Кей ЖЭО-ның 90 пайызы тозған: Қазақстанда тариф тағы көтеріле ме?
1 маусымнан бастап электр энергиясы бағасы қымбаттайды
Елімізде 1 маусымнан бастап электр энергиясының тарифі көтеріледі. Энергетика министрлігі мамырда энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифін қайта қарауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Министрліктің мәліметінше, елдегі 47 энергия өндіруші ұйымның 27-сі шекті тарифтерді түзетуге өтінім берген. 20 энергия өндіруші ұйым үшін тариф бұрынғы деңгейде сақталатын болады. Ішінде алдағы жылыту маусымына дайындыққа байланысы бар өтінімдер назарға алынған.
Қазір Қазақстанның энергия өндіруші ұйымдарының генерациялаушы қуатының тозуы шамамен 58%-ды құрайды, бұл ретте бірқатар ЖЭО-да тозу деңгейі 90%-ға дейін жеткен. Бұл Степногорск ЖЭО – 82%, Риддер ЖЭО – 75%, Орал ЖЭО – 86%. Жөндеу жұмыстары ЖЭО-дағы апаттың болмауын қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде емес, тек тарифте көзделген көлемде ғана жүргізілетініне байланысты жыл сайын тозу деңгейі өсіп жатыр, - деп хабарлады министрлік.
Ведомство шекті тариф жобасы алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындықты, материалдар мен жабдықтар құнының өсуін, сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдарға тәуелсіз, оның ішінде отын мен оны тасымалдау құнының артуына байланысты шығындарды ұлғайтуды көздейді.
Бұған дейін президент Тоқаев министрлікке энергетика секторындағы өндірістік персоналдың жалақысын арттыруды тапсырған. Шекті тариф жобасында өндірістік персонал жалақысының ұлғаюы да ескеріледі. Қазір антимонополиялық органдар энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерін арттырудың халықтың әлеуметтік әл-ауқатына қалай әсер ететініне талдау жүргізіп жатыр.
«ЖАЛАҚЫНЫ КӨТЕРІП, ЖӨНДЕУ КЕРЕК»
Қазақстан электр энергетика қауымдастығының төрағасы Талғат Темірхановтың пікірінше, қазір сектор үшін ең маңыздысы – сала қызметкерінің жалақысын көтеру.
«Ірі энергонысандардың қызметкерлері кәсіпорын басшыларына, тіпті мемлекет басшысының атына жалақы деңгейінің төмендігін айтып ұжымдық хат жазып жатыр. Бізде тарифтің ауқымды бөлігін шамамен 50-60 пайызын жанар-жағармай мен еңбекақы қоры құрайды. Жалақыны көтеру үшін ол ақшаны табу керек, оның жалғыз көзі тариф болып отыр. Яғни, біз кадрларды жоғалтып алмау және секторды жас мамандарға тартымды етіп көрсету үшін тарифті көтеруге мәжбүрміз. Бұл алдымызда тұрған бірінші міндет», - деді ол.
Сондай-ақ ол тарифті көтеру арқылы станциялардағы тозу деңгейі мен апаттық жағдайды азайту міндеті тұрғанын атап өтті.
2029 жылға қарай кем дегенде оның деңгейін 15 пайызға төмендетуіміз керек. Бұл өте амбициялық міндет. Энергетика саласы ұзақ жыл бойы дұрыс қаржыландырылмады. Оның бірнеше себебі бар, ресми инфляция өсіп жатыр. Бірақ тариф деңгейі осы жылдар бойы ресми инфляция бізге берген сандардан да аз болып шықты. Мысалы, 2022 жылы инфляция 20,7 пайыз болса, тариф биылғы жылдың қаңтарынан бастап қайта қаралмады. Біз қазір өткен жылдардың тарифін пайдаланып жатырмыз, - деп толықтырды сөзін.
Оның сөзінше, энергия өндіретін жабдықтар былтырдан бері металл бағасының өсуіне байланысты 50 пайызға дейін қымбаттаған.
«Кейбір жабдықты дайындау мен жеткізу мерзімі ауыстырылды. Жабдықтардың басым бөлігі Ресейден әкелінеді. Ол жақтағы жағдайлар біздегі энергия өндірушілерді жөндеу мен оның бағасына әсерін тигізді. Сондықтан тарифтің көтерілуін дұрыс шешім деп есептеймін. Алайда сонымен бірге атаулы әлеуметтік көмек көрсету керек. Қалай болғанда да бағаның бірден көтерілуінен қорғауға тиісті әлеуметтік топ бар. Бұл мәселені назардан тыс қалдырмау керек. Ең басты тарифті дер кезінде қарап отыру қажет. Жыл сайын қызмет құны да өсіп келеді. Тарифті қайта қарау мәселесін жылдан жылға қалдыру арқылы біз жағдайда өзіміз күрделендіре түсеміз», - деді қауымдастық басшысы.
Сонымен қатар спикер биыл энергия өндірушілердің шекті бағасынан бөлек, тасымалдау тарифі көтерілуі мүмкін деген болжамын айтты.
«Қазір тариф екі факторға байланысты көтеріліп отыр. Ол: жалақы және жылыту маусымының қиындықсыз өтуі. Келер жылы құрал-жабдықтарды жаңасына ауыстыру бойынша көптеген жоспар бар. Биылға тариф бекітілді. Қыркүйекте біздің компаниялар уәкілетті мемлекеттік органға өтінім береді. Бәлкім келесі жылы тарифті қайта қарау мәселесі туындауы мүмкін. Биыл энергия өндіруші станциялардың тарифі көтеріледі деп күтудің қажеті жоқ. Бірақ табиғи монополиялар субъектілері бойынша тарифтер қайта қаралады. Бұл жоспарда бар. Біз электр энергиясын өндіреміз, бірақ оны тұтынушыға дейін жеткізу керек. Жылу, электр энергиясын тасымалдау бойынша табиғи монополия субъектілері айналысады. Олардың да шығындары жыл сайын артып келеді. Менің ойымша олардың тарапынан тариф көтерілуі мүмкін», - деп қорытындылады Талғат Темірханов.