқа енгізілуі кезінде тең мәртебе отырған отбасыларды 2022 жылдың 1 қаңтарына дейінгі және 2022 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі отбасылар деп бөліп жіберді. Бұл қаза тапқан отбасылар арасында әлеуметтік әділетсіздікті, алалаушылықты, кемсітушілікті тудыртып отыр. Қолданыстағы заңға толықтырулар енгізу барысында тең мәртебедегі отбасыларды қандай негіз бойынша бөліп тастап, шектеу қойып отыр?», - дейді Жанар Жұмабаева.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 11 шілдесінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің және әскери қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуы мен жауаптылығын арттыру, ведомствоаралық үйлестіру, ішкі істер органдарының дербестігі, жекелеген қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты күшейту және қару айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама